Астрахан аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Астрахан аудандық мәслихатының "Астрахан ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 28 желтоқсандағы № 8С-17-2 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8681-03 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген шешімнің 1-қосымшасында:
10 тармақтың 3- тармақшасының бірінші абзацы алып тасталсын;
11-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"11. Әлеуметтік көмек толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі адамдарды қоспағанда, мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына өтініш бойынша көрсетіледі:
1) кірістерді есепке алмағанда:
дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) үш айдан кешіктірмей бір рет 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
әлеуметтік маңызы бар аурулары (қатерлі ісіктері, адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауру) бар адамдарға жылына бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
амбулаториялық емдеудегі белсенді нысандағы туберкулез ауруы бар адамдарға ай сайын алты айдан артық емес 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
диспансерлік есепте тұрған адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауруды жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне ай сайын 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
босатылған күнінен бастап үш айдан кешіктірмей бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
"Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6 баптарында көрсетілген адамдарға, Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жолдама құнын өтеуге төлем туралы құжаттар негізінде жылына бір рет 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторийлік-курорттық емдеу қызметтері әзірленген мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда, жасына байланысты зейнеткерлерге Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жолдаманың құнын өтеуге төлем туралы құжаттар негізінде екі жылда бір рет 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) кірістерді ескере отырып жылына бір рет:
жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек және тұрғын үй көмегін алмайтын адамдарға (отбасыларға) 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
2. Осы шешім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
| Астрахан аудандық мәслихатының төрағасы | М. Қожахмет |