Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы 8 шілдедегі № 129 "Батыс Қазақстан облысының цифрлық технологиялар басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2025 жылғы 16 шілдедегі № 153 қаулысы

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Құқықтық актілер туралы" Заңдарына сәйкес Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы 8 шілдедегі № 129 "Батыс Қазақстан облысының цифрлық технологиялар басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" қаулысына төмендегідей өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген "Батыс Қазақстан облысының цифрлық технологиялар басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редақцияда жазылсын.

      2. "Батыс Қазақстан облысының цифрлық технологиялар басқармасы" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Н.С.Оразға жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі Н. Төреғалиев

  Батыс Қазақстан облысы
әкімдігінің
2025 жылғы "___" ________
№___ қаулысына қосымша
  2022 жылғы 8 шілдедегі №129
Батыс Қазақстан облысы
әкімдігінің қаулысымен
бекітілген

"Батыс Қазақстан облысының цифрлық технологиялар басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "Батыс Қазақстан облысының цифрлық технологиялар басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Батыс Қазақстан облысында ақпараттандыру және мемлекеттік қызметтер көрсету салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың мынадай ведомстволық бағынысты ұйымы бар:

      Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының "Ақпараттық технологиялар орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      3. Басқарма өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге cәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы мемлекеттік тілде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Басқарма өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Батыс Қазақстан облысының цифрлық технологиялар басқармасы басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.

      8. Батыс Қазақстан облысының цифрлық технологиялар басқармасының құрылымы мен штат санының лимитi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекiтiледi.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жерi: индексі 090000, Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Исатай-Махамбет көшесі, 84.

      10. Осы ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарманың қызметiн қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Басқармаға кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актiлермен кiрiс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Басқарманың мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      Батыс Қазақстан облысында ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы, байланыс саласындағы, ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздік, дербес деректер және оларды қорғау саласындағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасын сақтау тұрғысынан электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      Басқарма өзiне жүктелген мiндеттердi және өзiнiң функцияларын жүзеге асыру үшін заңнамада бекiтiлген тәртiппен:

      Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша облыс әкімінің шешімдері, өкімдерінің, облыс әкімдігі қаулыларының жобаларын дайындауға қатысуға;

      мемлекеттiк органдардан, аудандар мен қалалардың жергілікті атқарушы органдарынан, өзге де ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыруға қажеттi ақпараттар мен материалдарды сұрауға және алуға;

      өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар өткізуге;

      облыстың атқарушы органдарының құрылымын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуге;

      Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша облыстың атқарушы органдарының, аудандар мен қалалардың жергілікті атқарушы органдарының жұмыстарына талдау жүргізуге;

      облыс әкімдігіне мемлекеттік қызметтер көрсету процесін жетілдіру, ақпараттандыру, байланыс саласы бойынша ұсыныстар енгізуге;

      өз құзыреті шеңберінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысуға;

      мемлекеттік органдардан, мекемелер мен ұйымдардан өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті ақпараттар мен құжаттарды белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;

      қоғамдық мониторинг жүргізу кезінде үкіметтік емес құрылымдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге;

      Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша тексерулер жүргізуге, соның ішінде олардың қызметін ұйымдастыру және үйлестіру мақсатында барлық мүдделі тұлғаларды тарту арқылы комиссиялар, жұмыс топтарын жасақтау бойынша ұсыныстар енгізуге;

      қала, аудандар әкімдері аппараттарының, облыстық басқармалар мен жергілікті атқарушы органдардың басқа да қызметтерінің (бөлімдерінің) жұмысына әдістемелік және практикалық көмек көрсету, олардан заңнаманы сақтауын талап етуге;

      Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жиынтық талдау материалдарын дайындауға облыстың мемлекеттік органдарының лауазымды тұлғаларын, мемлекеттік қызмет көрсету субъектілерін тарту бойынша басшылыққа ұсыныстар енгізуге;

      жетекшілік ететін сала аясында және құзыреті шегінде барлық деңгейдегі іс-шараларда Басқарманың мүддесін білдіруге;

      Басқарманың жетекшілік ететін мәселелері бойынша ұсыныстарды басшылықтың қарауына енгізуге құқылы.

      2) міндеттері:

      заңды және негiзделген шешiмдер қабылдау;

      қабылданған шешiмдердiң орындалуын бақылауды қамтамасыз ету;

      жеке және заңды тұлғалардың Басқармаға жолдаған өтініштерін қарау, олардың орындалуын бақылау және оларға жауаптар беру;

      жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауды ұйымдастыру;

      мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бағалау жүргізу үшін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік қызметтің көрсетілу сапасына бақылау жүргізу жөніндегі уәкілетті органға, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға тиісті ақпарат беру;

      заңнамада белгіленген тәртіппен қоғамдық мониторинг жүргізетін үкіметтік емес құрылымдарға тиісті ақпарат беру;

      мемлекеттік қызметті тұтынушылардың шағымдары мен өтініштерін қарау.

      15. функциялары:

      1) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құрады және дамытады;

      2) "электрондық үкіметтің" архитектуралық порталында "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері техникалық құжаттамасын есепке алуды және жаңартып отыруды жүзеге асырады;

      3) цифрлық сауаттылықты арттыру үшін жағдай жасайды;

      4) ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтерді сатып алады;

      5) уәкілетті органмен және қызметін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте жүзеге асыратын, уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен және Қазақстан Республикасы әскери басқару, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер уәкілетті мемлекеттік органдарының аумақтық бөлімшелерімен бірге, үкіметтік және президенттік байланыс бөлімшелерінің желілерін қоспағанда, байланыс құрылысжайларының, байланыс жолдары мен басқа да инженерлік инфрақұрылым объектілері құрылысының жоспарларын әзірлейді және бекітеді;

      6) елді мекендерде интернет пен мобильді байланыстың қамтамасыз етілуі мен сапасы бойынша жұмыстарға талдау жүргізеді;

      7) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамыту үшін жағдай жасайды;

      8) облыстың жергілікті атқарушы органдары мен олардың ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының ақпараттандыру саласындағы қызметін орталықтандырылған түрде жүргізеді;

      9) облыстың жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерімен, азаматтармен және мүдделі ұйымдармен ақпараттандыру мәселесі бойынша өзара іс-қимылын үйлестіреді, консультациялық және әдістемелік көмек көрсетеді;

      10) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыруды, оған қолжетімділікті қамтамасыз етеді;

      11) көрсетілетін қызметті алушылардың мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы қолжетімді нысанда хабардар болуын қамтамасыз етеді;

      12) көрсетілетін қызметті алушылардың мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өтініштерін қарайды;

      13) көрсетілетін қызметті алушылардың бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шараларды қолданады;

      14) мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау қағидаларына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету реинжинирингін жүзеге асырады;

      15) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалауды жүргізу үшін ақпараттың, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын ішкі бақылау нәтижелері бойынша ақпараттың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде ұсынылуын қамтамасыз етеді;

      16) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру процесін бағалауды жүргізу үшін ақпараттың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде ұсынылуын қамтамасыз етеді;

      17) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы ақпаратты Бірыңғай байланыс орталығына береді;

      18) мемлекеттік қызметтер көрсету, мүгедектігі бар адамдармен қарым-қатынас жасау саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді;

      19) инвестициялар тарту жүйесін және ақпараттандыру саласындағы инвестициялық жобаларды әзірлеу мен іске асыруды ынталандыру тетіктерін жетілдіру жөніндегі қызметті жүзеге асырады;

      20) Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      21) байланыс операторлары көрсететін байланыс қызметтерінің сапасын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      22) субъектінің немесе оның заңды өкілінің дербес деректер мазмұнының және оларды өңдеу тәсілдерінің оларды өңдеу мақсаттарына сәйкестігі туралы жолданымдарын қарайды және тиісті шешімдер қабылдайды;

      23) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының бұзылуына жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту жөніндегі шараларды қабылдайды;

      24) меншік иесінен және (немесе) оператордан, сондай-ақ үшінші тұлғадан анық емес немесе заңсыз жолмен алынған дербес деректерді нақтылауды, бұғаттауды немесе жоюды талап етеді;

      25) субъектілердің құқықтарын қорғауды жетілдіруге бағытталған шараларды жүзеге асырады;

      26) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың орындалуына мониторингті жүзеге асырады;

      27) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінде жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      28) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады;

      29) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қала және аудан әкімдіктерінің , облыстық басқармалардың интернет – ресурстарында ақпаратты орналастыру мониторингін жүргізеді.

      30) "Ашық үкімет" порталында қала және аудан әкімдіктерінің , облыстық басқармалардың ашық деректерін өзектендіру жұмысын үйлестіреді.

3. Басқарманың бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымынан босатылады.

      18. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарма қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерінің шеңберін белгілейді;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарма қызметкерлерін, ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      3) заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарманың қызметкерлерін ынталандыруды жүзеге асырады, оларға тәртіптік жаза қолданады;

      4) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді, қызметтік құжаттарға қол қояды;

      5) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен барлық қарым-қатынастарды Басқарманың атынан жасайды;

      7) Басқарманың құзырына кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілердің, бағдарламалардың және басқа да құжаттардың орындалу барысын бақылайды;

      8) белгіленген тәртіппен қаржы-экономикалық және шаруашылық қызмет мәселелерін шешеді, бюджеттік қаражаттардың тиімді және мақсатты атқарылуын бақылайды;

      9) Басқарманың құзырына кіретін мәселелер бойынша есеп материалдарын дайындау жұмыстарын бақылайды;

      10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстарды жүргізеді және осы бағыттағы жұмысқа дербес жауап береді;

      11) гендерлік саясатты іске асыру мәселелері жөніндегі жұмыстарды жүргізеді және осы бағытта дербес жауапты болады.

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

4. Басқарманың мүлкі

      19. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      20. Басқармаға бекітілген мүлік облыстық коммуналдық меншікке жатады.

      21. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Батыс Қазақстан облысының цифрлық технологиялар басқармасы өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      22. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады