Пойыздар қозғалысымен байланысты терминдерді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Көлік министрінің м.а. 2025 жылғы 19 қыркүйектегі № 302 бұйрығы

      "Темір жол көлігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 2-тармағының 32) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған пойыздар қозғалысымен байланысты терминдер бекітілсін.

      2. "Поездар қозғалысына байланысты терминдерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 9 наурыздағы № 124 бұйрығының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрық бекітілген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның мемлекеттік және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Көлік вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің міндетін атқарушы М. Қалиақпаров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ғылым және жоғары білім

      министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Көлік министрінің
міндетін атқарушысының
2025 жылғы 19 қыркүйектегі
№ 302 бұйрығымен бекітілген

Пойыздар қозғалысымен байланысты терминдер

      1. Автоматты локомотивтік сигнализация - аралықта пойыздар қозғалысы кезінде локомотив бағдаршамдарының сигналдары бойынша жүзеге асырылатын жүйе, ал бөлек пункттер блок-учаскелердің белгіленген шекаралары болып табылатын жүйе.

      2. Аз әрекетті учаскелер - жолаушылар және жүк пойыздарының (қосындысында) кесте бойынша қозғалыс мөлшерi тәулiгiне 8 жұптан артық болмайтын учаскелер.

      3. Аз тоннажды жөнелту - төрт осьті вагондарда тасымалданатын, осындай вагон көлемінің жартысынан аспайтын бір жүкқұжат бойынша ұсынылатын, салмағы 10 тоннадан жоғары және 20 тоннаға дейінгі жүк партиясы.

      4. Айналма маршрут - бір жүк жөнелтуші бір жүк жөнелту станциясынан бір станцияға тағайындалған бір жүк алушының атына біртекті жүкпен тиелген және бос вагондарды бастапқы жөнелту станциясына түсіру астынан жүз пайыз қайтару кезінде бір жүкқұжатпен ресімделген вагондардан тұратын белгіленген салмақ пен ұзындықтағы пойыздың құрамы.

      5. Аралық - теміржол желісінің шектес станциялармен, разъездермен, озу пункттерімен немесе жол қосындарымен шектелген бөлігі.

      6. Арнайы жылжымалы құрам - магистральдық теміржол желісін және кірме жолдарды күтіп-ұстау, қызмет көрсету, қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған өздігінен жүретін және өздігінен жүрмейтін теміржол көлігі құралдары.

      7. Арнайы контейнерлер – арнайы конструкциясы бар және жекелеген түрдегі: сусымалы, сұйық, тез бұзылатын, қауіпті және басқа да жүктерге арналған мамандандырылған контейнерлер.

      8. Арнайы мақсаттағы жолдар - аралықтар мен станциялардағы сақтандырғыш және ұстау тұйықтар мен кірме жолдар.

      9. Арнайы өздігінен жүретін жылжымалы құрам - жұмыстарды жүргізуге қажетті материалдарды тасымалдауға немесе теміржол көлігі кәсіпорындарының қызметкерлерін жұмыс орнына жеткізуге арналған мотовоздар, дрезиналар, арнайы автомотрисалар, көлік режимінде тартқыш жетегі бар автономды қозғалтқышы бар теміржол-құрылыс машиналары.

      10. Арнайы өздігінен жүрмейтін жылжымалы құрам - көлік режимінде тартқыш жетегі жоқ теміржол-құрылыс машиналары, тіркемелер және шаруашылық пойыздарға қосылатын темір жол құрылыстары мен құрылғыларын күтіп-ұстау, қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге арналған басқа да арнайы жылжымалы құрам.

      11. Бағыт - жүк жөнелтуші кірме жолда не теміржол станциясында қалыптастырған белгіленген салмақтағы немесе ұзындықтағы пойыздың құрамы.

      12. Басып озу пункті - пойыздарды басып озуға және қажетті жағдайларда пойызды бір негізгі жолдан екіншісіне ауыстыруға мүмкіндік беретін жолдық дамуы бар екі жолды желілердегі бөлек пункт.

      13. Бекетаралық аралық - жол бекеттерімен немесе жол бекетімен және станциясымен шектелген аралық.

      14. Блок-учаскесі - сигнализация мен байланыстың дербес құралы ретiнде қолданылатын, темiр жол станциясының өткiзу бағдаршамдарымен немесе өткiзу бағдаршамымен (блок учаскесiнiң шекарасы), кiрiс бағдаршамымен, сондай-ақ шығыс бағдаршамымен және бiрiншi жолай өткiзу бағдаршамымен (блок учаскесiнiң шекарасымен) шектелген автобұғаттау немесе автоматтық локомотив сигнализациясы кезiндегi станция аралығындағы аралық бөлiгi.

      15. Бөлек пункт - теміржол желісін аралықтарға немесе блок-учаскелерге бөлетін пункт.

      16. Бүйірлік жол - жүру кезінде жылжымалы құрам бағыттамалы бұрма аударма бойынша ауытқитын жол.

      17. Вокзал өткелдері - жолаушылардың ыңғайлылығы мен қауіпсіздігі үшін салынатын және теміржолдар арасында өтуге арналған арнайы құрылыстар (шатырлар, көпірлер, туннельдер, жаяу жүргіншілер төсемі).

      18. Жол белгісі - теміржол желілерінің бейіні мен ұзындығының тұрақты көрсеткіші.

      19. Жол посты - теміржол желілеріндегі жол дамуы жоқ бөлек пункт (жартылай автоматты бұғаттау кезіндегі блокбекет, екі жол қосылған бір жолды аралықта түйісу посты, түйін алдындағы пост).

      20. Жолаушылар перроны - теміржол вокзалы ғимаратының жанында орналасқан, жолаушыларды отырғызу, түсіру, сондай-ақ багажды және жүкбагажды тиеу, түсіру жүзеге асырылатын теміржолға іргелес жатқан теміржол вокзалы аймағы.

      21. Жолаушылар аялдамасы пункті - жеке пункт болып табылмайтын, тек қана жолаушыларды отырғызуға және түсіруге арналған, жол дамуы жоқ аралықтағы пункт.

      22. Жолаушылар вагондары - жолаушыларды тасымалдауға арналған вагондар. Бұл вагондарға пошта, пошта-багаж, багаж, қызметтік-техникалық вагон-мейрамханалар (қызметтік, клубтар, санитарлық, сынақ және өлшеу зертханалары мен жолаушылар үлгісіндегі басқа да арнайы вагондар) жатады.

      23. Жолаушылар платформасы - теміржолдар арасында орналасқан және жолаушыларды отырғызуға және түсіруге арналған теміржол вокзалының аймағы.

      24. Жолаушылардың ұйымдастырылған тобы – бір межелі пунктке дейін бір жолаушылар пойызында, оның ішінде әртүрлі санаттағы вагондарда кемінде 10 (он) жолаушыдан тұратын топ;

      25. Жүк вагондары - жүктерді тасымалдауға арналған вагондар. Оларға жабық вагондар, жартылай вагондар, платформалар, цистерналар, жүктерді тасымалдауға арналған мамандандырылған вагондар: бункерлік типтегі вагондар, термостар, рефрижераторлық вагондар, астық тасығыштар, транспортерлер, контейнер тасығыштар жатады.

      26. Жүк жөнелту - бір теміржол көлігі жүкқұжаты бойынша тасымалдауға ұсынылатын жүк партиясы.

      27. Жылжымалы құрамның габариті – түзу көлденең жолға қойылған, тиелген де, сондай-ақ бос та жылжымалы құрам сыртқа шықпай орналасуы тиіс шекті көлденең (жол осіне перпендикуляр) кескін.

      28. Инвентарлық вагон (контейнер) - Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Латвия, Литва және Эстония елдерінің теміржол әкімшілігінде теміржол әкімшіліктерінің Ақпараттық-есептеу орталығының автоматтандырылған деректер базасында тіркелген жүк вагоны (контейнер).

      29. Қорғағыш бағыттама - жылжымалы құрамның дайындалған бағытқа шығу мүмкіндігін болдырмайтын жағдайға пойызды қабылдау немесе жөнелту бағытын дайындау кезінде орнатылатын бағыттама.

      30. Кірме жол мен түйісу станциясы жұмысының бірыңғай технологиялық процесі - өз локомотивімен қызмет көрсетілетін, 50 және одан да көп вагондардың орташа тәуліктік жүк айналымы бар ұйымның кірме жолы үшін әзірленетін кірме жол мен түйісу станциясының өзара іс-қимыл шарттарын айқындайтын технологиялық акт.

      31. Сақтандыру тұйығы - жылжымалы құрамның пойыздардың жүру маршруттарына шығуын болдырмауға арналған жол.

      32. Қосарланған жүк операциясы - жүк алушының өзі түсірген вагонды, жүкті тиеуге арналған контейнерді пайдалануы.

      33. Қосылу жолы - станциялар парктерін немесе станцияны кірме жолдармен байланыстыратын арнайы мақсаттағы теміржол.

      34. Қызметтiк тежеу - жылдамдықты азайту немесе пойызды көзделген жерде тоқтату үшiн сатылармен тежеу.

      35. Локомотив - пойыздардың немесе жекелеген вагондардың теміржол бойынша жүріп-тұруын қамтамасыз етуге арналған жылжымалы құрам.

      36. Локомотив бригадасының қызмет көрсету аймағы - Ұлттық инфрақұрылым операторы локомотив бригадасының үздіксіз жұмысының ұзақтығын белгілеген локомотив айналысы учаскесінің бөлігі.

      37. Локомотив бригадасының сапарға жіберіуі - оператор растаған магистральдық теміржол желісінің нақты учаскесінде жұмыс істеуге локомотив бригадасының психофизикалық және біліктілік дайындығы.

      38. Локомотивті күтіп-ұстау - локомотивтердің қауіпсіз және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін нормативтік-технологиялық жұмыстар кешенін орындау.

      39. Локомотивтік тартуды пайдаланудың технологиялық схемасы - Ұлттық инфрақұрылым операторы белгілеген локомотивтерге техникалық параметрлер және магистральдық теміржол желісінде локомотивтердің, локомотив бригадаларының жұмысы кезінде Ұлттық инфрақұрылым операторы мен оператордың өзара іс-қимылының технологиялық тәртібі.

      40. Локомотивтің жүгіну учаскесі - Ұлттық инфрақұрылым операторы локомотивті ауыстыру белгілеген станциялармен шектелген магистральдық теміржол желісінің бөлігі.

      41. Маневрлік құрам - бір-бірімен және маневр жасайтын локомотивпен байланысқан вагондар тобы. Бiр вагонға тiркелген локомотив те маневрлiк құрам ретiнде қаралады.

      42. Меншікті вагон (контейнер) - жеке немесе заңды тұлғаға меншік құқығымен немесе өзге де заңды негізде тиесілі көлік құралы (жабдығы) ретінде берілетін және тиісті нөмірленуі (префиксі) бар жүк вагоны (контейнер).

      43. Моторвагонды жылжымалы құрам – жолаушыларды тасымалдауға арналған моторвагонды пойыздар (электр пойыздары, дизель-пойыздар, рельсті автобустар) құрылатын моторлы және тіркемелі вагондар.

      44. Негізгі жолдар - аралық жолдар, сондай-ақ іргелес аралық жолдардың тікелей жалғасы болып табылатын және әдетте бағыттамалық бұрмаларда ауытқулары жоқ станция жолдары.

      45. Өз осьтеріндегі жүк - тасымалдау төлемдерін төлей отырып, тасымалдау құжаты бойынша бос күйінде жүретін жылжымалы құрам.

      46. Пойыздардың ерекше қарқынды қозғалысы - жолаушылар және жүк пойыздарының кесте бойынша екі жолды учаскелерде 100-ден астам жұп және бір жолды учаскелерде тәулігіне 48 жұптан астам қозғалыс мөлшері (қосындысы).

      47. Пойыздардың қарқынды қозғалысы - кесте бойынша жолаушылар және жүк поездарының қос жолды учаскелерде тәулiгiне 50 жұптан 99 жұпқа дейін және бір жолды учаскелерде 24 жұптан 47 жұпқа дейін қозғалу мөлшерлерi (қосындысы).

      48. Пойызды ерекше жітілікпен жүргізу - локомотив бригадасының пойыздың жүру жағдайларына көбірек көңіл бөлуі.

      49. Разъезд - коммерциялық операцияларды жүзеге асыра алатын, пойыздарды айырылысуы және озуы үшін тағайындалған жол тарамдары бар бір дара жолды желілердегі бөлектенген пункт.

      50. Реттеу тапсырмасы - тасымалдаушының басқаруындағы бос инвентарлық вагондарды (контейнерлерді) және вагондарды (контейнерлерді) түсіру және тиеу үшін қабылдау, сондай-ақ жылжымалы құрамды пайдаланудың сапалық көрсеткіштерін қамтамасыз ету және вагондарды (контейнерлерді) станциялар бойынша біркелкі бөлуге арналған станцияның тапсырмасы.

      51. Станциялар арасындағы аралық - станциялармен, разъездермен және озу пункттерімен шектелген аралық.

      52. Станция бойынша кезекші - пойыздарды қабылдауды, жөнелтуді және өткізуді, сондай-ақ станцияның бас және қабылдау-жөнелту жолдары бойынша (маневрлік диспетчер жоқ және қалған жолдар бойынша) жылжымалы құрамның басқа қозғалыстарын жеке өзі басқаратын станция басшысының ауысымдық көмекшісі.

      53. Тасымалдау бөлімшесі - өз шекаралары шегінде жүк және коммерциялық жұмысты ұйымдастыруды жүзеге асыратын, клиенттердің жүктерді темір жол көлігімен тасымалдауға қажеттілігін қамтамасыз ететін тасымалдаушының оқшауланған бөлімшесі.

      54. Тасымалдау жоспары – жоспарланған айға тасымалдаушы қабылдаған және келіскен жүкті тасымалдауға өтінім (жоспар).

      55. Тасымалдаудың электрондық досьесі – компьютердің жадында орналасқан және электрондық құжат алмасу үшін қажетті жүктерді тасымалдауға және алып жүруге қатысты құжаттар мен хабарламаларды жасау мүмкіндігін қамтамасыз ететін деректер жиынтығы.

      56. Тежеу жолы - машинист шұғыл тежеу кран тұтқасын тежеу жағдайына аударған сәттен бастап толық тоқтағанға дейiнгi уақыт iшiнде пойыз жүрiп өтетiн қашықтық. Тежеу жолдары тежеу түрiне (қызметтiк, толық қызметтiк және шұғыл) қарай бөлiнедi.

      57. Темір жол көлігінің қауіптілігі жоғары аймағы - теміржолдар, теміржол станцияларының, вокзалдардың аумақтары, тасымалдау процесіне байланысты темір жол көлігі ұйымдарының өзге де объектілері.

      58. Теміржол өткелі – теміржол көлігі мен көлік құралдарының жылжымалы құрамын өткізудің қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз ететін құрылғылармен жабдықталған автомобиль жолының теміржолдармен бір деңгейдегі қиылысы.

      59. Технологиялық терезе - аралықтар, аралықтың жекелеген жолдары немесе жөндеу-құрылыс жұмыстарын жүргізуге арналған станция бойынша пойыздардың қозғалысы тоқтатылатын уақыт.

      60. Тиеу, түсіру (босату) мерзімдері (технологиялық уақыты) – тиеу-түсіру орындарындағы және кірме жолдардағы дайындық, көмекші және қорытынды операцияларға уақыт шығындарын ескере отырып, жүктерді тиеу мен түсіруді механикаландырылған немесе механикаландырылмаған тәсілдермен орындауға жұмсалатын уақыт.

      61. Тікелей аралас қатынаста тасымалдау - тасымалдауға қатысатын тасымалдаушылардың санына қарамастан, бүкіл тасымалдауға бірыңғай тасымалдау құжатын ресімдеу жолымен ұйымдастырылған, жүкті көліктің екі және одан да көп түрімен жүзеге асырылатын тасымалдау.

      62. Ұсақ жөнелту - тасымалдау үшін жеке вагон, контейнер беру талап етілмейтін бір жүкқұжат бойынша ұсынылатын жүк.

      63. Ұстау тұйығы – басқаруды жоғалтқан пойызды немесе пойыздың бір бөлігін қозғалыс кезінде тоқтатуға арналған жол.

      64. Шаруашылық жұмыстар - магистральдық теміржол желісі объектілерін күтіп-ұстау, жөндеу, қызмет көрсету және салу жөніндегі жұмыстарды орындау үшін жылжымалы құрамды ауыстыру процесі.

      65. Шұғыл тежеу - магистральды шұғыл разрядтау және барынша жоғары тежеу күшiн iске асыру арқылы пойызды дереу тоқтату үшін қолданылатын тежеу.

      66. Электрондық деректермен алмасу - тараптармен келісілген ақпараттық желілерді, бағдарламалық және техникалық құралдарды қолдану арқылы жүргізілетін жүктерді тасымалдау мәселелері бойынша деректермен (құжаттармен, хабарламалармен) алмасу.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады