Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 22 маусымдағы № 607 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 9), 10), 12), 17), 20), 151)-153), 163)-165) тармақшаларына және 19-тармағының 5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берілген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі әскери-тергеу органдарының қызметін ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны мемлекеттік және орыс тілдерінде электрондық форматта Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жолдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Министр полиция генерал-лейтенанты | Е. Саденов |
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2025 жылғы 16 маусымдағы № 440 бұйрығымен бекітілді |
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдарының қызметін ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Нұсқаулық Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне (бұдан әрі – ҚК), Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне (бұдан әрі – ҚПК), Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы", "Жедел-іздестіру қызметі туралы", "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" Заңдарына, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу департаменті туралы ережеге, басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдарының қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
2. Әскери-тергеу органдары жүйесін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу департаменті (бұдан әрі – ӘТД), өңірлік әскери-тергеу басқармалары (бұдан әрі – ӨӘТБ), бөлімдер мен топтар құрайды.
2-тарау. Әскери-тергеу органдарының қызметін ұйымдастыру
3. Әскери-тергеу органдары өз құзыреті шегінде құқық бұзушылықтардың профилактикасы, жедел-іздестіру қызметі (бұдан әрі – ЖІҚ) және сотқа дейінгі тергеп-тексеру функцияларын жүзеге асырады.
4. Әскери-тергеу органдарының қызметін басқаруды жүзеге асырады:
1) орталық аппаратта – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің тергеу саласына жетекшілік ететін орынбасары, ӘТД бастығы және оның орынбасарлары;
2) өңірлік бөліністерде – ӨӘТБ бастықтары, олардың орынбасарлары және бөлім бастықтары.
5. Әскери-тергеу органдарының негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) құқық бұзушылық профилактикасы бойынша:
тиімді жүйелі профилактикалық жұмысты қалыптастыру, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, әскерлердегі қылмыс деңгейін төмендету;
әскери тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтарға, суицидтік көріністерге және лудоманияға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою, профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
дәстүрлі және жаңа профилактика түрлері мен әдістерін жетілдіру;
құқық бұзушылық профилактикасы бойынша ақпараттық-имидждік жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу;
әскери ортада құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі сөз сөйлеулерді, сұхбаттарды, жарияланымдарды интернет ресурстарда орналастыру бойынша уәкілетті органдармен өзара іс-қимылды ұйымдастыру;
2) ЖІҚ бойынша:
өз құзыреті шегінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу, анықтау және ашу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және жүзеге асыру, қылмыспен күрес саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
азаматтардың, әскери қызметшілердің, ұйымдар мен мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғау;
қылмыстарды ашудағы отандық және шетелдік оң тәжірибені зерделеу, қорыту және оны әскери-тергеу органдарының тәжірибесіне енгізу;
3) сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша:
қылмыстық-процестік заңнаманың нормаларын сақтау;
сотқа дейінгі тергеп-тексерудің сапасын арттыру, қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеп-тексеруге әдістемелік және практикалық көмек көрсету;
тергеу тәжірибесіндегі теріс үрдістерді анықтау, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастырудың заманауи түрлері мен әдістерін енгізу;
сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде әскери-тергеу органдарының және ішкі істер органдарының басқа да қызметтерінің, сондай-ақ өзге мемлекеттік органдармен, құқық қорғау органдарымен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимылын ұйымдастыру.
6) Әскери-тергеу органдары қызметін бақылаудың негізгі нысандары мен әдістері:
1) құқық бұзушылық профилактикасы бойынша:
әскери ортада қылмыстық құқық бұзушылық профилактикасы бойынша әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу;
әскери қызметшілердің өлімі мен олар жасаған өзге де құқық бұзушылықтардың жай-күйіне талдау жүргізу;
профилактикалық жұмыс бойынша тексерулерді жүргізу;
2) ЖІҚ бойынша:
бағынысты бөліністердің ЖІҚ бақылауды жүргізу;
ЖІҚ бойынша тексерулер жүргізу;
3) сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша:
тергеушілердің өндірісіндегі қылмыстық істерді зерделеу, тергеу және өзге де процестік әрекеттерді жүргізу жөнінде нұсқауларды беру;
тергеушілердің негізсіз процестік шешімдерін жою туралы прокурорға ұсынысты енгізу;
тәуліктік жедел мәліметтерді мониторингілеу;
қылмыстық істерді бақылауға қою;
әдістемелік ұсынымдар, ақпараттық-талдамалық шолулар, анықтамалар мен қорыту материалдарын дайындау, тергеушілердің біліктілігін арттыру іс-шараларын өткізу;
қызметтік тергеп-тексеруді жүргізу;
прокурорлық ықпал ету актілері мен соттардың жеке қаулыларын қарау;
тергеу қызметіне тексеруді жүргізу.
7. Әскери-тергеу органдары қызметінің негізгі бағыттары:
1) құқық бұзушылық профилактикасы бойынша:
әскери ортадағы қылмыстық құқық бұзушылық профилактикасы;
әскерлердегі әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайту жөніндегі жалпы профилактикалық іс-шаралар;
әскери қызметшілердің қазасын, оның ішінде суицидтердің, лудоманияның, қол көтеру, сыбайлас жемқорлық және лауазымдық құқық бұзушылықтардың, мүлік пен бюджет қаражатын жымқыру профилактикасы;
қару мен оқ-дәрілердің сақталуының, оларды сақтау объектілерінің қауіпсіздігінің профилактикасы;
құқық бұзушылық профилактикасын жетілдіруге бағытталған шараларды әзірлеу;
әскерлерде заңдылықты нығайту және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету;
әскери қызметшілердің қылмыс деңгейін төмендету;
2) ЖІҚ бойынша:
қылмыстардың алдын алу, жолын кесу, анықтау және ашу, сондай-ақ қылмыскерлерді іздестіру;
заңнамада белгіленген тәртіппен жедел-іздестіру іс-шараларын, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстау жөніндегі операцияларды ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ оларды жүргізуге және өзге де құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарға жүзеге асыруға жәрдемдесу;
жедел ақпаратпен өзара алмасу;
құқық қорғау, арнайы және басқа да мемлекеттік органдармен қылмыстарды ашу, қылмыскерлерді іздестіруді ұйымдастыру, бірлескен іс-шараларды жоспарлау және іске асыру мәселелері бойынша өзара іс-қимылды ұйымдастыру;
қылмыстық істер бойынша жедел сүйемелдеу;
3) сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша:
ҚК-нің 18-тарауында көзделген әскери қылмыстық құқық бұзушылықтарды, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында (бұдан әрі-ҚР ҚК) әскерге шақыру немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер, әскери жиындардан өтіп жатқан запастағы азаматтар, әскери бөлімдердің, құрамалардың, мекемелердің аумағында немесе қызметтік міндеттерін орындау кезінде әскери бөлімдердің азаматтық персоналы болып табылатын адамдар жасаған өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтарды, сондай-ақ ҚПК-нің 187-бабына сәйкес ішкі істер органдарының тергеп-тексеруіне жататын және ҚПК-нің 193-бабы 1-бөлігі 12) тармағына сәйкес берілген қылмыстық істерді тергеп-тексереді;
қылмыстық процеске қатысушылардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау;
есепке алу-тіркеу тәртібін сақтау;
сотқа дейінгі тергеп-тексерудің және адамдарды қамауда ұстаудың процестік мерзімдерін сақтау;
сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасын, оның ішінде тергеп-тексеру мерзімі үзілген және қылмыстық іс тоқтатылған кезде қамтамасыз ету;
қылмыстық құқық бұзушылықтан келтірілген залалды өтеуді қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралардың уақтылығы мен толықтығы;
сотқа дейінгі жеделдетілген іс жүргізу тәртібімен қылмыстық істерді сотқа жіберу;
қылмыстық істерді тергеу барысында азаматтардың өтініштерін уақтылы және сапалы қарауды қамтамасыз ету;
қылмыстық құқық бұзушылық және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал ететін мән-жайларды анықтау және жоюды қамтамасыз ету;
азаматтарды, оның ішінде жәбірленушілерді және қылмыстық істер бойынша күдіктілерді жеке қабылдауды жүзеге асыру, сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адамдардың әрекеттері мен әрекетсіздігіне процеске қатысушылардың шағымдарын шешу.
8. Әскери-тергеу органдарының тергеушілері ҚК-нің 18-тарауында көзделген әскери қылмыстық құқық бұзушылықтарды, ҚР ҚК шақыру немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер, әскери жиындардан өтіп жатқан запастағы азаматтар, әскери бөлімдердің, құрамалардың, мекемелердің аумағында немесе қызметтік міндеттерін орындау кезінде әскери бөлімдердің азаматтық персоналы болып табылатын адамдар жасаған өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтарды, сондай-ақ ҚПК-нің 187-бабына сәйкес ішкі істер органдарының тергеп-тексеруіне жататын және ҚПК-нің 193-бабы 1-бөлігі 12) тармағына сәйкес берілген қылмыстық істерді тергеп-тексереді.
9. Әскери-тергеу органдарының жедел қызметкерлері құзыреті шегінде анықтау нысанында, бұйрықтық іс жүргізу тәртібінде және хаттамалық нысанда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізеді.
10. Тергеушілер мен жедел қызметкерлерді құқық бұзушылық профилактикасы, ЖІҚ және қылмыстық істерді тергеп-тексерумен байланысты емес міндеттерді орындауға тартуға жол берілмейді.
11. Әскери-тергеу органдарының тергеушілері мен жедел қызметкерлеріне қызметтік міндеттерін орындау кезінде азаматтық киім киюге рұқсат етіледі.
3-тарау. ӘТД жұмысын ұйымдастыру
12. ӘТД қызметі ІІМ операциялық жоспарлары мен ӘТД жедел жоспарлары негізінде ІІМ өзге де қызметтерімен тығыз өзара іс-қимылда аймақтық және тақырыптық қағидат бойынша ұйымдастырылады.
13. ӘТД қойылған міндеттерді орындау үшін:
1) басқа мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар өткізуді ұйымдастырады;
2) құқық бұзушылық профилактикасы, ЖІҚ және сотқа дейінгі тергеп-тексеру саласында әскери-тергеу органдарының қызметін үйлестіреді және оларды ұйымдастырушылық-әдістемелік жетекшілік етуді жүзеге асырады;
3) құқық бұзушылық профилактикасы, ЖІҚ және сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын ұйымдастыру мен әдістемесін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді, оң тәжірибе мен әдістемені жинақтап, таратуды және оларды тәжірибеге енгізуді қамтамасыз етеді.
Профилактикалық жұмысты, ЖІҚ және сотқа дейінгі тергеп-тексеруге әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асыру алгоритмі мыналарды қамтиды:
құқық бұзушылық профилактикасы, ЖІҚ және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің түрлі аспектілері бойынша ақпаратты жүйелі түрде жинақтау, талдау және қорытындылау;
құқық бұзушылық профилактикасы, ЖІҚ және қылмыстық істерді тергеп-тексеру тәжірибесін зерделеу;
құқық бұзушылық профилактикасы, ЖІҚ және қылмыстық істерді тергеп-тексеруді ұйымдастырудың шетелдік оң тәжірибесін, озық үлгілерін және әдістерін тікелей зерттеу, оның ішінде біліктілікті арттыруға, қайта даярлауға және тәжірибе алмасудың өзге де түрлеріне арналған мемлекетішілік және халықаралық конференциялар, семинарлар мен өзге де іс-шараларға қатысу;
ғылыми-практикалық әдебиетте, мерзімді басылымдарда және өзге де әдеби дереккөздерде баяндалған құқық бұзушылық профилактикасы, ЖІҚ және сотқа дейінгі тергеп-тексеру мәселелері бойынша мәліметтерді зерделеу;
білім беру мекемелерінің ғылыми-педагогикалық кадрларымен ақпарат алмасу, оның ішінде бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысу шеңберінде;
заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге және түзетуге қатысу;
курстық және дипломдық жұмыстарды рецензиялауға қатысу, білім беру мекемелері ұсынған диссертациялық зерттеулерді зерделеу және бағалау;
ӘТД ғылыми-практикалық қызметін ұйымдастыру және үйлестіру;
білім беру мекемелерінің қорытынды оқу сабақтарына, оқу-ұйымдастыру іс-шараларына, мемлекеттік емтихан комиссияларының жұмысына қатысу, оның нәтижелерін қорыту және оқу процесін, даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттырудың білім беру және оқыту бағдарламаларының мазмұнын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу;
алынған білімді практикаға енгізу, атап айтқанда: ұсыныстар, ақпараттық хаттар мен әдістемелік құралдардың өзге нысандарын әзірлеу және тарату; ІІМ Тергеу департаментінің ақпараттық бюллетені үшін материалдар дайындау; әскери-тергеу органдарының кадрларын қайта даярлау және біліктілігін арттыру шеңберінде білім беру мекемелерінде оқу сабақтарын өткізу; орталық аппарат базасында тренингтер, семинарлар, конференциялар, соның ішінде халықаралық конференциялар ұйымдастыру және өткізу; орталық аппарат жанындағы ғылыми-консультативтік кеңесті ұйымдастыру және өткізу;
4) әскери-тергеу органдарының қызметінде заңдылықтың сақталуын бақылауды жүзеге асырады, құрылымына, кадрларды іріктеу мен орналастыруға, кәсіби шеберлікті арттыруға ұсыныстар енгізеді;
5) ӨӘТБ, бөлімдердің және топтардың қызметін инспекциялайды және нысаналы тексерістер жүргізеді, олардың нәтижелері бойынша ІІМ басшылығына анықталған кемшіліктерді жою, жұмыс тиімділігін арттыру және әскери-тергеу органдарының құқық бұзушылықтар профилактикасы, ЖІҚ және сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарындағы заңдылықты сақтауын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізеді.
14. ӘТД әскери-тергеу органдарының қызметін талдау негізінде:
1) құқық бұзушылық профилактикасы, ЖІҚ және сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасын жақсартуға бағытталған шараларды әзірлейді;
2) құқық бұзушылық профилактиасы, ЖІҚ және сотқа дейінгі тергеп-тексеру жағдайын тексереді, анықталған кемшіліктерді жою шараларын қабылдайды және олардың орындалуын бақылайды;
3) құқық бұзушылық профилактикасы, ЖІҚ және сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері туралы ақпараттық хаттар мен шолулар дайындайды, қызметті жетілдіру бойынша ұсынымдар береді;
4) әскери-тергеу органдары қызметіне қатысты азаматтардың өтініштерін қарайды;
5) қызметтік тексерулерді жүргізеді.
4-тарау. ӨӘТБ және бөлімдердің жұмысын ұйымдастыру
15. ӨӘТБ-де, бөлімдерде және топтарда құқық бұзушылық профилактикасы, ЖІҚ және сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын ұйымдастыру тікелей басқарма және бөлім басшыларына жүктеледі.
16. ӨӘТБ жұмысы аймақтық қағидат бойынша аумақтық ішкі істер органдарының басқа қызметтерімен және тиісті құқық қорғау, бақылау ведомстволарымен өзара іс-қимыл жасаса отырып, қолданыстағы заңнама, ведомстволық нормативтік құқықтық актілер мен қылмыспен күресуді үйлестіру қағидаттары негізінде ұйымдастырылады.
17. ӨӘТБ және бөлімдердің жұмысы жедел жағдайды және ІІМ талаптарын ескере отырып әзірленетін тоқсан сайынғы және жылдық жұмыс жоспарлары негізінде жүзеге асырылады. Жоспарларды орындау барысында түзетулер енгізілуі мүмкін. Өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешімді жоспарды бекіткен өңірлік бөлініс басшысы қабылдайды.
Жоспарда мыналар көзделеді:
құқық бұзушылық профилактикасы бойынша кешенді шаралар;
қылмыстар туралы хабарламаларға уақытылы шара қолдану, оқиға орнына жедел-тергеу тобының шығуын қамтамасыз ету, басқа қызметтермен өзара іс-қимылды күшейту, жедел-криминалистикалық және өзге техникамен қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар;
құқық бұзушылық профилактикасы, ЖІҚ және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастыру жұмысын жақсартуға бағытталған нақты іс-шаралар.
18. ӨӘТБ басшылары мен бөлім бастықтары профилактикалық, жедел және тергеу жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылуы және басқа қызметтермен өзара іс-қимылға толық жауап береді.
19. ӨӘТБ және бөлімдер басқа әскери бөліністермен және қызметтермен бірлесіп:
1) құқық бұзушылық профилактикасы, ЖІҚ және сотқа дейінгі тергеп-тексеру, заңдылықты нығайту жөніндегі жұмысты күшейтуге бағытталған келісілген іс-шараларды әзірлейді;
2) әскери қызметшілердің қайтыс болуы және суицидтері, оқталуы, лудомания жағдайларына үнемі талдау жүргізеді, себептері мен жағдайларын анықтап, оларды жою шараларын әзірлейді;
3) барлық санаттағы әскери қызметшілермен заңдылықты сақтау, әскери тәртіп және құқық бұзушылықты жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік өзекті тақырыптарында дәрістер, семинарлар мен әңгімелер өткізеді;
4) әскери басқару органдарымен және психологтармен бірге динамикалық бақылау тобындағы офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің отбасыларын профилактикалық әңгімелер жүргізу үшін аралайды;
5) әскери қызметшілердің есірткі және психотроптық заттарды қолдануға бейімділігін анықтау мақсатында, соның ішінде кенеттен жүргізілетін тестілеу арқылы, профилактикалық іс-шараларды өткізеді;
6) құмар ойындарға, лудоманияға бейім және қарыздық міндеттемелері бар әскери қызметшілерді анықтайды;
7) әскери бөліністердің қолбасшылығына тиісті ұсыныстар енгізе отырып, құқық бұзушылықтар жасауға неғұрлым қолайлы орындарда бейнебақылау жүйесінің болуына талдау жүргізеді;
8) апта сайын ӘТД-мен келісілген ақпараттық-имидждік іс-шараларды әлеуметтік желілерде жариялайды;
9) ӘТД-ге ұсыну үшін бұйрықтар, нұсқаулар және әдістемелік құжаттар жобаларын дайындайды;
10) профилактикалық, жедел және тергеу жұмыстарының жағдайын тексеру және ұйымдастыруға практикалық көмек көрсету үшін бөлімдер мен топтарға шығады;
11) мыналарды:
қылмыстық құқық бұзушылықтарды тез және толық ашу үшін тергеушілер мен жедел қызметкерлердің өзара іс-қимылына;
тергеушілердің жедел, криминалистік және басқа қызметтермен бірге оқиға орнына уақтылы шығуына;
қылмыстық істер бойынша тергеу және жедел-іздестіру әрекеттерінің орындалуына;
сараптамаларды тағайындау мен өткізу уақтылығына, алынған нәтижелерін толық пайдалануға, қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеу барысы туралы ақпаратпен алмасуды және іс бойынша жиналған дәлелдемелерді бірге талқылауға;
ҚПК-нің 240-бабы 1-1 бөлігінде белгіленген талаптарды сақтай отырып, қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешімді шығарған сәттен бастап алты айдан кешіктірмей жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген адамға уақтылы хабарлама жіберуге;
азаматтық талап қою не басқа да мүліктік өндіріп алу немесе ықтимал тәркілеу бөлігінде үкімнің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тергеушілердің ҚПК-нің 161-бабына сәйкес мүлікке тыйым салу жөнінде уақтылы шаралар қабылдауын және мүлікке билік етуге уақытша шектеу мерзімдерін сақтауын бақылайды;
12) өткен жылдардағы қылмыстық істер бойынша жұмыстың ұйымдастырылуын, қылмыс жасаған адамдарды анықтау және іздестіру шараларын уақтылы қабылдауды тексереді;
13) қылмыстық істерді және жасырынған қылмыскерлерге іздестіру жарияланған істердің тергелуін бақылайды;
14) кадрларды іріктеу мен орналастыруды жүзеге асырады, оларды көтермелеу немесе жазалау, қызметінде ауыстыру туралы ұсыныстарды енгізеді.
20. Бастықтардың есептерімен бірге нысаналы тексерістер мен шақыруларды жұмыс жоспарларына немесе профилактикалық, жедел және тергеу жұмыстарының кемшіліктеріне ден қою тәртібінде ӨӘТБ дербес жүргізеді.
Тексерулер жедел-тергеу бөліністерінің қызмет жағдайын, өңірдің ерекшеліктерін, қылмыс деңгейін мұқият талдау негізінде жоспарланады және жүзеге асырылады. Тексеру тақырыбына қарамастан қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтауы тексеріледі.
21. ӨӘТБ мен бөлімдер:
1) құқық бұзушылық профилактикасы бойынша:
әскери бөлімдер мен өзге әскери бөліністердің басшылығымен құқықтық тәртіпті сақтау, проблемалық мәселелерді қарастыру және оларды шешу жолдары бойынша тұрақты түрде жұмыс кеңестерін өткізеді, сондай-ақ одан әрі профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыруға бірлескен ұсыныстар әзірлейді;
алдын алу шаралары ретінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған әскери қызметшілерге қатысты көшпелі сот отырыстарын өткізу практикаға енгізеді;
мамандардың қатысуымен әскери-патриоттық тәрбиелеу, салауатты өмір салтын насихаттау, спорт, отбасы және жалпы адамзаттық құндылықтар туралы профилактикалық әңгімелер мен мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізеді;
әскери психологтардың есептерінде тұрған әскери қызметшілермен профилактикалық жұмыстар жүргізеді: динамикалық бақылау тобы; күшейтілген бақылау тобы;
2) ЖІҚ бойынша:
қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу, анықтау және ашуға бағытталған қызмет атқарады;
кез келген жасалған немесе жоспарланып отырған қылмыс туралы өтініштер мен хабарламаларды қабылдап, тіркеп, қарайды, олардың жолын кесу, ашу, кінәлі адамдарды ұстау, қоғамдық қауіпті салдарлардың алдын алу шараларын уақтылы қабылдайды, сондай-ақ өтініш берушіге заңда белгіленген мерзімде өтініштің қаралу нәтижелері туралы толық әрі нақты ақпарат береді;
қылмыстық процеске қатысушылар мен өзге адамдардың өмірін, денсаулығын, абыройын, қадір-қасиеті мен мүлкін қорғау үшін заңнамада көзделген шараларды қабылдайды;
қылмыстық құқық бұзушылық жасаған, тергеуден, анықтаудан және соттан жасырынған адамдарды, із-түссіз жоғалған әскери қызметшілерді іздестіреді, белгісіз мәйіттерді анықтау жұмыстарын жүргізеді;
3) сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша:
басқа қылмыстық істерден бөлек, қоғамдық резонанс туғызған, өңіраралық, трансұлттық сипаттағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды, сондай-ақ ӘТД, ІІМ, прокуратура органдары, Үкімет және ел басшылығының бақылауында тұрған қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергейді;
тұрақты түрде мынадай қылмыстық істерді зерделейді:
сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі ҚПК-нің 45-бабының 7-бөлігінде көзделген негіздер бойынша тоқтатылған істерді. Тергеудің толықтығын және объективтілігін, іздестіру жариялануының негізділігі мен уақтылығын, бұлтартпау шарасының таңдалуын, іздестіру ісінің болуын, іздестіру аппаратының және өңірдің құқықтық статистика органдарының деректерімен салыстыра тексерудің болуын тексереді;
ашылмаған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы. Тергеу және қылмыстық-іздестіру істерінің толықтығын, тергеу сапасын, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға бағытталған шараларды, заттай дәлелдемелердің бар болуы мен сақталуын, олардың зерттелуін және қылмыстық құқық бұзушылықты ашу үшін қолданылуын тексереді;
4) қабылданған процестік шешімнің объективтілігін, заңдылығын тексереді, қабылданған шешімді жою туралы прокурорға өтінішті дайындайды;
5) сотқа жіберілетін қылмыстық істерді зерделейді. Тергеушілер мен жедел қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеру, олардың қылмысқа қарсы күрестегі рөлін арттыру мақсатында қылмыстық құқық бұзушылықтарды сәтті ашу және тергеу тәжірибесін жинақтап, таратады.
22. ӨӘТБ белгіленген тәртіп пен мерзімде ӘТД-ге ұсынады:
1) нақты қылмыстық істер мен профилактикалық, жедел және тергеу жұмыстарының жеке бағыттары туралы, заңдылық жағдайы және адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде ақпарат ұсынады;
2) жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен шағымдарының қаралуы туралы ақпаратты береді;
3) қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтары, азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу, қылмыстық істерді тоқтату туралы процестік шешімдерді жою, істерді қосымша тергеуге қайтару фактілері бойынша ақпаратты ұсынады;
4) кезекші тәулік бойы мәліметтер бойынша арнайы хабарламалар, онда мынадай ақпараттарды көрсетеді:
оқиғалар мен қылмыстар туралы белгілі жағдайларды;
оқиға орнына жеделтергеу тобының келу уақыты мен құрамын;
оқиға орнын тексеру барысында табылған және алынған іздер, заттар, құжаттар мен өзге объектілерді;
алынған айғақ заттар, соның ішінде көлік құралдары, ұрланған заттар, қылмыстық жолмен алынған ақшалай және басқа материалдық құндылықтар, сондай-ақ қылмыстық іске қатысы бар өзге заттар мен объектілер;
алынған іздер мен объектілер бойынша тағайындалған сараптамалар не жүргізілген экспресс-талдауларды;
жүргізілген шұғыл тергеу және өзге де процестік әрекеттер;
күдіктінің жеке басы және оған қолданылған процестік мәжбүрлеу немесе бұлтартпау шараларын;
қылмысты саралау, тергеуді тергеу тобына тапсыру;
23. Сонымен қатар ӨӘТБ:
1) азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуы, қылмыстық істерді қосымша тергеуге қайтару, бұрын қабылданған тоқтату шешімдерін жою фактілері бойынша қызметтік тексерулерді жүргізеді, нәтижелерін ұсынылған шаралармен бірге ӘТД-ге ұсынады;
2) ӘТД-ге проблемалық мәселелер туралы хабарлайды;
3) ӘТД-ге әр айдың 25-не дейін Зардап шеккендер қоры туралы деректерді ұсынады, нақты жауапты қызметкерге зардап шегушілерге өтемақы төлеуді есептеу және талдау бекітіледі.
24. Жедел-тергеу қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттыру екі жолмен жүзеге асырылады – ІІМ ұйымдастыратын тергеушілер мен жедел қызметкерлердің біліктілігін орталықтандырылған арттыру және қызметтік даярлау жүйесіндегі оқыту.
25. ӨӘТБ басшылары мен бөлім бастықтары:
1) профилактикалық жұмысты ұйымдастырады, оның сапалы орындалуын қамтамасыз етеді;
2) әскери ортадағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың жолын кесу, алдын алу, анықтау және ашуға арналған ЖІҚ ұйымдастырады;
3) оқиға орнына жедел-тергеу топтардың уақтылы шығуын ұйымдастырады;
4) қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануына қатысты мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттық-есептік құжаттардың, соның ішінде электрондық форматтағы қылмыстық істерді тергеу шеңберінде ресімделетін құжаттардың объективтілігі мен шынайылығына бақылауды қамтамасыз етеді;
5) ҚПК-нің 200-бабының тәртібінде енгізілген ұсынымдарды уақтылы және сапалы қарауды ұйымдастырады;
6) қызметкерлерге жұмыс істеуге қажетті барлық жағдайды жасайды, оның ішінде материалдық-техникалық жабдықтайды;
7) сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адамдардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздіктеріне процеске қатысушылардан келіп түскен шағымдарды уақтылы және толық қарауды әрі шешуді қамтамасыз етеді;
8) ӨӘТБ басшылары мен бөлім бастықтарының азаматтарды қабылдау кестесі туралы ақпаратты танысуға қолжетімді жерлерде орналастыруды ұйымдастырады;
9) ҚПК-нің 62-бабы 2-бөлігіне сәйкес қажетті жедел-іздестіру және қылмыстық-процестік іс-шараларды, соның ішінде жасырын тергеу әрекеттерін (бұдан әрі – ЖТӘ) сапалы және уақтылы жүргізуді ұйымдастырады;
10) қылмыстық процестегі дәлелдік мәні жоқ ЖТӘ нәтижелерін ҚПК-нің 240-бабы 1-1 және 6-бөліктерінде көзделген мәселелер толық шешілгенге дейін сақтауды қамтамасыз етеді және кейін оларды жояды;
11) қылмыстық істер бойынша соңғы процестік шешім қабылданғанға және олар айыптау актісімен сотқа жіберілгенге дейін тергеушіге сот сараптамаларын тағайындау және өткізу барысында қажетті көмек көрсетеді;
12) ҚПК-де көзделген өкілеттіктерге сәйкес хаттамалық нысанда және бұйрықтық тәртіпте тергелетін істер бойынша:
қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы бекітіп, қылмыстық істі сотқа жібереді, хаттаманың көшірмесін прокурорға жолдайды;
хаттаманы бекітуден бас тартып, қылмыстық істі анықтау жүргізу үшін қайтарады;
13) жоғары тұрған органдардан келген жұмыс жоспарлары мен бақылау тапсырмаларының орындалуын бақылайды;
14) бөліністің қызметін, оның ішкі істер органдарының өзге қызметтерімен және басқа құқық қорғау органдарымен және ведомстволармен өзара іс-қимылын үйлестіреді;
15) қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашу және тергеу үшін жедел-тергеутоптарын құрады;
16) қылмыстық құқық бұзушылықтың іздерін анықтау және бекіту мақсатында жедел тергеу әрекеттерін уақтылы және сапалы жүргізуді, қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабарламаны немесе өтінішті Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне (әрі қарай – СДТБТ) тіркеу шараларын қатарлас, соның ішінде байланыс құралдарын қолдана отырып, біруақытта қабылдайды;
17) жедел есепке алу істері және ЖТӘ материалдарымен танысудағы тергеушілердің құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз етеді, белгіленген тәртіппен қылмыстық істерді тергеу кезінде дәлелдемелер ретінде пайдалану үшін жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде алынған мәліметтер мен материалдардың уақтылы тергеушілерге берілуін бақылайды;
18) жасалу сипаты мен себептеріне байланысты ауыр немесе басқа қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша оқиға орнына жеке өзі шығып, оқиға орнын сапалы қарау мен тергеп-тексеру материалдарын жинауды бақылайды, қажет болған жағдайда қосымша күштер мен құралдарды бөлуін қамтамасыз етеді;
19) қызметкерлердің қызметтік жұмысына байланысты өміріне, денсаулығына және мүлкіне қол сұғу қаупі болған кезде оларды қорғау жөнінде шаралар қабылдайды;
20) әскери-қызметтік тәртіптің сақталуын талап етеді;
21) тергеушілер мен жедел қызметкерлерден құқық бұзушылықтардың профилактикасы, ЖІҚ және қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеу жұмыстары туралы есептерін тыңдайды, профилактикалық жұмысты, тергеу әрекеттерін және жедел-іздестіру шаралары мен ЖТӘ жүзеге асыруға көмек көрсетеді;
22) оқиға орнынан алынған іздер мен өзге де заттай дәлелдемелерді зерттеуге уақтылы жіберуді, сондай-ақ оларды сақтауды ұйымдастыруды, қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашуда толық және тиімді пайдалануды бақылайды;
23) ҚПК-нің 45-бабы 7-бөлігінде көзделген негіздер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін үзудің негізділігін, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуда қабылданған шаралардың толықтығын тексереді;
24) еңбекті ғылыми ұйымдастыру тәжірибесін, заманауи криминалистикалық техниканы және қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеудің озық тәжірибесін енгізуді қамтамасыз етеді;
25) қызметкерлерді кәсіби және іскерлік қасиеттеріне қарай іріктеу мен орналастыруды жүзеге асырады;
26) тоқтатылған қылмыстық істерді қабылданған шешімінің негізділігі мен заңдылығы тұрғысынан зерделейді;
27) қызметкерлердің қызметтік даярлығын ұйымдастырады, олардың жаңа заңнамалық және нормативтік актілерді уақтылы зерделеуін қамтамасыз етеді.
26. ӨӘТБ бастығы, оның орынбасары және бөлім бастығы ауысқанда, тергеу мерзімі үзілген істерді қоса алғанда, істерді қабылдау мен тапсыру жүргізіледі. Нәтижелері құқықтық статистика бөліністерінің деректерімен салыстыра тексеріледі.
27. Тергеушіге қылмыстық құқық бұзушылық іздерін анықтау және бекіту бойынша жедел тергеу әрекеттерін жүргізу, сонымен қатар қылмыстық құқық бұзушылық туралы өтініш пен хабарламаны СДТБТ тіркеу шараларын қабылдау, соның ішінде байланыс құралдарын пайдалана отырып тіркеу, қылмыстық істі өзінің өндірісіне қабылдау, жедел-іздестіру іс-шараларын, тапсырмаларды, нұсқауларды орындаудың нақты мерзімдерін көрсете отырып, келісілген тергеу әрекеттері жоспарын дайындау міндеті жүктеледі.
Келісілген жоспар қылмыстық құқық бұзушылықты тергеудің барлық кезеңдерін қамтиды және мыналардан тұрады:
тергеу және іздестіру нұсқалары;
тексеруге жататын мәліметтерді анықтау;
тергеу әрекеттерінің тізбесі; жедел жолмен анықталатын жағдайлар; мерзімдер мен орындаушылар.
Жоспар өзгертіліп, толықтырылуы мүмкін, оның түзетулері тергеуші мен жедел қызметкерлердің бастамасына байланысты.
28. ҚПК-нің 60-бабы 3-бөлігіне сәйкес тергеуші істің мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін барлық шараларды қабылдайды, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын көрсететін жеткілікті дәлелдер жиналған адамды, күдіктінің іс-әрекетін саралау, оған бұлтартпау шараларын таңдау, қылмыстық құқық бұзушылық мән-жайлары баяндалған, жинақталған дәлелдер сипатталған сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеп жасау арқылы қылмыстық қудалауды жүзеге асырады. Процестік келісім жасауға мүмкіндік беретін мән-жайлар анықталған кезде, тергеуші бұл туралы прокурорды хабардар етеді. Заңда көзделген негіздер болған жағдайда бұйрықтық іс жүргізу тәртібін қолданады.
29. Азаматтық талап, басқа да мүлiктiк өндіріп алулар немесе мүлiктi ықтимал тәркiлеу бөлiгi бойынша үкімнің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тергеуші күдікті немесе оның әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауапкершілікті көтеретін адамдардың мүлкін анықтауға шаралар қабылдайды. Қылмыстық істерді тергеу барысында тергеуші қылмыстық жолмен алынған немесе қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған, басқа адамдардың меншігіне берілген мүлікті анықтау шараларын да қабылдайды.
30. Тергеуші жеке өзі оқиға орнын қарап тексеру жүргізеді және оның сапасына жеке жауапты болады. Тергеушінің оқиға орнын қарау барысында берген нұсқаулары басқа қызметтердің қызметкерлері тарапынан қатаң орындалады.
31. Қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеу кезінде тергеушінің ішкі істер органдарының басқа қызметтерімен өзара іс-қимылы қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес, келісілген жоспарлау, екі жақты ақпарат алмасу, әрбір қызметтің құзыретін нақты бөлу негізінде, тергеушінің ұйымдастырушы рөлімен жүзеге асырылады.
32. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың түрлері мен оларды жасаған адамдарға байланысты тергеуші қылмыстың орын алуына ықпал еткен заң бұзушылықтардың басқа да себептері мен жағдайларын анықтайды және оларды жоюға шаралар қабылдайды.
Қылмыстық істі жүргізу барысында анықталған заң бұзушылықтар, қылмыс жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтай отырып, ҚПК-нің 200-бабын басшылыққа ала отырып, тиісті мемлекеттік органдарға, өзге ұйымдарға немесе лауазымды адамға оларды жою туралы ұсыным енгізеді.
Негіздер болған жағдайда ұсынымды қылмыстық істің кез келген кезеңінде, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталуын күтпестен енгізеді.
Ұсынымның сипаттау-уәждеу бөлігінде жасалған қылмыстың жағдайлары, оған ықпал еткен себептер мен жағдайлар, анықталған нормативтік құқықтық және басқа актілердің, лауазымды нұсқаулықтардың бұзылуы қысқаша көрсетіледі.
Ұсынымның қарар бөлігінде заң бұзушылықтарды, қылмысқа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жоюға, заң бұзушылық жасаған лауазымды адамдарды жауапкершілікке тартуға қатысты нақты шаралар қабылдау туралы ұсыныстар жасалады, ҚПК-нің 200-бабында көзделген мерзімі мен қабылданған шаралар туралы жазбаша хабарлау міндеттілігі көрсетіледі, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 664-бабының лауазымды адамның ұсынымды қарамауы немесе онда көрсетілген бұзушылықтарды жою шараларын қабылдамауы, ұсынымға уақтылы жауап бермеуі жөніндегі жауапкершілігі туралы ережесі түсіндіріледі.
Ұсынымдарды қарау бойынша шаралар қабылдамау фактілеріне принципті және дер кезінде әрекет ету, оның ішінде ӘҚБтК-нің 664-бабындакөзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыру және мұндай фактілер туралы прокуратура органдарына хабарлау қажет.
Ұсынымның қарар бөлігінде қарауға қатысу үшін оны қарау күнін, уақытын және орнын хабарлау туралы ұсыныс жасалады. Ұсынымның көшірмелері қылмыстық іс материалдарына тіркеліп, жинақтау өндірісіне қойылады.
33. Қылмыстық істі ақтау негіздері бойынша тоқтатып немесе ақтайтын үкімі шығарып, адамды қамаудан босатқан кезде ӨӘТБ және бөлім бастығы 24 сағат ішінде ӘТД-ге ақпарат жолдайды.
34. Қылмыстық процестік заңнаманы бұзушылықтардың өрескел фактілері жедел кеңестерде қаралады.
35. ҚПК-нің 60-бабы 7-бөлігіне сәйкес Заңда прокурордың келісімін, соттың санкциясын немесе соттың шешімін алу көзделген жағдайларды қоспағанда, тергеуші сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу кезінде барлық шешімді өзі дербес қабылдайды және олардың заңды және уақтылы орындалуы үшін толып жауапты болады. Тергеушінің қызметіне заңсыз араласу қылмыстық жауаптылыққа алып келеді.
Қылмыстық іс бойынша тергеуші өз өкілеттіктері шегінде шығарған қаулы, сондай-ақ қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында тапсырмалар мен нұсқаулар барлық ұйымдардың, лауазымды адамдардың және азаматтардың орындау үшін міндетті.
5-тарау. Әскери-тергеу органдарында анықтау нысанында, бұйрықтық іс жүргізу және хаттамалық нысанда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастыру
36. Анықтау нысанында, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен және хаттамалық нысанда қылмыстық құқық бұзушылықтарды сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚПК-ге қатаң сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығын анықтау, белгілеу, бекіту және оларды жасаған адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тарту бойынша өкілеттіктер шегінде жүзеге асырылады.
37. Анықтау жүргізу функциялары берілген әскери-тергеу органдарының қызметкерлері ішкі істер органдарының тергеп-тексеруіне жататын, ҚПК-нің 191-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асырады.
38. Қажетті жағдайларда анықтау жүргізу функциялары берілген әскери-тергеу органдарының қызметкерлері өзге де қылмыстық теріс қылықтар құрамы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді хаттамалық нысанда жүзеге асырады.