ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 22-б. қараңыз.
1-бап.
Негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) кәсіптік құпия – психолог психологиялық қызмет процесінде алған, психологиялық көмек алушының жазбаша келісімінсіз жария етуге болмайтын ақпарат;
2) психолог – психология саласында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі және (немесе) ғылыми дәрежесі, тиісті біліктілігі бар және психологиялық қызметті атқаратын адам;
3) психологиялық көмек алушы – психологиялық көмек көрсетілетін жеке тұлға, отбасы немесе адамдар тобы;
4) психологиялық көмектің сапасы – психологиялық көмектің уақтылы көрсетілуін, психологиялық көмек көрсету әдістерін дұрыс таңдауды, жоспарланған нәтижеге қол жеткізу дәрежесін көрсететін сипаттамалар жиынтығы;
5) психологиялық қызмет – психологтың профилактика, диагностика, коррекция, консультация, психологиялық саламаттылықты сүйемелдеу мен қолдау түріндегі психологиялық көмекті қамтитын кәсіптік қызметін жүзеге асыруы кезінде туындайтын құқықтық қатынастар жиынтығы;
6) психологиялық саламаттылық – жеке тұлғаның психоэмоциялық жай-күйінің тұрақтылығы, өмірдегі қиын жағдайларды еңсеру қабілеті қамтамасыз етілген жай-күйі;
7) Психологтардың әдеп кодексі – психологтардың психологиялық қызметті атқару кезіндегі мінез-құлқы әдеп қағидаларының бірыңғай жиынтығы;
8) психолог супервизиясы – психологты кәсіби қолдаудың психологиялық қызметтің сапасын қамтамасыз етуге, құзыреттерді дамытуға бағытталған нысаны.
2-бап.
Қазақстан Республикасының психологиялық қызмет туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының психологиялық қызмет туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық міндеттемелерінен тұрады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттардың қолданылу тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
3-бап.
Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында психологиялық қызмет атқару процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарға қолданылады.
2. Осы Заңның күші:
1) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес реттелетін мамандандырылған медициналық көмек көрсету саласындағы қатынастарға;
2) "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттелетін психологиялық көмек көрсетуге қолданылмайды.
3. Осы Заңның 4-бабының 3-тармағы 2) және 3) тармақшаларының, 8-бабының, 9-бабы 2 және 4-тармақтарының, 11-бабының 1-тармағы 6) және 7) тармақшаларының, 2-тармағы 2), 3), 5), 7), 9) және 10) тармақшаларының, 12-бабының 1-тармағы 2), 3), 4) және 6) тармақшаларының, 2-тармағының, 14, 17 және 19-баптарының ережелері Қазақстан Республикасының құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарында, азаматтық қорғау органдарында және Қарулы Күштерінде жүзеге асырылатын психологиялық қызмет саласындағы қатынастарға қолданылмайды.
4-бап.
Осы Заңның негізгі мақсаты, міндеттері мен қағидаттары
1. Осы Заңның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасында психологиялық қызмет атқарудың құқықтық, ұйымдастырушылық негіздерін, сондай-ақ психологиялық көмек алу кезінде Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету.
2. Осы Заңның негізгі міндеттері:
1) психологтардың кәсіптік біліктілігіне, оларды даярлауға, қайта даярлауға, біліктілігін растауға және арттыруға қойылатын талаптарды айқындау;
2) Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;
3) психологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету;
4) сапалы психологиялық көмек көрсетуді қамтамасыз ету.
3. Осы Заңның негізгі қағидаттары:
1) заңдылық;
2) психологиялық көмекке жүгінудің еріктілігі;
3) құпиялық;
4) кәсіптік құзыреттілік;
5) ғылыми негізділік.
5-бап.
Психологиялық қызмет саласындағы мемлекеттік саясат
Психологиялық қызмет саласындағы мемлекеттік саясат:
1) Қазақстан Республикасы азаматтарының психологиялық саламаттылығын қамтамасыз ететін жағдай жасауға;
2) білікті психологтар даярлауға;
3) адамның тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан, әр адамның психологиялық көмек алу құқығын іске асырудағы тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге;
4) психологтың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге және қорғауға;
5) психологиялық көмекке мұқтаж жеке тұлғаға, отбасыға немесе адамдар тобына қатысты өмірдегі қиын жағдай мен оның зардаптарының алдын алуға, оларды шешуге және еңсеруге ықпал ететін іс-шараларды өткізуге бағытталған.
6-бап.
Мемлекеттік органдардың құзыреті
1. Кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті орган:
1) психологтардың кәсіптік біліктілігін тану саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
2) психологиялық қызмет саласындағы шараларды әзірлеуге және іске асыруға қатысатын мемлекеттік органдардың, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді;
3) психологтардың мемлекеттік тізілімін жүргізу тәртібін әзірлейді және бекітеді;
4) Психологтардың әдеп кодексін әзірлейді және бекітеді;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Орталық мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде:
1) психологиялық қызмет саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
7-бап.
Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті
Жергілікті атқарушы органдар:
1) психологиялық қызмет саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының заңдарымен жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
8-бап.
Хабардарлығы туралы келісім
1. Хабардарлығы туралы келісім – психологиялық көмек алушының немесе оның заңды өкілінің психологиялық көмек алуға жазбаша келісімі.
Егер психологиялық көмек алушы кәмелетке толмаған, сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адам болса, психологиялық көмек алуға хабардарлығы туралы келісімді олардың атынан заңды өкілі береді.
Егер психологиялық көмек алушы кәмелетке толмаған болса, сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамды олардың атынан психологиялық көмек алуға ақпараттандырылған Келісімді заңды өкіл береді.
2. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, психологиялық көмек алушыға қатысты кез келген психологиялық қызметке психологиялық көмек алушының немесе оның заңды өкілінің хабардарлығы туралы келісімін алғаннан кейін ғана жол беріледі.
3. Хабардарлығы туралы келісімнің нысанын кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
4. Суицидтік мінез-құлық белгілері, адамның дағдарыстық жағдайда болғанын куәландыратын мән-жайлар, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері туралы мәліметтер болған кезде психологиялық көмек алушының не оның заңды өкілінің хабардарлығы туралы келісімі талап етілмейді.
9-бап.
Психологиялық көмек
1. Әр адамның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес психологиялық көмек алуға құқығы бар.
2. Психологиялық көмек алушы немесе оның заңды өкілі психологиялық көмектің мақсаттары, әдістері туралы хабардар болуға тиіс.
3. Психологиялық көмек күндізгі нысанда, қашықтан және аралас нысанда жүргізіледі.
4. Психологтың қызметінде бейне- және (немесе) аудиожазба қолдану, сондай-ақ үшінші тұлғаларды олармен таныстыру психологиялық көмек алушы не оның заңды өкілі тарапынан бұған хабардарлығы туралы келісім алынғаннан кейін ғана мүмкін болады.
5. Психологиялық қызмет атқару кезінде психологиялық көмек алушының өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге жол берілмейді.
10-бап.
Медициналық емес психотерапия
1. Медициналық емес психотерапия – медициналық араласуды қажет ететін психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарды (ауруларды) емдеуді қамтымайтын, өмірдегі қиын жағдайларды еңсеру, психоэмоциялық жағдайды жақсарту бағытында психолог ғылыми негізі бар әдістерді қолдана отырып жүзеге асырылатын психологиялық көмектің ерекше түрі.
2. Медициналық емес психотерапияны медициналық емес психотерапия саласында қосымша даярлықтан өткен психологтар жүзеге асыруға құқылы.
3. Медициналық емес психотерапия саласындағы қосымша даярлықты аяқтаған психологтар психолог супервизиясы түріндегі практикалық жұмыс кезеңінен өтеді.
4. Медициналық емес психотерапия саласындағы қосымша даярлыққа және психолог супервизиясы түріндегі практикалық жұмысқа қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының кәсіптік біліктілікті тану саласындағы заңнамасына сәйкес психологтың кәсіптік стандартында бекітіледі.
11-бап.
Психологтың негізгі құқықтары мен міндеттері
1. Психолог:
1) психологиялық қызметтің тиісті саласында қолдану үшін сынақтан өткен, дәлелденген ғылыми негізі бар және сенімді әдістемелерді пайдаланып психологиялық диагностика жүргізуге;
2) психологиялық консультация беруге;
3) психологтарға олардың психологиялық қызметі шеңберінде әдістемелік көмек пен консультативтік қолдау көрсетіп отыруға;
4) психологиялық қызмет саласында ғылыми және сараптамалық қызмет атқаруға;
5) өзінің ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғауға;
6) "Қоғамдық бірлестіктер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен психологтардың қоғамдық бірлестіктерін құруға;
7) осы Заңның 13-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес психологтардың мемлекеттік тізілімінде тіркеуден өткен жағдайда жеке психологиялық практика тәртібімен психологиялық қызмет атқаруға құқылы.
2. Психолог:
1) психологиялық көмек алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтай отырып, психологиялық қызметті біліктілікпен атқаруға;
2) Психологтардың әдеп кодексін сақтауға;
3) осы Заңның 8-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс басталар алдында психологиялық көмек алушының немесе оның заңды өкілінің хабардарлығы туралы келісімін алуға;
4) психологиялық көмек алушыға өзінің біліктілігі, сондай-ақ оның құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат беруге;
5) психологиялық көмек алушыға психологиялық көмек көрсетудің кез келген кезеңінде оны алудан бас тарту құқығы туралы хабар беруге;
6) егер психологиялық диагностика нәтижелері бойынша талап етілсе, психологиялық көмек көрсету үшін басқа кәсіптердің мамандарымен тиісті өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге;
7) жеке психологиялық практика шеңберінде психологиялық көмек алушымен психологиялық көмек көрсетуге шарт жасасуға;
8) мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда не өзінің кәсіптік құзыретінің шегінен асып кететін мән-жайлар анықталған кезде психологиялық қызметті атқарудан бас тартуға;
9) психологиялық қызмет атқару процесінде алынған мәліметтердің, ақпараттың кәсіптік құпиясын сақтауға және құпиялығын қамтамасыз етуге;
10) психологиялық көмек алушының немесе үшінші тұлғалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда тиісті органдарды жедел түрде хабардар етуге міндетті.
3. Психологтың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де құқықтары мен міндеттері бар.
12-бап.
Психологиялық көмек алушының негізгі құқықтары мен міндеттері
1. Психологиялық көмек алушының:
1) өздері осы Заңда белгіленген талаптарды сақтаған кезде сапалы психологиялық көмек алуға;
2) психологты, психологиялық көмек түрін және оларды көрсету нысанын таңдауға;
3) психологиялық көмек алу кезінде өз құқықтары мен міндеттері туралы, сондай-ақ туындаған психологиялық проблемалардың сипаты туралы ақпарат алуға;
4) психологиялық көмек көрсетудің кез келген кезеңінде одан бас тартуға;
5) өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға;
6) ғылыми зерттеулер объектісі ретінде қатысуға, психологиялық көмек көрсету процесінде өзі туралы деректердің жиналуына, бейне- және (немесе) аудиожазбаның жүргізілуіне, сондай-ақ үшінші тұлғалардың олармен танысуына және осы процеске қатысуына келісім беруге не көмек көрсетілуінен бас тартуға құқығы бар.
2. Психологиялық көмек алушы:
1) жеке психологиялық практикамен айналысатын психологпен жасалған психологиялық көмек көрсету туралы шарттың талаптарын сақтауға;
2) осы Заңның 8-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, хабардарлығы туралы келісім беруге міндетті.
3. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес психологиялық көмек алушының өзге де құқықтары мен міндеттері болады.
13-бап.
Психологтардың мемлекеттік тізілімі
1. Кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті орган ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында психологтардың мемлекеттік тізілімін жүргізеді.
2. Психологтар психологтардың мемлекеттік тізілімінде:
1) жеке психологиялық практика тәртібімен және (немесе) жұмыс берушімен еңбек қатынасындағы психологиялық қызмет атқаратын психологтар модулінде;
2) мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерінен алынған мәліметтері негізінде мемлекеттік ұйымдарда, дербес білім беру ұйымдарында психологиялық қызметті атқаратын психологтар модулінде тіркелуге тиіс.
3. Кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті орган психологтарды психологтардың мемлекеттік тізіліміне енгізу және одан алып тастау тәртібін әзірлеп, бекітеді.
4. Психологтардың мемлекеттік тізілімінде тіркеуден өтпеген адамдардың:
1) осы Заңда белгіленген психологиялық қызмет атқаруға және психологиялық көмек көрсетуге;
2) өзін психолог деп атауға, сондай-ақ "психо-" деген сөзге психологиялық қызмет атқаруда жаңылыстыратын өзге де туынды және ұқсас атауларды қолдануға;
3) медициналық диагностика жүргізуге және дәрі-дәрмекпен емдеуді тағайындауға, адамның санасына әсер ететін психикалық белсенді заттарды пайдалануға және (немесе) психикаға белсенді әсер ететін әдістерді, сондай-ақ адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіретін басқа да әдістерді қолдануға құқығы жоқ.
5. Психологтардың мемлекеттік тізілімінен:
1) осы Заңның талаптарын бұзуға жол берген;
2) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;
3) психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда динамикалық бақылауда тұрған;
4) психологиялық көмек алушының өмірі мен денсаулығына зиян келтірген психологтар алып тасталады.
Психологтардың мемлекеттік тізілімінде қайта тіркеуге одан алып тасталған күннен бастап алты ай өткен соң жол беріледі.
14-бап.
Психологтардың кәсіптік стандарты
1. Психологтардың кәсіптік стандарты психологтардың кәсіптік даярлығының мазмұны мен деңгейлеріне қойылатын бірыңғай талаптарды айқындайды, психологиялық қызметтің бағыттары мен қолданылу аясын көрсетеді, сондай-ақ психологиялық көмек әдістерін қолдануға қажетті құзыреттілікті сипаттайды.
2. Кәсіптік стандарт психологтарға қойылатын біліктілік талаптарын айқындауға, біліктіліктің, құзыреттіліктің және кәсіптік даярлықтың сәйкестігін бағалауға, даярлаудың, біліктілікті арттырудың, медициналық емес психотерапия саласындағы қосымша даярлайтын білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, психологиялық қызмет саласындағы біліктілікті растауға негіз болады.
3. Психологтың кәсіптік стандарты Қазақстан Республикасының кәсіптік біліктілікті тану саласындағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.
15-бап.
Психологты кәсіптік даярлау мен біліктілігін арттыру
1. Психологты кәсіптік даярлау психология саласында бейінді кафедралары бар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының базасында жүргізіледі.
2. Психологтың біліктілігін арттыру жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарда, ғылыми ұйымдарда, біліктілікті арттыруды жүргізетін ұйымдарда өз қаражаты және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де қаражат есебінен кемінде бес жылда бір рет жүргізіледі.
16-бап.
Психологтың ғылыми қызметі
1. Жеке тұлғалардың психологиялық қызмет саласындағы ғылыми зерттеулерге өз еркімен қатысуға құқығы бар.
2. Жеке тұлғалардың ғылыми зерттеулерге қатысуына осындай адамның не оның заңды өкілінің хабардарлығы туралы келісімі болған кезде жол беріледі.
Жеке тұлғалар кез келген кезеңде ғылыми зерттеулерге қатысудан бас тартуға құқылы.
3. Психолог ғылыми қызметті атқару кезінде ғылыми зерттеуге қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын, алынған деректердің құпиялығын және ғылыми зерттеуге қатысушылардың өміріне, денсаулығына және психологиялық саламаттылығына зиян келтіруге жол бермеуді қамтамасыз етуге міндетті.
4. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері олардың ғылыми қоғамдастық үшін қол жетімділігін қамтамасыз ететін нысанда жазылуға және толық, анық болуға және олардың әртүрлі түсіндірілу ықтималдығын болғызбауға тиіс.
17-бап.
Психологтарды сертификаттау
1. Психологтарды сертификаттау кәсіптік даярлық деңгейін және біліктілік талаптарына сәйкестігін растауға бағытталған.
Сертификаттаудан сәтті өткен психологтарға олардың кәсіптік біліктілігін растайтын сертификат беріледі.
2. Психологтардың сертификаттаудан өту тәртібі Қазақстан Республикасының кәсіптік біліктілікті тану саласындағы заңнамасында айқындалады.
18-бап.
Психологиялық қызмет саласындағы шектеулер
Психологқа:
1) медициналық диагностика жүргізуге және дәрі-дәрмекпен емдеуді тағайындауға, санаға әсер ететін, психикаға белсенді әсер ететін заттарды пайдалануға және (немесе) психикаға белсенді әсер ететін әдістерді қолдануға;
2) медициналық араласуды талап ететін психикалық, мінез-құқықтық бұзылушылық (ауру) белгілері бар адамдарға психологиялық көмек көрсетуге тыйым салынады. Тиісті симптомдар анықталған кезде психолог психологиялық көмек алушыға психиатр дәрігерге жүгінуді ұсынуға міндетті;
3) психологиялық көмек алушыға психологиялық көмек көрсетудің нақты нәтижесіне, оның ішінде жарнамалық және өзге де мақсатта қол жеткізуіне кепілдік беруге тыйым салынады.
19-бап.
Онлайн-платформаларды пайдаланып психологиялық көмек көрсету
1. Онлайн-платформалар арқылы психологиялық қызмет атқаратын психологтар психологтардың мемлекеттік тізілімінде тіркелгені туралы, сондай-ақ өздерінің білімі мен біліктілігі туралы мәліметтерді орналастыруға міндетті.
2. Психологтар онлайн-жарнама орналастыру кезінде "Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген талаптарды сақтауға тиіс.
3. Психологиялық қызметті онлайн-платформалар арқылы атқару кезінде жалған ақпарат орналастыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа алып келеді.
20-бап.
Қазақстан Республикасының психологиялық қызмет туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Психологиялық көмек алушының өмірі мен денсаулығына зиян келтіру және Қазақстан Республикасының психологиялық қызмет туралы заңнамасын өзге де бұзушылықтар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа алып келеді.
21-бап.
Өтпелі ережелер
Психологтар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде осы Заңның талаптарына сәйкес психологтардың мемлекеттік тізілімінде тіркеуден өтуге міндетті.
22-бап.
Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 17-бапты қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |
