Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нысаналы капитал қорларының және эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) қызметі, сондай-ақ Арал маңының қазақстандық бөлігінің экологиялық қолайсыз аумағы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2025 жылғы 30 маусымдағы № 200-VIII ҚРЗ

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне:

      241-3-баптың 2-тармағының 14) тармақшасындағы "эндаумент-қорларға" деген сөз "нысаналы капитал қорларына" деген сөздермен ауыстырылсын.

      2. "Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" 1992 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 3-баптың 2-тармағында орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;

      2) 5-баптың 2-тармағында:

      орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;

      "Түркістан қаласының және" деген сөздер ", Түркістан қаласының, Кентау қаласының (оның ішінде Бүргем) және оған іргелес жатқан елді мекендер – Ащысай, Хантағы, Байылдыр, Қарнақ ауылдарының (оның ішінде Күшата және Шаштөбе елді мекендерінің)," деген сөздермен ауыстырылсын;

      "Кентау қаласының" деген сөздер "Сауран ауданының" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "Қарағанды облысының" деген сөздер "Ұлытау облысы" деген сөздермен ауыстырылсын.

      3. "Аудиторлық қызмет туралы" 1998 жылғы 20 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      5-баптың 2-тармағының бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы бесінші абзацпен толықтырылсын:

      "нысаналы капитал қорлары;".

      4. "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" 2001 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 3-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.";

      2) 39-баптың 1-тармағының 3) тармақшасы "тексерушi" деген сөзден кейін ", ішкі аудит қызметі" деген сөздермен толықтырылсын;

      3) 41-бап мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:

      "6. Нысаналы капитал қоры нысанында құрылған қор жыл сайын 31 наурызға дейін үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық кірісін пайдалану туралы есепті ұсынады.".

      5. "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1-баптың 7) тармақшасы "микроқаржы ұйымдарын қоспағанда)," деген сөздерден кейін "нысаналы капитал қорлары," деген сөздермен толықтырылсын.

      6. "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      21-4) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 62) тармақшамен толықтырылсын:

      "62) эндаумент-қор (нысаналы капитал) – нысаналы капитал қорының эндаументтері (нысаналы салымдары) мен инвестициялық кірісі, сондай-ақ меншікті қаражаты есебінен қалыптастырылатын және (немесе) толықтырылатын және эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасында көзделген қайырымдылық объектілерін қаржыландыру үшін пайдаланылатын нысаналы капитал қорының мүлкі.";

      2) 43-1-баптың 3-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыруға және (немесе) толықтыруға, оның ішінде нысаналы капитал қорын құру арқылы қалыптастыруға және (немесе) толықтыруға;";

      3) 61-баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) қайырымдылық көмек, өтеусіз аударымдар мен қайырмалдықтар, гранттар, білім беру ұйымдары құрылтайшыларының (қатысушыларының) салымдары, эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) инвестициялық кірістерінің қаражаты болып табылады.".

      7. "Қайырымдылық туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-баптың 14) тармақшасы алып тасталсын;

      2) 12-баптың 1-тармағының 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқарудан түсетін инвестициялық кіріс;";

      3) 18-баптың 2-тармағының 2) тармақшасындағы "нысаналы капиталдар (эндаументтер)" деген сөздер "эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқарудан түсетін инвестициялық кірістер" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) 19, 20 және 21-баптар алып тасталсын;

      5) 28-баптың 1) тармақшасы "өнер," деген сөзден кейін "қоршаған ортаны қорғау," деген сөздермен толықтырылсын.

      8. "Ғылым және технологиялық саясат туралы" 2024 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      29) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 49) тармақшамен толықтырылсын:

      "49) эндаумент-қор (нысаналы капитал) – нысаналы капитал қорының эндаументтері (нысаналы салымдары) мен инвестициялық кірісі, сондай-ақ меншікті қаражаты есебінен қалыптастырылатын және (немесе) толықтырылатын және эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасында көзделген қайырымдылық объектілерін қаржыландыру үшін пайдаланылатын нысаналы капитал қорының мүлкі.";

      2) 11-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Мемлекет қатыспайтын заңды тұлға түрінде құрылған академияларға өз атауында "ұлттық" деген сөзді кез келген тілде толық немесе қысқартылған түрде пайдалануға тыйым салынады.";

      3) 31-баптың 3-тармағындағы "жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің эндаумент-қорының" деген сөздер "эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың)" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) 40-баптың 3-тармағының екінші бөлігіндегі "жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің эндаумент-қорына" деген сөздер "эндаумент-қорға (нысаналы капиталға)" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) мынадай мазмұндағы 53-1-баппен толықтырылсын:

      "53-1-бап. Өтпелі ережелер

      1. Мемлекет қатыспайтын заңды тұлға түрінде құрылған, атауында "ұлттық" деген сөз бар академиялар бір жыл ішінде өз атауын осы Заңның талаптарына сәйкес келтіруге және құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізуге міндетті.

      2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген талаптар сақталмаған жағдайда, мемлекет қатыспайтын заңды тұлға түрінде құрылған академиялар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті органның жолданымы бойынша сот тәртібімен таратылуға тиіс.".

      2-бап. Осы Заң:

      1) 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 2-тармағын;

      2) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 8-тармағының 2) және 5) тармақшаларын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады