"Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметшілерін лауазымға тағайындау және олармен еңбек шартын тоқтату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 3 ақпандағы № 3 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2026 жылғы 28 қыркүйектегі № 129 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 29 қыркүйекте № 40005 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметшілерін лауазымға тағайындау және олармен еңбек шартын тоқтату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 3 ақпандағы № 3 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19989 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметшілерін лауазымға тағайындау және олармен еңбек шартын тоқтату қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметшілерін лауазымға тағайындау және олармен еңбек шартын тоқтату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (бұдан әрі – Еңбек кодексі) және "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-5-бабының 12) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметшілерін лауазымға тағайындау және олармен еңбек шартын тоқтату тәртібін айқындайды.";

      3-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) Агенттіктің қызметкерлері – саяси мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, Агенттікте лауазымдар атқаратын адамдар;";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Агенттіктің қызметшісін лауазымға тағайындауға "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-11-бабының жетінші бөлігінде көзделген жағдайларда жол берілмейді.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Агенттік қызметшісінің лауазымына конкурстан тыс мыналар орналасады:

      1) Агенттік қызметшісінің бос лауазымына ауысу арқылы талаптарға сәйкес келетін Агенттік қызметкерлері;

      2) кадр резервінде тұрған адамдар;

      3) жоғары біліктілік деңгейі және кәсіби дайындығы бар адамдар:

      шет тілін білетін (IELTS халықаралық сертификатының болуы – 9-дан 6-дан төмен емес, TOEFL IBT – 120-дан 80, TCF 699-дан 400 (В2), СILS 1, HSK 11-ден 6-деңгей);

      және (немесе) ғылыми дәрежесі бар;

      және (немесе) шетелдік жоғары оқу орындарында оқуды аяқтаған;

      және (немесе) халықаралық бухгалтерлік (CMA, CPA, CIPA, CAP, ACCA, IAB) немесе қаржылық (CFM, CFA, IFA, CIMA, FRM, PRM, ERP, SCR, Risk and AI) сертификаттары, ақпараттық технологиялар (CISA, CISM, CDMP (DAMA), TOGAF) және ішкі аудит (CIA, CCSA, CRMA, CGAP, CFSA) саласында халықаралық сертификаттары, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (ACAMS) саласындағы халықаралық сертификаты бар;

      және (немесе) Ұлттық Банктің ұйымдарында және еншілес ұйымдарында, ұлттық басқарушы холдингте, оның еншілес ұйымдарында, даму институттарында, қаржы ұйымдарында, заң фирмаларында (компанияларында), құқық қорғау органдарында, сондай-ақ аудиторлық ұйымдарда "Міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға қойылатын ең аз талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 231 бұйрығында бекітілген талаптарға сәйкес Агенттік қызметшісінің бос лауазымының функционалдық бағыттарына сәйкес салаларда кемінде 2 (екі) жыл жұмыс тәжірибесі бар;

      және (немесе) мемлекеттік органдарда кемінде 2 (екі) жыл жұмыс тәжірибесі бар;

      және (немесе) цифрлық технологиялар, киберқауіпсіздік және бұқаралық ақпарат құралдары салаларындағы лауазымның функционалдық бағыттарына сәйкес келетін ұйымдарда кемінде 2 (екі) жыл жұмыс тәжірибесі бар;

      4) Агенттікте, Ұлттық Банкте, ведомстволарда немесе таратылған Агенттікте кемінде 2 (екі) жыл жұмыс тәжірибесі бар (еңбек шарты теріс жағдайлар бойынша бұзылған адамдарды қоспағанда);

      5) "Назарбаев Университеті" дербес білім беру ұйымы магистратурасының түлектері немесе Агенттік, Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарымен жасаған білім беру қызметтерін көрсету туралы шарттар шеңберінде оқытуды Агенттік, Ұлттық Банк қаржыландырған Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары магистратурасының түлектері;

      6) Президенттік жастар кадрлық резервіне алынған адамдар.";

      12-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) Агенттіктің атауы, орналасқан жері, кадр қызметінің телефон нөмірлері;";

      21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысушыларды тестілеуге жіберу туралы шешімді конкурсқа қатысушылардың құжаттарын қарау аяқталған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қабылдайды, ол конкурстық комиссияның төрағасы, мүшелері және хатшысы қол қоятын хаттама түрінде ресімделеді.

      Тестілеуге жіберілген кандидаттардың тізімдері Агенттіктің ресми интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде орналастырылады.";

      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Кандидаттарды әңгімелесуге жіберу туралы шешім хаттама түрінде ресімделеді және оған конкурстық комиссия төрағасы, мүшелері және хатшысы қол қояды. Әңгімелесуге жіберілген кандидаттардың тізімдері Агенттіктің ресми интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде орналастырылады.";

      43-6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "43-6. Кадр резервіне алынған адамдардың тізімдері Агенттіктің ресми интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде кадр резервін қалыптастыру жөніндегі комиссия шешім қабылдаған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде орналастырылады.";

      46-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "46. Адамдарды кадр резервінен шығару мынадай:

      1) кадр резервіне есептелген адам кадр резервінен шығару туралы өтініш берген;

      2) кадр резервіне есептелген адам Агенттік қызметшісінің бос лауазымына орналасқан;

      3) Қағидалардың 45-тармағында көрсетілген мерзім аяқталған жағдайларда жүзеге асырылады.".

      2. Адам капиталын дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын өзім бақылаймын.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады