Банкті реттеу жоспарының мазмұнына қойылатын талаптарды, оны әзірлеу және өзектендіру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2026 жылғы 10 тамыздағы № 120 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 13 тамызда № 39578 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 90-бабы 2-тармағының екінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Банкті реттеу жоспарының мазмұнына қойылатын талаптар, оны әзірлеу және өзектендіру қағидалары бекітілсін.

      2. Банктерді реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

  Қазақстан Республикасының
  Қаржы нарығын
  реттеу және дамыту
  Агенттігінің Басқармасының
  2026 жылғы 10 тамыздағы
  № 120 қаулысымен
  бекітілген

Банкті реттеу жоспарының мазмұнына қойылатын талаптарға, оны әзірлеу және өзектендіру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы банкті реттеу жоспарының мазмұнына, оны әзірлеу және өзектендіру қағидаларына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Банктер туралы заң) 90-бабы 2-тармағының екінші бөлігіне сәйкес әзірленді және банкті реттеу жоспарының мазмұнына қойылатын қағидаларды, сондай-ақ оны әзірлеу және өзектендіру тәртібін белгілейді.

      2. Осы талаптарда мына ұғымдар пайдаланылады:

      1) банкті реттеу жоспарында үздіксіз жүзеге асыруды талап ететін аса маңызды банк операциялары және өзге де операциялар – тоқтатылуы немесе бұзылуы банктің депозиторларының, өзге де кредиторларының, клиенттері мен корреспонденттерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығына теріс әсер етуі мүмкін Банктер туралы заңның 22-бабына сәйкес айқындалған банктің қызмет түрлері мен операциялары;

      2) банкті реттеу жоспарында үздіксіз жүзеге асыруды талап ететін аса маңызды банк операциялары және өзге де операцияларды жеткізуші – оларға банкті реттеу жоспарында үздіксіз жүзеге асыруды талап ететін аса маңызды банк операцияларының және өзге де операциялардың орындалуы тәуелді болатын банктерге қызмет көрсететін заңды тұлға, дара кәсіпкер немесе өзге тұлға;

      3) банкті реттеу – уәкілетті органның банктің депозиторларының, өзге де кредиторларының, клиенттері мен корреспонденттерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жүйелік тәуекелдерді төмендету және банктің аса маңызды банк операцияларының және өзге де операцияларының үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында реттеу режиміндегі банкке қатысты Банктер туралы заңның 93-бабында көзделген реттеу құралдарын қолдануы;

      4) жүйелік маңызы бар банк – тұтастай алғанда, қаржы жүйесінің тұрақтылығы оның тұрақты жұмыс істеуіне байланысты болатын банк;

      5) кредиторлар жағдайының нашарлауына жол бермеу қағидаты, оған сәйкес реттеу режимін қолдану нәтижесінде ешбір кредитор реттеу режимін қолданусыз мәжбүрлеп тарату кезінде ұшырай алатын шығыннан артық шығынға ұшырамауға тиіс;

      6) операциялық реттеу жоспары – реттеу жоспарын орындау үшін қажетті іс-қимылдар, рәсімдер мен тетіктер реттілігінің егжей-тегжейлі сипаттамасын, сондай-ақ уәкілетті органмен, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен, мүдделі мемлекеттік органдармен, жеке тұлғалардың депозиттеріне кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйыммен, банкті реттеу жоспарында үздіксіз орындауды талап ететін аса маңызды банк операцияларын және өзге де операцияларды жеткізушілермен, банк клиенттерімен және контрагенттерімен өзара іс-қимыл жасау тәртібін қамтитын банктің басқару органы бекіткен ішкі құжат;

      7) реттеу жоспары – банкке қатысты уәкілетті орган әзірлейтін, банк қызметі мен құрылымын кешенді бағалауды, банкті реттеу жоспарында үздіксіз жүзеге асыруды талап ететін аса маңызды банк операцияларын және өзге де операциялардың тізбесін, банктің реттеу қабілетін талдауды, банктің аса маңызды банк операцияларын және өзге де операцияларының үздіксіздігін қамтамасыз етуге, қаржы жүйесіне теріс әсерді барынша азайтуға және банк депозиторларының, өзге де кредиторларының, клиенттерінің және корреспонденттерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған банктің реттеу шаралары мен сценарийлерін қамтитын құжат;

      8) уәкілетті орган – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

      3. Осы Талаптардың мақсаты банкті реттеу жоспарында үздіксіз жүзеге асыруды талап ететін аса маңызды банк операцияларын және өзге де операцияларды сақтай отырып және банк депозиторларының, өзге де кредиторларының, клиенттері мен корреспонденттерінің құқықтары мен мүдделерін сақтай отырып, реттеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін банкті реттеу жоспарының мазмұны мен құрылымына қойылатын талаптарды белгілеу болып табылады.

      4. Уәкілетті орган реттеу жоспары шеңберінде әрбір банк үшін, тоқтатылуы немесе бұзылуы банк депозиторларының, өзге де кредиторларының, клиенттері мен корреспонденттерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығына теріс әсер етуі мүмкін банкті реттеу жоспарында үздіксіз жүзеге асыруды талап ететін аса маңызды банк операцияларының және өзге де операциялардың түрлерін жеке дара айқындайды.

      5. Уәкілетті орган жүйелік маңызы бар банктер үшін реттеу жоспарын әзірлейді және қажет болған жағдайда өзектендіреді.

      6. Уәкілетті орган жүйелік маңызы бар болып табылмайтын банктердің реттеу жоспарларын әзірлеуге және қажет болған жағдайда оларды өзектендіруге құқылы.

      7. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Талаптарға сәйкес жүйелік маңызы бар банктерге қатысты реттеу жоспарын әзірлеу және өзектендіру процесіне қатысады.

      8. Реттеу жоспары уәкілетті органның ішкі құжаты болып табылады және банкті реттеу үшін негіз туындауын білдірмейді.

      9. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, банкті реттеу жоспарын және ондағы мәліметтерді, сондай-ақ оны әзірлеу және өзектендіру мақсатында ұсынылған ақпаратты үшінші тұлғаларға беруге жол берілмейді. Банкті реттеу жоспарына немесе ондағы мәліметтерге қолжетімділік алған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жарияламау туралы талаптарды сақтауға міндетті.

      10. Реттеу жоспары Банктер туралы заңның 91-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес банкті төлемге қабілетсіз немесе әлеуетті төлемге қабілетсіз деп таныған кезден бастап қолданысқа енгізіледі.

      11. Уәкілетті орган реттеу режимін қолдану туралы шешімде реттеу жоспарының ережелерін және банктің қызмет қабілетін бағалау нәтижелерін ескере отырып, қолданылатын бір немесе бірнеше реттеу құралын айқындайды.

2-тарау. Реттеу жоспарының мазмұны

      12. Реттеу жоспарын уәкілетті орган банк осы Талаптарға сәйкес ұсынатын ақпарат, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдардан және ұйымнан алынатын ақпарат негізінде әзірлейді.

      13. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі уәкілетті органға жүйелік маңызы бар банктерге қатысты жыл сайын, есепті жылдан кейінгі 1 (бірінші) сәуірден кешіктірмей мынадай:

      1) банкті жүйелік маңызы бар банктердің қатарына жатқызу туралы ақпарат;

      2) банк қатысушысы болып табылатын, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банктің тізіліміне енгізілген төлем жүйелері туралы мәліметтер;

      3) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 51-3-бабына сәйкес жүйелік маңызы бар банкке берілген соңғы сатыдағы қарыздар туралы мәліметтерді, оның ішінде оларды беру шарттарын, мерзімдерін, көлемдерін және қайтару тәртібі туралы мәліметтерді ұсынады.

      14. Уәкілетті орган банкті реттеу жоспарының құрамын, құрылымын және нақтылауды банкті жүйелік маңызы бар банктер қатарына жатқызуды, оның қызметінің сипатын және банктің реттеуге қабілеттілігіне әсер ететін өзге де факторларды ескере отырып айқындайды.

      15. Банкті реттеу жоспарында мыналар көзделеді:

      1) реттеу құралдарын қолданудың ықтимал сценарийлерінің тізбесі және оларды талдауы;

      2) үздіксіз жүзеге асыруды талап ететін аса маңызды банктік операциялардың және өзге де операциялардың түрлері;

      3) банкке, банктің ірі қатысушыларына, банк холдингтеріне және (немесе) банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдарға қатысты қабылданатын шаралар;

      4) банкке реттеу режимін қолдану кезінде мемлекеттік органдардың және депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның өзара іс-қимыл тетіктері;

      5) банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің қызметі бойынша іс-шаралар;

      6) банкті реттеуге бағытталған өзге де ережелер.

      16. Операциялық реттеу жоспарын банк әзірлейді және ол Талаптардың 3-тарауына сәйкес уәкілетті органмен келісілуге жатады.

      17. Операциялық жоспар міндетті құрамдас бөлік ретінде реттеу жоспарына енгізіледі.

3-тарау. Реттеу жоспарларын әзірлеу және өзектендіру кезіндегі банктің міндеттері

      18. Банк реттеу жоспарын жасау, өзектендіру және қолдану үшін деректерді беруді үйлестіруге, уәкілетті органмен, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен өзара іс-қимыл жасауға және ұсынылатын ақпараттың сапасын бақылауға жауапты банктің басшы қызметкері тұлғасында құрылымдық бөлімше мен уәкілетті лауазымды адамды тағайындауға міндетті.

      19. Банк реттеуді жоспарлау саласындағы ішкі саясатты әзірлеуге міндетті.

      20. Банк осы Талаптарға 3-қосымшаның талаптарына сәйкес реттеудің операциялық жоспарын әзірлеуге міндетті.

      21. Реттеудің операциялық жоспарын, егер уәкілетті орган өзгеше мерзім белгілемесе, банк реттеу жоспарын алған кезден бастап 6 (алты) айдан кешіктірмей банк әзірлейді.

      22. Уәкілетті орган реттеудің операциялық жоспарын қарайды және оны алған күннен бастап 30 (отыз) жұмыс күні ішінде банкке пысықтау жөнінде ескертулер жібереді.

      Уәкілетті орган көрсетілген мерзімді операциялық реттеу жоспарында Талаптарға 3-қосымшада көзделген мәліметтер болмаған жағдайда, банкті бастапқы мерзім өткеннен кешіктірмей хабардар ете отырып, 60 (алпыс) жұмыс күнге дейін ұзартады.

      23. Егер уәкілетті орган өзгеше мерзім белгілемесе, Банк ескертулерді жоюға және уәкілетті органның оны пысықтау жөніндегі ескертулерін алған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде пысықталған реттеудің операциялық жоспарын ұсынуға міндетті.

      24. Операциялық жоспар осы Талаптардың 2-қосымшасының 4-тармағында көрсетілген оқиғалар басталған кезде, сондай-ақ оның орындалуына әсер ететін өзге де мән-жайлар өзгерген кезде өзектендірілуге тиіс.

      25. Банк Талаптарға 3-қосымшаның 4-тармағында көзделген оны өзектендіру үшін негіз болып табылатын мән-жайлар туындаған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде өзектендірілген операциялық реттеу жоспарын ұсынады.

      26. Банктің басқару органы реттеуді жоспарлау саласындағы ішкі саясатты және реттеудің операциялық жоспарын бекітеді, сондай-ақ олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады.

      27. Банк уәкілетті лауазымды адамды тағайындау туралы уәкілетті органды осындай тағайындалған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде, сондай-ақ оны ауыстырған кезде дереу хабардар етуге міндетті.

      28. Банк уәкілетті органға реттеу жоспарын дайындау және өзектендіру үшін қажетті мәліметтерді, құжаттарды, деректер мен материалдарды осы Талаптарға 2-қосымшада белгіленген тәртіппен, көлемде және мерзімдерде беруге міндетті.

      29. Уәкілетті органның талабы бойынша банк реттеу жоспарын әзірлеу, өзектендіру және қолдану шеңберінде қосымша деректер беруге міндетті.

      Уәкілетті органның сұрау салуы сұрау салынған мәліметтердің тізбесі мен оларды ұсыну мерзімі көрсетіле отырып, жазбаша нысанда жіберіледі. Сұрау салуды жіберу үшін негіз болып табылатындар, оның ішінде:

      банктің бұрын ұсынған ақпаратының толық еместігін немесе жеткіліксіздігін анықтау;

      реттеу жоспарына әсер ететін мән-жайлардың өзгеруіне байланысты мәліметтерді нақтылау қажеттілігі;

      реттеу жоспарына өзектендіру немесе жоспардан тыс қайта қарау;

      Уәкілетті органның сұрау салуы бойынша ақпаратты ұсыну мерзімі оны алған күннен бастап кемінде 5 (бес) жұмыс күнін құрайды.

      30. Уәкілетті орган банктің осы Талаптарға сәйкес ұсынатын ақпаратының дұрыстығы мен толықтығын тексеруді "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырады.

      31. Банк реттеу шараларын қолдану шеңберінде операциялық жоспарды орындаудың тұрақты әзірлігін қамтамасыз етуге міндетті. Операциялық жоспарға қойылатын талаптар осы Талаптарға 3-қосымшада белгіленген.

      32. Банк уәкілетті органға берілген күннен бастап 10 (он) жыл ішінде уәкілетті органға берілетін ақпараттың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Банкке қатысты реттеу шаралары қолданылған жағдайда ақпаратты сақтау мерзімі барлық реттеу рәсімдері аяқталғанға дейін, бірақ мұндай шараларды қолдану басталған күннен бастап кемінде 10 (он) жылға ұзартылады. Банк аталған ақпаратты жоғалтқан жағдайда оны қалпына келтіру мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.

      33. Банк уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде банктің уәкілетті орган анықтаған реттеу қабілетінің кедергілерін жою жөніндегі іс-шараларды орындауға міндетті.

4-тарау. Реттеу жоспарын қайта қарау және өзектендіру тәртібі

      34. Реттеу жоспары есепті жылдан кейінгі 1 қыркүйектен кешіктірмей күнтізбелік жылда бір рет міндетті жоспарлы қайта қаралуға тиіс.

      35. Талаптардың 40-тармағында көзделген талдау нәтижелері бойынша уәкілетті орган жыл сайынғы қайта қарау қорытындылары бойынша көрсетілген талдау нәтижелері өзгерген жағдайда бекітілген реттеу жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

      36. Уәкілетті орган Талаптарға 2-қосымшаның 4-тармағында көзделген оқиғалар туындаған кезде, сондай-ақ қолданыстағы реттеу жоспарының осы Талаптардың талаптарына сәйкес келмеуі анықталған не оның негізінде банкті реттеу және банкті реттеу құралдарын қолдану тұрғысынан үздіксіз жүзеге асыруды талап ететін аса маңызды банктік және өзге де операциялардың үздіксіздігін қамтамасыз ету мүмкін болмаған кезде банкті реттеу жоспарын қайта қарайды.

      37. Уәкілетті орган жоспар бекітілген күннен бастап 30 (отыз) жұмыс күнінен кешіктірмей реттеу және оларды жою үшін анықталған кедергілерді қоса алғанда, банкке реттеу жоспарын қайта қарау нәтижелері бойынша ақпарат жібереді.

      38. Банк уәкілетті органға реттеу жоспарын қайта қарау нәтижелері бойынша ақпаратты алған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы.

      39. Уәкілетті орган банктің қарсылықтарын қарайды және оларды алған күннен бастап 30 (отыз) жұмыс күні ішінде уәжді жауап жібереді.

      40. Қайта қарау кезінде уәкілетті орган банкті реттеу жоспарында үздіксіз жүзеге асыруды талап ететін аса маңызды банк операцияларының және өзге де операциялардың тізбесін, банктің қаржылық жай-күйін, операциялық дайындығын, бұрын анықталған кедергілерді жою барысын және банктің реттеу қабілетіне әсер ететін өзге де факторларды қоса алғанда, реттеу жоспары элементтерінің өзектілігін талдайды.

      41. Банк уәкілетті орган айқындаған мерзімдерде реттеу жоспарын өзектендіру барысында анықталған реттеу қабілетін қамтамасыз ету үшін кедергілерді жою жөнінде шаралар қабылдайды.

  Банкті реттеу жоспарының мазмұнына қойылатын талаптарға, оны әзірлеу және өзектендіру қағидаларына
  1-қосымша

Банктің реттеу жоспарының мазмұны

      Реттеу жоспары мыналарды:

      1) банктің ұйымдық және корпоративтік құрылымының, оның бизнес-моделінің, қызмет бағыттарының, клиенттер сегменттерінің және негізгі тәуекелдердің сипаттамасын, еншілес ұйымдардың, филиалдар мен өкілдіктердің, сондай-ақ банк конгломератының құрамына кіретін ұйымдардың тізбесін;

      2) уәкілетті орган айқындаған банкті реттеу жоспарында үздіксіз жүзеге асыруды талап ететін аса маңызды банктік және өзге де операциялардың түрлері және олардың үздіксіз орындалу шарттарын талдау, оның ішінде технологиялық, операциялық және шарттық тәуелділіктерді, сондай-ақ реттеу кезеңінде банкті реттеу жоспарында үздіксіз жүзеге асыруды талап ететін аса маңызды банктік және өзге де операцияларды қолдау үшін банк қабылдайтын шараларды, оның ішінде резервтік тетіктерді, қызмет көрсетушілермен өзара іс-қимыл жасау тәртібін және операциялық қызметтің үздіксіздігін қамтамасыз ету шараларын;

      3) банктің активтері мен міндеттемелерінің құрылымын, қорландыру құрылымын, топішілік тәуелділіктерді және кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру кезектілігінің талдауын;

      4) кредиторлар жағдайының нашарлауына жол бермеу қағидатының сақталуын бағалауды;

      5) артықшылық берілген және балама сценарийлерді қоса алғанда, реттеу құралдарын қолданудың ықтимал сценарийлерінің тізбесі мен талдауын;

      6) банкті реттеуге кедергі келтіруі мүмкін банктің қызметіндегі кемшіліктер, тәуекелдер және (немесе) бұзушылықтар, сондай-ақ оларды жою жөніндегі шаралар, оның ішінде анықталған құрылымдық, операциялық және құқықтық кедергілердің сипаттамасы, оларды жою жөніндегі іс-шаралар тізбесі жауапты бөлімшелер мен орындау мерзімдерін көрсете отырып, сондай-ақ уәкілетті органның аталған іс-шаралардың орындалуын бақылау тәртібін;

      7) банкке, банктің ірі қатысушыларына, банк холдингтеріне және банк конгломератының құрамына кіретін ұйымдарға қатысты қолданылатын шаралар, сондай-ақ банкке реттеу режимін қолданған кезде мемлекеттік органдар мен депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның өзара іс-қимыл тетіктерін;

      8) банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің қызметі жөніндегі іс-шараларды;

      9) цифрлық жүйелерді, аса маңызды банктік және өзге де операцияларды жеткізушілерді қоса алғанда, банктің операциялық әзірлігіне және банктің ішкі процестеріне қойылатын талаптарды;

      10) банкті реттеу кезеңінде шығындарды өтеу және капиталды қалпына келтіру үшін қажетті өтімділік және міндеттемелер көлемін бағалауды, сондай-ақ реттеу режиміндегі қаржыландыру көздерін;

      11) бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жоспары, ол жария мәлімдемелерді дайындау және келісу тәртібін, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау үшін банктің уәкілетті өкілдерін айқындауды көздейді;

      12) Қазақстан Республикасының Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесінің мүшелерімен өзара іс-қимыл жасау тәртібі, оның ішінде оларға реттеу шараларын қолдану туралы хабарлау, реттеу кезеңінде Қазақстан Республикасының Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесі мүшелерінің іс-қимылдарын үйлестіру тетіктері және Қазақстан Республикасының Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесі мүшелеріне реттеу барысы туралы ақпарат ұсыну тәртібін қамтиды.

  Банкті реттеу жоспарының мазмұнына қойылатын талаптарға, оны әзірлеу және өзектендіру қағидаларына
  2-қосымша

Банк реттеу жоспарын дайындау және өзектендіру үшін ұсынатын мәліметтердің тізбесі

      1. Банк уәкілетті органға 1 (бірінші) наурыздан кешіктірмей жыл сайын мынадай мәліметтерді береді:

      1) басқару органдарының құрамын, еншілес ұйымдардың, филиалдар мен өкілдіктердің тізбесін қоса алғанда, банктің ұйымдық және корпоративтік құрылымы туралы мәліметтер;

      2) бизнес сегменттерінің сипатын, қызметтер тізбесін, клиенттердің санаттарын, кіріс көздерін және қызметтің негізгі тәуекелдерін қоса алғанда, банктің бизнес-моделі туралы мәліметтер;

      3) банктің технологиялық және операциялық тәуелділіктерін, сондай-ақ банкті реттеу жоспарында үздіксіз жүзеге асыруды талап ететін аса маңызды банк операцияларын және өзге де операцияларды берушілерге тәуелділікті қоса алғанда, банкті реттеу жоспарында үздіксіз жүзеге асыруды талап ететін аса маңызды банк операциялары мен өзге де операциялары туралы мәліметтер;

      4) банктің төлем жүйелеріне, клирингтік ұйымдарға, орталық депозитарийге және қаржы нарығының өзге де инфрақұрылымдарына қатысуы туралы мәліметтер;

      5) өнім берушілердің тізбесін және шарттардың негізгі талаптарын қоса алғанда, банкті реттеу жоспарында үздіксіз жүзеге асыруды талап ететін аса маңызды банк операциялары мен өзге де операцияларды берушілер туралы мәліметтер;

      6) банктің негізгі цифрлық платформаларының, резервтік тетіктерінің және деректер жүктемелерін қалыптастыру мүмкіндіктерінің сипаттамасын қоса алғанда, банктің цифрлық жүйелері туралы мәліметтер;

      7) реттеу шараларын қолдану үшін кедергі жасауға қабілетті талаптарды қамтитын шарттар туралы мәліметтер;

      8) тестілеу нәтижелерімен реттеудің өзектендірілген операциялық жоспары.

      2. Банк есепті тоқсаннан кейінгі айдың 30-ы күнінен кешіктірмей уәкілетті органға тоқсан сайын мынадай мәліметтерді береді:

      1) депозиттер, қарыз алу, субординацияланған міндеттемелер және мерзімділік құрылымы туралы деректерді қоса алғанда, банк міндеттемелерінің құрылымы туралы мәліметтер;

      2) депозиттер, қарыз алу, субординацияланған міндеттемелер және мерзімділік құрылымы туралы деректерді қоса алғанда, банк міндеттемелерінің құрылымы туралы мәліметтер;

      3) капиталдың жеткіліктілігі мен стресс-тестілеу нәтижелерін қоса алғанда, банктің капиталы мен меншікті қаражаты туралы мәліметтер;

      4) өтімділігі жоғары активтердің құрылымын, өтімділікті стресс-тестілеу нәтижелерін және міндеттемелерді өтеу кестесін қоса алғанда, банктің өтімділігі туралы мәліметтер.

      3. Уәкілетті органның сұрау салуы бойынша банк сұрау салуда белгіленген мерзімдерде мынадай мәліметтерді береді:

      1) кредиттік досьелерді, қамтамасыз ету, ауыртпалықтар және активтердің нарықтық құны туралы деректерді қоса алғанда, банктің активтері мен міндеттемелерін бағалауды жүргізуге арналған мәліметтер;

      2) банктің реттелуін бағалау және реттеу шаралары мен сценарийлерін негіздеу үшін қажетті есеп-айырысулар, есептер және талдамалық материалдар;

      3) прогнозные показатели капитала и ликвидности, сценарный анализ и оценку устойчивости бизнес-модели после применения мер урегулирования.

      4. Банк уәкілетті органды мына оқиғалар басталған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етуге міндетті:

      1) еншілес ұйымдарды, филиалдарды және өкілдіктерді қайта ұйымдастыруды, құруды немесе жоюды қоса алғанда, банктің ұйымдастырушылық немесе корпоративтік құрылымының өзгеруі;

      2) банктің басқару органы құрамының өзгеруі;

      3) бизнес-модельдің өзгеруі немесе қызметтің жаңа бағыттарының пайда болуы;

      4) банк активтерінің немесе міндеттемелерінің құрылымдық өзгеруі;

      5) акционерлік капитал құрылымын өзгерту, оның ішінде тікелей иеленушілер құрамының және дауыс беру құқықтары үлестерінің өзгеруі;

      6) банкті реттеу жоспарында үздіксіз жүзеге асыруды талап ететін маңызды банк операцияларының және өзге де операцияларды жеткізушілер құрамының немесе оларды көрсетудің елеулі шарттарының өзгеруі;

      7) банктің цифрлық жүйелеріндегі, операциялық процестеріндегі немесе цифрлық инфрақұрылым объектілеріндегі, нәтижесінде банк осы Талаптарда белгіленген мерзімдерде деректерді қалыптастыру және уәкілетті органға беру қабілетін жоғалтатын немесе жоғалтуы мүмкін өзгерістер, оның ішінде негізгі цифрлық жүйелерді ауыстыру, цифрлық инфрақұрылым объектілерінің провайдерін ауыстыру, цифрлық платформаларды аутсорсингке беру немесе деректерді беру арналарын өзгерту;

      8) қорландыру құрылымының немесе банктің өтімділік көздерінің елеулі өзгеруі;

      Уәкілетті орган мәліметтердің құрамын, нысанын және егжей-тегжейін нақтылауға, сондай-ақ ұсынылатын ақпаратқа қосымша талаптар белгілеуге құқылы.

      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі уәкілетті органға жүйелік маңызы бар банктерге қатысты жыл сайын есепті жылдан кейінгі 1 сәуірден кешіктірмей мынадай мәліметтерді береді:

      1) банкті жүйелік маңызы бар банктер санына жатқызу туралы ақпарат;

      2) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүйелік маңызы бар банкке берілген соңғы сатыдағы қарыздар туралы мәліметтерді, оның ішінде оларды беру шарттарын, мерзімдерін, көлемдерін және қайтару тәртібін;

      3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі операторы болып табылатын төлем жүйелері арқылы банктер жүзеге асырған төлемдер көлемі туралы мәліметтер;

      4) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің статистикалық өкілеттіктері шеңберінде қалыптастырылатын банк бойынша ақша-кредит статистикасының, қаржы нарығы статистикасының және сыртқы сектор статистикасының деректері.

  Банкті реттеу жоспарының мазмұнына қойылатын талаптарға, оны әзірлеу және өзектендіру қағидаларына
  3-қосымша

Банкті реттеудің операциялық жоспарының мазмұны

      1. Банкті реттеудің операциялық жоспары (бұдан әрі - операциялық жоспар) дағдарыс алдындағы кезеңде, реттеу режимін қолдану туралы шешім қабылдау кезеңінде және реттеу шараларын тікелей қолдану кезеңінде реттеу жоспарын орындау үшін қажетті іс-қимылдар, рәсімдер мен тетіктер дәйектілігінің егжей-тегжейлі сипаттамасын қамтиды.

      2. Банк операциялық жоспарды уәкілетті орган әзірлеген реттеу жоспарының негізінде әзірлейді.

      3. Операциялық жоспарда мыналар болуы тиіс:

      1) өкілеттіктері мен жауапты тұлғалар қол жеткізе алмаған кезде оларды алмастыру тәртібін көрсете отырып, басқару органдарының, операциялық жоспарды дайындауға және орындауға жауапты лауазымды тұлғалар мен құрылымдық бөлімшелердің сипаттамасы;

      2) банктің уәкілетті байланыс тұлғаларын айқындауды қоса алғанда, реттеу кезеңінде банктің уәкілетті органмен, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен, өзге де мемлекеттік органдармен және депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйыммен өзара іс-қимылының тәртібі мен нысаны;

      3) банктің цифрлық жүйелеріне, құжаттары мен үй-жайларына уәкілетті органның қол жеткізуін қамтамасыз ету рәсімі, сондай-ақ реттеу шараларын қолдану үшін қажетті деректерді қалыптастыру және беру тәртібі;

      4) банкті реттеу жоспарында үздіксіз жүзеге асыруды талап ететін аса маңызды банктік және өзге де операцияларды берушілермен өзара іс-қимыл тәртібін қоса алғанда, реттеу шаралары қолданылғаннан кейін банкті реттеу жоспарында үздіксіз жүзеге асыруды талап ететін аса маңызды банктік және өзге де операцияларды, сондай-ақ цифрлық жүйелердің немесе негізгі қызметкерлердің қол жетімсіздігі жағдайына резервтік тетіктерді үздіксіз орындауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдар тізбесі;

      5) клиенттерді, контрагенттерді, қызметкерлерді және бұқаралық ақпарат құралдарын хабардар ету тәртібін қоса алғанда, реттеу кезеңіне арналған коммуникациялық стратегия;

      6) Банктер туралы заңның 93-бабында көзделген реттеудің әрбір құралын қолдану кезінде банктің іс-қимылы дәйектілігінің сипаттамасы;

      7) банктің басқару органдарының өкілеттіктерін уақытша әкімшілікке беру және басшылық ауысқан кезде операциялық сабақтастықты қамтамасыз ету тәртібі;

      8) реттеу шараларын қолдануға байланысты барлық іс-қимылдарды құжаттау тетігі және уәкілетті органға есептілікті ұсыну тәртібі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады