Банкті реттеу құралдарын қолдану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2026 жылғы 28 шiлдедегi № 111 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 29 шiлдеде № 39434 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 93-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Банкті реттеу құралдарын қолдану қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының кейбір қаулыларының құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын:

      3. Банктерді реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

  Қазақстан Республикасының
  Қаржы нарығын
  реттеу және дамыту
  Агенттігінің Басқармасының
  2026 жылғы 28 шілдедегі
  № 111 қаулысымен
  бекітілген

Банкті реттеу құралдарын қолдану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Банкті реттеу құралдарын қолдану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі - Банктер туралы заң) 93-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және реттеу режиміндегі банктің акцияларын жаңа инвесторға мәжбүрлеп сату тәртібін, реттеу режиміндегі банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау тәртібін, реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (басқа банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүзеге асыру тәртібін, тұрақтандыру банкін құру және лицензиялау тәртібін, оның жарғылық және меншікті капиталының ең аз мөлшерін және оны қалыптастыру тәртібін, тұрақтандыру банкінің жарияланған акциялар шығарылымын тіркеу және жарияланған акцияларының күшін жою тәртібін, тұрақтандыру банкін басқару тәртібін, сондай-ақ тұрақтандыру банкінің жасалуына қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелерді жасау тәртібін, реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру, сондай-ақ тұрақтандыру банкінің активтер мен міндеттемелерді уәкілетті орган айқындайтын басқа банкке беру тәртібі мен шарттарын, банкке реттеу режимін қолдану нәтижесінде нақты залалдары оған реттеу режимін қолданбай банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда олар шеккен залалдардан асып кеткен банктің депозиторларын және (немесе) өзге кредиторларын айқындау мақсатында бағалау жүргізу өлшемшарттарын, сондай-ақ мұндай бағалау туралы есепке қойылатын талаптарды қоса алғанда, реттеу режиміндегі банкті реттеу құралдарын қолдану тәртібін айқындайды.

      2. Реттеу режиміндегі банкті реттеу құралдарын қолдану мынадай қағидаттарға негізделеді:

      1) аса маңызды банк операциялары мен өзге де операцияларды жүргізуді қоса алғанда, банк қызметінің үздіксіздігін қамтамасыз ету;

      2) қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдерінің туындауын және таралуын болдырмау;

      3) реттеу құралдарын қолдану кезінде мемлекеттік бюджет шығыстарын барынша азайту;

      4) банк депозиторлары мен кредиторларының құқықтары мен мүдделерін қорғау;

      5) Банктер туралы заң жобасының 123-бабына сәйкес кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру кезектілігін сақтау;

      6) кредиторлардың жағдайының реттеу құралдарын қолданбай банк мәжбүрлеп таратылған кездегі жағдайымен салыстырғанда нашарлауына жол бермеу;

      7) мамандандырылған ұйымдарды, аудиторлық және бағалау компанияларын тарта отырып, банктің активтері мен міндеттемелерін реттеу процесінің ашықтығын және тәуелсіз бағалау мүмкіндігін қамтамасыз ету.

      3. Реттеу құралдарын қолдану және реттеу жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыру кезінде уәкілетті орган:

      1) Заңның 92-бабында көзделген реттеу мақсаттары мен қағидаттарын басшылыққа алады;

      2) реттеу құралдарын қолдану үшін маңызы бар мән-жайларды ескере отырып, реттеу мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ететін құралдарды таңдайды;

      3) реттеу жүргізуге байланысты шығыстардың негізсіз ұлғаюына жол бермейді;

      4) азайту реттеу мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет болатын жағдайларды қоспағанда, активтер құнының негізсіз азаюына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдайды.

      Реттеу мақсаттары тең мағыналы болып табылады және қаржы нарығының мөлшерлестік, тиімділік және тұрақтылық қағидаттарын сақтай отырып, банкті реттеуді жүзеге асырудың сипатын, шарттары мен ауқымын негізге ала отырып, оларды келісілген іске асыру негізінде қамтамасыз етіледі.

      4. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) банктің активтері мен міндеттемелерін беру жөніндегі операция - реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (басқа банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операция;

      2) мәжбүрлеп қайта құрылымдау жоспары - уәкілетті орган әзірлеген, банктің қайта құрылымдауға жататын міндеттемелерінің тізбесін, міндеттемелерді есептен шығару, айырбастау немесе олардың талаптарын өзгерту жөніндегі шараларды, міндеттемелерді банк акцияларына айырбастау коэффициенттерін, қайта құрылымдаудың болжамды қаржылық нәтижелерін, жоспардың орындалуы үшін жауапкершілікті бөлуді, жоспарды іске асыру мерзімдері мен кезеңдерін қамтитын құжат;

      3) сатып алушы банк - банктің активтері мен міндеттемелерінің барлығын немесе бір бөлігін беру жөніндегі операцияға қатысу туралы ұсынысты қабылдаған екінші деңгейдегі банк;

      4) тарату массасы – банкті мәжбүрлеп тарату рәсімінің шеңберінде өндіріп алынуы мүмкін, банктің мүлкі, сондай-ақ Банктер туралы заңда көзделген жағдайларда өзге де тұлғалардың мүлкі;

      5) тұрақтандыру банкі - реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерінің барлығын немесе бір бөлігін оған беру мақсатында құрылатын екінші деңгейдегі банк;

      6) уақытша әкімшілік - банкке бақылау орнату және осындай банкке реттеу құралдарын қолдану мақсатында банкке реттеу режимін қолданған кезде уәкілетті орган тағайындаған банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік;

      7) уәкілетті орган - қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган.

      5. Реттеу құралдарын қолдану кезінде оларды қолдану шарттары Банктер туралы заңның 91-бабына сәйкес жүргізілген өміршеңдікті бағалау нәтижелерін, сондай-ақ реттеу мақсаттарын және шешім қабылдау үшін маңызы бар мән-жайларды ескере отырып айқындалады.

      6. Реттеу құралдарын қолдану шеңберінде сатып алушы банк төлейтін өтеу сомалары реттеу режиміндегі банк мүлкінің құрамына енгізілуге тиіс.

      7. Сатып алушы банкке төлем, клирингтік және есеп айырысу жүйелеріне, қор биржаларына, сондай-ақ реттеу режиміндегі банк қатысушысы болып табылатын депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қол жеткізуден бас тартуға не Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, оған тек кредиттік рейтингке байланысты негіздер бойынша оның қатысуын шектеуге жол берілмейді.

      Сатып алушы банк төлем, клирингтік және есеп айырысу жүйелердегі, қор биржаларына, сондай-ақ депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіндегі мүшелікке немесе қатысуға қойылатын талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, оның мұндай жүйелерге қол жеткізуі және қатысуы оған реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелері оның қызметін көрсетілген талаптарға сәйкес келтіру үшін қажетті мерзімге берілген күннен бастап, бірақ 24 (жиырма төрт) айдан аспайтын мерзімге қамтамасыз етіледі.

      Сатып алушы банктің қызметін көрсетілген жүйелерге мүшелікке немесе қатысуға қойылатын талаптарға сәйкес келтіруге кедергі келтіретін құжат жүзінде расталған мән-жайлар болған кезде уәкілетті орган сатып алушы банктің осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткенге дейін берілген жолданымы негізінде, бірақ 12 (он екі) айдан аспайтын мерзімге ұзартады.

2-тарау. Реттеу режиміндегі банк депозиторларының және (немесе) өзге кредиторларының шығындарын реттеу режимін қолданбай мәжбүрлеп таратылған жағдайда олар шеккен шығындармен салыстырғанда ұлғайтуды болдырмау мақсатында бағалау жүргізу өлшемшарттары, сондай-ақ осындай бағалау туралы есептің мазмұнына қойылатын талаптар

      8. Реттеу құралдарын қолдану және реттеу режиміндегі банк депозиторлары және (немесе) өзге де кредиторлары шығындарының оларда банкті реттеу режимін қолданбай мәжбүрлеп тарату жағдайында туындауы мүмкін болған шығындармен салыстырғанда ұлғаюына жол бермеу мақсатында уәкілетті орган Банктер туралы заңның 93-бабының 3-тармағына сәйкес реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін бағалауды жүргізеді.

      Реттеу құралдарын қолдану туралы шешім қабылданғанға дейін банктің активтері мен міндеттемелерін бағалауды аяқтау мүмкін болмаған және мұндай шешімді кідіріссіз қабылдау қажет болған жағдайда уәкілетті орган тиісті реттеу құралын қолдану үшін жеткілікті қолда бар ақпарат негізінде шешім қабылдайды. Реттеу құралы қолданылғаннан кейін Банктер туралы заңның 93-бабының 3-тармағына сәйкес банктің активтері мен міндеттемелерін бағалау жүргізіледі.

      9. Бағалау жүргізу кезінде мынадай өлшемшарттар пайдаланылады: 1) реттеу құралдарын қолдану нәтижесінде депозиторлардың және (немесе) өзге де кредиторлардың нақты шығындарының мөлшерін айқындау;

      2) банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда алынуы мүмкін депозиторлардың немесе өзге де кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру мөлшерін Банктер туралы заңның 123-бабында белгіленген кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру кезектілігіне сәйкес айқындау; 3) реттеу режимін қолдану туралы шешім қабылдау күніне банктің активтері мен міндеттемелерінің, сондай-ақ тарату массасының болжамды мөлшерін айныдау;

      4) банкті мәжбүрлеп тарату жүргізумен байланысты болжамды шығындарды есепке алу; 5) банк мәжбүрлеп таратылған кезде кредиторлардың төлемдерді алу мерзімін есепке алу және болашақ ақша ағындарын дисконттау;

      6) депозиторлардың және (немесе) өзге де кредиторлардың нақты шығындарының банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда олар ұшырауы мүмкін шығындардан асып түсу мөлшерін айқындау.

      10. Банктің активтері мен міндеттемелерін бағалау:

      1) бағалау күніне банктің активтері мен міндеттемелерінің баланстық және әділ құнын айқындауды;

      2) реттеу құралдарын қолдану кезінде сіңіруге жататын шығындар көлемін айқындауды;

      3) міндеттемелерді мәжбүрлеп қайта құрылымдауды қолдану кезінде міндеттемелерді банк акцияларына айналдыру коэффициенттерін есептеуді қамтиды.

      Бағалауды уәкілетті орган дербес не тәуелсіз бағалаушыларды, аудиторлық және (немесе) өзге де мамандандырылған ұйымдарды тарта отырып жүргізеді.

      11. Бағалау нәтижелері уәкілетті орган реттеудің нақты құралдарын қолдану кезінде пайдаланатын бағалау туралы есеппен ресімделеді.

      Бағалау туралы есеп мыналарды:

      1) бағалау жүргізген ұйым туралы мәліметтерді;

      2) қолданылған бағалау әдіснамасының, пайдаланылған бастапқы деректердің және болжамдардың сипаттамасын;

      3) банк мәжбүрлеп таратылған кезде депозиторлардың және (немесе) өзге де кредиторлардың талаптарын қанағаттандырудың болжамды деңгейінің есебін;

      4) банкке реттеу режимін қолдану нәтижесінде депозиторлар және (немесе) өзге де кредиторлар үшін нақты нәтижелердің есебін;

      5) реттеу режимінің және банкті болжамды мәжбүрлеп тарату нәтижелерінің салыстырмалы талдауын;

      6) нақты шығындары банк мәжбүрлеп таратылған кезде болуы мүмкін шығындардан асып кеткен депозиторлардың және (немесе) өзге де кредиторлардың тізбесін;

      7) депозиторлар және (немесе) өзге де кредиторлардың жағдайының банк мәжбүрлеп таратылған кездегі олардың жағдайымен салыстырғанда нашарлау жағдайларының болуы не болмауы туралы соңғы қорытындыны қамтуға тиіс.

3-тарау. Реттеу режиміндегі банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау тәртібі

      12. Реттеу режиміндегі банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау деп уәкілетті органның банк міндеттемелерінің талаптарын, оның ішінде банктің шығындарды сіңіру (өтеу) жөніндегі жалпы қабілеттілігін қамтамасыз ететін құралдар бойынша міндеттемелерін толық немесе ішінара тоқтатуды және (немесе) өзгертуді және (немесе) мұндай міндеттемелерді банктің жай акцияларына айырбастауды жүзеге асыру арқылы Банктер туралы заңның 86-бабына сәйкес банктің шығындарын сіңіру (өтеу) бойынша шаралар кешенін білдіреді.

      13. Реттеу режиміндегі банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау, "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес банктің бухгалтерлік есебі мен қаржылық есептілігіндегі банктің нақты және күтілетін шығындарының мөлшеріне банктің меншікті капиталының шамасын азайтқаннан кейін ғана қолданылады.

      Мәжбүрлеп қайта құрылымдау Банктер туралы заңның 96-бабының 4-тармағында тікелей көзделген міндеттемелерді қоспағанда, банктің барлық міндеттемелеріне қолданылады.

      Міндеттемелерді мәжбүрлеп қайта құрылымдау Банктер туралы заңның 123-бабында белгіленген кредиторлардың талаптарын қанағаттандырудың кері кезектілігі тәртібімен жүзеге асырылады. Кредиторлардың келесі кезектегі міндеттемелерін қайта құрылымдауға жекелеген міндеттемелерді қайта құрылымдау:

      жүйелік тәуекелдердің ұлғаюына және (немесе) банк жүйесіне елеулі теріс әсер етуге әкелген;

      банктің аса маңызды банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруының үздіксіздігіне кедергі келтіретін жағдайларын қоспағанда, алдыңғы кезекке қатысты шаралар толық қолданылғаннан кейін ғана жол беріледі.

      14. Мәжбүрлеп қайта құрылымдауды қолдану кезінде міндеттеменің негізгі борышын не өтелмеген сомасын азайту, сондай-ақ міндеттемелерді айналдыру немесе тоқтату міндетті түрде орындалуға жатады және уәкілетті орган тиісті шешім қабылдаған сәттен бастап реттеу режиміндегі банк және құқықтары және (немесе) міндеттері көрсетілген шаралармен өзгертілетін кредиторлар үшін міндетті болып табылады. Уәкілетті органның шешімі орындауға міндетті болып табылады және аталған адамдардың келісімін талап етпейді, сондай-ақ толық көлемде орындалуға тиіс.

      Негізгі борыш не міндеттеменің өтелмеген сомасы ішінара азайған жағдайда:

      міндеттеме тиісті азайтылған бөлікте тоқтатылады;

      шарт немесе оның негізінде міндеттеме туындаған өзге құрал уәкілетті орган айқындаған пайыздық сыйақы мөлшерінің және (немесе) мерзімдердің өзгеруін ескере отырып, міндеттеменің қалған сомасына қатысты қолданысын сақтайды.

      15. Депозиторларды, кредиторларды, реттеу режиміндегі банктің борышкерлерін, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғаларды хабардар ету мақсатында банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау түріндегі реттеу режимін банкке қолдану туралы хабарландыру уәкілетті орган көрсетілген шараны қолдану туралы шешім қабылдаған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде Банктер туралы заңның 92-бабы 5-тармағының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен жарияланады.

      16. Уәкілетті орган Реттеу режиміндегі банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау жоспарын (бұдан әрі - Жоспар) әзірлейді және оны уәкілетті орган реттеу режиміндегі банкке банк міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау түрінде шара қолдану туралы шешім қабылдаған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кеш емес мерзімде банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілікке жолдайды. Көрсетілген мерзімді уәкілетті орган мыналар:

      банктен, оның кредиторларынан, еншілес ұйымдарынан не өзге де тұлғалардан Жоспарды әзірлеу үшін маңызы бар қосымша мәліметтер мен құжаттарды алу;

      банктің активтері мен міндеттемелеріне бағалау жүргізу не бұрын жүргізілген бағалау нәтижелерін өзектендіру;

      кредиторлардың әртүрлі санаттарының құқықтарын қозғайтын банктің міндеттемелерін конвертациялау, тоқтату немесе қайта құрылымдау шарттарын айқындау қажет болған жағдайда, бірақ 20 (жиырма) жұмыс күнінен аспайтын мерімге ұзарта алады.

      Мерзімді ұзарту туралы шешім осы тармақта көзделген нақты негізді және ұзарту мерзімін көрсете отырып, уәкілетті органның актісімен ресімделеді.

      17. Жоспарда мыналар:

      1) қайта құрылымдауға жататын, реттеу режиміндегі банктің міндеттемелері;

      2) Банктер туралы заңның 96-бабының 1-тармағында көзделген шаралар кешені;

      3) міндеттемелерді есептен шығару мөлшерін және (немесе) реттеу режиміндегі банктің бағалы қағаздарын және өзге де ақшалай міндеттемелерін оның жай акцияларына айырбастау коэффициентін, Банктер туралы заңның 123-бабында белгіленген кредиторлардың талаптарын қанағаттандырудың әрбір кезегі бөлінісінде міндеттемелерге қызмет көрсету бойынша төлемдерді орындауды уақытша тоқтата тұруды қоса алғанда, реттеу режиміндегі банктің міндеттемелері бойынша өзгертілген мерзімдер және (немесе) пайыздық мөлшерлемелерді көрсете отырып, таңдалған шараға байланысты реттеу режиміндегі банктің міндеттемелерін қайта құрылымдау шарттары;

      4) жүргізілетін іс-шаралардың болжамды қаржылық нәтижелері;

      5) Банктер туралы заңның 96-бабының 1-тармағында көзделген шараларды іске асыруға бағытталған іс-шаралар және оларды орындау мерзімдері қамтылады.

      Жоспарға қажет болған жағдайда Заңның 94-бабында көзделген жүйелік маңызы бар банкті реттеу ерекшеліктері енгізіледі.

      18. Банк конгломератының қатысушысы болып табылатын реттеу режиміндегі банкке қатысты әзірленген жоспар Қағидалардың 17-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген ақпараттан басқа, банк конгломератының басқа қатысушылары үшін реттеу режиміндегі банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдауды жүргізуден болатын болжамды қаржылық нәтижелерді қамтиды.

      19. Реттеу режиміндегі банктің бір кезектегі кредиторлар алдындағы міндеттемелері осы кезектегі кредиторлар арасында бір мезгілде қайта құрылымдауға жататын міндеттемелер сомасына тепе-тең қайта құрылымдалады. Реттеу режиміндегі банктің келесі кезектегі кредиторлар алдындағы міндеттемелерін қайта құрылымдау реттеу режиміндегі банктің бұрынғы кезектегі міндеттемелерін қайта құрылымдаудан кейін жүзеге асырылады.

      20. Жоспарды алғаннан кейін банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік жоспардың әрбір тармағы бойынша жауапты орындаушыларды айқындайды және оны іске асыруға кіріседі.

      21. Жоспарда көзделген іс-шаралардың орындалуы бойынша ақпарат банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік уәкілетті органға олар орындалғаннан кейін келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі.

      22. Егер жоспарда көзделген шараларды іске асыру нәтижелері бойынша реттеу режиміндегі банк реттеу режиміндегі банкке қолдану негіздерін жойса және меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенттері сақталса, уәкілетті орган уәкілетті органның реттеу режимін тоқтату туралы актісі нысанында шешім қабылдайды.

      Реттеу режимін тоқтату туралы шешім банктің қазақ және орыс тілдеріндегі хабарландыруды екі мерзімді баспа басылымында жариялауын, банктің интернет-ресурсында орналастыруды және клиенттерді ақпараттандыру объектілері арқылы хабардар етуді қоса алғанда, банкке және мүдделі тұлғаларға жіберіледі. Көрсетілген хабарландыруды уәкілетті орган өзінің ресми интернет-ресурсында да орналастыруға тиіс.

      Бұл ретте Жоспарда көзделген реттеу режиміндегі банктің қайта құрылымдалған міндеттемелері орындалды деп есептеледі.

4-тарау. Реттеу режиміндегі банктің акцияларын жаңа инвесторға мәжбүрлеп сатуды жүргізу тәртібі

      23. Банк акцияларын мәжбүрлеп сату (бұдан әрі – Сату) аса маңызды банк операцияларын және өзге де операцияларды орындаудың үздіксіздігін қамтамасыз ету, жүйелік тәуекелдерді болғызбау және қаржылық тұрақтылықты сақтау мақсатында жүзеге асырылады.

      24. Егер реттеудің өзге де құралдарын қолдану Қағидалардың 23-тармағында көрсетілген мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз етпесе, Сату уәкілетті органның сату құралын қолдану туралы шешімі негізінде қолданылады.

      25. Уәкілетті орган сату құралын қолдану туралы шешім қабылдаған кезде уақытша әкімшілік мынадай іс шараларды жүзеге асырады:

      1) әлеуетті инвесторларды іздеу және тарту;

      2) инвесторды іріктеу өлшемшарттарымен айқындау (қаржылық тұрақтылық, іскерлік бедел, банктің төлем қабілеттілігін қалпына келтіруді қамтамасыз ету қабілеті және т.б.);

      3) банк акцияларының нарықтық құнына тәуелсіз бағалау жүргізу;

      4) әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізу;

      5) жаңа инвесторды іріктеу рәсімін ұйымдастыру;

      6) акционерлердің атынан банк акцияларын сатып алу-сату шартын жасасу;

      7) банк акцияларын сату туралы ақпаратқа қол жеткізудің ашықтығын қамтамасыз ету.

      26. Уақытша әкімшілік әлеуетті инвесторлардан өтінімдерді жинау рәсімін ақпаратты ашу мерзімдерін, шарттарын, тәртібін, қатысу нысандарын, құпиялылық жөніндегі талаптарды, қажетті құжаттар тізбесін және банк деректеріне қол жеткізу рәсімдерін көрсете отырып жариялайды. Хабарландыру Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары сақталған кезде шетелдік инвесторларды қоса алғанда, барлық мүдделі инвесторлар үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге тиіс.

      27. Әлеуетті инвесторлардан өтінімдер белгіленген нысан бойынша, белгіленген мерзімде, қаржылық жай-күйін, меншік құрылымын, қаражаттың шығу тегін, сатып алғаннан кейін банктің даму стратегиясын, оның төлем қабілеттілігін қайта капиталдандыру және қалпына келтіру жоспарын растайтын құжаттарды қоса бере отырып беріледі. Нысанын немесе мерзімін сақтамау өтінімді қабылдамау үшін негіз болып табылады.

      28. Өтінімдерді қарауды уақытша әкімшілік құратын комиссия жүзеге асырады. Комиссия өтінімдерді Қағидалардың 25-тармағының 2) тармақшасында белгіленген өлшемшарттар бойынша бағалауды жүргізеді, баға бойынша, инвестордың міндеттемелері бойынша ұсыныстарды талдауды жүзеге асырады, сондай-ақ олардың шарттары мен ұсыныстарын нақтылау үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізеді.

      29. Басымдық: акциялар үшін ең жоғары баға; банкті кейінгі қаржылық қолдау мен үстеме капиталдандырудың ең жақсы шарттарын; қайта құрылымдаудың нақты және негізделген жоспарын; ұзақ мерзімді қатысу кепілдіктерін; сондай-ақ банктің қызмет қабілетін қалпына келтіруді және пруденциялық нормативтерге сәйкестігін қамтамасыз етуге қабілеттін ұсынатын инвесторларға беріледі.

      30. Комиссия өтінім белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін, толық емес ақпарат ұсынылған не инвестор ұсынатын шарттар банкті реттеу мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз етпейтін немесе қаржылық тұрақтылық үшін тәуекелдер тудыратын жағдайда өтінімді қабылдамайды. Өтінімді қабылдамау туралы шешім комиссияның уәжделген қорытындысымен ресімделеді.

      31. Инвесторды таңдау туралы шешімді уақытша әкімшілік әлеуетті инвесторлардан ұсыныстар қабылдау аяқталған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей қабылдайды. Шешім таңдау негіздемесін, өтініш берушілердің ұсыныстарын бағалауды, тәуекелдерді талдауды және болжамды экономикалық әсерді қамтитын комиссия қорытындысын қоса бере отырып, уақытша әкімшіліктің актісімен ресімделеді. Акт келісу үшін уәкілетті органға жіберіледі. Уәкілетті орган ұсынылған материалдарды қарайды және оларды алған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күнінен кешіктірмей келісу не келісуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      32. Инвесторды таңдау нәтижелері бойынша уақытша әкімшілік инвестормен уәкілетті органның міндетті мақұлдауына жататын банк акцияларын сатып алу-сату шартын жасасады.

      Банктің акцияларын сатып алу-сату шарты акцияларды сату бағасын, есеп айырысу тәртібін, инвестордың қосымша капиталдандыру жөніндегі міндеттемелерін, міндеттемелердің орындалуын бақылау шарттарын, мәміле талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікті және реттеу мақсаттарының іске асырылуын қамтамасыз ететін өзге де ережелерді көздейді.

      Уақытша әкімшілік акцияларды сатып алу-сату шартының жобасын және растайтын құжаттарды инвесторды таңдау туралы шешім қабылданған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға жібереді.

      Уәкілетті орган құжаттарды алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде акцияларды сатып алу-сату шартын мақұлдау туралы не оны мақұлдаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      33. Сату шарттарына инвестордың Банктер туралы заңның 92-бабында көзделген реттеу мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті, оның ішінде:

      1) банкті қосымша капиталдандыру;

      2) уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгілеген өтімділік деңгейін сақтау;

      3) аса маңызды банк операцияларын және өзге де операцияларды орындаудың үздіксіздігін қамтамасыз ету;

      4) банктің салымшылары мен өзге де клиенттері алдындағы міндеттемелерді орындау;

      5) банктің қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жоспарының іс-шараларын орындау жөніндегі міндеттемелері енгізіледі.

      34. Инвестор сатып алатын банк акцияларын сату құнын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мынадай:

      1) банк акцияларын сатып алу жөніндегі мәмілені аяқтау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алу талап етілетін Қазақстан Республикасының не шет мемлекеттердің мемлекеттік органдарының келісімдерін, рұқсаттарын немесе растамаларын алу;

      2) егер мұндай бағалау нәтижелері мәміленің түпкілікті талаптарына әсер етуі мүмкін болса, банктің активтері мен міндеттемелерін бағалауды не олардың құнын нақтылауды аяқтау;

      3) банктің ірі қатысушысы, банк холдингі мәртебесін иеленуге не банк акцияларын иеленуге байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген корпоративтік рәсімдерді орындау;

      4) акцияларға ақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді уақтылы орындауға кедергі келтіретін еңсерілмейтін күш жағдайларының салдарларын жою сияқты бір немесе бірнеше мән-жайлар болған кезде беріледі.

      Банктің акцияларын сату құнын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу туралы шешімді уәкілетті орган осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мән-жайларды ескере отырып қабылдайды. Уәкілетті органның шешімінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес акцияларды сатып алу-сату шартына енгізуге жататын банк акцияларын сату құнын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігін беру мерзімі, тәртібі мен шарттары айқындалады.

      35. Сату рәсімін жүргізуге байланысты жарияланымдар инвесторлардың барынша хабардар болуын және ашықтық қағидаттарын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті органның және реттеу режиміндегі банктің ресми интернет-ресурсында жүзеге асырылады.

      Сату рәсімі аяқталғаннан кейін қатысушылардың саны мен мәміле бағасын қоса алғанда, банктік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты ашпай, сату рәсімінің нәтижелері туралы мәліметтер уәкілетті органның және банктің ресми интернет-ресурсында жариялануға тиіс.

      36. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, банктік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпарат жариялауға жатпайды.

      Банктік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын ақпаратты әлеуетті инвесторларға беруге тек банктің уақытша әкімшілігі мен әлеуетті инвестор арасында оның сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді және конфиденциалдылық режимін бұзғаны үшін жауапкершілік көздейтін конфиденциалды ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасалғаннан кейін жол беріледі.

      37. Банктер туралы заңда көзделген тәртіппен реттеу режиміндегі банк акцияларын сатып алу-сату мәмілесін жасау үшін акционерлердің және банктің басқару органдарының келісімі талап етілмейді.

      38. Акцияларға меншік құқығының ауысуын мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      39. Сату рәсімі Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін инвесторды айқындауға алып келмеген жағдайда уақытша әкімшілік дереу уәкілетті органды хабардар етеді, ол одан әрі мәжбүрлеп тарату мақсатында реттеудің өзге де құралдарын қолдану не банкті лицензиядан айыру туралы шешім қабылдайды.

5-тарау. Уақытша әкімшіліктің реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (банктерге) беруін жүзеге асыру тәртібі

      40. Егер уәкілетті органның банкке реттеу режимін қолдану туралы шешімі реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (банктерге) (бұдан әрі – сатып алушы банк) бір мезгілде беру бойынша операцияны жүзеге асыруды көздеген жағдайда, активтер мен міндеттемелерді беру бойынша операцияны уақытша әкімшілік жүзеге асырады.

      41. Жеке тұлғалардың кепілдік берілген депозиттері бойынша реттеу режиміндегі банктің міндеттемелері сатып алушы банкке толық көлемде беріледі.

      42. Активтер мен міндеттемелерді беру бойынша операцияларды жүргізу үшін уақытша әкімшілік Қағидалардың 45-тармағының талаптарына сәйкес келетін банктерге "Қатаң конфиденциалды" деген грифімен операцияға қатысу туралы ұсыныс-хаттар жібереді. Ұсыныс-хатта қамтылған ақпаратты тек ұсыныс-хатты қарауға қатысатын банк қызметкерлері пайдаланады, және уақытша әкімшіліктің келісімінсіз үшінші тұлғаларға беруге жатпайды.

      43. Ұсыныс-хатта реттеу режиміндегі банктің берілетін активтері мен міндеттемелерінің болжамды мөлшері көрсетіледі.

      Уақытша әкімшіліктен активтер мен міндеттемелерді беру бойынша операцияны жүргізуге қатысу туралы ұсыныс хат алған екінші деңгейдегі банктер оны алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде "Қатаң конфиденциалды" деген грифімен активтер мен міндеттемелерді беру бойынша операцияны жүргізуге қатысу не бас тарту туралы шешім қамтылған белгіленген нысан бойынша жазбаша жауапты уақытша әкімшілікке жібереді.

      Активтер мен міндеттемелерді беру бойынша операцияны жүргізуге қатысуға келісім берген кезде әлеуетті сатып алушы банктер қабылданатын активтердің қабылданатын міндеттемелерге пайыздық арақатынасын жауапта көрсетеді.

      44. Уақытша әкімшілік банктердің жауап беру мерзімі аяқталған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей әлеуетті сатып алушы банктер еркін нысанда ұсынған активтер мен міндеттемелерді беру бойынша операция жүргізуге қатысуға өтінімдерді (бұдан әрі – өтінім) қарайды және оларды қарау нәтижелері бойынша:

      1) Қағидалардың 45-тармағының талаптарына сәйкес банктің активтері мен міндеттемелерін сатып алушы банкті (сатып алушы банктерді) таңдауды жүзеге асырады, ол хаттамалық шешіммен ресімделеді;

      2) әлеуетті сатып алушы банкпен (сатып алушы банктермен) бірлесіп активтер мен міндеттемелерді беру жөніндегі операцияны жүргізуге қатысу мүмкіндігін қарауға байланысты алынған ақпараттың конфиденциалдылығын сақтау және жария етпеу туралы келісімге (міндеттемеге) қол қояды.

      45. Әлеуетті сатып алушы банк мынадай талаптарға сәйкес келеді:

      1) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылады;

      2) уәкілетті органның депозиттерді қабылдауға, жеке, заңды тұлғалардың банктік шоттарын ашуға және жүргізуге, банктік қарыз операцияларын, кассалық операцияларды жүргізуге лицензиясы бар;

      3) банктер үшін соңғы есепті күнге және алдағы уақытта жүзеге асырылатын активтер мен міндеттемелерді беру жөніндегі операция ескеріле отырып белгіленген пруденциялық нормативтердің және сақталуға міндетті басқа да нормалар мен лимиттердің орындалуын қамтамасыз етеді;

      4) реттеу режиміндегі банктің клиенттеріне қызмет көрсету үшін филиалдары болады;

      5) Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 213-бабының алтыншы және сегізінші бөліктерінде, 227-бабының бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін қолданыстағы әкімшілік жазалары, Банктер туралы заңның 80-баптың 1-тармағының 2), 3), 4), 5), 8) және 13) тармақшаларында, 81-бабында көзделген қолданыстағы қадағалап ден қою шаралары өтiнiм берiлген күнгi жағдай бойынша жоқ.

      Бір өтінім болған кезде Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін әлеуетті сатып алушы банк сатып алушы банк болып танылады.

      Екі және одан да көп өтінім болған кезде уақытша әкімшілік қабылданатын міндеттемелер мен активтер арасындағы ең төменгі пайыздық арақатынасты ұсынған әлеуетті сатып алушы банкті жеңімпаз деп таниды.

      Қабылданатын міндеттемелер мен активтер арасындағы бірдей ең төменгі пайыздық арақатынасты ұсынған екі және одан да көп әлеуетті сатып алушы банк болған жағдайда, уақытша әкімшілік соңғы есепті күнге активтердің ең көп мөлшері бар әлеуетті сатып алушы банкті таңдайды.

      Егер таңдап алынған әлеуетті сатып алушы банк міндеттемелердің бір бөлігін ғана қабылдау мүмкіндігі туралы хабарласа, онда уақытша әкімшілік кему тәртібімен соңғы есепті күнгі активтер мөлшерінің шамасын негізге ала отырып, таңдап алынған әлеуетті сатып алушы банктен кейінгі басқа әлеуетті сатып алушы банктер арасында қосымша таңдауды жүзеге асырады.

      Міндеттемелердің бір бөлігін ғана қабылдау мүмкін екендігі туралы хабарлаған әлеуетті сатып алушы банкке бір мезгілде осы сатып алушы банктің активтері болып табылатын міндеттемелер берілмейді.

      46. Активтер мен міндеттемелерді беру жөніндегі операцияларды жүзеге асырған кезде:

      банктің берілуге тиіс, олардың нақты жағдайына сәйкес келмейтін активтері, құқықтары мен міндеттемелері туралы мәліметтерді ұсынуға;

      әлеуетті сатып алушы банктер үшін артықшылықтар беруге не тең емес жағдайлар жасауға;

      активтер мен міндеттемелерді беру кезіндегі мүдделер қақтығысына жол берілмейді.

      Реттеу режиміндегі банктің акционерлері, кредиторлары, сондай-ақ активтері, құқықтары немесе міндеттемелері осы Тарауға сәйкес берілмейтін өзге де үшінші тұлғалар берілген активтерге, құқықтар мен міндеттемелерге қатысты талаптар қоюға не өзге де жолмен құқықтарды мәлімдеуге құқылы емес.

      47. Әлеуетті сатып алушы банк сатып алушы банкті қосымша таңдаудан бас тартқан жағдайда, уақытша әкімшілік хаттамалық шешім ресімдейді.

      Екі және одан көп сатып алушы банкті таңдау туралы шешім уақытша әкімшіліктің хаттамалық шешімімен ресімделеді.

      48. Дебиторлық берешек бойынша берілетін талап ету құқықтарының құны баланстық және баланстан тыс шоттарда есепте тұрған берешек сомасы ретінде айқындалады.

      Активтер мен міндеттемелерді беру бойынша операцияны жүзеге асырған кезде реттеу режиміндегі банк активтерінің құны мен міндеттемелерінің мөлшері уақытша әкімшілікпен және сатып алушы банкпен (сатып алушы банктермен) келісілген активтер мен міндеттемелерді беру күні бойынша есептеледі.

      Егер кепілдік берілген депозиттер бойынша берілетін міндеттемелердің мөлшері реттеу режиміндегі банк мүлкінің мөлшерінен асып кеткен жағдайда, онда уақытша әкімшілік Банктер туралы заңның 97-бабының 2-тармағына сәйкес уақытша әкімшілік белгілеген мерзімде туындаған айырманы толтыру үшін депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға жүгінеді.

      49. Сатып алушы банк (сатып алушы банктер) бағалаушының қызметіне ақы төлей отырып, сатып-алушы банктің (сатып алушы банктердің) бастамасы бойынша реттеу режиміндегі банктің берілетін активтеріне бағалау жүргізіледі.

      50. Активтер мен міндеттемелерді беру бойынша операцияларды жүргізуге байланысты шығыстар сатып алушы банктің (сатып алушы банктердің) қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      51. Уақытша әкімшілік және сатып алушы банк 4 (төрт) дана (2 (екі) дана қазақ және 2 (екі) дана орыс тілдерінде) активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру жөніндегі шартқа қол қояды.

      52. Өткізу актісін ресімдеу кезінде активтер мен міндеттемелерді беру бойынша операцияны жүзеге асырған күні онда мынадай мәліметтер көрсетіледі:

      1) атауы, түгендеу нөмірі (бар болса), баланстық құны, реттеу режиміндегі банк активтері есепке алынған банктік шоттардың нөмірлері, реттеу режиміндегі банктің меншік құқығын растайтын құжаттар көрсетілген реттеу режиміндегі банктің берілетін активтерінің мөлшері және тізбесі;

      2) қарыз алушы - жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса), қарыз алушы - заңды тұлғаның атауы, қарыздар бойынша негізгі борыш, банктік қарыз шарттарының жасалған күндері және нөмірлері, банктік қарыз шарттарының қолданылу мерзімі, банктік қарыз шарттары бойынша сыйақы мөлшерлемелері, банктің банктік қарыздар бойынша есептеген және алған сыйақы сомалары көрсетілген банктік қарыздар бойынша берілетін талап ету құқықтарының құны және тізбесі;

      3) берілетін міндеттемелердің мөлшері, оның ішінде депозитор - жеке тұлғалардың тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса), депозитор - заңды тұлғалардың атауы, депозиттер сомасы есепке алынған банктік шоттардың нөмірлері, депозит сомасы, банктік шот және (немесе) банктік салым шартын жасасу күні және нөмірі, шарттың қолданылу мерзімі, салым бойынша сыйақы мөлшерлемесі көрсетілген депозиттер тізбесі;4) кредитор - жеке және заңды тұлғалар бойынша ақпарат көрсетілген өзге де кредиторлар алдындағы міндеттемелердің мөлшері және тізбесі;

      5) клиенттер, олардың операциялары және реттеу режиміндегі банктің операциялары туралы ақпарат, бастапқы құжаттар, клиенттермен өзара қарым-қатынастар тарихы және қабылданатын активтер мен міндеттемелер бойынша құқықтар мен міндеттемелерді тиісінше орындау үшін қажетті өзге де ақпарат бар берілетін дерекқорлардың (оның ішінде қағаз нысандағы құжаттарды архивтік орындарының) тізбесі.

      53. Активтер мен міндеттемелерді беру жөніндегі операция жүргізілгеннен кейін уақытша әкімшілік бір жұмыс күні ішінде уәкілетті органға сатып алушы банкпен (сатып алушы банктермен) жасалған шарттың, беру актісінің көшірмелерін ұсынады.

      54. Активтер мен міндеттемелерді беру туралы хабарландыруды уақытша әкімшілік, реттеу режиміндегі банк, сатып алушы банк, уәкілетті орган Банктер туралы заңның 97-бабының 6-тармағына сәйкес активтер мен міндеттемелерді беру жөніндегі операция жүргізілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей жариялайды.

      55. Уақытша әкімшіліктің реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін бір мезгілде беру жөніндегі операцияны банктің активтері мен міндеттемелерін қосымша беру мақсатында бір реттен артық жүргізуіне жол беріледі.

      Банктің активтері мен міндеттемелерін қосымша беруді уақытша әкімшілік Қағидалардың 42, 43, 44, 45, 46, 47, 48, 49, 50, 51, 52, 53, 54-тармақтарына сәйкес жүзеге асырады.

      56. Активтері, құқықтары немесе міндеттемелері осы Тараудың шеңберінде ішінара берілген реттеу режиміндегі банк Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен таратылуға тиіс.

6-тарау. Тұрақтандыру банкін құру және оған реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін беру

      57. Тұрақтандыру банкі банк операцияларының үздіксіздігін қамтамасыз ету және реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке беру мүмкін болмаған жағдайда жүйелік тәуекелдердің алдын алу үшін құрылады.

      58. Уәкілетті органның тұрақтандыру банкін құру туралы шешімінде:

      1) тұрақтандыру банкін құру туралы шешім;

      2) тұрақтандыру банкінің атауы мен орналасқан орны;

      3) тұрақтандыру банкін басқару бойынша қызметті жүзеге асыруға және үшінші тұлғалардың алдында оның мүддесін білдіретін уәкілетті адамдардың дербес құрамы;

      4) тұрақтандыру банкінің аталған банктің инвесторлары арасында орналастырылатын жарияланған акцияларының саны мен түрі, жарияланған акцияларының номиналды құны;

      5) тұрақтандыру банкінің жарғылық капиталының ең төмен мөлшері;

      6) тұрақтандыру банкінің жарғысын бекіту туралы шешім;

      7) тұрақтандыру банкін басқару бойынша қызметті жүзеге асыруға тағайындалған адамдарға:

      тұрақтандыру банкінің жарғысына қол қоюды;

      тұрақтандыру банкін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз ету тәртібін;

      орталық депозитариймен шарт жасауды;

      уәкілетті органда мемлекеттік тіркеу үшін банктің акциялар шығарылымы проспектісіне қол қоюды тапсыру;

      8) банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілікке құрылатын тұрақтандыру банкіне активтер мен міндеттемелерді беруді тапсыру;

      9) уәкілетті органның тұрақтандыру банкін құру туралы шешімі күшіне енгізілетін күн;

      10) тұрақтандыру банкінің банк операцияларын жүргізу үшін қажетті үй-жайды, жабдық пен бағдарламалық қамтылымды пайдалану шарттары, сондай-ақ "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кредиттік бюроға ақпарат беру тәртібі;

      11) бюджет қаражатын тек жүйелік маңызы бар банктер үшін пайдалану мүмкіндігін қоса алғанда, инвестор болмаған жағдайда тұрақтандыру банкінің жарғылық капиталын қалыптастыру көздері;

      12) уақытша капиталды пайдалану жөніндегі уәкілетті орган алдындағы бақылау және есептілік тәртібі көрсетіледі.

      59. Тұрақтандыру банкі Банктер туралы заңда және "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылады.

      60. Тұрақтандыру банкін құру туралы шешімді уәкілетті органның Басқармасы қабылдайды.

      61. Тұрақтандыру банкінің жарғылық капиталы инвестор мен тұрақтандыру банкін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға уәкілетті адам арасында жасалатын шартқа сәйкес инвестор тұрақтандыру банкінің жарияланған акцияларына төлем жасаған кезде қалыптастырылады. Инвестор тартылғанға дейін тұрақтандыру банкінің уақытша капиталы уәкілетті орган тұрақтандыру банкін құру туралы шешімде айқындаған көздердің есебінен қалыптастырылуы мүмкін; жүйелік маңызы бар банктер үшін бюджет қаражатын Банктер туралы заңның 94-бабына сәйкес пайдалануға жол беріледі.

      62. Тұрақтандыру банкінің жарғылық капиталының оның құрылған күніндегі ең төмен мөлшерін берілетін активтер мен міндеттемелердің көлеміне және тұрақтандыру банкінің қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету қажеттілігіне орай уәкілетті орган тұрақтандыру банкін құру туралы шешімінде белгілейді.

      63. Тұрақтандыру банкі банк операцияларының жекелеген түрлерін және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензияны алуы үшін тұрақтандыру банкін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға уәкілетті адам уәкілетті органға мына құжаттарды:

      1) өтінішті;

      2) жарғының нотариат куәландырған көшірмесін;

      3) бюджетке қызметтің жекелеген түрімен айналысу құқығына лицензиялық алым төленгенін растайтын құжатты ұсынады.

      Уәкілетті орган лицензияда көрсетілген банк операцияларының және өзге де операциялардың тізбесін реттеу режиміндегі банк тұрақтандыру банкіне беретін активтер мен міндеттемелерге байланысты айқындайды.

      64. Уәкілетті орган тұрақтандыру банкіне банк операцияларын және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензияны Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша береді.

      65. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру жөніндегі операцияны жүргізу үшін, оның ішінде банктің активтері мен міндеттемелерін бір мезгілде басқа банкке (банктерге) бір бөлігін немесе толық мөлшерде беру жөніндегі операцияны жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда уәкілетті органға жүгінеді.

      66. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік активтерді бағалауды жүргізеді және болжамды қаржылық көрсеткіштерді, өтімділікті бағалауды және ықтимал тәуекелдерді қоса алғанда, тұрақтандыру банкі қызметінің жоспарын әзірлейді.

      67. Тұрақтандыру банкі өз қызметін тұрақтандыру банкі қызметінің жоспарына сәйкес жүзеге асырады, онда мынадай ақпарат қамтылады:

      1) банк жүйесінің жиынтық қарыздарындағы банктің кредиттік портфелінің үлесі, екінші деңгейдегі банктердің жиынтық депозиттеріндегі банк тартқан депозиттердің үлесі;

      2) тұрақтандыру банкінің барлық активтері мен міндеттемелерінің сипаты және оларғы бағалау туралы мәліметтер;

      3) талап етілгенге дейінгі жоғары өтімді активтер мен міндеттемелердің сипаты мен мөлшері;

      4) тұрақтандыру банкінің активтері мен міндеттемелерін, оның ішінде активтер деңгейі төмендеген кезде активтерді қайтару (айырбастау) және (немесе) міндеттемелерді қайтару арқылы басқару тәртібі мен шарттары;

      5) акцияларды өткізу немесе активтерді (міндеттемелерді) сатып алушы банкке сату (беру) шарттары мен тәртібі;

      6) тұрақтандыру банкі шығыстарының сметасы және тұрақтандыру банкі қызметінің қаржылық болжамы, оған төмендегілер кіреді;

      7) соңғы есепті күндегі жағдай бойынша банктің деректері негізінде жасалған тұрақтандыру банкін құру күніндегі бухгалтерлік баланс;

      8) тұрақтандыру банкінің қызметі аяқталған күнгі болжамды баланс, пайда мен залал туралы болжамды есеп, ақша қаражатының қозғалысы туралы болжамды есеп.

      68. Тұрақтандыру банкінің міндеттері мыналар болып табылады:

      1) тұрақтандыру банкінің активтері мен міндеттемелерін басқа сатып алушы банкке беру жөніндегі операцияларды жүзеге асыру;

      2) инвесторға тұрақтандыру банкінің акцияларын тұрақтандыру банкінің меншікті капиталының өсуіне және оның Қазақстан Республикасы банк заңнамасының талаптарына сәйкес оның жұмыс істеуіне кепілдік беру шартымен өткізу.

      69. Тұрақтандыру банкінің функциялары мыналар болып табылады:

      1) тұрақтандыру банкінің активтері мен міндеттемелерін басқару, оның ішінде активтердің активтер бойынша тәуекелдерді жабу және міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті мөлшерде болуын, міндеттемелердің тұрақтандыру банкі активтері құнынан аспайтын деңгейде болуын қамтамасыз ету;

      2) қабылданған активтер бойынша қызмет көрсету және төлемдер қабылдау;

      3) қабылданған міндеттемелерді орындау; 4) қабылданған активтердің жай-күйіне бағалау және активтердің сапасын жақсарту бойынша іс-шаралар жүргізу.

      70. Тұрақтандыру банкі уәкілетті органмен келісу бойынша Қағидалардың 71-тармағында көрсетілген тәуекел деңгейі ең төмен операцияларды жүргізеді.

      71. Тұрақтандыру банкінің тәуекел деңгейі ең төмен операциялары мыналар болып танылады:

      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі депозиттер;

      2) Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі депозиттер мынадай талаптардың біріне сәйкес келген кезде:

      банктердің Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВ-"-тен төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы немесе Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің ұлттық шкаласы бойынша "kzВВ-"-тен төмен емес рейтингтік бағасы бар;

      банктер Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "АА-"-тен төмен емес ұзақмерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар бейрезидент бас банктің Қазақстан Республикасының резидент еншілес банктері болып табылады.

      3) Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "АА-"-тен төмен емес ұзақ мерзімді және (немесе) қысқа мерзімді жеке рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банктеріндегі ықтимал шығындар резервін шегергендегі депозиттер (негізгі борыш пен есептелген сыйақы сомаларын ескергенде);

      4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарымен жасалған мәмілелер, оның ішінде "РЕПО" операциялары;

      5) Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің "АА-"-тен төмен емес ұзақ мерзімді борыштық рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар шет мемлекеттердің үкіметтері шығарған облигацияларымен жасалған мәмілелер.

      72. Тұрақтандыру банкі ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 5 (бесінші) күнінен кешіктірмей уәкілетті органға тұрақтандыру банкі қызметінің жоспарын орындау туралы ақпарат пен мәліметтерді ұсынады.

      73. Тұрақтандыру банкін басқаруды уәкілетті орган тағайындайтын төраға жүзеге асырады.

      74. Тұрақтандыру банкінің төрағасы өзінің функцияларын жүзеге асыру кезінде Қағидаларды, жарғыны, тұрақтандыру банкі қызметінің жоспарын және уәкілетті органның актілерін басшылыққа алады.

      75. Тұрақтандыру банкінің төрағасы аса маңызды банк операциялары мен өзге де операциялардың орындалу үздіксіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрақтандыру банкінің акцияларын өткізу не оның активтерін, құқықтары мен міндеттемелерін сатып алушы банкке немесе инвесторға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткізу мақсатында тұрақтандыру банкін басқаруды жүзеге асырады.

      76. Тұрақтандыру банкінің төрағасы:

      1) тұрақтандыру банкінің ағымдағы қызметіне басшылықты жүзеге асырады;

      2) тұрақтандыру банкі қызметінің жоспарына сәйкес тұрақтандыру банкінің қызметін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді;

      3) үшінші тұлғалармен қарым-қатынастарда тұрақтандыру банкінің атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      4) үшінші тұлғалармен қарым-қатынастарда тұрақтандыру банкінің мүдделерін білдіру құқығына сенімхат береді;

      5) тұрақтандыру банкінің қызметкерлерін қабылдауды, орнын ауыстыруды және жұмыстан шығаруды жүзеге асырады, оларға көтермелеу және тәртіптік жазалау шараларын қолданады, тұрақтандыру банкі жұмыскерлерінің лауазымдық жалақыларының мөлшерін белгілейді;

      6) тұрақтандыру банкінің ішкі қызметін реттейтін құжаттарды бекітеді;

      7) тұрақтандыру банкінің қызметкерлері арасында міндеттерді, сондай-ақ өкілеттіктер саласы мен жауапкершілік аясын бөліп береді;

      8) әлеуетті инвесторлардың ұсыныстарын қарайды және уәкілетті органға ұсыныс енгізеді.

      77. Тұрақтандыру банкінің төрағасы уәкілетті органмен келісу бойынша:

      1) егер активтер міндеттемелерді жаба алмаса немесе міндеттемелердің мөлшері тұрақтандыру банкін пайыздық тәуекелге және өтімділік тәуекеліне ұшыратса, тұрақтандыру банкінің активтерін және (немесе) міндеттемелерін банкке қайтару туралы шешім қабылдайды;

      2) тұрақтандыру банкі активтерінің сапасы нашарлаған кезде тұрақтандыру банкіне бұрын берілген активті банктің басқа активіне айырбастау туралы шешім қабылдайды;

      3) қарыз алушылардың төлемге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін активтерді қайта құрылымдау туралы шешім қабылдайды;

      4) жасасуына қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелерді жасасу туралы шешім қабылдайды;

      5) тұрақтандыру банкінің жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

      78. Тұрақтандыру банкінің мақсаттары тұрақтандыру банкін құру туралы шешім қабылдауға, сондай-ақ оған активтерді, құқықтар мен міндеттемелерді беруге байланысты реттеу режиміндегі банктің акционерлері немесе кредиторлары алдындағы міндеттемелердің не жауапкершіліктің туындауына бағытталмайды.

      Тұрақтандыру банкінің басқару органдары және оның лауазымды адамдары, төрағаны қоса алғанда, аталған акционерлердің немесе кредиторлардың құқықтарының бұзылуына әкеп соққан қасақана не өрескел абайсыздық (өрескел немқұрайлылық) жағдайларын қоспағанда, аталған акционерлер мен кредиторлардың алдында Қағидалар шеңберінде өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде жасаған әрекеттері немесе әрекетсіздігі үшін жауапты болмайды.

      79. Тұрақтандыру банкі активтерінің жалпы мөлшерінің 10 (он) және одан көп пайызын құрайтын көлемде жасалатын тұрақтандыру банкінің мәмілелері уәкілетті органмен келісу бойынша жүзеге асырылады.

      80. Банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне тапсыру берілетін міндеттемелерді жабу үшін активтер жеткілікті мөлшерде болған жағдайда жүзеге асырылады.

      Тұрақтандыру банкіне берілетін міндеттемелердің жиынтық құны берілетін активтердің және банктің талап ету құқықтарының жиынтық құнынан аспауға тиіс.

      81. Тұрақтандыру банкі қабылданатын активтер мен міндеттемелердің көлемін айқындағаннан кейін тұрақтандыру банкі мен банктің арасында тапсыру актісін қоса бере отырып қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалған активтер мен міндеттемелерді беру шартына қол қойылады.

      Банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру жөніндегі операцияны жүзеге асырған күні ресімделетін тапсыру актісінде мынадай мәліметтер көрсетіледі:

      атауын, түгендеу нөмірін (бар болған жағдайда), баланстық құнын, банктің активтері есепке жазылған банк шоттарының нөмірлерін (қажет болған жағдайда), банктің тиісті активтерге құқықтарын растайтын құжаттарды (қажет болған жағдайда) көрсете отырып, банктің берілетін активтерінің мөлшері мен тізбесі;

      қарыз алушы-жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (ол бар болған жағдайда), қарыз алушы-заңды тұлғаның атауын, қарыздар бойынша негізгі борышты, банктік қарыз шарттарының жасалған күндері мен нөмірлерін, банктік қарыз шарттарының қолданылу мерзімін, банктік қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемелерін, банктік қарыздар бойынша банк есептеген және алған сыйақы сомаларын көрсете отырып, банктік қарыздар бойынша берілетін талап ету құқықтарының құны мен тізбесі;

      депозитор-жеке тұлғалардың тегін, атын, әкесінің атын (ол бар болған жағдайда), депозитор-заңды тұлғалардың атауын, депозиттер сомасы есепке жазылған банктік шоттардың нөмірлерін, депозит сомасын, банктік шот және (немесе) банктік салым шартының жасалған күні мен нөмірін, шарттың қолданылу мерзімін, салым бойынша сыйақы мөлшерлемесін көрсете отырып берілетін, оның ішінде депозиттер бойынша міндеттемелер тізбесі мен мөлшері;

      клиенттер, олардың операциялары және банктің операциялары туралы ақпарат, бастапқы құжаттар, клиенттермен орнатылған өзара қарым-қатынастар тарихы және қабылданатын активтер мен міндеттемелер бойынша құқықтар мен міндеттемелерді тиісінше орындау үшін қажетті өзге ақпарат қамтылған берілетін дерекқорлар (оның ішінде қағаз нысандағы құжаттардың архив қоймаларының) тізбесі.

      82. Тұрақтандыру банкі берілген активтер, құқықтар мен міндеттемелер шегінде реттеу режиміндегі банктің құқықтық мирасқоры болып танылады және осындай активтерден, құқықтардан және міндеттемелерден туындайтын құқықтарды жүзеге асыруға және міндеттерді оларды берген күні болған көлемде және сол шарттарда орындауға құқылы.

      83. Банктің міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру Банктер туралы заңның 123-бабында көзделген кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру кезектілігін сақтай отырып жүзеге асырылады.

      84. Тұрақтандыру банкі банктің активтері мен міндеттемелерін қабылдаған күнінен бастап күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірмей оған тұрақтандыру банкінің активтері мен міндеттемелерін беруді жүзеге асыру үшін әлеуетті сатып алушы банкті, сондай-ақ тұрақтандыру банкінің акцияларын сату үшін инвесторды іздейтіні туралы хабарландыру жариялайды.

      85. Хабарландыру Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады және хабарландыруда тұрақтандыру банкі туралы жалпы ақпарат көрсетіледі:

      1) тұрақтандыру банкі активтерінің мөлшері, тізбесі және түрлері;

      2) тұрақтандыру банкі міндеттемелерінің мөлшері, тізбесі және түрлері;

      3) инвесторға және (немесе) сатып алушы банкке қойылатын талаптар;

      4) тұрақтандыру банкінің сатып алатын активтері мен міндеттемелері бойынша мөлшерін, түрлері және бағаларын (бағалар ауқымын) алдын ала көрсетумен сатып алушы банктің және (немесе) инвесторлардың қатысуға өтінімдерді ұсыну мерзімдері мен нысандары.

      86. Қатысуға өтінімдерді беру мерзімі аяқталған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде әлеуетті сатып алушы банкті және (немесе) инвесторларды алдын ала іріктеу өткізіледі, олардан конфиденциалдылықты сақтау және коммерциялық және банктік құпияны қорғау бойынша жазбаша міндеттемені ұсыну талап етіледі.

      87. Тұрақтандыру банкі әлеуетті сатып алушы банкке және (немесе) инвесторға активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтерді берген күннен бастап күнтізбелік 20 (жиырма) күн ішінде әлеуетті сатып алушы банк және (немесе) инвестор тұрақтандыру банкінің сатып алатын активтері мен міндеттемелерінің мөлшерін, түрлерін және бағаларын көрсете отырып, ұсыныстарын береді.

      88. Тұрақтандыру банкі ұсыныстарды беру мерзімі аяқталған күнінен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде жиынтық ақпарат қалыптастырады.

      89. Сатып алушы банк мынадай талаптарға сәйкес келеді:

      1) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылады;

      2) уәкілетті орган жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, банктік шоттарын ашуға және жүргізуге, заңды тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, банктік шоттарын ашуға және жүргізуге, банктік қарыз операцияларын және кассалық операцияларды жүргізуге берген лицензияның иегері;

      3) Банктер туралы Заңның 81-бабына, 80-бабы 1-тармағының 2), 3), 4), 5), 8) және 13) тармақшаларында көзделген қолданыстағы қадағалап ден қою шаралары, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 213-бабының алтыншы және сегізінші бөліктерінде, 227-бабының бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін орындалмаған әкімшілік жазалары жоқ;

      4) соңғы күнтізбелік 3 (үш) ай ішінде пруденциялық нормативтерді орындайды;

      5) банктің клиенттеріне қызмет көрсету үшін кем дегенде 10 (он) облыс орталықтарында, астанада, республикалық маңызы бар қалада филиалдары бар.

      90. Уәкілетті орган жиынтық ақпаратты қарау нәтижесі бойынша инвесторды немесе тұрақтандыру банкінің активтері мен міндеттемелерін сатып алушы банкті таңдау туралы шешім қабылдайды.

      91. Тұрақтандыру банкінің активтері мен міндеттемелерін, сондай-ақ тиісті құжаттарды сатып алушы банкке тапсыру қабылдау-өткізу актісімен ресімделеді.

      Қабылдау-өткізу актісі мынадай мәліметтерден тұрады:

      атауы, түгендеу нөмірі, баланстық, бағалау құны, активтер есепке алынған шоттардың нөмірлері, тұрақтандыру банкінің меншік құқығын растайтын құжаттары көрсетілген тұрақтандыру банкінің берілетін активтерінің мөлшері, тізбесі және түрлері;

      дебиторлардың тегі, аты, әкесінің аты (олар бар болса), атауы, дебиторлық берешек сомалары есепке алынған шоттардың нөмірлері, қарыз сомалары, банктік қарыз шарттарының жасалу күні мен нөмірі, банктік қарыз шарттарының қолданыста болу мерзімі, банктік қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі, банктік қарыз бойынша тұрақтандыру банкі алған және есептелген сыйақы сомалары көрсетілген, дебиторлық берешек бойынша берілетін талап ету құқықтарының құны мен тізбесі;

      жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша берілетін міндеттемелердің мөлшері, жеке тұлғалар - депозиторлардың тегі, аты, әкесінің аты (олар бар болса), заңды тұлғалар - депозиторлардың атауы көрсетілген депозиттер тізбесі, депозиттердің сомалары ескерілген шоттардың нөмірі, депозит сомасы, банктік шот және (немесе) банктік салым шартының жасалу күні және нөмірлері, шарттың қолданыста болу мерзімі, салым бойынша сыйақы мөлшерлемесі, салым бойынша депозиторлар есептеген және алған сыйақы сомалары;

      клиенттер, олар жүргізген операциялар және банктің операциялары туралы, бастапқы құжаттар, клиенттермен қарым-қатынастар тарихы және қабылданатын активтер мен міндеттемелер бойынша құқықтар мен міндеттемелерді тиісінше орындау үшін қажет өзге ақпараттардан тұратын берілетін дерекқор (оның ішінде құжаттардың қағаз нысандағы мұрағаттық сақтау орыны).

      92. Тұрақтандыру банкінің жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша міндеттемелерді беру кезінде клиенттердің ақшасы сатып алушы банкке оның жаңадан ашқан банктік шоттарына есептеуге жатады.

      93. Тұрақтандыру банкінің активтері мен міндеттемелерін беру және (немесе) акцияларын сату бойынша операцияны жүзеге асырғаны туралы ақпаратты уәкілетті орган Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында және уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында мәміле жасалған күнінен бастап күнтізбелік 5 (бес) күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде жариялайды.

      94. Банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру, сондай-ақ тұрақтандыру банкінің активтер мен міндеттемелерді сатып алушы банкке кейіннен беруі Банктер туралы заңның 97-бабының 3-тармағына және 98-бабының 7-тармағына сәйкес депозиторлардың, өзге кредиторлардың, клиенттердің және борышкерлердің келісімінсіз жүзеге асырылады.

      95. Уәкілетті органның шешімі бойынша тұрақтандыру банкі қабылданған активтер мен міндеттемелерді сатып алушы банкке тапсыру аяқталғаннан кейін немесе барлық акцияларды инвесторға өткізгеннен кейін қызметін тоқтатады. Инвестор тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алған кезден бастап осы банк тұрақтандыру банкінің мәртебесін жоғалтады және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес реттеуге жатады.

      Банкті реттеу құралдарын

      қолдану қағидаларына

      қосымша

  Нысан

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

Уәкілетті органның толық атауы

Банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған әмбебап банк лицензиясы

      Лицензияның нөмірі ___________ Берілген күні ____ жылғы "__" __________

      ____________________________________________________________________

      (банктің толық атауы)

      Осы әмбебап лицензия операциялардың мынадай түрлерін (ұлттық және

      (немесе) шетел валютасымен) жүргізуге құқық береді:

      1) банк операцияларының:

      __________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      2) өзгеде операциялардың:

      ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      Алғаш рет алынған лицензия туралы мәліметтер:

      ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________ (лицензия берген мемлекеттік органның нөмірі, күні, атауы)

      Төраға

      (Төрағаның орынбасары) _________________ ___________________

      (қолы немесе электрондық цифрлық қолтаңбасы)

      (тегі және аты-жөні)

      Мөр орны (қағаз нысан үшін)

      Алматы қаласы

  Қазақстан Республикасының
  Қаржы нарығын
  реттеу және дамыту
  Агенттігінің Басқармасының
  2026 жылғы 28 шілдедегі
  № 111

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының кейбір қаулыларының құрылымдық элементтерінің тізбесі

      1. "Тұрақтандыру банкін басқару, жасалуына қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелерді жасасу, төлемге қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру жөніндегі операцияны жүргізу, тұрақтандыру банкінің активтер мен міндеттемелерді уәкілетті орган айқындайтын басқа банкке беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 26 желтоқсандағы №312 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №14785 болып тіркелген).

      2. "Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы №251 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №17823 болып тіркелген).

      3. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 246 қаулысымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17972 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізілетін нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 7-тармағы.

      4."Тұрақтандыру банкінің жарғылық және меншікті капиталдарының ең төмен мөлшерін, Тұрақтандыру банкін құру, оның жарғылық және меншікті капиталдарын қалыптастыру, сондай-ақ тұрақтандыру банкінің банк операциялары мен өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензияны алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 31 қаңтардағы №11 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18295 болып тіркелген).

      5. "Екінші деңгейдегі банктерге консервациялау режимін қолдану (орнату) қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 31 қаңтардағы № 8 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18291 болып тіркелген).

      6. "Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің (банкті уақытша басқарушының) төлемге қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелерін сатып алушы-банкке, сондай-ақ соттың мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енгенге дейін банктің уақытша әкімшілігінің (уақытша басқарушының) барлық банк операциялары мен өзге де операциялар жүргізуге арналған лицензиядан айырылған банктің активтері мен міндеттемелерін сатып алушы-банкке беруді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 31 қаңтардағы № 9 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18303 болып тіркелген);

      7. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 19 қарашадағы № 203 қаулысымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №19641 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 1-тармағы.

      8. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығын реттеу, микроқаржылық қызмет және коллекторлық агенттіктер мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 30 наурыздағы №28 қаулысымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20265 болып тіркелген) Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу, микроқаржылық қызмет және коллекторлық агенттіктер мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 18-тармағы.

      9. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 28 желтоқсандағы № 128 қаулысымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №20265 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 5-тармағы.

      10. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне банк, сақтандыру қызметін және бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 13 желтоқсандағы № 107 қаулысымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 25932 болып тіркелген) Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының банк, сақтандыру қызметін және бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 5-тармағы.

      11. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы №92 қаулысымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №35603 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 3-тармағы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады