Кейбір бұйрықтарға өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2026 жылғы 7 шiлдедегi № 101 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 7 шiлдеде № 39243 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтардың тізбесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және оны алғаш ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің аппарат басшысына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Ұлттық экономика министрі
С. Жумангарин

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Ұлттық экономика министрі
2026 жылғы 7 шілдедегі
№ 101 Бұйрығымен
бекітілген

Өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтардың тізбесі

      1. "Жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңестері туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 қарашадағы № 703 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12456 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңестері туралы үлгілік ережеде:

      1, 2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңестері туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Ереже) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-7-бабына сәйкес әзірленді және астана, республикалық маңызы бар қала, облыстық маңызы бар қала әкімдігі (бұдан әрі – Әкімдік) жанындағы жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңесі қызметінің нысанын, негізгі міндеттерін, қабылдайтын шешімдерінің мәртебесін және қызметінің басқа да ұйымдастырушылық мәселелерін, өкілеттіктерін, оның басшысын және оны сайлау тәртібін өкілеттіктерін айқындайды.

      2. Жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) қалалық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша бір немесе бірнеше сайлау округінің шекараларындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың жұмыс істеуі, аумақтың санитариялық жай-күйі (бұдан әрі – аумақтық маңызы бар мәселелер) және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша астана, республикалық маңызы бар қала, облыстық маңызы бар қала әкімінің (бұдан әрі – Әкім) халықпен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша астана, республикалық маңызы бар қала, облыстық маңызы бар қала мәслихатының (бұдан әрі – Мәслихат) шешімдері негізінде құрылатын Әкімдік жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      3. Кеңестің негізгі міндеттері:

      аумақтық маңызы бар мәселелерді шешу және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын іске асыруға жәрдемдесу;

      Қазақстан Республикасы азаматтарымен жұмыс істеуде өкілді және атқарушы органдарға көмек көрсету болып табылады.";

      4-тармақтың бесінші және алтыншы абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "Кеңес шекарасы шегінде абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, санитариялық жағдай және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының пікірлерін зерделеу, талдау және ескеру;

      Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрғын үй және үй маңы аумақтарының сақталуын, пайдаланылуын, жөнделуін, абаттандырылуын жақсарту мәселелерін шешуге тарту;";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Кеңес қызметінің нысандары:

      аумақтық маңызы бар мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарын қабылдау;

      Әкіммен, депутаттармен және басқа лауазымды тұлғалармен Қазақстан Республикасы азаматтарының өтініштері бойынша жергілікті маңызы бар мәселелерді талқылау;

      аумақтық маңызы бар мәселелер бойынша азаматтардың Әкіммен, мәслихат депутаттарымен және басқа лауазымды тұлғалармен кездесулерін ұйымдастыру;

      құқық бұзушылықтарды жасауға төзбеушілікті насихаттауды жүзеге асыру;

      Қазақстан Республикасы азаматтарымен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған түсініктемелік-құқықтық жұмыстарды жүргізу;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметтің басқа да нысандары болып табылады.";

      7-тармақтың үшінші бөлігінің орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді.

      2. "Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 294 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15632 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты туралы үлгі ережеде:

      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Әкім Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкім орынбасарының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды.".

      3. "Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15630 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентінде:

      2-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) жергілікті маңызы бар мәселелер – реттелуі Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс тұрғындарының басым бөлігінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге байланысты облыс, аудан, қала, қаладағы аудан, ауылдық округ, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кент пен ауыл қызметінің мәселелері;".

      4. "Елдің және өңірлердің бес жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін болжамдау әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 22 қаңтардағы № 10 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22123 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Елдің және өңірлердің бес жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін болжамдау әдістемесінде:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Әдістемені мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган және астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті атқарушы органы елдің және өңірлердің бес жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының қалыптастырылатын болжамы шеңберінде салалар бөлінісінде жалпы ішкі өнім мен жалпы өңірлік өнім бойынша орта мерзімді болжамдарды әзірлеу кезінде қолданады. Жалпы ішкі өнім бойынша орта мерзімді болжамдарды әзірлеу және жаңарту кезеңділігі "Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 8 қаңтардағы № 9 бұйрығымен реттелетін әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеуге байланысты.";

      28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "28. Бес жылдық кезеңге арналған өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің болжамын бастапқы кезеңде сыртқы және ішкі факторлардың даму серпіні бойынша негізгі болжамдарды қалыптастыру жолымен және бес жылдық кезеңге арналған елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің болжамы негізінде астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті атқарушы органы әзірлейді.";

      31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "31. ЖӨӨ-ні болжамдау өңірлердің экономикалық даму деңгейі мен серпінінің кешенді сипаттамасын алуға, ел экономикасындағы олардың орны мен рөлін объективті түрде айқындауға, жүргізіліп отырған өңірлік саясаттың тиімділігін бағалауға, ел ішінде өңірлердің даму деңгейлерін салыстыруға мүмкіндік беретін макроэкономикалық ақпаратты қалыптастыру үшін астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті атқарушы органымен жүзеге асырылады.";

      34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "34. Астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың орта мерзімді кезеңге арналған ЖӨӨ, ЖӨӨ НКИ және ЖӨӨ индекс-дефляторы осы Әдістемеге 2-қосымшаға сәйкес ЖӨӨ есептеуге арналған өңірлердің экономика салалары бойынша өндіру әдісімен болжанады.";

      43-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "43. Елеулі ауытқулар немесе құбылмалы серпін туындаған жағдайда оны деңгейлестіру мақсатында астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті атқарушы органының сараптамалық бағалаулары пайдаланылады.";

      49, 50, 51, 52 және 53-тармақтардың орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді.

      5. "Қазақстанның Даму Банкінің қаржылық тұрақтылығының параметрлерін (коэффициенттерін), олардың шекті мәндерін айқындау және Қазақстанның Даму Банкінің қаржылық тұрақтылығы параметрлерінің (коэффициенттерінің) шекті мәндерін есептеу әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 19 маусымдағы № 117 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32845 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстанның Даму Банкінің қаржылық тұрақтылығы параметрлерінің (коэффициенттерінің) шекті мәндерін есептеу әдістемесінде:

      1-қосымшада:

      реттік нөмірі 1-жолдың орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді.

      6. "Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 23 маусымдағы № 122 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32894 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің Үлгілік қағидаларында:

      7-тармақтың екінші бөлігінің орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді.

      7. "Жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында Қазақстан Республикасының аумағындағы әскери-көліктік міндеттілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 31 тамыздағы № 155 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33362 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында Қазақстан Республикасының аумағындағы әскери-көліктік міндеттілік қағидаларында:

      2-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) әкімшілік-аумақтық бірліктің жұмылдыру жоспары (бұдан әрі – жұмылдыру жоспары) – жұмылдыру тапсырмасын орындау үшін астана, облыс, республикалық маңызы бар қала, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдіктерінің іс-шараларды жүзеге асыруының мазмұнын, көлемін, тәртібі мен мерзімдерін айқындайтын құжаттар жиынтығы;";

      4-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Заңның 14-бабының 2) тармағында көзделген әскери-көліктік міндеттілік Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, көлік құралдары бар ұйымдар мен Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ көлік құралдарының жұмысын қамтамасыз ететін өзге де ұйымдарға қолданылады.";

      9-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) астананың, облыстың, аумағында республикалық маңызы бар қаланың аумағында аудандар (облыстық маңызы бар қалалар, қалалардағы аудандар) бойынша тиісті жергілікті атқарушы органның қаулысымен бекітілетін көлік құралдарын жұмылдыру тапсырысын (алып қою лимитін) бөлу есебімен;".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады