ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасы Құрылыс Кодексі 132-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытындыны мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органымен келісу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы |
Р. Исакулов |
| Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы 2026 жылғы 22 маусымдағы № 320 № бұйрығымен бекітілген |
Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытындыны мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органымен келісу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытындыны мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органымен келісу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының Құрылыс Кодексі 132-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытындыларды (бұдан әрі - Қорытынды) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын органмен келісу рәсімін анықтайды.
2. Қорытындыны келісудің мақсаты орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстарының жобалық (жобалық-сметалық) құжаттамасына, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелеріне сәйкестігін растау болып табылады.
2-тарау. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытындыны мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органымен келісу тәртібі
3. Қорытындыны келісу үшін техникалық қадағалау мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын органға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) қорытындыны келісу туралы өтініш;
2) құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы Қорытынды;
3) жобалық (жобалық-сметалық) құжаттаманың көшірмесі;
4) мемлекеттік нормативтерде көзделген атқарушылық техникалық құжаттаманың көшірмелері;
5) техникалық қадағалау журналы;
6) мердігерге берілген нұсқамалар және олардағы бұзушылықтардың жойылғанын растайтын құжаттар.
4. Осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген құжаттарды техникалық қадағалауды жүзеге асыратын тұлға "бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жүргізуді ұйымдастыру үшін цифрлық жүйе арқылы қағаз немесе электрондық нысанда ұсынады.
5. Құжаттар көрсетілген нысандардың бірінде ұсынылады. Құжаттар қағаз нысанда ұсынылған кезде, оларды электрондық нысанда ұсыну талап етілмейді. Құжаттар электрондық нысанда ұсынылған кезде, оларды қағаз нысанда ұсыну талап етілмейді.
6. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын орган келіп түскен құжаттарды олар түскен күні тіркейді.
7. Қорытындыны қарау мерзімі өтініш тіркелген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайды.
8. Қорытындыны қарау барысында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын орган:
1) ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді;
2) Қорытындының Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының ережелеріне және мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкестігін талдайды;
3) құрылыс объектісінің құрылыс жағдайы мен барысы туралы ай сайынғы есептердің болуын тексереді;
4) құрылыс объектісінің пайдалануға дайындығын анықтау бойынша құрылыс объектісіне барады.
9. Қорытындыны қарау мерзімі қорытындыны дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды анықтау қажет болған жағдайда, 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, техникалық қадағалау бұл туралы мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.
10. Қорытындыны қарау нәтижелері бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын орган мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) Қорытындыны келісу туралы;
2) Қорытындыны келісуден бас тарту туралы.
11. Келісу туралы шешім мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын органның лауазымды адамының Қорытындысына қол қою және мөр басу (болған жағдайда) арқылы ресімделеді.
12. Осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген құжаттар толық болмаған не Қорытынды мен оған қоса берілген құжаттар Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының ережелеріне және мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес келмеген жағдайда, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыратын орган Қазақстан Республикасының тиісті нормативтік құқықтық актілеріне сілтемелермен жіберілген бұзушылықтарды көрсете отырып Қорытындыны келісуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
13. . Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын орган әкімшілік рәсімге қатысушыға Қазақстан Республикасының 73-бабына (әрі қарай - ӘРПК) 73-бабына сәйкес алдын ала шешімде өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік береді.
14. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын органның әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне Қазақстан Республикасының ӘРПК белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
15. Қазақстан Республикасының ӘРПК 91-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тәртіппен шағымданғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.
