Машина оқитын нысандарды әзірлеу, қолдану және тарату қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2026 жылғы 15 сәуірдегі № 202/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 16 сәуірде № 38444 болып тіркелді

      "Жасанды интеллект туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Машина оқитын нысандарды әзірлеу, қолдану және тарату қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі
Ж. Мадиев

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары –
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрінің
2026 жылғы 15 сәуірдегі
№ 202/НҚ бұйрығымен
бекітілген

Машина оқитын нысандарды әзірлеу, қолдану және тарату қағидаларын бекіту туралы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Машина оқитын нысандарды әзірлеу, қолдану және тарату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жасанды интеллект туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және машина оқитын нысандарды әзірлеу, қолдану және тарату тәртібін айқындайды.

      2. Жасанды интеллект саласындағы ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету мақсатында ақпаратты автоматтандырылған тәсілмен оқуға және өңдеуге мүмкіндік беретін машина оқитын нысандар қолданылады.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) жасанды интеллект – адамның интеллектуалды қызметінің нәтижелерімен салыстырылатын немесе олардан асып түсетін нәтижелерді қамтамасыз ететін, адамға тән когнитивті функцияларды имитациялай алатын функционалдық қабілет;

      2) жасанды интеллект жүйесі – жасанды интеллектінің бір немесе бірнеше моделі негізінде жұмыс істейтін ақпараттандыру объектісі;

      3) машина оқитын нысан – жасанды интеллект жүйелерінің не өзге де бағдарламалық қамтылымның ақпаратты автоматтандырылған түрде оқуына және өңдеуіне мүмкіндік беретін оның ұсынылу нысаны.

2-тарау. Машина оқитын нысандарды әзірлеу тәртібі

      4. Машина оқитын нысандарды әзірлеу осы Қағидалардың талаптарын ескере отырып жүзеге асырылады және мынадай кезеңдерді қамтиды:

      1) пәндік саланы және қолдану мақсаттарын талдау;

      2) машина оқитын нысандардың құрылымы мен мазмұнын жобалау;

      3) деректер схемасын әзірлеу;

      4) тестілеу;

      5) нысанды бекіту және пайдалануға беру.

      5. Машина оқитын нысандарды әзірлеу кезінде міндетті түрде мыналар қамтамасыз етіледі:

      деректерді құрылымдаудың бір және/немесе бірнеше форматтарына сәйкестігі: XML, JSON, RDF, CSV, YAML, JSON-LD;

      бекітілген деректер схемасының болуы;

      бірыңғай кодтау (UTF-8);

      міндетті және қосымша өрістердің машиналық тексерілуі;

      құрамы мен құрылымы машина оқитын нысанның мақсатын, өңделетін деректердің сипатын және ұлттық және (немесе) халықаралық стандарттардың талаптарын ескере отырып айқындалатын машина оқитын метадеректердің болуы.

      6. Машина оқитын нысандарға өзгерістер деректердің алдыңғы редакцияларымен үйлесімділікті қамтамасыз ете отырып, оларды өзектендіру жолымен енгізіледі. Машина оқитын нысандардың құрылымы айтарлықтай өзгерген кезде бірнеше нұсқаларды қатар пайдалануға жол беріледі.

      7. Машина оқитын нысандарды өзектендіру тиісті нысанның метадеректерінде айқындалған мерзімдерде жүзеге асырылады.

3-тарау. Машина оқитын нысандарды қолдану тәртібі

      8. Машина оқитын нысандарды қолдану жасанды интеллект жүйелерін немесе өзге де бағдарламалық қамтылымды пайдалана отырып, деректерді автоматтандырылған жинау және өңдеу кезінде жүзеге асырылады.

      9. Машина оқитын нысандар, оларға арналған қолдану саласына, сондай-ақ пайдалану шарттарына, оның ішінде жасанды интеллект модельдерін оқыту үшін туындыларды пайдалануға машина оқитын нысанда көрсетілген автор немесе құқық иесі тарапынан тыйым болмаған жағдайда ғана жол беріледі.

      10. Машина оқитын нысандарды қолдану мыналарды:

      автоматтандырылған өңдеудің дұрыстығын;

      нәтижелердің қайталануын;

      кейіннен бақылау және аудит жүргізу мүмкіндігін;

      деректерді рұқсатсыз өзгертуден қорғауды;

      қолданыстағы жасанды интеллект жүйелерімен үйлесімділік және олардың дұрыс өзара әрекеттесуін қамтамасыз етеді.

      11. Машина оқитын нысанды қолдану келесі кезеңдерді қамтиды:

      1) машина оқитын форматта деректер көзін сәйкестендіру және аутентификациялау;

      2) машина оқитын нысанның тұтастығы мен түпнұсқалығын тексеру;

      3) деректерді жасанды интеллект жүйесімен немесе бағдарламалық жасақтамамен өңдеуге жарамды құрылымға түрлендіру (парсинг);

      4) белгіленген схемалар мен метадеректерге сәйкестігін тексеру.

      12. Машина оқитын нысандардың нақты түрлерін қолдану туралы шешімді жасанды интеллект жүйелерінің техникалық талаптарына және автоматтандырылған өзара іс-қимылды қамтамасыз ету қажеттілігіне сүйене отырып, жасанды интеллект жүйесінің меншік иесі және (немесе) иесі қабылдайды.

4-тарау. Машина оқитын нысандарды тарату тәртібі

      13. Машина оқитын нысандарды тарату оларды автоматтандырылған пайдалану мен өңдеуді қамтамасыз ететін нысанда жүзеге асырылады.

      14. Машина оқитын нысандарды тарату кезінде:

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес деректерді қорғау;

      деректердің тұтастығын бақылау (қажет болған жағдайда электрондық қолтаңбаны қоса алғанда);

      машина оқитын нысандардың және олармен байланысты метадеректердің рұқсатсыз өзгеруіне жол бермеу.

      15. Машина оқитын нысандарды тарату кезінде, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, қолжетімділігі шектеулі ақпаратты ашуға жол берілмейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады