Жасанды интеллект туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2025 жылғы 17 қарашадағы № 230-VIII ҚРЗ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 31-б. қараңыз.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) дерекнама – жасанды интеллект модельдерін оқып-үйренуге жарамды құрылымдалған және (немесе) топтастырылған деректер жиынтығы;

      2) дерекнаманы әзірлеуші – жасанды интеллект модельдерін оқып-үйренуге жарамды деректерді жинауды, өңдеуді және құрылымдауды ұйымдастырған адам;

      3) жасанды интеллект – адамның интеллектуалды қызметінің нәтижелерімен салыстырылатын немесе олардан асып түсетін нәтижелерді қамтамасыз ететін, адамға тән когнитивті функцияларды имитациялай алатын функционалдық қабілет;

      4) жасанды интеллект жүйелері қызметінің синтетикалық нәтижелері – жасанды интеллект жүйесі жасаған немесе өзгерткен, жеке тұлғаның сыртқы келбетін, дауысын, мінез-құлқын немесе іс жүзінде болмаған оқиғаларды имитациялайтын кескін, бейне, аудио, мәтіндер немесе олардың комбинациялары;

      5) жасанды интеллект жүйесі – жасанды интеллектінің бір немесе бірнеше моделі негізінде жұмыс істейтін ақпараттандыру объектісі;

      6) жасанды интеллект жүйесі қызметінің нәтижесі – ұсынылу нысандарына қарамастан, ақпарат немесе шешім немесе жасанды интеллект жүйесі өндіретін жұмыстарды және (немесе) көрсететін қызметтерді қоса алғандағы әрекеттер;

      7) жасанды интеллект жүйесін пайдаланушы (бұдан әрі – пайдаланушы) – нақты функцияны және (немесе) міндетті орындау үшін жасанды интеллект жүйесін пайдаланатын адам;

      8) жасанды интеллект моделі – арнаулы міндеттерді орындау үшін әзірленген және өзгеріп отыратын жағдайларға бейімделе алатын, жинақталған тәжірибе негізінде оқып-үйренуге болатын және өз қызметінің процестері мен нәтижелерін оңтайландыра білетін бағдарламалық өнім;

      9) жасанды интеллект моделін оқып-үйрену – ұсынылған немесе жинақталған деректерді модельдің интеллектуалды міндеттерді орындау қабілетін қалыптастыру немесе жетілдіру мақсатында өңдеу процесі;

      10) жасанды интеллект саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – жасанды интеллект саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      11) жасанды интеллектінің ұлттық платформасы – дерекнамаларды жинауға, өңдеуге, сақтау мен таратуға және жасанды интеллект саласында көрсетілетін қызметтерді ұсынуға арналған технологиялық платформа;

      12) жасанды интеллектінің ұлттық платформасының бағдарламалық өнімі (бұдан әрі – платформалық бағдарламалық өнім) – жасанды интеллектінің ұлттық платформасында әзірленген, орналастырылған бағдарламалық өнім;

      13) жасанды интеллектінің ұлттық платформасының операторы – жасанды интеллектінің ұлттық платформасын дамыту мен оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелген заңды тұлға;

      14) машина оқитын нысан – жасанды интеллект жүйелерінің не өзге де бағдарламалық қамтылымның ақпаратты автоматтандырылған түрде оқуына және өңдеуіне мүмкіндік беретін оның ұсынылу нысаны;

      15) мәтіндік сұрау салу – жасанды интеллект жүйесі қызметінің нәтижесін алу үшін оған жіберілетін, пайдаланушының жазбаша түрдегі немесе электрондық нысандағы сұрау салуы, тапсырмасы немесе өзге де хабарламасы.

2-бап. Қазақстан Республикасының жасанды интеллект саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының жасанды интеллект саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

3-бап. Жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаттары мен міндеттері

      1. Жасанды интеллектінің дамуын қамтамасыз ету және оны адам өмірінің сапасын жақсарту және экономиканың тиімділігін арттыру үшін әртүрлі салаларға ендіруді ынталандыру жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеудің мақсаттары болып табылады.

      2. Жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

      1) жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің құқықтық және ұйымдастырушылық негізін айқындау;

      2) жасанды интеллект жүйелерін, сондай-ақ жасанды интеллект жүйелері қызметінің нәтижелерін пайдалануда ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

      3) жасанды интеллект саласын дамытуға инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау;

      4) жасанды интеллект саласындағы зерттеулер мен инновацияларды мемлекеттік қолдау.

4-бап. Жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары

      Жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеу мынадай қағидаттарға негізделеді:

      1) заңдылық;

      2) әділдік және теңдік;

      3) ашықтық және түсініктілік;

      4) жауаптылық және бақылауда ұстау;

      5) адамның шешімдер қабылдауында оның саламаттылығына, ерік-жігер бостандығына басымдық беру;

      6) деректерді және құпиялылықты қорғау;

      7) қауіпсіздік және қорғалу.

5-бап. Заңдылық

      Жасанды интеллект саласындағы қатынастардың субъектілері, мемлекеттік органдар, мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын сақтауға міндетті.

6-бап. Әділдік және теңдік

      Жасанды интеллект жүйелері әрбір адамның тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымдарына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша кез келген кемсітушілікті болғызбай, оның қадір-қасиетін, тең құндылығын, құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін мойындай отырып, әділдік пен теңдікті қамтамасыз ететіндей етіп құрылуға және пайдаланылуға тиіс.

7-бап. Ашықтық және түсініктілік

      1. Жасанды интеллект жүйесін нысаналы түрде пайдалануды қамтамасыз ету үшін пайдаланушыларға жасанды интеллект жүйесінің пайдаланылу және өзге де сипаттамалары мен шектеулері туралы толық ақпарат берілуге тиіс.

      2. Өзіне қатысты жасанды интеллект жүйелері пайдаланыла отырып шешімдер қабылданатын пайдаланушының автоматтандырылған өңдеу тәртібі мен оның салдарлары туралы, автоматтандырылған өңдеуге қарсылық білдіру мүмкіндігі туралы, сондай-ақ өз құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің қорғалу тәртібі туралы хабардар болуға құқығы бар.

8-бап. Жауаптылық және бақылауда ұстау

      1. Меншік иесі, иегері және (немесе) пайдаланушы жасанды интеллект жүйесінің өмірлік циклінің барлық кезеңіндегі өз рөлдеріне байланысты көлемде және тәртіппен жасанды интеллект жүйесінің ұдайы бақылануын қамтамасыз етуге міндетті.

      2. Жасанды интеллект жүйелерін құрумен, пайдаланумен айналысатын барлық субъектілер жасанды интеллект жүйелерінің қызметі үшін, сондай-ақ жасанды интеллект жүйесінің өмірлік циклінің барлық кезеңіндегі өз рөлдерінің негізінде жасанды интеллект жүйелері қызметінің нәтижелері үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

      3. Жасанды интеллект жүйесін құру және пайдалану энергия тиімділігі мен қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға ұмтылу ескеріле отырып жүзеге асырылады.

9-бап. Адамның шешімдер қабылдауында оның саламаттылығына, ерік-жігер бостандығына басымдық беру

      Адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары жасанды интеллект жүйелерін құру және пайдалану процестеріндегі жоғары құндылық ретінде қарастырылады. Жасанды интеллект жүйелерін пайдалану кезінде адамның шешімдер қабылдауында оның дербестігі мен ерік-жігер бостандығының сақталуы қамтамасыз етілуге тиіс.

10-бап. Деректерді және құпиялылықты қорғау

      1. Дербес деректерді заңсыз жинауды, сақтауды және таратуды қоспағанда, деректер мен құпиялылықты қорғау талаптары сақталған кезде жасанды интеллект жүйелерін пайдалануға болады.

      2. Жасанды интеллект жүйелерін пайдаланған кезде олардың қауіпсіз жұмыс істеуі мақсатында өңделуі жасанды интеллект жүйелері арқылы жүзеге асырылатын дербес деректерді күзету және қорғау жүзеге асырылады, сондай-ақ дербес деректерге үшінші тұлғалардың санкцияланбаған қол жеткізуін болғызбау және Қазақстан Республикасының заңнамасы сақтала отырып алынған сапалы және репрезентивтік деректердің жинақтарын пайдалану жөніндегі шаралар қабылданады.

11-бап. Қауіпсіздік және қорғалу

      1. Жасанды интеллект жүйелері күтпеген салдарлардың немесе теріс пайдаланулардың мүмкіндігін болғызбайтын қауіпсіздік пен сенімділік талаптары сақтала отырып құрылуға және пайдаланылуға тиіс.

      2. Жасанды интеллект жүйелері қызметінің нәтижелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келуге тиіс.

      3. Жасанды интеллект жүйелерінің меншік иелері мен иегерлері ықтимал қатерлердің алдын алу мақсатында осындай қатерлерді болғызбау үшін шаралар қабылдай отырып, жасанды интеллект жүйелерінің қауіп-қатерлерін басқаруды жүзеге асыруға міндетті.

2-тарау. ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

12-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жасанды интеллект саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;

      2) жасанды интеллектінің ұлттық платформасының операторын айқындайды;

      3) жасанды интеллектіні ендіру үшін экономиканың басымдық берілетін секторларының тізбесін бекітеді;

      4) Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен өзіне жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

13-бап. Мемлекеттік органдардың жасанды интеллект саласындағы құзыреті

      1. Уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:

      1) стратегиялық, реттеушілік, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асырады;

      2) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған негізгі бағыттары мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген негізгі бағыттары негізінде және оларды орындау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады;

      3) жасанды интеллект саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

      4) Қазақстан Республикасының жасанды интеллект саласындағы заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді;

      5) жасанды интеллект жүйелеріне арналған құжаттаманың тізбесін бекітеді;

      6) ақпараттандыру объектілерін жасанды интеллект жүйелеріне жатқызу өлшемшарттарын бекітеді;

      7) орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп жасанды интеллектіні ендіру үшін экономиканың басымдық берілетін секторларының тізбесін әзірлейді;

      8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      2. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде:

      1) жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;

      2) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен деректерді басқару жөніндегі талаптарға сәйкес жасанды интеллектінің ұлттық платформасының операторына деректерге қолжетімділік береді;

      3) деректерді басқару жөніндегі талаптарға сәйкес дерекнамаларды қалыптастырады;

      4) жасанды интеллект моделін, платформалық бағдарламалық өнімді әзірлейді және (немесе) орналастырады;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларының ережелері Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарына қолданылмайды.

14-бап. Жасанды интеллектінің ұлттық платформасының операторы

      Жасанды интеллектінің ұлттық платформасы операторының өкілеттіктеріне мыналар жатады:

      1) жасанды интеллектінің ұлттық платформасын құруды, дамытуды және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      2) жасанды интеллектінің ұлттық платформасын сүйемелдеу және оған жүйелік-техникалық қызмет көрсету;

      3) жасанды интеллектінің ұлттық платформасы базасында жасанды интеллект саласында көрсетілетін қызметтерді ұсыну;

      4) деректерді басқару жөніндегі талаптарға сәйкес жасанды интеллектінің ұлттық платформасының жұмыс істеуі үшін қажетті дерекнамаларды жинау, өңдеу, сақтау;

      5) жасанды интеллектінің ұлттық платформасында жасанды интеллектінің платформалық бағдарламалық өнімдері мен модельдерін әзірлеу, оларды орналастыру және сүйемелдеу;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыру.

3-тарау. ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ САЛАСЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАТЫНАСТАР СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

15-бап. Жасанды интеллект жүйелерінің меншік иелері мен иегерлерінің құқықтары мен міндеттері

      1. Жасанды интеллект жүйелерінің меншік иелері мен иегерлері:

      1) жасанды интеллект жүйелерін пайдаланудың шарттары мен шектеулерін айқындауға;

      2) жасанды интеллект жүйелеріне өз құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыруға құқылы.

      2. Жасанды интеллект жүйелерінің меншік иелері мен иегерлері:

      1) жасанды интеллект жүйелерінің қауіп-қатерлерін басқаруды жүзеге асыруға;

      2) жасанды интеллект жүйелеріне санкцияланбаған қол жеткізуден, олардың жұмыстарында болатын іркілістерден қорғауды қоса алғанда, осы жүйелердің қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауға;

      3) жасанды интеллект жүйелеріне арналған құжаттама тізбесіне сәйкес жасанды интеллект жүйесінің жеке тұлғалардың қауіпсіздігіне, құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамдық тәртіпке әсер ету дәрежесіне қарай оған арналған құжаттаманы жүргізуге;

      4) жасанды интеллект жүйелерінің жұмыс істеуі мәселелері бойынша пайдаланушыларды қолдауды жүзеге асыруға;

      5) пайдаланушыларға жасанды интеллект жүйесінің пайдаланушы келісімімен оны пайдалану басталғанға дейін танысуға мүмкіндік беруге міндетті.

      3. Меншік иелері мен иегерлері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де құқықтарға ие болады және өзге де міндеттерді орындайды.

16-бап. Пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттері

      1. Пайдаланушылар:

      1) жасанды интеллект жүйесінің пайдаланушы келісімімен танысуға;

      2) өзінің дербес деректерінің және жасанды интеллект жүйесі өңдейтін құпия ақпараттың қорғалуына;

      3) жасанды интеллект жүйелері пайдаланыла отырып құрылған зияткерлік меншік құқықтары объектілеріне өз құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыруға;

      4) жасанды интеллект жүйесінің меншік иесінен немесе иегерінен өз құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қозғайтын осы жүйе қызметінің нәтижелері туралы түсіндірмелерді пайдаланушы келісімінде және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен алуға;

      5) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын, ақпараттың құпиялылығы мен коммерциялық құпияны қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды ескере отырып, жасанды интеллект жүйесінің шешім қабылдауына негіз болған деректер туралы ақпаратты пайдаланушы келісімінде көзделген көлемде сұратуға;

      6) жасанды интеллект жүйесімен өзара іс-қимыл жасау міндеттілігі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленбеген жағдайларда мұндай өзара іс-қимыл жасаудан бас тартуға құқылы.

      2. Пайдаланушылар:

      1) жасанды интеллект жүйелерін тек қана ұсынылған қол жеткізу құқықтары шеңберінде пайдалануға;

      2) жасанды интеллект жүйелерін пайдалану кезінде белгіленген қауіпсіздік қағидалары мен шараларын сақтауға міндетті.

      3. Пайдаланушылар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де құқықтарға ие болады және өзге де міндеттерді орындайды.

4-тарау. ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖҮЙЕЛЕРІ

17-бап. Жасанды интеллект жүйелерінің құқықтық режимі

      1. Жасанды интеллект жүйелері пайдаланушылардың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне әсер ету дәрежесіне қарай мынадай жүйелерге бөлінеді:

      1) жұмыс істеуінің бұзылуы немесе тоқтатылуы жүйелерді пайдаланушыларға барынша аз әсер ететін қауіп-қатер дәрежесі ең төмен жүйелер;

      2) жұмыс істеуінің бұзылуы немесе тоқтатылуы пайдаланушылар қызметінің тиімділігі мен нәтижелігінің төмендеуіне алып келуі және моральдық зиян немесе материалдық залал келтіруі мүмкін қауіп-қатер дәрежесі орташа жүйелер;

      3) жұмыс істеуінің бұзылуы немесе тоқтатылуы әлеуметтік және (немесе) техногендік сипаттағы төтенше жағдайға және (немесе) Қазақстан Республикасының қорғанысы, қауіпсіздігі, халықаралық қатынастары, экономикасы, шаруашылығының жекелеген салалары, пайдаланушылары, инфрақұрылымы, жеке тұлғалардың тыныс-тіршілігі үшін елеулі жағымсыз салдарларға алып келуі мүмкін қауіп-қатер дәрежесі жоғары жүйелер.

      Жасанды интеллект жүйелерін ең төмен, орташа не жоғары қауіп-қатер дәрежесіне жатқызуды оның меншік иесі және (немесе) иегері ақпараттандыру объектілерін сыныптау қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.

      Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне жатқызылған, сондай-ақ мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған қауіп-қатері жоғары жасанды интеллект жүйелері ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтау бөлігінде мемлекеттік ресурстарға теңестіріледі.

      2. Жасанды интеллект жүйелері шешімдер қабылдауда тәуелсіз болу мен пайдаланушыға әсер ету дәрежесіне қарай мынадай жүйелерге бөлінеді:

      1) деректерді автоматтандырылған өңдеуге және ұсынымдарды, болжамдарды немесе шешімдер нұсқаларын қалыптастыруға арналған дербестігі төмен жүйелер, алайда оларды түпкілікті таңдау мен олардың әрекет етуін әрдайым адам жүзеге асырады;

      2) шешімдерді дербес өңдеу мен қабылдауға арналған дербестігі орташа жүйелер, бұл ретте адамның мұндай шешімдерді түзету немесе күшін жою мүмкіндігі сақталады;

      3) шешімдерді дербес өңдеу мен қабылдауға арналған дербестігі жоғары жүйелер, бұл ретте адамның мұндай шешімдерді түзетуі немесе күшін жоюы мүлдем мүмкін емес не техникалық тұрғыдан мүмкін болмайды.

      Дербестігі жоғары жасанды интеллект жүйелерін құру және пайдалану ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

      3. Мынадай:

      1) жеке тұлғаның мінез-құлқын бұрмалайтын және саналы түрде шешімдер қабылдау қабілетін шектейтін немесе зиян келтіруі немесе зиян келтіру қатерін төндіруі мүмкін шешімдер қабылдауға мәжбүрлейтін түпсаналық, манипуляциялық немесе өзге де әдістерді пайдалану;

      2) адамға зиян келтіру немесе зиян келтіру қатерін төндіру мақсатында жасына, мүгедектігіне, әлеуметтік жағдайына және кез келген өзге де мән-жайларға байланысты жеке тұлғаның моральдық және (немесе) физикалық осалдылығын пайдалану;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, белгілі бір уақыт кезеңінде жеке тұлғалардың немесе адамдар тобының әлеуметтік мінез-құлқының немесе мәлім болған, көзделетін немесе болжанатын жеке қасиеттерінің негізінде оларды бағалау және сыныптау;

      4) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұза отырып дербес деректерді жинау және өңдеу;

      5) жеке тұлғаларды олардың нәсілі, саяси көзқарастары, діни тиесілілігі жөнінде және жеке тұлғаны қандай да бір кемсіту үшін пайдалану мақсатында кез келген өзге де мән-жайлар (өлшемшарттар) бойынша тұжырымдар қалыптастыру үшін олардың биометриялық деректері негізінде сыныптау;

      6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке тұлғаның келісімінсіз оның эмоцияларын айқындау;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған жасанды интеллект жүйелерін құру және олардың қызметі нәтижелерін тарату сияқты функционалдық мүмкіндіктердің біріне ие жасанды интеллект жүйелерін Қазақстан Республикасының аумағында құруға және пайдалануға тыйым салынады.

      4. Жасанды интеллект жүйелері пайдалану режиміне қарай ашық, жабық және оқшау болып бөлінеді.

      Жасанды интеллектінің ашық жүйелері – архитектурасы мен параметрлері пайдаланушы келісімінің шарттарына сәйкес еркін пайдалану, түрлендіру және тарату үшін қолжетімді жүйелер.

      Жасанды интеллектінің жабық жүйелері – архитектурасы мен параметрлеріне қол жеткізуді осы жүйелердің меншік иесі немесе иегері шектеген жүйелер.

      Жабық жүйелер пайдаланушы келісімінің шарттарына және Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сәйкес пайдаланылады.

      Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасының талаптары сақталған жағдайда ғана, Қазақстан Республикасының заңдарымен қол жеткізілуі шектелген деректерді өңдеу үшін жасанды интеллектінің ашық жүйелерін пайдалануға жол беріледі.

      Жасанды интеллектінің оқшау жүйелері – ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілеріне қосылмай, иегерінің (оператордың) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы шегінде оқып-үйрену мен пайдалану жүзеге асырылатын жүйелер.

      Жасанды интеллектінің оқшау жүйелері Қазақстан Республикасының заңдарымен қол жеткізілуі шектелген деректерді өңдеу үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілеріне қосыла алатын жүйелерді пайдалану мүмкіндігіне жол бермейтін өзге де жағдайларда қолданылады.

18-бап. Жасанды интеллект жүйелерінің қауіп-қатерлерін басқару

      1. Жасанды интеллект жүйелерінің қауіп-қатерлерін басқару деп оның меншік иесі және (немесе) иегері жасанды интеллект жүйесінің бүкіл өмірлік циклі бойына жоспарлаған және орындайтын үздіксіз процесс түсініледі, ол:

      1) жасанды интеллект жүйесі өзінің болжамды мақсатына сәйкес пайдаланылған кезде оның мәлім болған және болжанатын қауіп-қатерлерін анықтау мен талдауды;

      2) жасанды интеллект жүйесінің болжамды мақсатына сәйкес және мақсатсыз пайдаланылуы болжанатын жағдайларда жүзеге асырылатын қауіп-қатерлерін бағалауды;

      3) анықталған қауіп-қатерлердің алдын алу мен оларды жоюға арналған қауіп-қатерлерді басқару жөніндегі тиісті және мақсатты шаралар қабылдауды;

      4) қауіп-қатерлердің тұрақты түрде, жылына бір реттен сиретпей жаңартылып отыруын қамтиды.

      2. Осы Заңның 17-бабының 3-тармағында көрсетілген мән-жайлардың туындау қауіп-қатерлері анықталған жағдайда жасанды интеллект жүйелерінің меншік иелері мен иегерлері залалды болғызбауға және барынша азайтуға, сондай-ақ жеке тұлғалардың, қоғамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған, оның ішінде осындай жасанды интеллект жүйесін пайдалануды тоқтата тұру немесе толық тоқтату арқылы дереу шаралар қабылдауға тиіс.

19-бап. Қауіп-қатер дәрежесі жоғары жасанды интеллектінің сенімді жүйелерінің тізбелері

      1. Салалық мемлекеттік органдар қауіп-қатер дәрежесі жоғары жасанды интеллектінің сенімді жүйелерінің тізбелерін жасанды интеллект жүйелеріне деген сенімді қамтамасыз ету және оларды тиісті салада (аяда) қолданудың үздік практикаларын тарату мақсатында қалыптастырады және олар мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тұрақты негізде жарияланып отырады.

      2. Сенімді жүйелер тізбесіне өз жүйелерінің енгізілуіне үміткер жасанды интеллект жүйелерінің меншік иелері және (немесе) иегерлері жасанды интеллект жүйелерінің аудитін жүзеге асырады.

20-бап. Жасанды интеллект жүйелерінің аудиті

      1. Жасанды интеллект жүйелерінің аудиті ақпараттық жүйелер аудитін жүргізу қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

      2. Жасанды интеллект жүйелеріне аудит жүргізу кезінде мыналар қоса бағалануға тиіс:

      1) жасанды интеллект модельдерін оқып-үйрену үшін қолданылатын дерекнамалардың сапасы және оларды пайдаланудың құқыққа сыйымдылығы;

      2) осы Заңға сәйкес жасанды интеллект жүйелерінің тыйым салынған функционалдық мүмкіндіктерінің бар-жоғы.

21-бап. Жасанды интеллект жүйелерін пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету

      1. Пайдаланушылар тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жасанды интеллект жүйелері пайдаланыла отырып өндірілгені немесе көрсетілетіні туралы хабардар етілуге тиіс.

      2. Жасанды интеллект жүйелері қызметінің синтетикалық нәтижелерін олар машина оқитын нысанда таңбаланған және қабылдауды қиындататын әдістер қолданылмай, пайдаланушының осындай қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз ететін көрнекі нысанмен не өзге де ескерту нысанымен сүйемелденген жағдайда ғана таратуға жол беріледі.

      3. Жасанды интеллект жүйелері қызметінің синтетикалық нәтижелері туралы пайдаланушыларды хабардар ету жауапкершілігі осындай жүйелердің меншік иелеріне немесе иегерлеріне жүктеледі.

      4. Дербес деректерді тек қана автоматтандырылған өңдеу негізінде шешімдер қабылдауға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасында белгіленеді.

      5. Жасанды интеллект жүйелерінің қызметі нәтижелерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету жөніндегі міндет жасанды интеллект жүйелерінің меншік иелеріне және (немесе) иегерлеріне жүктеледі.

22-бап. Жасанды интеллект саласындағы машина оқитын нысандар

      1. Жасанды интеллект саласында ашықтық пен есеп берушілікті қамтамасыз ету мақсатында ақпаратты автоматтандырылған тәсілмен тіркеп-белгілеуге және тануға мүмкіндік беретін машина оқитын нысандар қолданылады.

      2. Машина оқитын нысандар жасанды интеллект жүйелерінің және деректерді өңдейтін өзге де құралдардың тиісті жағдайларды ауыстырмай және автоматты түрде тануын қамтамасыз етуге тиіс.

      3. Машина оқитын нысандарды әзірлеу, қолдану және тарату тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

23-бап. Авторлық құқық

      1. Жасанды интеллект жүйелері пайдаланылып жасалған туындылар олардың жасалуына адам шығармашылық үлес қосқан жағдайда ғана авторлық құқықпен қорғалады.

      2. Адамның интеллектуалды шығармашылық қызметінің нәтижесі болып табылатын, жасанды интеллект жүйелеріне жіберілетін мәтіндік сұрау салулар Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңнамасына сәйкес авторлық құқық объектілері деп танылады.

      3. Туындыларды жасанды интеллект модельдерін оқып-үйрену үшін пайдалану Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңнамасында көзделген білім беру мақсатында немесе ғылыми мақсаттарда туындыларды еркін пайдалану жағдайларына жатпайды.

      4. Туындыларды жасанды интеллект модельдерін оқып-үйрену үшін пайдалану қайта шығаруды, таратуды, қайта өңдеуді, көпшілікке көрсетуді, орындауды, эфирде беруді немесе кәбіл бойынша хабарлауды, жалпы жұрттың назарына жеткізуді және Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңнамасында көзделген өзге де әрекеттерді қоса алғанда, олардың автордың жеке мүліктік емес және мүліктік (айрықша) құқықтарына жататын нысандарда пайдаланылуын көздемейді.

      5. Туындыларды жасанды интеллект модельдерін оқып-үйрену үшін пайдалануға автордың немесе құқық иеленушінің тарапынан машина оқитын нысандағы тыйым салу болмаған кезде ғана жол беріледі.

24-бап. Жасанды интеллект жүйелері келтірген зиянды өтеу

      1. Жасанды интеллект жүйелері келтірген зиянды өтеу Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

      2. Жасанды интеллект жүйелері келтірген зиян үшін жауапкершілікті және жасанды интеллект жүйелерін пайдалануға байланысты қауіп-қатерлерді сақтандыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

5-тарау. ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ ҰЛТТЫҚ ПЛАТФОРМАСЫ ЖӘНЕ ДЕРЕКНАМАЛАР

25-бап. Жасанды интеллектінің ұлттық платформасы

      1. Жасанды интеллектінің ұлттық платформасы жасанды интеллектінің платформалық бағдарламалық өнімдерін, модельдерін шектеулі уақыт кезеңінде әзірлеу, оқып-үйрену, тәжірибелік пайдалану үшін бақыланатын ортаны қамтамасыз етеді.

      2. Жасанды интеллектінің платформалық бағдарламалық өнімдерін, модельдерін әзірлеу, жасанды интеллектінің ұлттық платформасында орналастыру үшін жасанды интеллектінің ұлттық платформасында қызметтер көрсету шеңберінде жасанды интеллектінің ұлттық платформасы операторының жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

26-бап. Жасанды интеллектінің ұлттық платформасы операторының есептеу ресурстары

      1. Есептеу ресурстарына қолжетімділік беруді уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жасанды интеллектінің ұлттық платформасының операторы жүзеге асырады.

      2. Уәкілетті орган есептеу ресурстарына басым тәртіппен қолжетімділік алу үшін тұлғалардың санаттарын айқындайды.

      3. Есептеу ресурстарына қолжетімділік беру жасанды интеллектіні ендіру үшін экономиканың басымдық берілетін секторларының тізбесі ескеріле отырып жүзеге асырылады.

27-бап. Дерекнамалар

      1. Дерекнамалардың меншік иелері мен иегерлері:

      Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тыйым салулар мен шектеулерді сақтай отырып, дерекнамаларды еркін құруға, пайдалануға және таратуға;

      жасанды интеллект модельдерін пайдаланудың шарттары мен шектеулерінің сақталуын қоса алғанда, мәлімделген мақсаттар шегінде оларды оқып-үйрену үшін өз дерекнамаларының пайдаланылуын бақылауға;

      пайдалану шарттарының сақталуын растау үшін қажетті бөлігінде өздері ұсынған дерекнамаларда оқып-үйренетін жасанды интеллект модельдерінің жұмыс істеу қағидаттары туралы ақпарат алуға құқылы.

      2. Дерекнамалардың меншік иелері мен иегерлері:

      ұсынылатын дерекнамалардың сапасы мен өзектілігін қамтамасыз етуге;

      дерекнамаларға қол жеткізу шарттары мен тәртібін айқындауға және оларды пайдаланушыға жеткізуге;

      Қазақстан Республикасы заңнамасының, оның ішінде дербес деректер және оларды қорғау туралы, авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті.

      3. Жасанды интеллект модельдерін оқып-үйрену алдын ала айқындалған және заңды мақсаттар шеңберінде деректердің меншік иелері немесе иегерлері ұсынған дерекнамалар негізінде жүзеге асырылады.

      4. Деректердің меншік иелері мен иегерлерінің дерекнамаларды құруы және ұсынуы деректерді басқару жөніндегі талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Дерекнамаларды әзірлеуші туралы мәліметтер меншік немесе иелену құқықтарының кейіннен ауысуына қарамастан, дерекнаманы құру кезінде және оны беру кезінде міндетті түрде машина оқитын нысанда көрсетілуге тиіс.

6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

28-бап. Мемлекеттік қолдау шаралары

      1. Жасанды интеллектіні дамытуды мемлекеттік қолдау шаралары Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Уәкілетті орган, мемлекеттік органдар, ұлттық даму институттары және өзге де ұйымдар мемлекеттік қолдауды жасанды интеллектіні ендіру үшін экономиканың басымдық берілетін секторларының тізбесін ескере отырып, өз құзыреттері шегінде жүзеге асырады.

29-бап. Жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастық

      1. Қазақстан Республикасының жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастығы халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Мемлекеттік органдар уәкілетті органмен келісу бойынша жасанды интеллект саласында шет мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен, халықаралық ұйымдармен және шетелдік заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асырады.

30-бап. Қазақстан Республикасының жасанды интеллект саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының жасанды интеллект саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады