"Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 53-бабының 9-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты және банктік салым шарты бойынша сыйақының өзгермелі мөлшерлемесін есептеу қағидалары, қолданылу шарттары бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасы қаулысының және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы қаулысының құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Іс-қимылды қадағалау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |
| Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының ______________ № қаулысымен бекітілген |
Жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты және банктік салым шарты бойынша сыйақының өзгермелі мөлшерлемесін есептеу қағидаларын, қолданылу шарттары
1. Осы Жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты және банктік салым шарты бойынша сыйақының өзгермелі мөлшерлемесін есептеу қағидаларын, қолданылу шарттары "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Банктер туралы заң) 53-бабының 9-тармағына сәйкес әзірленді және банктер, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары мен банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар (бұдан әрі бірлесіп – банк) үшін жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты (бұдан әрі – банктік қарыз шарты) және жеке мен заңды тұлғалармен жасалатын мерзімді немесе жинақ салымдары шарттары бойынша сыйақының өзгермелі мөлшерлемесін есептеу тәртібі мен оның қолданылу талаптарын айқындайды.
1-тарау. Банктік қарыз шарты бойынша сыйақының өзгермелі мөлшерлемесін есептеу тәртібі, қолданылу шарттары
2. Банктік қарыз шарты бойынша сыйақының өзгермелі мөлшерлемесі базалық көрсеткіш пен пайыздық пункттермен есептелетін, номиналды шамада көрсетілген пайыздық спрэд мөлшерлемесінің (бұдан әрі – пайыздық спрэд) қосындысы ретінде айқындалады.
3. Базалық көрсеткіш ретінде мыналардың бірі пайдаланылады:
теңгемен жасалған шарттар бойынша – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейтін базалық мөлшерлеме;
ресей рублімен жасалған шарттар бойынша – Ресей Федерациясының Орталық Банкі белгілейтін негізгі мөлшерлеме;
Америка Құрама Штаттарының (бұдан әрі – АҚШ) долларымен жасалған шарттар бойынша – АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі белгілеген федералдық қор мөлшерлемесі диапазонының жоғарғы шегі;
еуромен жасалған шарттар бойынша – Еуропалық Орталық Банк белгілейтін қайта қаржыландырудың негізгі операциялары бойынша пайыздық мөлшерлеме.
4. Пайыздық спрэд мөлшерлемесі банк банктік қарыз шартын жасасу кезінде белгілейтін тіркелген мән болып табылады және оны азайту жағына қарай өзгерту жағдайларын қоспағанда, өзгертуге жатпайды.
5. Шарттың қолданылу кезеңінде банк сыйақының өзгермелі мөлшерлемесін жылына екі реттен артық емес және өзгермелі мөлшерлеменің мәні соңғы қайта қаралған күннен бастап алты айдан ерте емес мерзімде қайта қарайды.
6. Сыйақының өзгермелі мөлшерлемесі кезекті қайта қарау кезінде ұлғайтылуы мүмкін шекті мәнді шарт тараптары оны жасау кезінде айқындайды және ұлғайтуға жатпайды.
7. Банк шарт бойынша кезекті төлемдер басталғанға дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей қарыз алушыны шартта көзделген тәсілмен негізгі борышты, сыйақыны өтеу сомаларын, келесі өтеу күніне негізгі борыштың қалдықтарын көрсете отырып, өзгермелі мөлшерлеменің өзгергені туралы, кезекті төлемдердің мөлшері, төлеуге жататын негізгі борыш пен сыйақының жалпы жиынтық сомалары және олардың жиынтық мәні туралы хабардар етеді.
8. Қарыз бойынша сыйақыны өтеу банктің өтеу күніне белгіленген сыйақының өзгермелі мөлшерлемесіне сәйкес жүзеге асырылады.
2-тарау. Банктік салым шарт бойынша сыйақының өзгермелі мөлшерлемесін есептеу қағидалары, қолданылу шарттары
9. Банктік салым шарты бойынша сыйақының өзгермелі мөлшерлемесі базалық көрсеткіш пен пайыздық спрэд мөлшерлемесінің қосындысы ретінде айқындалады.
10. Банктік салым шарттары бойынша базалық көрсеткіш ретінде мынадай көрсеткіштердің бірі пайдаланылады:
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейтін базалық мөлшерлеме;
Tenge OverNight Index average (TONIA) мөлшерлемесі – қор биржасында жасалған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарымен автоматты репо секторында 1 (бір) жұмыс күні мерзімімен репоны ашу мәмілелері бойынша орташа алынған пайыздық мөлшерлеме;
Tenge Week Index average (TWINA) мөлшерлемесі – қор биржасында жасалған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарымен автоматты репо секторында күнтізбелік 7 (жеті) күн мерзімімен репоны ашу мәмілелері бойынша орташа алынған пайыздық мөлшерлеме.
11. Пайыздық спрэд пайыздық тармақтармен есептелетін номиналды шамада көрсетіледі және шартты жасаған кезде банк белгілейтін тіркелген мәнді білдіреді, пайыздық спрэдтің мөлшерін ұлғайту және (немесе) салым мерзімін ұзарту жағдайларын қоспағанда, ол өзгертілмейді.
12. Егер банктік салым шартының қолданылу кезеңінде өзгермелі мөлшерлеменің мәні теріс болса, онда оның мәні нөлге тең болып қабылданады.
13. Банктік салым шартының қолданылу кезеңінде банк сыйақының өзгермелі мөлшерлемесін есептеу үшін пайдаланылатын базалық көрсеткішті ескере отырып, шарттың талаптарына сәйкес сыйақының өзгермелі мөлшерлемесін қайта қарайды.
Күші жойылды деп танылатын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасы қаулысының және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы қаулысының құрылымдық элементтерінің тізбесі
1. "Сыйақының өзгермелі мөлшерлемесін есептеу қағидаларын, оның қолданылу шарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 30 маусымдағы № 119 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15460 болып тіркелген).
2. "Банктік салым шарттары бойынша өзгермелі сыйақы мөлшерлемесін есептеу қағидаларын, оның қолданылу шарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 194 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17493 болып тіркелген).
3. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 19 қарашадағы № 203 қаулысының 4-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19641 болып тіркелген).
4. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерлері филиалдарының және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 17 ақпандағы № 34 қаулысының 12 және 15-тармақтары (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22239 болып тіркелген).
