Қазақстан Республикасының "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" Заңының 4 бабы 9-41) тармақшасына сәйкес Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Алматы қаласының тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның авариялық-қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарын жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
3. Осы қаулы алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Алматы қаласының әкімі | Е. Досаев |
Алматы қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 24 сәуірдегі |
№ 2/358 қосымша |
Алматы қаласының тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның авариялық-қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарын жүргізу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Алматы қаласының тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның авариялық-қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарын жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" заңдарына сәйкес әзірленді.
2. Авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу бойынша дайындық іс-шаралары
2. Қалпына келтіру жұмыстарын кідіріссіз жүргізуді, жол жабындарын ашуды, көшелерді, алаңдарды және басқа да ортақ пайдаланылатын орындарды қазуды талап ететін инженерлік желілердегі авариялар кезінде пайдаланушы ұйым аумақтылығы бойынша Алматы қаласының тиісті ауданы әкімінің аппаратын хабардар етеді.
3. Алматы қаласы тиісті аудан әкімінің аппараты энергетика және сумен жабдықтау, автомобиль жолдары саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік атқарушы органдарға және Полиция департаментіне тиісті шаралар қабылдау туралы хабарлайды.
4. Қоршаған ортаға зиян келтірілген жағдайда Алматы қаласының тиісті ауданы әкімінің аппараты қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік органды, су құбыры және/немесе кәріз желілерінде авария болған жағдайда - санитариялық-эпидемиологиялық қызметті хабардар етеді.
5. Автомобиль жолдары саласындағы мемлекеттік орган және қаланың Полиция департаменті автомобиль жолдарындағы апат туралы хабарлама алу бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде қажетті шараларды қабылдайды.
3. Сыртқы инженерлік желілердің аварияларын жою
6. Аварияны жою жөніндегі жұмыстар инженерлік желілерді пайдаланушы ұйымдарға жүктеледі.
7. Аварияны жою жөніндегі жұмыстар қауіпсіздік техникасының талаптарына сәйкес және (немесе) көлік құралдарының жүруін ескере отырып, қорғаныш қатты қоршаулар, ескерту белгілері, объект паспорты, түнгі уақытта сигналдық жарықтандыру орнатыла отырып жүргізіледі.
8. Асфальтбетон жабыны бұзылған кезде орды қайта толтыру құмды, ірі малтасты топырақпен, қиыршық тасты немесе басқа да сығылмайтын (деформация модулі 20 мегапаскаль және одан да көп) жергілікті материалдармен, цементтеу қасиеті жоқ, қабатты тығыздағышпен жүргізіледі.
9. Қалпына келтіру жұмыстары, жол төсемінің ені үш метрден жеті метрге дейін болған кезде, асфальтбетон төсемі қазу ұзындығы бойынша қолданыстағы жолдың бүкіл еніне, ені жеті метрден асқан кезде қазу ұзындығы бойынша жол осінен өтетін жолдың бүкіл еніне қалпына келтіріледі.
10. Күзгі-қысқы кезеңде асфальтбетон жабынын қазуға байланысты жұмыстарды жүргізу кезінде жұмыстарды жүргізуге жауапты ұйым қазу орындарын ордың бүкіл ені бойынша бетон плиталарымен және тротуар тастарымен (төсемшелермен) төсеуді және асфальтбетон жабыны толық қалпына келтірілгенге дейін оларға қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
11. Қалпына келтіру жұмыстарын апат болған сәттен бастап 5 (бес) күнтізбелік күн ішінде аяқтау қажет.
12. Қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін пайдаланушы ұйым автомобиль жолдары саласындағы мемлекеттік органға және Алматы қаласының тиісті аудан әкімінің аппаратына автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау кезіндегі жұмыстар мен материалдарға сараптама қорытындысын ұсынады.
13. Қалпына келтірілген асфальтбетон жабынының сәйкессіздігі туралы сараптаманың теріс қорытындысы болған кезде мердігер бұзушылықтар мен ақауларды жою жөніндегі іс-шараларды 7 (жеті) жұмыс күні ішінде жүргізеді.
14. Мердігердің сараптама қорытындысына сәйкес бұзушылықтар мен ақауларды жою нәтижелері бойынша тапсырыс беруші 2 (екі) жұмыс күні ішінде автомобиль жолдары саласындағы мемлекеттік органды жазбаша хабардар етеді.
4. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның құрылыс жұмыстарын жүргізу
15. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу басталғанға дейін тапсырыс беруші мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауды жүзеге асыратын органдарды құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізудің басталғаны туралы хабардар етеді.
16. Аралас инженерлік желілер мен құрылыстардың зақымдануының алдын алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жұмыстарды жүргізуге жауапты тұлға:
1) алдағы жұмыс орнына пайдаланушы ұйымдардың өкілдерін шақырады;
2) қолданыстағы желілер мен құрылыстардың нақты орналасуын бірлесіп белгілейді;
3) олардың толық сақталуына шаралар қабылдайды.
17. Жол жабындарын ашу, көшелерді, алаңдарды және басқа да ортақ пайдаланылатын орындарды қазу жұмыстары аумақтылығы бойынша Алматы қаласы аудан әкімінің аппаратымен, автомобиль жолдары, қоршаған орта саласындағы мемлекеттік органмен және құзыреті бойынша Полиция департаментімен келісімдер болған кезде жүргізіледі.
18. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу басталғанға дейін пайдаланушы ұйым:
1) қауіпсіздік техникасының талаптарына сәйкес ескерту белгілерін орнатады;
2) жаяу жүргіншілер жүретін жерлерде тұтқалары бар жаяу жүргіншілер көпірлерін орнатады және түнгі уақытта қазу телімін жарықтандыруды қамтамасыз етеді;
3) нормативтік техникалық құжаттардың талаптарын ескере отырып, халықтың аз қозғалатын топтары үшін жұмыс жүргізу орнын айналып өтудің қауіпсіз жолдарын ұйымдастырады;
4) арық желісінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету шараларын қабылдайды;
5) механизмдердің жұмыс аймағында жасыл желектер болған кезде оларды жасыл желектердің сақталуына кепілдік беретін соқыр қалқандармен қоршайды;
6) айналып өтудің сызбасын белгілейді;
7) жолаушылар автокөлігінің маршруттарын өзгерту қажет болған жағдайда, тапсырыс беруші жұмыстар жүргізілгенге дейін 3 (үш) жұмыс күні бұрын осы өзгерістерді автомобиль жолдары саласындағы мемлекеттік органмен және қаланың Полиция департаментімен келісіп, азаматтарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы міндетті түрде хабардар етеді;
19. Құрылыс материалдарын сақтауға арналған арнайы бөлінген алаңдар болған жағдайларды қоспағанда, материалдарды жұмыстар орындалатын жерге жеткізуге жұмыстарды орындау басталғанға дейін кемінде 24 сағат бұрын жол беріледі.
20. Көшелерде, алаңдарда және басқа да абаттандырылған аумақтарда жерасты коммуникацияларын төсеу үшін орлар мен қазаншұңқырларды қазу келесі шарттарды сақтай отыра жүргізіледі:
1) жұмыс өндірісі жобасына сәйкес, жұмыс шағын телімдерде орындалады;
2) қызметкерлерді 1,3 м тереңдіктегі ойықтарға жібермес бұрын жауапты тұлға еңістердің жай-күйін, сондай-ақ ойықтың қабырғаларындағы бекітулердің сенімділігін тексеруі тиіс;
3) келесі телімдерге жұмысты бастау, алдыңғы телімдердегі барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін, қайта қалпына келтіру жұмыстары мен аумақты тазалауды қосқанда ғана рұқсат етіледі;
4) орлар мен қазаншұңқырлардан шығарылған топырақтар жұмыс орнынан тез арада шығарылуы тиіс;
5) қазу орындарында асфальтбетон жабынын қалпына келтіруге арналған жол төсемесінің конструкциясын асфальтбетон жабынын төсеуге дейін үш күн ішінде автомобиль жолдары саласындағы мемлекеттік органмен келісу қажет;
6) кабельдік кәріздерді, электр кабельдерін және тротуарлар бойынша басқа да инженерлік желілерді төсеу кезінде асфальтбетон жабыны тротуарлардың бүкіл ені бойынша қалпына келтіріледі;
7) орды қайта толтыру борпылдақ топырақты қабаттап нығыздай отырып жүзеге асырылады;
8) топырақты кері толтыруға, сондай-ақ жасыл екпелерді, құрылыс материалдарымен толтыруға, жерасты құрылыстары құдықтарының қақпақтарын, суағар торлары мен су бұру науаларды бітеп тастауға жол берілмейді.
21. Жұмыстарды жүргізу аяқталғаннан кейін инженерлік желінің жобасына, оның ішінде жол төсемінің конструкциясына сәйкес жүргізілген жұмыстардың актісі ресімделеді.
22. Тапсырыс беруші асфальтбетон жабынын сапалы қалпына келтіруді қамтамасыз етеді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кепілдік міндеттемелерін атқарады.
23. Инженерлік желілерді құрастыру және салынған инженерлік құрылыстарды топырақпен жапқанға дейін, топографиялық түсірмесін (атқарушылық түсірілім) алу керек. Құдығы мен қақпағы бар коммуникациялардың атқарушылық түсірілімі (тура телімдегі бұрылу бұрышынсыз) орды көмгеннен кейін және сыртқы көріктендіру элементтерін толық қалпына келтіргеннен кейін жүргізуге болады.
24. Барлық инженерлік желілер мен олардың құрылыстарының атқарушылық түсірілімі мемлекеттік сәулет және қала құрылысы органына беріледі.
25. Құрылысы аяқталған инженерлік желілер мен құрылыстарды пайдалануға қабылдау Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Заңына сәйкес жүргізіледі.
26. Алматы қаласының көшелеріндегі және ішкі аумақтарындағы құдықтардың, жылу камераларының, люктердің тиісті жай-күйіне пайдаланушы ұйым не қарамағында осы инженерлік желі бар ұйым Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.