Тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін және алушылар санатының тізбесін анықтау туралы

Жаңа

Қарағанды қалалық мәслихатының 2025 жылғы 28 мамырдағы № 264 шешімі. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2025 жылғы 30 мамырда № 6782-09 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңдарына, "Тұрғын үй сертификаттарын беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18883 тіркелген) сәйкес, Қарағанды қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің 1, 2 - қосымшасына сәйкес Қарағанды қаласы бойынша тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаттарының мөлшері мен тізбесі айқындалсын.

      2. Осы шешімнің 3 - қосымшасына сәйкес Қарағанды қалалық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Төраға А. Букенов

  Қарағанды қалалық
мәслихатының
2025 жылғы 28
мамырдағы
№ 264
шешіміне 1- қосымша

Тұрғын үй сертификатының мөлшері

      1. әлеуметтік көмек түрінде әрбір алушы үшін қарыз сомасының 10%-ы, бірақ 1,5 миллион (бір миллион бес жүз мың) теңгеден артық емес.

      2. әлеуметтік қолдау түрінде әрбір алушы үшін қарыз сомасынан 10%-ы, бірақ 1,5 миллион (бір миллион бес жүз мың) теңгеден артық емес.

  Қарағанды қалалық
мәслихатының
2025 жылғы 28
мамырдағы
№ 264
шешіміне
2- қосымша

Тұрғын үй сертификаттарын алушылар санатының тізбесі

      Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;

      басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;

      бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар;

      мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

      денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;

      жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;

      кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады. Мұндай адамдардың жасы әскери қызметке шақырылған кезде мерзiмдi әскери қызметтен өту мерзiмiне ұзартылады;

      қандастар;

      экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;

      мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;

      толық емес отбасылар;

      асырауында кәмелетке толмаған балалары және жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын, бірақ жиырма үш жасқа толмаған балалары бар жесір әйелдер (тұл ер адамдар) жатады.

  Қарағанды қалалық
мәслихатының
2025 жылғы 28
мамырдағы
№ 264
шешіміне 3 - қосымша

Мәслихаттың күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. Қарағанды қалалық мәслихатының 2019 жылғы 23 тамыздағы № 426 "Тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін және алушылар санатының тізбесін айқындау туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5454 болып тіркелді);

      2. Қарағанды қалалық мәслихатының 2022 жылғы 27 сәуірдегі № 149 "Қарағанды қалалық мәслихатының 2019 жылғы 23 тамыздағы № 426 "Тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін және алушылар санатының тізбесін бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27931 болып тіркелді);

      3. Қарағанды қалалық мәслихатының 2023 жылғы 25 мамырдағы № 32 "Қарағанды қалалық мәслихатының 2019 жылғы 23 тамыздағы № 426 шешіміне "Тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін және алушылар санатының тізбесін айқындау туралы" өзгеріс енгізу туралы шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6419-09 болып тіркелді).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады