Ақтөбе қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Ақтөбе қалалық мәслихатының "Ақтөбе қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау туралы" 2024 жылғы 30 мамырдағы № 172 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8588-04 болып тіркелген) келесі өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген шешімнің тақырыбы жаңа редакцияда жазылсын:
"Ақтөбе қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен қағидаларын бекіту туралы";
көрсетілген шешімнің 1-тармағы жаңа редакцияда жазылсын:
"1. Осы шешімнің 1- қосымшасына сәйкес тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен қағидалары бекітілсін.";
көрсетілген шешімнің 1-қосымшасы осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. "Ақтөбе қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы шешімді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы шешімді оны ресми жариялағаннан кейін Ақтөбе қалалық мәслихатының интернет – ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Ақтөбе қалалық мәслихатының төрағасы | А. Даржанова |
| Ақтөбе қалалық мәслихатының 2025 жылғы 18 қарашадағы № 358 шешіміне қосымша |
|
| Ақтөбе қалалық мәслихатының 2024 жылғы 30 мамырдағы № 172 шешімімен бекітілген |
Ақтөбе қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Тұрғын үй көмегін тағайындау "Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) жүзеге асырылады.
2. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжайы ретінде меншік құқығындағы тұрған тұрғынжайда, Ақтөбе қаласында тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):
кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;
коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға;
мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.
Аз қамтылған отбасының (азаматтың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.
3. Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық кірісін уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсанға "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелді) (бұдан әрі - Тұрғын үй көмегін көрсету қағидалары) айқындалған тәртіппен есептейді.
4. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге, телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақыны ұлғайту бөлігінде коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді және жергілікті атқарушы органның жеке меншік тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйді пайдалануға арналған шығыстарды төлеу сомасы арасындағы айырма ретінде айқындалады және отбасының (азаматтың) жиынтық табысына шекті жол берілетін шығыстарының үлесі 5 (бес) пайыз мөлшерінде белгіленеді.
5. Тұрғын үй көмегінің мөлшерін көрсетілетін қызметті беруші Тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларында бекітілген нормалар шегінде есептейді.
6. Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің өсуіне өтеу Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 295/НҚ "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33200 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.
7. Аз қамтылған отбасы (азамат) (не сенімхатқа, заңнамаға, сот шешіміне не әкімшілік актіге негізделген оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларына сәйкес құжаттарды ұсына отырып, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына немесе "электрондық үкімет" веб-порталына жүгінеді.
8. Тұрғын үй көмегін тағайындау ағымдағы тоқсан ішінде жүргізіледі, бұл ретте аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысы және кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді және жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үйді пайдалануға жұмсалған ай сайынғы жарналардың шығыстары алдыңғы тоқсан үшін есепке алынады.
9. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясынан не "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы құжаттардың толық жиынтығын қабылдаған күннен бастап тұрғын үй көмегін көрсету туралы құжаттарды қарау және шешім қабылдау не бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларымен белгіленген тәртіппен анықталады.
10. Тұрғын үй көмегін жеткізушілер ұсынған кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде шығыстар сметасына сәйкес кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған ай сайынғы жарналар туралы шоттар және аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) бюджет қаражаты есебінен коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шоттары бойынша көрсетіледі.
11. Тұрғын үй көмегін тағайындау қала бюджетінде тиісті қаржы жылына арналған көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.
12. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді көрсетілетін қызметті беруші екінші деңгейдегі банктер арқылы есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына аудару жолымен жүзеге асырады.
13. Тұрғын үй көмегінің артық төленген сомалары ерікті тәртіппен қайтарылуға жатады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға жатады.
