Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы жөніндегі мемлекеттік басқару саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның қаржы басқарушысына сыйақы төлеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 23 қыркүйектегі № 524 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 25 қыркүйекте № 36936 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабы 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы жөніндегі мемлекеттік басқару саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның қаржы басқарушысына сыйақы төлеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
М. Такиев

  Қазақстан Реcпубликасының
Қаржы министрі
2025 жылғы 23 қыркүйектегі
№ 524 Бұйрығына қосымша

Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы жөніндегі мемлекеттік басқару саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның қаржы басқарушысына сыйақы төлеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы жөніндегі мемлекеттік басқару саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның қаржы басқарушысына сыйақы төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 44-бабы 2-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы жөніндегі мемлекеттік басқару саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) қаржы басқарушысына сыйақы төлеу тәртібін айқындайды.

      2. Қағидалардың мақсаты уәкілетті органның қаржы басқарушысына сот арқылы банкроттық рәсімі шеңберінде бюджет қаражатының есебінен сыйақы төлеудің бірыңғай тәртібін қамтамасыз ету болып табылады.

2-тарау. Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы жөніндегі мемлекеттік басқару саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның қаржы басқарушысына сыйақы төлеу тәртібі

      3. Егер сот арқылы банкроттық рәсімін жүргізу барысында жиынтығында мынадай мән-жайлар:

      1) борышкердің "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының санатына жататыны;

      2) "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өндіріп алу қолданылуы мүмкін мүліктің болмауы анықталған жағдайда, қаржы басқарушысына сыйақы төлеуді уәкілетті орган жүргізеді.

      4. Осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген талаптар сақталған кезде қаржы басқарушысының қорытынды есебін сотта қарау барысында облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша уәкілетті органның аумақтық органы (бұдан әрі – уәкілетті органның аумақтық органы) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша бюджет қаражатының есебінен қаржы басқарушысына сыйақы төлеу туралы өтінішхатты мәлімдейді.

      5. Қаржы басқарушысына сыйақы төлеуді өтінішхатта көрсетілген сомаларды төлеу туралы нұсқауды қамтитын сот арқылы банкроттық рәсімін аяқтау және банкрот міндеттемелерін тоқтату туралы соттың заңды күшіне енген шешімі немесе сот арқылы банкроттық рәсімін аяқтау және сот арқылы банкроттық рәсімі барысында орындалмаған банкрот міндеттемелерін тоқтатудан бас тарту туралы шешімі (бұдан әрі – сот арқылы банкроттық рәсімін аяқтау және банкрот міндеттемелерін тоқтату/тоқтатудан бас тарту туралы сот шешімі) негізінде уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Қаржы басқарушысына сыйақы төлеуді уәкілетті орган қаржы басқарушысы тағайындалған күннен бастап қызметінің әрбір айы үшін тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының 1 (бір) мөлшері және сот арқылы банкроттық рәсімі жүргізілген 3 (үш) айдан аспайтын мөлшерінде жүзеге асырады.

      Қаржы басқарушысы қызметін күнтізбелік толық ай жүзеге асырмаған жағдайда сыйақы көрсетілген айдың іс жүзінде орындалған күні үшін төленеді.

      6. Уәкілетті органның аумақтық органы Банкроттар тізбесін (бұдан әрі – Тізбе) қалыптастырудың алдындағы жылғы 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығында заңды күшіне енген сот арқылы банкроттық рәсімін аяқтау және банкрот міндеттемелерін тоқтату/тоқтатудан бас тарту туралы сот шешімдері бойынша уәкілетті органның қаржы басқарушысына сыйақы төлеуі туралы көрсете отырып Тізбені қалыптастырады.

      7. Тізбе бойынша уәкілетті орган Тізбені қалыптастырудың қаржы жылына қаржы басқарушысына сыйақы төлеу туралы бюджеттік өтінім жасайды.

      8. Қаржы басқарушысына сыйақы төлеуді уәкілетті орган оның банктік шотына ақша қаражатын аудару жолымен жүзеге асырады.

  Қазақстан Республикасы
азаматтарының төлем
қабілеттілігін қалпына келтіру
және банкроттығы жөніндегі
мемлекеттік басқару
саласындағы басшылықты
жүзеге асыратын уәкілетті
органның қаржы
басқарушысына сыйақы төлеу
қағидаларына қосымша
  ___________________________
  ___________________________
  (соттың атауы)
  _________________________
  ___________________________
  (облыстар, республикалық
маңызы бар қалалар және астана
бойынша уәкілетті органның
аумақтық органының (бұдан әрі
– уәкілетті органның аумақтық
органы) атауы)
нысан

Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы жөніндегі мемлекеттік басқару саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның қаржы басқарушысына сыйақы төлеу туралы өтінішхат

      ____________________________________________________________________

      (уәкілетті органның аумақтық органының атауы)

      _____________________________________________________________________

      (банкроттың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) (бұдан әрі – Т.А.Ә.))

      _____________________________________________________________________

      (уәкілетті органның қаржы басқарушысына төленетін сыйақының жалпы сомасы көрсетіледі)

      теңге сомасында қаржы басқарушысына сыйақы төлеуге міндеттенеді.

      Банкрот туралы қысқаша ақпарат:

      Банкроттың жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – ЖСН):__________________

      Банкроттың тұрғылықты мекенжайы:____________________________________

      Банкроттың "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттардың тізбесі:

      1.____________________________________________________________________

      ("Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банкроттың халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жатқызылғанын растайтын құжаттың күні, нөмірі, құжатты берген уәкілетті органның атауы);

      2.___________________________________________________________________

      (банкротта мүліктің жоқтығын растайтын құжаттың күні, нөмірі).

      Сот арқылы банкроттық рәсімінің нәтижелері туралы мәліметтер:

      1. Сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешім шығарған соттың атауы, күні мен нөмірі 20___жыл "___"______________;

      2. Сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы соттың шешімінің заңды күшіне енген күні 20___жыл "_____"______________;

      3. Қаржы басқарушысының Т.А.Ә. ___________________________________;

      4. Қаржы басқарушысының ЖСН ___________________________________;

      5. Қаржы басқарушысын тағайындау туралы уәкілетті органның аумақтық органы бұйрығының күні 20___жыл "_____"______________.

      Ұсынылатын құжаттар нөмірленген және _____ парақ санында тігілген.

      Қоса беріліп отырған құжаттар мен мәліметтердің толықтығын және дұрыстығын растаймын.

      _____________________________________________ _________________

      (уәкілетті органның аумақтық органы (қолы) басшысының Т.А.Ә.)

      Күні Мөрі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады