Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 16-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Бюджеттік жоспарлау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынсын.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің аппарат басшысына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы |
М. Мелдебекова |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы 2025 жылғы 12 қыркүйектегі № 212 |
|
бұйрығына қосымша |
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 16-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау тәртібін белгілейді.
2-тарау. Мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау тәртібі
2. Мемлекеттік тапсырманың құны мемлекеттік тапсырманы орындауға тікелей қатысатын қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеуге жұмсалатын шығыстарға, тікелей шығыстар мен жанама шығыстарға қарай мынадай формула бойынша айқындалады:
Қ = ∑ЕАТ + ТШ + ЖШ, мұндағы
Қ – мемлекеттік тапсырманың құны;
∑ЕАТ + ТШ – еңбекке ақы төлеу бойынша шығыстар сомасы;
ЕАТ – қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу;
ТШ – осы Қағидалардың 4-тармағының 1) тармақшасында көзделген шығыстарды қоспағанда, тікелей шығыстар;
ЖШ – жанама шығыстар.
3-тарау. Мемлекеттік тапсырманың құнын айқындауға арналған шығындардың түрлері
3. Мемлекеттік тапсырманың құнына мынадай шығыстар енгізілмейді:
1) ықтимал шығындарға резервтер қалыптастыру;
2) өткен кезеңдердің өзге де борыштары мен залалдарын жабу;
3) демеушілік көмек;
4) айыппұлдар, өсімпұлдар және тұрақсыздық айыптары.
4. Тікелей шығыстарға мыналар жатады:
1) мемлекеттік тапсырманы жүзеге асыратын қызметкерлердің (штаттағы және штаттан тыс) жалақысы;
2) әлеуметтік салық, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, персоналды әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жұмыс берушілердің аударымдары, мемлекеттік тапсырманы орындайтын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары;
Штаттық кестеге немесе бекітілген сметаға сәйкес жобалық тапсырмаға енгізілген қызметкерлердің шығыстары тікелей шығыстар болып саналады.
3) қосылған құн салығы;
4) іссапар шығыстары (мемлекеттік тапсырманы тікелей орындайтын қызметкерлердің шығыстары тікелей, әкімшілік персоналдың шығыстары жанама шығыстарға жатады);
5) шартты міндетті түрде жасай отырып, уәкілетті орган бекіткен біліктілік талаптарына сәйкес ашық немесе нысаналы іріктеу негізінде сыртқы сарапшыларды тарту;
6) мемлекеттік тапсырманы орындау үшін тікелей пайдаланылатын материалдарды сатып алу;
7) байланыс қызметтері (қалааралық телефон сөйлесулері, телефон үшін абоненттік төлем, пошта-телеграф шығындары, факс, электрондық пошта, интернет);
8) мемлекеттік тапсырманы орындау үшін тікелей пайдаланылатын көліктік қызметтер;
9) полиграфиялық шығыстар (бланк өнімдерін тираждау: сауалнамалар, бағыт парақтары, карточкалар, есептер, тест тапсырмалары, түптеу, құжаттарды тігу және өңдеу);
10) курьерлік қызметтер (материалдарды тарату);
11) тікелей мемлекеттік тапсырманы орындау қажет болған жағдайларда жалға алынатын үй-жайларда конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізу үшін жалдау ақысы;
12) тапсырманы орындауға тікелей байланысты банктік қызметтер;
13) мемлекеттік органдардың ақпараттық дерекқорына қолжетімділік;
14) мемлекеттік тапсырманы орындау үшін тікелей пайдаланылатын аударма қызметтері;
15) халықаралық ұйымдарға мүшелік жарнаны төлеуге арналған шығыстар.
Шығыстар Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 22 сәуірдегі № 185 бұйрығымен (бұдан әрі – № 185 бұйрық) бекітілген Бюджеттік сұранымды жасау, ұсыну, қарау қағидаларына сәйкес жоспарланады.
5. Жанама шығыстар көрсетілетін қызметтердің (жұмыстардың) өзіндік құнына тікелей жатпайды және мынадай шығыстарды қамтиды:
1) әкімшілік персоналдың жалақысы;
2) әлеуметтік салық, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, жұмыс берушілердің әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдары, жұмыс берушінің, әкімшілік персоналдың міндетті зейнетақы жарналары. Әкімшілік персонал - тапсырманың операциялық бөлігін орындауға тартылмаған қызметкерлер.
3) салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер (мүлік салығы, көлік құралдарына салынатын салық, жер салығы);
4) негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің амортизациясы;
5) негізгі құралдар мен материалдық емес активтерге қызмет көрсету және жөндеу;
6) өзге де шығыстар (коммуналдық қызметтер, байланыс қызметтері, ақпараттық қызметтер (жарнаманы қоспағанда), өрт қауіпсіздігі және арнайы талаптардың сақталуы, күзет қызметтері, аудиторлық қызметтер, нотариаттық қызметтер, типографиялық шығыстар, осы Қағидалардың 4-тармағының 12) тармақшасында көрсетілген банктік қызметтерді қоспағанда, жалпы персоналдық қызметте пайдаланылатын банктік қызметтер).
6. Мемлекеттік тапсырманы орындау үшін қажетті тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау кезінде № 185 бұйрықты басшылыққа алады.
7. Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың нормаларын сақтай және көлемі мен мерзімдерін көрсете, жазбаша шартты міндетті түрде жасаса отырып, тиісті жұмыстарды (көрсетілетін қызметтерді) өз күштерімен орындаудың мүмкін еместігі негіздемесі болған жағдайда ғана бөгде ұйымдар мен жеке тұлғаларды тартуға жол беріледі.
Мемлекеттік тапсырманың бір бөлігін (оның ішінде азаматтық-құқықтық мәміле бойынша) орындау үшін бөгде ұйымдар мен жеке тұлғаларды тарту осы Қағидалардың 10-тармағында белгіленген талаптар сақталған кезде жүзеге асырылады.
8. Іссапар шығыстарының құны (тұру, тәулікақы) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 256 қаулысымен бекітілген Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларына сәйкес айқындалады.
9. Мемлекеттік тапсырманы орындау кезінде мемлекеттік тапсырманы орындауға тікелей қатысатын барлық қызметкерлердің штаттық кестеге сәйкес лауазымдары бойынша жалақысы әрбір қызметкер бойынша жеке көрсетіледі.
10. Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 16-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекеттік тапсырма қосалқы мердігерлікке берілген жағдайда монополияға қарсы органның қорытындысында мемлекеттік тапсырманың қосалқы мердігерлікке берілу көлемі мен шарттары айқындалады.