БҰЙЫРАМЫН:
1. "Жалпыға ортақ пайдаланылатын республикалық маңызы бар (жол учаске) ақылы автомобиль жолымен жүріп өту үшін ақы алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы № 318 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11128 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жалпыға ортақ пайдаланылатын республикалық маңызы бар (жол учаске) ақылы автомобиль жолымен жүріп өту үшін ақы алу қағидалары қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Көлік вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Көлік министрінің міндетін атқарушы |
М. Калиакпаров |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрлігі
Жалпыға ортақ пайдаланылатын республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолымен (учаске) жүріп өту үшін ақы алу қағидалары
1 - тарау. Жалпы ережелер
1. Осы республикалық және халықаралық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдары (учаске) бойынша жол жүру ақысын алу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабына сәйкес әзірленді және республикалық және халықаралық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолы (жол учаскесі) бойынша жол жүру ақысын алу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) абоненттік төлем – бұл жергілікті автокөлік үшін абонемент түріндегі белгілі бір уақыт кезеңіне автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген ақылы учаскелер бойынша жол жүру ақысы;
2) авариялық жұмыс режимі – ақы алу жүйесінің бағдарламалық-аппараттық кешені жұмысының штаттан тыс режимі, бұл ретте ақы алу жүйесінің жұмысының дұрыстығына әсер ететін іркілістер туындауы мүмкін;
3) автокөлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінің шоты - автокөлік құралына бекітілген пайдаланушының ақы алу жүйесіндегі шоты. Шоттың сәйкестендірушісі автокөлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі болып табылады;
4) ақылы учаскелерді пайдаланушылар (бұдан әрі – пайдаланушылар) – жол қозғалысына қатысушылар болып табылатын немесе автомобиль жолдарына бөлінген белдеу мен жол бойындағы белдеу шегінде өзге де қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
5) ақылы автомобиль жолдары (жол учаскелері) – ақылы негізде пайдалану туралы шешім қабылданған және жүріп өту үшін ақы алынатын автомобиль жолдары (жол учаскелері);
6) ақы алу жүйесінің бағдарламалық-аппараттық кешені – ашық, жабық және аралас ақы алу жүйесінің түріне бөлінетін ақылы учаскелер бойынша жол жүру ақысын алуға арналған жабдықтардың, бағдарламалық қамтамасыз етудің және автомобиль жолдарының элементтерінің жиынтығы;
7) ақы алу пункті – пайдаланушылардың жол жүруі жүзеге асырылатын және жол жүргені үшін ақы алынатын ақылы автомобиль жолын (учаскесін) жайластыру элементі;
8) алдын ала жол жүру үшін ақы алу пунктінің жолағы – абонементі бар немесе алдын ала төлем жасаған пайдаланушылар үшін ақылы учаскеден шығу жолағы;
9) ақылы қозғалысты ұйымдастырушы (бұдан әрі – ұйымдастырушы) – автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор немесе концессионер;
10) ақылы қозғалысты ұйымдастыру – ақылы автомобиль жолдары (учаскелері) бойынша жол жүру ақысын бағдарламалық-аппараттық кешендерді енгізу және орнату, сондай-ақ ақылы автомобиль жолын басқару арқылы жол жүру ақысын алу жөніндегі іс-шаралар;
11) ақылы учаскелер бойынша жол жүру ақысының ставкасы (бұдан әрі – төлемақы ставкасы) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес автомобиль жолдары саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген жол жүру ақысының мөлшері;
12) аймақ – жүк көтергіштігі мен көлік құралының түріне байланысты өзінің ұзақтығы мен жол ақысының белгілі бір мөлшері бар ақылы учаскенің жол кесіндісі;
13) алдын ала төлем – ақылы учаскеге кіргенге дейін пайдаланушы дербес шотқа және/немесе мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінің шотына есептеген ақшалай қаражат, оның сомасы жол ақысын төлеу үшін жеткілікті;
14) байланыс орталығы – телефон қоңыраулары, электрондық пошта және онлайн чаттар сияқты әртүрлі байланыс арналары арқылы пайдаланушылардың сұраныстарын қабылдауды және өңдеуді жүзеге асыратын ұйымдастырушының құрылымдық бөлімшесі. Байланыс орталығының нөмірі жария Шартта көрсетілген;
15) бақылау аркасы – автокөлік құралдарын тіркеуге, айқындауға, сондай-ақ автокөлік құралдарының салмақтық және/немесе габариттік сипаттамаларын өлшеуге арналған техникалық құрылғылар кешенімен жабдықталған ақылы автомобиль жолдарында (учаскелерінде) орнатылған инженерлік құрылым;
15-1) гибридті төлем түрі – ақылы автомобиль жолында (учаскесінде) ақы алу пункттері орналасқан жол ақысын алуды ұйымдастыру тәсілі;
16) дербес шот-бағдарламалық-аппараттық кешендегі нақты пайдаланушымен байланысты және көрсетілген қызметтерді, ақша қаражаттарының қозғалысын қадағалауға, сондай-ақ жасалған жария шартқа сәйкес енгізілген ақша қаражаттарының түсімдері мен шығыстарын тіркеуге арналған шот;
17) жергілікті автокөлік – ақылы учаскеге іргелес әкімшілік-аумақтық бірлікте белгіленген тәртіппен бір ауданнан тысқары жерлерге көшкен кезде тіркелген автокөлік құралы;
18) клиенттермен жұмыс жөніндегі орталық – ақылы автомобиль жолдарын (учаскелерін) пайдаланушыларға ақпараттық қызметтер көрсетуге арналған пункт;
19) төлем жүйесі – осы төлем жүйесінің операторы белгілеген рәсімдерді, инфрақұрылымды және қағидаларды қолдану арқылы төлем жүйесі операторының және (немесе) төлем жүйесіне қатысушылардың өзара іс-қимылы арқылы төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін қатынастар жиынтығы;
20) төлемнің ашық түрі – ақылы автомобиль жолында (учаскесінде) ақы алу пункттері жоқ жол ақысын алуды ұйымдастыру тәсілі;
Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен анықтамалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.
2 - тарау. Ақылы автомобиль жолдары (учаскелері) бойынша жол жүру ақысын алу тәртібі
3. Ақылы учаскелерде ақылы қозғалысты ұйымдастыру ақы алу жүйесі құрылғысының көмегімен жүзеге асырылады.
4. Ақылы учаске бойынша жол жүру пайдаланушы мен ұйымдастырушы арасындағы шарт негізінде жүзеге асырылады. Ақылы учаскені пайдалану шарты жария болып табылады. Жария шарт жасасу сәті ақылы учаскеге кіру сәті болып табылады.
5. Автокөлік құралдарының ақылы учаскелер бойынша жол ақысы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында жүргізіледі.
6. Пайдаланушы жол ақысын жария Шарттың талаптарында көзделген тәсілдермен төлейді;
7. Ұйымдастырушы ақылы автомобиль жолдарына (учаскелеріне) кірер алдында ақылы учаскелерге кіру туралы хабарламасы бар ақпараттық табло орналастырады. Ақпараттық таблода мынадай ақпарат орналастырылады:
1) ақы мөлшерлемесі;
2) ақылы учаскенің ұзындығы;
3) жол ақысын төлеудің ықтимал тәсілдері;
4) ұйымдастырушының байланыс орталығының деректері.
8. Пайдаланушы ақылы автомобиль жолдары (учаскелері) арқылы өтуге байланысты сұрақтармен ұйымдастырушыға жүгіне алады:
1) ақы алу пункті болған жағдайда оның өкілдері болады;
2) клиенттермен жұмыс орталықтары, олар болған жағдайда;
3) жария шартта немесе ұйымдастырушының ресми интернет-ресурсында көрсетілген қысқа нөмірі бар Қазақстан Республикасы бойынша бірыңғай байланыс орталығы.
9. Ақы алу пункті болған кезде ұйымдастырушы ақы алу пукнтінде кептелістің пайда болуын болдырмау үшін барлық жол жүру есептеулерін сақтай отырып, ақы алу пункті арқылы жылдам өту үшін шлагбаумдарды ашу жолымен өткізу жылдамдық режимін қамтамасыз етеді.
10. Жол жүру ақысы жүріп өткен қашықтыққа қарамастан, ақылы автомобиль жолының (учаскесінің) әрбір жүріп өткен аймағы үшін белгіленген төлемақы мөлшерлемелеріне сәйкес алынады.
11. Ұйымдастырушы "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Қағидалардың 12-тармағында көрсетілген пайдаланушылардың деректеріне үшінші тұлғаларға қол жеткізуді шектейді.
12. Автокөлік құралының бақылау аркасы арқылы өтуі кезінде ұйымдастырушы "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ақылы учаскелерде орналасқан сәйкестендіруші техникалық құрылғылар арқылы пайдаланушы туралы деректерді өзінің автокөлік құралымен жинауды, тіркеуді және өңдеуді жүзеге асырады.
Мұндай деректер мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін, күнін, уақытын белгілей отырып, автокөлік құралының фототүсірімдері, бейнежазбалары, салмақтық және габариттік параметрлері болып табылады.
13. Егер автокөлік құралы ақылы учаскеге кірсе, ақы алу пунктін айналып өтсе, ол болған кезде автокөлік құралының жүруі бақылау аркаларында тіркеледі.
Жеке шоттан немесе мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінің шотынан ақша қаражатын есептен шығару автокөлік құралын бақылау аркаларында және/немесе ол болған кезде ақы алу пунктінде тіркеу кезінде жол жүру ақысын алудың бағдарламалық-аппараттық кешенінде жүргізіледі.
Пайдаланушы кейінгі төлемді жүзеге асырған жағдайда, ұйымдастырушы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінің және/немесе дербес шоттың шотынан пайда болған берешек сомасына ақша қаражатын автоматты түрде есептен шығарады. Сома жеткіліксіз болған жағдайда қолда бар сомаға берешекті ішінара өтеу жүргізіледі.
14. Ақылы учаскеден ақы алу пункті арқылы шыққан кезде, ол болған кезде пайдаланушы ақпараттық тақтада көрсетілген автокөлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінің дұрыстығын тексеруі қажет. Қате анықталған жағдайда Пайдаланушы осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес ұйымдастырушының өкілдеріне жүгіне алады.
15. Автокөлік құралының икемді тіркемеде басқа автокөлік құралын сүйрететін ақылы учаскелер бойынша өтуі кезінде ақы автокөліктің екі бірлігінен де алынады.
16. Ақылы учаскелерді пайдаланғаны үшін төлем ақыдан Заңның 5-2-бабында көзделген автокөлік құралдарының санаты босатылады.
17. Бақылау аркасының ақылы учаскелерінде автокөлік құралымен жүру кезінде бақылау аркасының қиылысынан кейін ақылы учаскенің аймағы үшін, бақылау аркасын айналып өту кезінде есептеу жүргізіледі, ақылы учаскенің аймағы үшін жол ақысын есептеу келесі бақылау аркасының автокөлік құралымен өткеннен кейін жүргізіледі. Ұйымдастырушы есептеу тетіктерін өзгертуге және ұйымдастырушы белгілеген тәртіппен ақы алу жүйесін ажыратуды жүргізеді.
18. Ұйымдастырушы автомобиль жолының жүк көтергіштігі мен түріне қарай ақылы учаскесі орналасқан әкімшілік-аумақтық бірлікте тіркелген автокөлік құралы үшін абонемент ұсынады. Егер жүк автокөлік құралында тіркеме болса, абонемент жүк көтергіштігі 15 тоннадан асатын автокөлік құралы үшін де ресімделеді.
Абонемент қолданушы таңдаған автомобиль жолының ақылы учаскесіне ғана қолданылады.
Әкімшілік-аумақтық бірлікте автомобиль жолдарының бірнеше ақылы учаскелері болған кезде пайдаланушы әрбір ақылы учаскеге жеке абонемент сатып алады.
19. Меншік иесі көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін өзгерткен жағдайда (тіркеу ауданын өзгертпестен), осы автокөлік құралына ресімделген абонемент оның қолданылу мерзімінде өзінің жарамдылығын сақтайды.
20. Пайдаланушы қайтыс болған, пайдаланушы банкротқа ұшыраған немесе автокөлік құралы сатылған жағдайда, абонемент басқа пайдаланушыға берілуге немесе қайта тіркелуге жатпайды. Мұндай абонемент жойылады.
21. Абонементтің әрекеті ақылы учаске өтетін облыс шекарасына байланысты емес. Автокөлік құралының абонемент бойынша өтуін тіркеу Қазақстан Республикасы облыстарының әкімшілік шекаралары бойынша емес, ақылы учаскеге байланған бақылау аркалары бойынша жүзеге асырылады.
22. Абонемент пайдаланушыларға ақылы учаскелер бойынша жол жүру үшін пайда болған берешекті өтегеннен кейін беріледі.
23. Абонемент үшін төлемді пайдаланушы оны бағдарламалық-аппараттық кешенде тіркегеннен кейін ұйымдастырушы көздеген тәсілдермен төлейді.
24. Ұйымдастырушыда ақы алу жүйесінің техникалық жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындаған кезде ұйымдастырушы ақы алу жүйесінің жұмысын авариялық жұмыс режиміне ауыстыру құқығын өзіне қалдырады. Бұл ретте пайдаланушының шоттарымен байланысты барлық операциялар авариялық режим аяқталғаннан кейін өңделетін болады.
25. Пайдаланушының жол ақысы күнтізбелік жеті күн ішінде төленбеген жағдайда, сегізінші күні ұйымдастырушы материалдарды "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 628-бабына сәйкес қарау үшін көліктік бақылау органдарына жібереді.
26. Егер автокөлік құралы ақы алу пунктіне жақындаса немесе мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінсіз бақылау аркасы арқылы өтетін болса, ақы алудың бағдарламалық-аппараттық кешені бір бағытта қозғалыс жасалған ақылы учаскенің барлық аймақтары үшін жол жүру сомасын есептейді.
27. Ұйымдастырушы автомобиль жолының ақылы учаскесінің (аймағының) кесіндісінде жөндеуді талап ететін жол жүрісінің қауіпсіздігі мен үздіксіздігіне әсер ететін ақауды анықтаған кезде көрсетілген кесіндіде жол жүру ақысын алу анықталған ақау жойылған сәтке дейін тоқтатыла тұруға жатады.
28. Ұйымдастырушы осы Қағидалардың 26-тармағында көзделген жағдайда автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның ішкі регламентіне сәйкес ақылы автомобиль жолдары (учаскелері) бойынша жол жүру ақысын есептеу алгоритміне өзгерістер енгізеді.