Алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректер алмасу орталығының (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің антифрод-орталығы) қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2025 жылғы 25 тамыздағы № 54 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 29 тамызда № 36742 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 5-тармақтан қараңыз.

      "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-1-бабының 2-1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректер алмасу орталығының (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің антифрод-орталығы) қызметін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. "Алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары және оның қызметіне қатысатын адамдармен өзара іс-қимылы бойынша деректер алмасу орталығының қызметін жүзеге асыру тәртібіне қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2024 жылғы 16 шілдедегі № 43 қаулысының (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 34772 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментімен бірлесіп, осы Қаулының Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсында орналастыру;

      3) Осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы 2026 жылғы 3 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін қоса беріліп отырған Қағидалардың 15 және 16-тармақтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін, бірақ ерте дегенде 2025 жылғы 31 тамызда қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің Төрағасы
Т. Сулейменов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы нарығын реттеу

      және дамыту агенттігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар

      және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржылық мониторинг

      агенттігі

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің Төрағасы
2025 жылғы 25 тамыздағы
№ 54 Қаулыға қосымша

Алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректер алмасу орталығының (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің антифрод-орталығы) қызметін ұйымдастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректер алмасу орталығының (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің антифрод-орталығы) қызметін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Төлемдер туралы заң) 25-1-бабының 2-1-тармағына сәйкес әзірленді және онда мыналар айқындалады:

      1) алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректер алмасу орталығының (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің антифрод-орталығы) (бұдан әрі – антифрод-орталық) қызметін жүзеге асыру және антифрод-орталықтың оның қызметіне қатысатын тұлғалармен (бұдан әрі – антифрод-орталықтың қатысушылары) өзара іс-қимыл жасау тәртібі;

      2) антифрод-орталықтың алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясын жүзеге асыру оқиғалары мен әрекеттенулері туралы дерекқорды қалыптастыру мен жүргізуді жүзеге асыру және антифрод-орталық қатысушыларының оған қол жеткізуін ұсыну тәртібі;

      3) антифрод-орталықтың алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларына байланысты тұлғалар туралы ақпаратын алған кезде қаржы ұйымдарының, төлем ұйымдарының (бұдан әрі – ұйым, ұйымдар) нұсқауды орындаудан бас тарту және тоқтата тұру тәртібі мен мерзімдері;

      4) ұйымдардың барлық алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларын жүзеге асыру оқиғалары және (немесе) әрекеттенулері туралы ақпаратты антифрод-орталыққа жіберу тәртібі, нысандары мен мерзімдері;

      5) ұйым клиентті алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясын жүзеге асыру оқиғалары мен әрекеттенулері туралы деректер базасына енгізген жағдайда қаржылық немесе төлем қызметтерінің шектеулі тізбесін ұсыну тәртібі мен түрлері, сондай-ақ клиенттің (банктік шот, электрондық әмиян иесінің) қаржылық немесе төлем қызметтерінің шектеулі тізбесін алу үшін ұйымға өтініш жасау тәртібі;

      6) қылмыстық қудалау, ұлттық қауіпсіздік органдарының және құқық қорғау органдарының, ұйымдардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес заңсыз деп танылатын және (немесе) тыйым салынған өзге де төлем транзакцияларын (бұдан әрі – заңсыз деп танылатын және (немесе) тыйым салынған өзге де төлем транзакциялары) анықтау және болғызбау мақсатында өзара іс-қимыл жасау тәртібі. Қағидалардың мақсаты үшін заңсыз деп танылатын және (немесе) тыйым салынған өзге де төлем транзакцияларына есірткінің заңсыз өндірілуіне, айналымына және (немесе) транзитіне, қаржы пирамидаларының қызметін ұйымдастыруға, электрондық казино мен интернет-казино пайдасына төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыруға байланысты төлем транзакциялары жатады;

      7) прокурор санкциялаған қылмыстық қудалау органының транзакцияны алаяқтық транзакциясы деп тану туралы хабарламасында көрсетілген клиентке ақшаны қайтару тәртібі.

      2. Қағидаларда Төлемдер туралы заңда, "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және "Төлем карточкаларын шығару қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 205 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14299 болып тіркелген) бекітілген Төлем карточкаларын шығару қағидаларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптарда көзделген ұғымдар пайдаланылады.

      3. Антифрод-орталық – Төлемдер туралы заңның 25-1-бабында көзделген тәртіппен алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларын және өзге де төлем транзакцияларын анықтауға және болғызбауға бағытталған шараларды үйлестіруді және қабылдауды жүзеге асыратын "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясы" акционерлік қоғамы.

      4. Төлемдер туралы заңның 25-1-бабы 3-тармағының екінші бөлігіне сәйкес мыналар:

      1) ұйымдар;

      2) ұялы байланыс операторлары;

      3) қылмыстық қудалау органдары;

      4) ұлттық қауіпсіздік органдары;

      5) құқық қорғау органдары;

      6) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк);

      7) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган антифрод-орталықтың қатысушылары болып табылады.

2-тарау. Антифрод-орталықтың қызметін жүзеге асыру және антифрод-орталықтың оның қатысушыларымен өзара іс-қимылы

      5. Антифрод-орталық:

      1) ұйымдардан, ұялы байланыс операторларынан, қылмыстық қудалау органдарынан, ұлттық қауіпсіздік және құқық қорғау органдарынан келіп түскен алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларын жүзеге асыру оқиғалары мен әрекеттенулері туралы мәліметтерді жинауды, шоғырландыруды және сақтауды жүзеге асырады;

      2) белгіленген өлшемшарттарға сәйкес алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларына жатқызылған төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша деректерді және (немесе) заңсыз деп танылатын және (немесе) тыйым салынған өзге де төлем транзакциялары бойынша ұйымдарға, ұялы байланыс операторларына, қылмыстық қудалау органдарына қажет деректерді өңдейді және талдайды;

      3) алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларын және (немесе) заңсыз деп танылатын және (немесе) тыйым салынған өзге де төлем транзакцияларын болғызбау үшін қажет ақпаратты, оның ішінде қатерлер, осал тұстар, оқиғалардың туындауының алғышарттары, сондай-ақ олардың алдын алу және зардаптарын жою әдістері туралы ақпаратты ұйымдарға, ұялы байланыс операторларына, қылмыстық қудалау органдарына, ұлттық қауіпсіздік және құқық қорғау органдарына ұсынады;

      4) қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын, өз қызметі процесінде алынған ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды сақтаудың, қорғаудың тиісті режимін және олардың сақталуын қамтамасыз етеді;

      5) дербес деректерді иесіздендірілген түрде жинайды, өңдейді және сақтайды;

      6) қылмыстық қудалау, ұлттық қауіпсіздік органдары мен құқық қорғау органдарының ақпараты негізінде заңсыз деп танылатын және (немесе) тыйым салынған өзге де төлем транзакцияларын анықтау және болғызбау бойынша жәрдем көрсетеді.

      6. Антифрод-орталыққа қатысушы "Ақпараттандыру туралы", "Дербес деректер және оларды қорғау туралы", "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" және "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген қорғалатын ақпараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтай отырып, антифрод-орталықтың ішкі құжаттарында айқындалған және дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісілген тәртіппен антифрод-орталықтың ақпараттық жүйесімен техникалық өзара іс-қимыл орнату арқылы антифрод-орталыққа қосылады.

      7. Ақша жөнелтушіні және (немесе) бенефициарды (ақша алушыны) алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясын жүзеге асыру оқиғалары туралы (бұдан әрі – оқиғалар туралы дерекқор) және (немесе) алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясын жүзеге асыруға әрекеттенулер туралы (бұдан әрі – әрекеттенулер туралы дерекқор) дерекқорға қосу үшін ұйымнан және (немесе) қылмыстық қудалау органынан антифрод-орталықтың ақпараттық жүйесі арқылы алынған алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясы туралы хабар антифрод-орталық алғаннан кейін дереу әрекеттенyлер туралы немесе оқиғалар туралы дерекқорға қосылады және антифрод-орталықтың барлық қатысушысы үшін қолжетімді болады.

      Антифрод-орталықтың ақпараттық жүйесі:

      1) ұйымның антифрод-орталыққа хабарды жібергенін;

      2) антифрод-орталықтың осы хабарды алғанын және оны антифрод-орталық қатысушыларының атына одан әрі жібергенін;

      3) хабардың жеткізілгенін және антифрод-орталық қатысушыларының алғанын;

      4) антифрод-орталықтың басқа қатысушыларынан алынған хабарға жауапты растайтын ұйымның антифрод-орталыққа жіберген алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясы туралы хабарының ретті түрде тіркелуін қамтамасыз етеді.

      8. Ұйымдар төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша нұсқауды алғаннан кейін оны орындағанға дейін өз клиенттері – ақша жөнелтушінің және (немесе) бенефициардың сәйкестендіру деректерін, атап айтқанда жеке не бизнес-сәйкестендіру нөмірін, банк шотының нөмірін және ұялы байланысының абоненттік нөмірін әрекеттенулер мен оқиғалар туралы дерекқорлармен салыстырып тексереді.

      9. Ұлттық Банк күн сайын антифрод-орталықтан алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша мәліметтерді антифрод-орталықтың ішкі құжаттарында белгіленген нысан бойынша алады.

      10. Антифрод-орталық антифрод-орталықтың қатысушыларына алаяқтық төлем транзакцияларына және құқыққа қарсы оқыс оқиғаларға қатысу туралы ақпараты бар тұлғалардың ұялы байланыс нөмірлері жөніндегі мәліметтерге қол жеткізуді ұсынады.

3-тарау. Антифрод-орталықтың дерекқорларын қалыптастыру және жүргізу

      11. Антифрод-орталық өз қызметін қамтамасыз ету үшін оқиғалар туралы және әрекеттенулер туралы дерекқорларды, сондай-ақ антифрод-орталықтың ішкі құжаттарына сәйкес өзге де дерекқорларды қалыптастырады.

      Антифрод-орталық қатысушыларға Қағидаларда, сондай-ақ антифрод-орталықтың ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен оқиғалар мен әрекеттенулер туралы деректер базасына қол жеткізуді ұсынады.

      12. Алаяқтық төлем транзакцияларына қатысқаны туралы расталған ақпарат болған тұлғалар бойынша қылмыстық қудалау органынан алынған алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары туралы хабарлар негізінде оқиғалар туралы дерекқор қалыптастырылады.

      Тұлғаны оқиғалар туралы дерекқордан осы тұлғаны антифрод-орталықтың ішкі құжаттарында белгіленген нысан бойынша оқиғалар туралы дерекқорға енгізген қылмыстық қудалау органы антифрод-орталыққа жіберген хабардың негізінде алып тастайды.

      Ұйым тұлғаны оқиғалар туралы дерекқордан алып тастаған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде банктік шот, электрондық әмиян бойынша шығыс операцияларын қайта бастайды, төлемнің және (немесе) ақша аударымының сомасын бұғаттаудан шығарады, сондай-ақ клиентпен жасалған шартта белгіленген тәртіппен клиентке бұл туралы хабарлайды.

      13. Әрекеттенулер туралы дерекқор ішкі құжаттарға және (немесе) ұйымдардың ішкі антифрод-жүйелерінің және (немесе) ұйымдардың жауапты құрылымдық бөлімшелерінің (ұйымдардың ішкі құжаттарында белгіленген) деректеріне сәйкес алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларына байланысты төлем операцияларына олардың қатысқаны туралы негіздер (күдік) болатын өзінің клиенттері бойынша ұйымдардан алынған алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары туралы хабарлар негізінде қалыптастырылады.

      Ұйым әрекеттенулер туралы дерекқорға ақпаратты қосу үшін мынадай реттілікті әрекеттерді орындайды:

      1) ұйым ішкі құжаттарға не ұйымның ішкі антифрод-жүйелерінің және (немесе) антифрод-бөлімшелерінің деректеріне сәйкес Төлемдер заңның 25-1-бабы негізінде клиенттің алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларын анықтайды және нұсқауды орындаудан бас тартады немесе нұсқауды орындауды және (немесе) банктік шот, электрондық әмиян бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрады, 5 (бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімге төлемнің және (немесе) ақша аударымының сомасын бұғаттайды;

      2) клиенттің банктік шоты, электрондық әмияны бойынша нұсқауларды және (немесе) шығыс операцияларын орындауды тоқтата тұрған немесе төлем және (немесе) ақша аударымы сомасын бұғаттаған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өз клиентінің операцияларына, оның ішінде клиенттен мән-жайларды анықтау және шешім қабылдау үшін қажет қосымша ақпаратты алу бойынша талдау жүргізеді;

      3) клиенттің алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларына байланысты төлем операцияларына қатысуы туралы негіздер (күдік) расталған жағдайда, антифрод-орталыққа мәліметтерді әрекеттенулер туралы дерекқорға енгізу туралы хабар жібереді.

      Тұлға әрекеттенулер туралы дерекқордан антифрод-орталықтың ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен және жағдайларда жүргізілген тергеп-тексеру қорытындылары бойынша қылмыстық қудалау органы немесе клиенттің әрекеттенулер туралы дерекқорға оның негізсіз не қате енгізілгені туралы өтінішін қарау қорытындылары бойынша ұйым жіберген хабар негізінде алып тасталады.

      Ұйым тұлғаны әрекеттенулер туралы дерекқордан алып тастаған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде банктік шот, электрондық әмиян бойынша шығыс операцияларын қайта бастайды, төлемнің және (немесе) ақша аударымының сомасын бұғаттаудан шығарады, сондай-ақ клиентпен жасалған шартта белгіленген тәртіппен клиентке бұл туралы хабарлайды.

      14. Қылмыстық қудалау, ұлттық қауіпсіздік органдары және құқық қорғау органдары тіркелген қылмыстық істер бойынша антифрод-орталыққа заңсыз деп танылатын немесе тыйым салынған өзге де төлем транзакцияларын жүзеге асыру үшін пайдаланылатын электрондық төлем құралдарының деректемелерін (бұдан әрі – заңсыз пайдаланылған электрондық төлем құралдары) жібереді.

      Антифрод-орталық Қағидаларға 1-қосымшада белгіленген тәртіппен нақты уақыт режимінде заңсыз пайдаланылған электрондық төлем құралдары бойынша дерекқорды қалыптастырады және жүргізеді.

      Ұйым антифрод-орталықтан заңсыз пайдаланылған электрондық төлем құралдары бойынша мәліметтерді алған кезде оларды Қағидаларға қосымшада белгіленген тәртіппен қылмыстық қудалау, ұлттық қауіпсіздік органынан, құқық қорғау органынан Антифрод-орталық арқылы алынған қаулы түрінде Антифрод-орталық арқылы қосымша хабарлама алғанға дейін бұғаттайды.

      Қылмыстық қудалау, ұлттық қауіпсіздік органынан, құқық қорғау органынан Антифрод-орталық арқылы алынған қаулы негізінде ұйым клиентке қызмет көрсетуді қайта бастау немесе клиентке қызмет көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      15. Антифрод-орталық өз функцияларын орындау үшін абонентке тіркелген абоненттік нөмірді растау үшін ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтарының дерекқорымен және (немесе) ұялы байланыс операторларының дерекқорларымен, оның ішінде көрсетілген абоненттік ұялы нөмірі тіркелген тұлға туралы мәліметтерді, атап айтқанда жеке сәйкестендіру нөмірін, тегін, атын және әкесінің атын (ол болған жағдайда) ұсына отырып интеграцияланады.

      Ұялы байланыс операторлары алаяқтық белгілері бар қоңырау шалу жүзеге асырылған абоненттік нөмірді анықтаған кезде, сондай-ақ байланыс желілерінде алаяқтық әрекеттер анықталған кезде тегін, атын, әкесінің атын (ол болған жағдайда), жеке сәйкестендіру нөмірін және абонентке ресімделген абоненттік нөмірлерді қоса алғанда, абонент туралы ақпаратты ұсына отырып, антифрод-орталықты хабардар етеді.

      Ұялы байланыс операторлары антифрод-орталықтан ақпарат алған кезде, сондай-ақ осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген жағдайларда осы абоненттік нөмірге байланыс қызметтерін көрсетуді, оның ішінде GSM-шлюздерді (SIM-бокстар) және IP-телефонияны тоқтата тұрады.

      Ескерту. 03.01.2026 бастап қолданысқа енгізіледі – осы қаулының 5-тармағымен.

      16. Антифрод-орталық ұйымның сұрау салуы бойынша оған ұлттық қауіпсіздік органдарының дерекқорларынан Антифрод-орталық арқылы алынған клиенттің Қазақстан Республикасының аумағында болу мәртебесі туралы мәліметтерді ұсынады.

      Ескерту. 03.01.2026 бастап қолданысқа енгізіледі – осы қаулының 5-тармағымен.

      17. Екінші деңгейдегі банктер есірткінің заңсыз өндірілуіне, айналымына және (немесе) транзитіне, қаржы пирамидаларының қызметін ұйымдастыруға, Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына лицензиясы жоқ электрондық казино мен интернет-казиноның, шетелдік букмекерлік кеңселердің және (немесе) тотализаторлардың пайдасына төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыруға байланысты құқыққа қарсы оқыс оқиғаларды (бұдан әрі – құқыққа қарсы оқыс оқиғалар), оның ішінде клиенттің өтініші негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 12 қарашадағы № 188 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19632 болып тіркелген) бекітілген Екінші деңгейдегі банктерге, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдарына арналған тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларында белгіленген талаптарды сақтай отырып анықтайды.

      Төлем ұйымдары құқыққа қарсы оқыс оқиғаларды, оның ішінде клиенттің өтініші негізінде ішкі құжаттарға сәйкес анықтайды.

      Антифрод-орталық құқыққа қарсы оқыс оқиғаларға тартылған тұлғалар дерекқорын нақты уақыт режимінде қалыптастырады және жүргізеді. Ұйымның клиенттері бойынша мәліметтер құқыққа қарсы оқыс оқиғаларға тартылған тұлғалар дерекқорына екінші деңгейдегі банктің немесе төлем ұйымының хабары негізінде енгізіледі.

      Ақша жөнелтушіні және (немесе) бенефициарды (ақша алушыны) құқыққа қарсы оқыс оқиғаларға тартылған тұлғалар дерекқорына қосу үшін антифрод-орталықтың ақпараттық жүйесі арқылы екінші деңгейдегі банктен немесе төлем ұйымынан алынған құқыққа қарсы оқиға туралы хабар антифрод-орталық хабарды алғаннан кейін дереу қосылады және антифрод-орталықтың барлық қатысушысы үшін қолжетімді болады.

      Екінші деңгейдегі банк немесе төлем ұйымы құқыққа қарсы оқыс оқиғаны анықтаған кезде:

      1) 5 (бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімге клиенттің банктік шотын немесе электрондық әмиянын бұғаттайды;

      2) 5 (бес) жұмыс күні ішінде өз клиентінің операцияларына, оның ішінде клиенттен мән-жайларды анықтау және шешім қабылдау үшін қажет қосымша ақпарат алу бойынша талдау жүргізеді;

      3) клиенттің құқыққа қарсы оқыс оқиғаға қатысуы туралы негіздемелер (күдіктер) расталған жағдайда, құқыққа қарсы оқыс оқиғаның түрін (есірткінің заңсыз өндірілуіне, айналымына және (немесе) транзитіне, қаржы пирамидаларының қызметін ұйымдастыруға, Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына лицензиясы жоқ электрондық казино мен интернет-казиноның, шетелдік букмекерлік кеңселердің және (немесе) тотализаторлардың пайдасына төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыруға байланысты) көрсете отырып, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген іс-шараларды кейіннен өткізу үшін құқық қорғау органына құқыққа қарсы оқыс оқиға бойынша ақпаратты жіберу үшін хабарды Антифрод-орталыққа жібереді. Антифрод-орталық:

      - есірткінің заңсыз өндірілуіне, айналымына және (немесе) транзитіне байланысты оқыс оқиға бойынша ақпаратты ішкі істер органдарына жібереді;

      - қаржы пирамидаларының қызметін ұйымдастыруға, Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласындағы қызметпен айналысу құқығына лицензиясы жоқ электрондық казино мен интернет-казиноның, шетелдік букмекерлік кеңселердің және (немесе) тотализаторлардың пайдасына төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыруға байланысты ақпаратты экономикалық тергеу қызметіне жібереді.

      Құқық қорғау органы өткізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша антифрод-орталыққа жіберген хабар негізінде тұлға құқыққа қарсы оқыс оқиғалар дерекқорынан алып тасталады.

      Екінші деңгейдегі банк немесе төлем ұйымы тұлғаны өзге де құқыққа қарсы оқыс оқиғаларға тартылған тұлғалар дерекқорынан алып тастаған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күн ішінде банктік шот немесе электрондық әмиян бойынша бұғаттауды алып тастайды.

4-тарау. Ұйымдардың нұсқауды орындаудан бас тартуы немесе орындауды тоқтата тұруы, клиентке көрсетілетін қаржылық және төлем қызметтерінің шектеулі тізбесін ұсыну тәртібі мен түрлері, сондай-ақ прокурор санкциялаған қылмыстық қудалау органының транзакцияны алаяқтық транзакциясы деп тану туралы хабарламасында көрсетілген клиентке ақшаны қайтару тәртібі

      18. Ұйым Қағидалардың 22-тармағының 1) тармақшасында көзделген төлемдердің ақпараты оқиғалар туралы дерекқорда бар ақпаратпен сәйкес келетін бенефициар пайдасына есепке жазылу жағдайларын қоспағанда, төлемнің және (немесе) ақша аударымының жөнелтушісі немесе бенефициары туралы ақпарат төлем немесе ақша аударымы жүзеге асырылған сәттегі оқиғалар туралы дерекқорда бар ақпаратпен сәйкес келген кезде төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асырудан бас тартады.

      Ұйым төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша нұсқауды орындаудан бас тартқан кезде клиентпен жасалған шартта белгіленген тәртіппен ақша жөнелтуші клиентке бас тартудың себептері мен негіздемелерін және тұлғаны оқиғалар туралы дерекқорға енгізу бастамашысын көрсете отырып, төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асырудан бас тарту туралы ақпарат береді.

      19. Ұйым Төлемдер туралы заңның 25-1-бабы 3-1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ақша жөнелтуші немесе бенефициар туралы ақпарат әрекеттенулер туралы дерекқорда бар ақпаратпен сәйкес келген кезде нұсқаудың орындалуын тоқтата тұрады және (немесе) ақша сомасын бұғаттайды және клиентпен жасалған шартта белгіленген тәртіппен клиентке бас тартудың себептері мен негіздемелерін және тұлғаны әрекеттенулер туралы дерекқорға енгізу бастамашысын көрсете отырып, төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыруды тоқтата тұру туралы ақпарат береді.

      Егер ақша жөнелтуші шартта белгіленген тәсілмен әрекеттенулер туралы дерекқорға енгізілген бенефициардың пайдасына төлемді немесе ақша аударымын жүзеге асыру туралы ниетін растаса, ұйым бенефициардың пайдасына осы төлемді және (немесе) ақша аударымын қайтадан бастайды.

      Басқа жағдайда ұйым төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асырмайды.

      20. Ұйым клиенттің алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясын анықтағаны туралы өтінішін алған кезде:

      1) ақша жөнелтушіге қызмет көрсететін ұйым операцияға талдау (зерделеу) жүргізеді, оның нәтижелері бойынша антифрод-орталыққа клиенттің және бенефициарға қызмет көрсететін ұйымның деректемелерін көрсете отырып, алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясы туралы хабар жібереді;

      2) антифрод-орталық осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген хабарды алғаннан кейін бенефициардың банктік шотына және (немесе) электрондық әмиянына ақша аудару туралы нұсқауды орындауды тоқтата тұруы және бенефициардың ақша алу негіздерін анықтауы үшін бенефициарға қызмет көрсететін ұйымды бір мезгілде хабардар ете отырып, бенефициар туралы ақпаратты әрекеттенулер туралы дерекқорға дереу енгізеді.

      3) бенефициарға қызмет көрсететін ұйым антифрод-орталықтан осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген хабарламаны алғаннан кейін операция сомасы шегінде ақшаны бенефициардың банктік шотына және (немесе) электрондық әмиянына есепке жатқызуды тоқтата тұрады;

      4) бенефициардың банктік шотына және (немесе) электрондық әмиянға ақшаны есепке жатқызуды тоқтата тұру мүмкін болмаған жағдайда, бенефициарға қызмет көрсететін ұйым клиенттің нұсқауларын орындауды және (немесе) банктік шот, электрондық әмиян бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрады, бенефициардың банктік шотындағы және (немесе) электрондық әмиянындағы төлемнің және (немесе) ақша аударымының сомасын бұғаттайды және шартта белгіленген тәртіппен бенефициарды бұл туралы дереу хабардар етеді. Клиенттің нұсқауларын орындауды және (немесе) клиенттің банктік шоты және (немесе) электрондық әмияны бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру (немесе) төлемнің және (немесе) ақша аударымының сомасын бұғаттау бенефициардың ақша алу негіздерін анықтау мақсатында жүзеге асырылады.

      21. Банктік шот, электрондық әмиян бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру кезінде клиент қажет болған жағдайда қаржылық немесе төлем қызметтерінің шектеулі тізбесін алу үшін шартта белгіленген тәртіппен ұйымның мекенжайына өтініш береді.

      Клиенттің өтінішін қарау қорытындылары бойынша ұйым клиент өтініш жасаған күннен бастап 7 (жеті) күнтізбелік күннен кешіктірмей шартта белгіленген тәртіппен клиентті қабылданған шешім туралы хабардар ете отырып, клиентке көрсетілетін қаржылық және (немесе) төлем қызметтерінің шектеулі тізбесін ұсынудан бас тарту немесе ұсыну туралы шешім қабылдайды.

      Клиенттің банктік шотында, электрондық әмиянында алаяқтық белгілері бар транзакция шеңберінде бұғатталған ақша болған жағдайда, клиентпен іскерлік қатынастарды тоқтату қылмыстық қудалау органдарының тиісті шешімін алғанға дейін мүмкін болмайды.

      22. Клиент оқиғалар немесе әрекеттенулер туралы дерекқорға енгізілген кезде ұйым ішкі қағидаларға сәйкес қаржылық және (немесе) төлем қызметтерін көрсетуден бас тарту туралы немесе қаржылық және (немесе) төлем қызметтерінің шектеулі тізбесін ұсыну туралы шешім қабылдайды.

      Көрсетілетін қаржылық және (немесе) төлем қызметтерінің шектеулі тізбесін ұйым ішкі қағидаларға сәйкес айқындайды және онда:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек демалысы ақысын, жалақыны, қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды және (немесе) жұмыс берушінің өзге де төлемдерін, зейнетақыны, стипендияны, жәрдемақыны және (немесе) өзге де әлеуметтік төлемді төлеу түрінде клиенттің банктік шотына түскен төлемдерді есепке жатқызу;

      2) ұйымда осы төлемдерді есепке жатқызу бойынша төлемдердің алаяқтық сипаты туралы ақпарат болмаған жағдайда, клиентке оның банктік шотына еңбек демалысы ақысын, жалақыны, қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды және (немесе) жұмыс берушінің өзге де төлемдерін төлеу түрінде есепке жатқызылған қолма-қол ақшаны беру;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес клиентке оның банктік шотына зейнетақы, стипендия, жәрдемақы және (немесе) өзге де әлеуметтік төлем түрінде есепке жатқызылған қолма-қол ақшаны беру;

      4) осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес есепке жатқызылған ақша сомасы шегінде салықтарды, коммуналдық және әлеуметтік төлемдерді, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, өсімпұлдар мен айыппұлдарды, сондай-ақ қарызды өтеу бойынша төлемдерді төлеу бойынша қызметтер қамтылады.

      23. Алаяқтық белгілері бар транзакция деп танылған төлемнің және (немесе) ақша аударымының бенефициарына қызмет көрсететін ұйым ақшаны прокурор санкциялаған, Антифрод-орталық арқылы алынған қылмыстық қудалау органының транзакцияны алаяқтық транзакциясы деп тану және қаулыда (бұдан әрі – қаулы) көрсетілген тұлғаға ақшаны қайтару қажеттілігі туралы қаулы түрінде хабарлама алған кезде қайтарады.

      Ұйым ақшаны төлем ордерін және төлем тапсырмасын пайдалана отырып, Төлемдер туралы заңның 25-1-бабында көзделген тәртіппен бұғатталған сома шегінде ғана қайтарады.

      Егер қаулыда көрсетілген ақша сомасы Төлемдер туралы заңның 25-1-бабында көзделген тәртіппен бұғатталған сомадан асып кеткен жағдайда, ұйым Төлемдер туралы заңның 25-1-бабында көзделген тәртіппен бұғатталған сома шегінде ғана қаулыны ішінара орындайды. Қаулыда көрсетілген соманың қалдығы заңды күшіне енген сот шешімі негізінде қайтарылуға жатады.

      Қаулыда көрсетілген бенефициар пайдасына ақша қаулыны алған кезден бастап келесі операциялық күннен кешіктірілмейтін мерзімде аударылады.

      Қаулыда пайдасына ақша қайтарылатын бенефициардың мынадай деректемелері қамтылады:

      1) жеке тұлғаларға қатысты тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), заңды тұлғаларға қатысты атауы;

      2) банктік шот ашылған банктің банктік сәйкестендіру коды;

      3) клиенттің жеке сәйкестендіру коды;

      4) клиенттің жеке сәйкестендіру нөмірі немесе бизнес сәйкестендіру нөмірі;

      5) ақша сомасы.

      Қаулыда банк шотынан ақша қайтарылатын ақша жөнелтушінің мынадай деректемелері қамтылады:

      1) жеке тұлғаларға қатысты тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), заңды тұлғаларға қатысты атауы;

      2) банктік шот ашылған банктің банктік сәйкестендіру коды немесе электрондық ақша жүйесі операторының шоты ашылған банктің банктік сәйкестендіру коды;

      3) клиенттің жеке сәйкестендіру коды немесе электрондық ақша жүйесі операторының жеке сәйкестендіру коды;

      4) клиенттің жеке сәйкестендіру нөмірі немесе бизнес сәйкестендіру нөмірі.

      Бенефициарға қызмет көрсететін ұйым қаулыны күнтізбелік кезектіліктің келу тәртібімен (күні мен уақыты бойынша) орындайды.

5-тарау. Ұйымдардың алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларын жүзеге асырудың барлық оқиғалары және (немесе) әрекеттенулері туралы ақпаратты антифрод-орталыққа жіберуі

      24. Ұйым антифрод-орталыққа жіберетін алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясы туралы хабарда өз клиентінің:

      1) алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы клиенттің ақшасын жымқыруға бағытталған үшінші тұлғалардың әрекеттерінен зардап шеккен;

      2) үшінші тұлғаға/тұлғаларға қатысты алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы үшінші тұлғаның/тұлғалардың ақшасын жымқыруға бағытталған іс-әрекеттер жасауға күдікті мәртебесі туралы мәліметтер қамтылады.

      25. Ұйым және (немесе) қылмыстық қудалау органы алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясы туралы хабарды электрондық нысанда антифрод-орталықтың ішкі құжаттарында белгіленген форматта төлемді және (немесе) ақша аударымын:

      1) банктік шотты пайдалана отырып жүзеге асырған кезде: жеке сәйкестендіру кодын, транзакция сомасын, уақытын және төлем транзакциясының бірегей кодын;

      2) төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асырған кезде: алғашқы 6 және соңғы 4 разрядты көрсете отырып, карточканың толық емес нөмірін және (немесе) эквайер оны өңдеу процесінде беретін төлем транзакциясының бірегей сәйкестендіргішін (бар болса), транзакция сомасын, төлем транзакциясының уақытын және бірегей кодын;

      3) электрондық әмиянды пайдалана отырып жүзеге асырған кезде: әмиянның деректемелерін, төлем транзакциясының сомасын, уақытын және бірегей кодын;

      4) антифрод-орталықтың ішкі қағидаларында белгіленген өзге де қосымша деректемелерді көрсете отырып жібереді.

      Алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясы туралы хабарды әрбір ұйым тегін, атын, әкесінің атын (ол болған жағдайда) және оның жеке сәйкестендіру нөмірін міндетті түрде көрсете отырып, өз клиенті бойынша дербес толтырады.

      26. Антифрод-орталық алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясы туралы хабарды алған кезде осы хабарға антифрод-орталықтың ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен басымдық береді.

      27. Ұйым ішкі құжаттармен бекітілген мынадай өлшемшарттар (белгілер) негізінде, бірақ олармен шектелмей, алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясын анықтайды:

      1) ұйым жалпы жасалатын операциялар (клиент жүзеге асыратын қызмет) бойынша талдау негізінде анықтаған клиент жүргізетін операция сипатының (өзгеше) сәйкес келмеуі, атап айтқанда:

      операцияны жүзеге асыру уақыты (күндері);

      операцияларды жүзеге асыру орны (клиенттің нақты орналасқан жері, операцияны жүзеге асыру орны және тағы басқалар);

      оны пайдалана отырып операция жүзеге асырылатын құрылғы.

      2) клиент жүргізетін операция параметрлерінің сәйкес келмеуі:

      операция сомасы;

      операцияларды жүзеге асыру кезеңділігі (жиілігі);

      ақша алушы (бенефициар).

      3) клиенттің:

      шетелдік қызмет көрсетушілердің пайдасына, оның ішінде цифрлық активтер платформалары;

      қызметі ірі төлемдерді қабылдауға байланысты емес, тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді жеткізушілердің пайдасына жүргізетін операциялар көлемінің сәйкес келмеуі.

      Алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректер алмасу орталығының

      (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің антифрод-орталығы) қызметін ұйымдастыру қағидаларына

      қосымша

      Антифрод-орталықтың қатысушылары арасында

      заңсыз деп танылатын немесе тыйым салынған төлем транзакциялары

      жүзеге асырылатын электрондық төлем құралдары бойынша

      өзара іс-қимыл алгоритмі

      1. Қылмыстық қудалау, ұлттық қауіпсіздік органы және құқық қорғау органдары тіркелген қылмыстық істер бойынша заңсыз және (немесе) тыйым салынған төлем операцияларында пайдаланылатын (пайдаланылған), қаржы ұйымдары мен төлем ұйымдарының (бұдан әрі – Ұйымдар) клиенттеріне тиесілі электрондық төлем құралдарының (бұдан әрі – заңсыз пайдаланылған электрондық төлем құралдары) деректемелерін анықтайды.

      2. Қылмыстық қудалау, ұлттық қауіпсіздік органы және құқық қорғау органдары нақты уақыт режимінде заңсыз пайдаланылған электрондық төлем құралдарының тізбесін алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректер алмасу орталығына (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің антифрод-орталығы) (бұдан әрі – антифрод-орталық) жібереді. Қылмыстық қудалау органы әрбір электрондық төлем құралы бойынша тіркелген қылмыстық іс туралы ақпаратты қоса береді.

      3. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясы" акционерлік қоғамы қылмыстық қудалау, ұлттық қауіпсіздік органынан, құқық қорғау органынан электрондық төлем құралын алған кезден бастап 1 (бір) сағат ішінде оның иесін (төлем карточкасының эмитент банкін немесе электрондық әмиян ашылған электрондық ақша жүйесін) айқындайды және жабық режимде электрондық төлем құралының әрбір иесіне жеке-жеке жолдайды.

      4. Әр Ұйым мынадай іс-шараларды өткізеді:

      1) қылмыстық қудалау, ұлттық қауіпсіздік органынан, құқық қорғау органынан антифрод-орталық арқылы алынған бұдан кейінгі іс-әрекет туралы қаулы түрінде қосымша хабарлама алғанға дейін электрондық төлем құралын бұғаттайды және клиентке бұл туралы хабарлайды;

      2) иесінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) мен жеке сәйкестендіру нөмірін, резиденттік мәртебесін қамтитын электрондық төлем құралының иесі бойынша деректерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық қудалау, ұлттық қауіпсіздік органының, құқық қорғау органының сұратуы бойынша өзге де ақпаратты антифрод-орталыққа жібереді;

      3) қылмыстық қудалау, ұлттық қауіпсіздік органынан, құқық қорғау органынан антифрод-орталық арқылы алынған қаулы түріндегі хабарламаның негізінде Ұйым клиентке қызмет көрсетуді қайта бастау немесе клиентке қызмет көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады