Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және гидрометеорологиялық мониторинг пен қоршаған ортаның жай-күйі мониторингісі үшін мемлекеттік бақылау желісін дамыту саласында лизинг шарты шеңберінде жүзеге асырылатын күрделі шығыстардың құнын және нысанын айқындау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2025 жылғы 14 тамыздағы № 224 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 20 тамызда № 36622 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 14-бабы 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және гидрометеорологиялық мониторинг пен қоршаған ортаның жай-күйі мониторингісі үшін мемлекеттік бақылау желісін дамыту саласында лизинг шарты шеңберінде жүзеге асырылатын күрделі шығыстардың құнын және нысанын айқындау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Экология және табиғи ресурстар министрінің м. а.
Н. Шарбиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Экология және табиғи ресурстар
министрінің м. а.
2025 жылғы 14 тамыздағы
№ 224 бұйрығына
қосымша

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және гидрометеорологиялық мониторинг пен қоршаған ортаның жай-күйі мониторингі үшін мемлекеттік бақылау желісін дамыту саласында лизинг шарты шеңберінде жүзеге асырылатын күрделі шығыстардың құнын және нысанын айқындау қағидалары

1-бөлім. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 14-бабы 4-тармағына сәйкес орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және гидрометеорологиялық мониторинг пен қоршаған ортаның жай-күйі мониторингі үшін мемлекеттік бақылау желісін дамыту саласында лизинг шарты шеңберінде жүзеге асырылатын күрделі шығыстардың құнын және нысанын айқындау тәртібін реттейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) әлеуетті өнім беруші – коммерциялық ұсыныстар жинау және жеткізушіні таңдау рәсіміне қатысу үшін қарастырылатын жеке немесе заңды тұлға;

      2) бюджет бағдарламаларының әкімшісі (бұдан әрі – ББӘ) – орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сондай-ақ гидрометеорологиялық мониторинг пен қоршаған ортаның жай-күйі мониторингі үшін мемлекеттік бақылау желісін дамыту саласындағы бюджет бағдарламаларының әкімшісі;

      3) ведомстволық бюджет комиссиясы – ұсыныстарды қарауға және шығыстарды бюджет бағдарламаларына енгізу мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға уәкілетті ББӘ жанындағы консультациялық-кеңесші орган;

      4) лизинг шарты – лизинг қызметін жүзеге асыратын заңды немесе жеке тұлға (лизинг беруші) ББӘ мүлікті өтеулі негізде пайдалануға беретін шарт;

      5) лизинг нысанасы – лизинг беруші сатып алатын және лизинг шарты бойынша пайдалануға беретін мүлік.

2-бөлім. Күрделі шығыстардың құнын және нысанын белгілеу тәртібі

      3. ББӘ мынадай:

      1) өнеркәсіп және құрылыс саласындағы уәкілетті органға – көлік құралдары және (немесе) жабдықтардың техникалық сипаттамаларын, тамыр жүйесі жабық питомниктерді салу параметрлерін, сондай-ақ гидрометеорологиялық мониторинг пен қоршаған ортаның жай-күйі мониторингі үшін көрсете отырып;

      2) цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі саласындағы уәкілетті органға – гидрометеорологиялық мониторинг пен қоршаған ортаның жай-күйі мониторингі үшін жабдықтарын техникалық сипаттамалары мен параметрлерін көрсете отырып;

      3) "Қазақтелеком" акционерлік қоғамына – орман өрттерін ерте анықтау жүйелерінің техникалық сипаттамалары мен параметрлерін көрсете отырып сұраулар жібереді.

      4. Өнеркәсіп және құрылыс саласындағы уәкілетті орган сұрау түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде:

      1) өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдері бар өндірушілерге көлік құралдары мен жабдықтарға қатысты ақпарат ұсынуға сұрау жолдайды;

      2) объектілерді (питомниктер, жылыжайлар, сэндвич-панельдерден жасалған құрылысжайлар, суару және көлеңкелеу жүйелері) салуға және гидрометеорологиялық мониторинг пен қоршаған ортаның жай-күйі мониторингісіне арналған жабдықтарды өндіруге (жеткізуге) (автоматты метеорологиялық станция, автоматты агрометеорологиялық бекет, атмосфералық ауаның сапасын автоматты бақылау станциясы, автоматты гидрологиялық станция, газоанализаторлар және өзге де жабдықтар) маманданған ұйымдарға тиісті тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді жеткізу мүмкіндігі туралы сұрау жолдайды.

      5. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі саласындағы уәкілетті орган сұрау алынған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде гидрометеорологиялық мониторинг пен қоршаған ортаның жай-күйі мониторингісіне арналған жабдықтарды өндіру (жеткізу) (автоматты метеорологиялық станция, автоматты агрометеорологиялық бекет, атмосфералық ауаның сапасын автоматты бақылау станциясы, автоматты гидрологиялық станция, газоанализаторлар және өзге де жабдықтар) бойынша маманданған ұйымдарға техникалық және коммерциялық ұсыныстар ұсыну туралы сұрау жолдайды.

      6. Сұрау алған ұйымдар 5 жұмыс күні ішінде техникалық сипаттамаларды, болжамды құнын және жеткізу шарттарын қамтитын коммерциялық ұсыныстарды береді.

      7. 4 және 5-тармақтарда көрсетілген уәкілетті органдар жауаптарды алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде:

      - алынған ақпаратты жинақтайды;

      - жиынтық деректерді ББӘ-ге жолдайды.

      8. "Қазақтелеком" акционерлік қоғамы 5 жұмыс күні ішінде антенна-діңгек құрылыстарын салуға және оларды орман өрттерін ерте анықтау жүйесімен жабдықтауға есептеулер ұсынады.

      9. ББӘ жиынтық ақпаратты алған сәттен бастап 5 жұмыс күні ішінде өзінің ресми интернет-ресурсында әлеуетті өнім берушілерден (заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер) ұсыныстар қабылдау туралы хабарландыру орналастырады. Хабарландыруда тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге) қойылатын талаптар және ұсыныстарды беру мерзімі көрсетіледі.

      10. Әлеуетті өнім берушілер хабарландыру орналастырылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде ББӘ-ге мыналарды:

      - лизинг нысанасының құнын;

      - лизинг нысанасын жеткізу шарттары мен мерзімдерін;

      - лизинг нысанасының техникалық сипаттамаларын қамтитын ұсыныстар ұсынады.

      11. ББӘ-нің ведомстволық бюджет комиссиясы:

      - 10 жұмыс күні ішінде ұсыныстарды қарайды және оларды бюджет бағдарламасының мақсаттары мен параметрлеріне сәйкестігі тұрғысынан талдайды;

      - сатып алынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) техникалық сипаттамалары мен параметрлері белгіленген талаптарға сәйкес келетін және (немесе) олардан асып кеткен жағдайда лизинг нысанасының ең төмен қолайлы құнын айқындайды;

      - сыйақыны, лизинг мерзімін және қайтару шарттарын қоса алғанда, төлем кестесін бекітеді.

      12. Бюджеттік бағдарламаның мақсаттары мен параметрлеріне, сондай-ақ белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда ББӘ-нің ведомстволық бюджеттік комиссиясы бас тарту туралы дәлелді шешім қабылдайды. Бас тарту туралы шешім хаттамамен ресімделеді, комиссияның барлық мүшелері қол қояды және ББӘ-нің ресми интернет ресурсында жарияланады.

      13. Лизинг нысанасын сатып алудың орындылығы туралы шешім Республикалық немесе жергілікті бюджет комиссиясының қорытындысы негізінде 10 жұмыс күн ішінде қабылданады.

      14. Бюджет комиссиясының шешіміне сүйене отырып, ББӘ бюджет өтінімін қалыптастырады және лизингтік төлемдерді өтеуге бағытталған Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 71-бабының талаптарына сәйкес бюджет бағдарламасының жобасын әзірлейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады