Медициналық техниканың лизинг шарты шеңберінде жүзеге асырылатын күрделі шығыстардың құны мен нысанасын айқындау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2025 жылғы 30 шiлдедегi № 72 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылы 1 тамызда № 36547 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 14-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Медициналық техниканың лизинг шарты шеңберінде жүзеге асырылатын күрделі шығыстардың құны мен нысанасын айқындау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Фармацевтика және медициналық өнеркәсіпті дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы
Т. Мұратов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрінің
міндетін атқарушы
2025 жылғы 30 шілдедегі
№ 72 Бұйрығына
қосымша

Медициналық техниканың лизинг шарты шеңберінде жүзеге асырылатын күрделі шығыстардың құны мен нысанасын айқындау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы лизинг шарты шеңберінде жүзеге асырылатын күрделі шығыстардың құны мен нысанасын айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 14-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және медициналық техниканың лизинг шарты шеңберінде жүзеге асырылатын күрделі шығыстардың құны мен нысанасын белгілеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) бюджеттік бағдарламалар әкімшісі (бұдан әрі – ББӘ) – бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және олардың нәтижелеріне қол жеткізуге жауапты, өзіне Қазақстан Республикасының заңнамасында жүктелген функцияларға, өкілеттіктер мен құзыреттерге сәйкес айқындалатын мемлекеттік орган;

      2) медициналық техника – функционалдық мақсатына және өндіруші белгілеген пайдалану сипаттамаларына сәйкес медициналық көмек көрсету үшін жеке немесе өзара үйлесімде қолданылатын аппараттар, аспаптар, жабдық, кешендер, жүйелер;

      3) лизинг бepуші – тартылған ақша және (немесе) өз ақшасы есебiнен лизинг нысанасын меншiгіне сатып алатын және оны денсаулық сақтау ұйымдарына медициналық техниканы лизинг шартының талаптарымен беретiн лизинг мәмiлесiне қатысушы;

      4) медициналық техниканың лизингі шарты – соған сәйкес лизинг беруші белгілі бір сатушыдан меншікке сатып алынған медициналық техниканың лизинг алушыға белгілі бір ақыға және белгілі бір шарттарда бір жылдан астам мерзімге уақытша иеленуге және пайдалануға беруге міндеттенетін мәміле, оның ішінде медициналық техниканың сақтандыруды көздейді;

      5) лизингтік төлемдер графигі – қаржы лизингі шартына сәйкес және медициналық техниканың жеткізу мерзімдерін ескере отырып, әрбір лизинг алушы үшін жеке қалыптастырылатын лизингтік төлемдерді өтеу мерзімдері, мөлшері, бір қаржылық қызметке лизингтік төлемнің үлесі, сыйақының жалпы сомасы және айына қаржылық қызметтердің жоспарлы саны туралы ақпарат;

      6) сатушы – лизинг беруші лизингі шартының негізінде медициналық техниканы сатып алатын лизингтік мәмілеге қатысушы.

2-тарау. Медициналық техниканың лизинг шарты шеңберінде жүзеге асырылатын күрделі шығыстардың құны мен нысанасын айқындау тәртібі

      3. ББӘ медициналық техникаға өтінімдер жинау туралы хабарлайды.

      4. Денсаулық сақтау ұйымдары 30 (отыз) жұмыс күні ішінде медициналық техниканың техникалық ерекшеліктегі атауы, моделі, шығарылған елінің атауы, өндірушінің атауы және медициналық техниканың техникалық сипаттамаларымен жинақталуын көрсете отырып "Медициналық бұйымдардың оңтайлы техникалық сипаттамалары мен клиникалық-техникалық негіздемесіне сараптамалық бағалауды жүзеге асыру әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 қаңтардағы № ҚР ДСМ-1 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылатын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22040 болып тіркелген) медициналық бұйымдардың оңтайлы техникалық сипаттамалары мен клиникалық-техникалық негіздемесіне сараптамалық бағалауды қоса бере отырып ББӘ-ге медициналық техникаға қажеттілікті жібереді.

      5. ББӘ медициналық техникаға өтінімдер жиынтығын қалыптастырған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өзінің ресми интернет-ресурсында жиынтықта көрсетілген лизинг нысаналары бойынша сатушылардан өтінімдер жинақтау туралы хабарландыруды орналастырады.

      6. Сатушылар хабарландыру орналастырылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде моделі, тіркеу куәлігінің нөмірі, жинақталуы, техникалық сипаттамалары мен құны көрсетілген, медициналық техникаға ұсыныстарды ББӘ-ге жібереді.

      7. ББӘ ұсыныстарды қабылдау аяқталған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде, кейіннен оларды өзінің ресми интернет-ресурсында орналастырумен лизинг нысанасы, құны және қолданылу мерзімі көрсетілген қорытындыны қалыптастырады.

      8. Лизинг берушілер ББӘ-нің ресми интернет-ресурсында қорытынды жарияланған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде ББӘ-ге ұсыныстарын енгізеді.

      9. Медициналық техниканың лизинг шарты шеңберінде жүзеге асырылатын күрделі шығыстардың құнын осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес ұсынылған ұсыныстарда көрсетілген медициналық техниканы лизингке сатып алу бойынша ең төменгі құнының негізінде ББӘ айқындайды.

      ББӘ лизингтік төлемдер графигін сатып алу бойынша негізгі қарызды өтеу және пайыздық мөлшерлемесін көрсете отырып, сыйақы тағайындау графигін де айқындайды.

      10. ББӘ қалыптастырылған бюджеттік өтінімді Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес Республикалық немесе жергілікті бюджет комиссияларының қарауына жібереді.

      11. ББӘ Республикалық немесе жергілікті бюджеттік комиссиясы шешімі негізінде Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес тиісті бюджеттік бағдарламаны қалыптастырады.

      12. Медициналық техниканың сатып алу тәртібі және медициналық техниканың лизинг шарттарын жасасу тәртібі Республикалық немесе жергілікті бюджеттік комиссиясы мақұлдағаннан кейін "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде, тергеу изоляторлары мен қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдар үшін медициналық көмектің қосымша көлемін бюджет қаражаты есебінен және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және арнайы емдік өнімдерді сатып алуды, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алынуды ұйымдастыру және өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 маусымдағы № 110 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32733 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады