Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі зерттеулерінің, консалтингтік көрсетілетін қызметтерінің құнын белгілеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2025 жылғы 3 маусымдағы № 148 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 4 маусымда № 36212 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 14-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы беріліп отырған Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі зерттеулерінің, консалтингтік көрсетілетін қызметтерінің құнын белгілеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару және бюджет саясаты департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Аппарат басшысына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Экология және табиғи ресурстар министрі
Е. Нысанбаев

      "БЕКІТІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Экология және табиғи
ресурстар министрі
2025 жылғы 3 маусымдағы
№ 148 Бұйрығыпен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі зерттеулерінің, консалтингтік көрсетілетін қызметтерінің құнын белгілеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің зерттеулерінің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құнын белгілеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 14-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және бюджеттік өтінімді қалыптастыру кезінде зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құнын бюджет қаражаты есебінен белгілеу тәртібін белгілейді.

2-тарау. Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі зерттеулерінің, консалтингтік көрсетілетін қызметтерінің құнын белгілеу тәртібі

      2. Зерттеудің, консалтингтік қызметтің құны зерттеу жүргізуге, консалтингтік қызмет көрсетуге, тікелей қатысатын қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеуге арналған шығыстарды, тікелей шығыстар мен жанама шығыстарды негізге ала отырып, мынадай формула бойынша белгіленеді:

      Қ = ∑ЕАТ + ТШ + ЖШ, мұндағы

      С – зерттеудің, консалтингтік қызметтің құны;

      ∑ЕАТ+ТШ – еңбекке ақы төлеу бойынша шығыстар сомасы;

      ЕАТ – қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу;

      ТШ – осы Қағидалардың 5-тармағының 1) тармақшасында көзделген шығыстарды қоспағанда, тікелей шығыстар;

      ЖШ – жанама шығындар.

      3. Зерттеу, консалтингтік қызмет құнына мынадай шығыстар қосылмайды:

      1) ықтимал шығындарға резервтер қалыптастыру;

      2) өткен кезеңдердің өзге де борыштары мен залалдарын жабу;

      3) ақпараттық ілгерілету шығыстары (жарнама);

      4) демеушілік көмек;

      5) айыппұлдар, өсімпұлдар және тұрақсыздық айыптары.

      4. Тікелей шығындарға мыналар жатады:

      1) зерттеулерді, консалтингтік қызметтерді жүзеге асыратын қызметкерлердің (штаттағы және штаттан тыс) жалақысы;

      2) сыртқы сарапшыларды тарту;

      3) зерттеу жүргізу, консалтингтік қызмет көрсету үшін тікелей пайдаланылатын материалдарды сатып алу, (қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай материалдары, жиынтықтауыштар, кеңсе тауарлары және шығыс материалдары);

      4) жалға алынатын үй-жайларда тікелей зерттеу жүргізу, консалтингтік қызмет көрсету үшін конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізу қажет болған жағдайларда жалдау ақысы;

      5) зерттеу жүргізетін, консалтингтік қызмет көрсететін персоналдың іссапар шығыстары (ел ішіндегі және (немесе)елден тыс жерлердегі қызметтік сапарлар);

      6) әлеуметтік салық, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, персоналды әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жұмыс берушілердің аударымдары, зерттеу жүргізетін, консалтингтік қызмет көрсететін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары;

      7) байланыс қызметтері (қалааралық телефон сөйлесулері, телефон үшін абоненттік төлем, пошта-телеграф шығындары, факс, электрондық пошта, интернет);

      8) полиграфиялық шығындар (бланк өнімдерін тираждау: сауалнамалар, бағыт парақтары, карточкалар, есептер, тест тапсырмалары, түптеу, құжаттарды тігу және өңдеу);

      9) зерттеу жүргізу, консалтингтік қызмет көрсету үшін тікелей пайдаланылатын көліктік көрсетілетін қызметтер;

      10) курьерлік қызметтер (материалдарды тарату);

      11) зерттеу жүргізу, консалтингтік қызмет көрсету үшін тікелей пайдаланылатын аударма қызметтері;

      12) банктік қызметтер;

      13) қосылған құн салығы.

      5. Жанама шығыстар көрсетілетін қызметтердің (жұмыстардың) өзіндік құнына тікелей жатпайды және мынадай шығыстарды қамтиды:

      1) әкімшілік персоналдың жалақысы;

      2) әлеуметтік салық, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, жұмыс берушілердің әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдары, жұмыс берушінің, әкімшілік персоналдың міндетті зейнетақы жарналары;

      3) әкімшілік персоналдың іссапар шығыстары (ел ішіндегі және (немесе) елден тыс жерлердегі қызметтік сапарлар);

      4) өзге де шығыстар (коммуналдық қызметтер, байланыс қызметтері, ақпараттық қызметтер (жарнаманы қоспағанда).

      6. Зерттеу жүргізу, консалтингтік қызмет көрсету кезіндегі шығыстардың әрбір бабын Тапсырыс беруші әрбір бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстардың түрлері бойынша есептеу кезінде бағдар ретінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген Тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағалардың дерекқорын пайдалана отырып қалыптастырады. Бұл ретте, баға дерекқорында көзделген тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бірлігі үшін нақты орташа бағадан аспайтын бағаға бағдарланады. Деректер базасында бағалар болмаған кезде жоспарланған шығыстарды негіздейтін құжаттар (шарттардың көшірмелері, прайс-парақтар) пайдаланылады.

      7. Зерттеулер, консалтингтік қызметтер жүргізу үшін бөгде ұйымдар мен жеке тұлғаларды тарту азаматтық-құқықтық мәміле жасасу негізінде жүзеге асырылады.

      8. Зерттеулердің, консалтингтік қызметтердің құнын есептеу кезінде зерттеу жұмысын орындауға тікелей қатысатын барлық қызметкерлердің штаттық кестеге сәйкес лауазымдары жөніндегі жалақысы әрбір қызметкер бойынша жеке көрсетіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады