Қосшы қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Ақмола облысы Қосшы қаласы мәслихатының 2023 жылғы 29 желтоқсандағы № 85/19-8 шешімі. Ақмола облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 16 қантарда № 8687-03 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына сәйкес, Қосшы қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес Қосшы қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Қосшы қаласы мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қосшы қаласы мәслихатының төрағасы Ә.Қуатбеков

  Қосшы қаласы мәслихатының
2023 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 85/19-8 шешіміне
1-қосымша

Қосшы қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қосшы қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) қаулысына сәйкес әзірленді және Қосшы қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидалар Қосшы қаласының аумағында тұрақты тіркелген және тұратын адамдарға қолданылады.

      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Қосшы қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) әлеуметтік көмек – Қосшы қаласының әкімдігі мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай нысанда көрсететін көмек;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Қосшы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      5) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      6) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      7) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      10) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      11) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - Ақмола облысы Қосшы қаласы мәслихатының 18.01.2025 № 159/37-8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      4. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда белгіленген тәртіпте көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, жылына 1 рет, екі жылда 1 рет) көрсетіледі.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - Ақмола облысы Қосшы қаласы мәслихатының 28.05.2025 № 188/45-8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      6. Әлеуметтік көмек көрсету үшін мереке күндері мен атаулы күндер тізбесі:

      1) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні;

      2) 7 мамыр – Отан қорғаушы күні;

      3) 9 мамыр – Жеңіс күні;

      4) 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні;

      5) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні;

      6) 1 қазан – Қарттар күні;

      7) қазан айының екінші жексенбісі – Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күні;

      8) 16 желтоқсан –Тәуелсіздік күні.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - Ақмола облысы Қосшы қаласы мәслихатының 18.01.2025 № 159/37-8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      7. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:

      1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      3) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;

      4) ең төмен күнкөріс деңгейіне екі еселік қатынаста шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      5) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      6) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      7) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы.

      Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.

      Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді орган бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің тізбесін басшылыққа алады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - Ақмола облысы Қосшы қаласы мәслихатының 18.01.2025 № 159/37-8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      8. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмектің мөлшерін жергілікті өкілді орган облыс жергілікті атқарушы органымен келісу бойынша бірыңғай мөлшерде белгілейді.

      9. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындыда көрсетеді.

      10. Мереке күндеріне және атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек алушылардан өтініш талап етілмей жылына 1 рет келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) Кеңес әскерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылған күніне – 15 ақпан:

      әскери міндеттілерге, оқу жиындарына шақырылып, жауынгерлік іс-қимылдар жүргізілген кезеңде Ауғанстанға жіберілгендерге 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) Отан қорғаушылар күніне – 7 мамыр:

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының тәжік-ауған учаскесінде шекараны күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес 1992 жылғы қыркүйектен 2001 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1986-1991 жылдары Таулы Қарабахтағы ұлтаралық жанжалды реттеуге қатысқан бұрынғы КСРО ішкі істер органдары мен мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамындағы әскери қызметшілерге 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасыларына 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жою кезінде және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі өзге де радиациялық апаттар мен аварияларды жою кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) Жеңіс күніне – 9 мамыр:

      Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, атап айтқанда Ұлы Отан соғысы жылдарында, сондай-ақ бұрынғы КСРО-ны қорғау жөніндегі өзге де жауынгерлік операциялар кезінде әрекет етуші армия мен флот құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтарда және мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшілерге, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілеріне 5 000 000 (бес миллион) теңге мөлшерінде;

      1986–1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі өзге де радиациялық апаттар мен аварияларды жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдарға 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі өзге де радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және олардың ата-анасының бірінің радиациялық сәулеленуіне генетикалық байланысты мүгедектігі бар балаларына 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне – 31 мамыр:

      саяси қуғын-сүргін құрбандарына немесе саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдарға 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) Халықаралық әйелдер күніне – 8 наурыз:

      "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ "Ана даңқы" I және II дәрежелі ордендерімен наградталған көп балалы аналарға 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) Қарттар күніне – 1 қазан:

      зейнетақының ең төменгі мөлшерін немесе ең төменгі мөлшерден төмен зейнетақы алатын зейнеткерлерге және тек мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін алатын зейнеткерлерге 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7) Қазақстан Республикасындағы Мүгедектігі бар адамдар күніне – қазан айының екінші жексенбісі:

      мүгедектігі бар адамдарға, оның ішінде он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      8) Тәуелсіздік күніне – 16 желтоқсан:

      1986 жылғы 17–18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарға, аталған оқиғалар кезінде адам өлтіру және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қол сұғу үшін сотталғандарды қоспағанда, қылмыстық істерді қайта қараудың қолданыстағы тәртібі сақталатын, "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ақталған адамдарға 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - Ақмола облысы Қосшы қаласы мәслихатының 28.05.2025 № 188/45-8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - Ақмола облысы Қосшы қаласы мәслихатының 15.04.2026 № 239/60-8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

      11. Әлеуметтік көмек өтініш бойынша, толық мемлекеттік қамсыздандыруда тұрған адамдарды қоспағанда, мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:

      1) табысты есепке алмай:

      "Қазақстан Республикасындағы ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6 және 7 – баптарында көрсетілген адамдарға Қазақстан Республикасы аумағында санаторий-курорттық емделуге жолдаманың құнын өтеуге төлем құжаттарының негізінде жылына 1 рет 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      "Қазақстан Республикасындағы ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6, 7 және 8-баптарында көрсетілген адамдарға коммуналдық қызметтерге жұмсалған шығыстардың бір бөлігін өтеуге ай сайын 3,5 (үш жарым) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      табиғи зілзала немесе өрт салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) алты айдан кешіктірмей біржолғы 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      әлеуметтік мәні бар аурулары (адамның иммун тапшылығы вирусынан (АИТВ) туындаған ауру, қатерлі ісік) бар, денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған адамдарға ауру түрлерінің бірі бойынша жылына 1 рет 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      амбулаториялық емдеуде жүрген туберкулезбен ауыратын адамдарға 6 (алты) ай бойы ай сайын 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      адамның иммун тапшылығы вирусынан (АИТВ) туындаған аурумен инфицирленген, диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне ай сайын 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

      қатерлі ісігі бар балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне жылына 1 рет 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға босатылған күннен бастап үш айдан кешіктірмей біржолғы 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға біржолғы 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      жасына байланысты зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда, санаторий-курорттық емделу қызметтері жеке оңалту бағдарламасында көзделмеген жағдайда, Қазақстан Республикасы аумағында санаторий-курорттық емделуге жолдаманың құнын өтеуге төлем құжаттарының негізінде екі жылда 1 рет 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен адамдарға жылына 1 рет 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) табысты есепке ала отырып:

      Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, балалар үйлерінің түлектеріне, "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ "Ана даңқы" I және II дәрежелі ордендерімен наградталған көп балалы аналарға, Қосшы қаласын газдандыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес газдандыруға жататын жеке тұрғын үйлерде тұратын, сол тұрғын үйдің меншік иелері немесе меншік иесінің отбасы мүшелері болып табылатын, өздерінің және отбасы мүшелерінің басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда, жан басына шаққандағы орташа табысы өтініш берілген тоқсанның алдындағы тоқсандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда тұрғын үйді газдандыруға біржолғы 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - Ақмола облысы Қосшы қаласы мәслихатының 18.01.2025 № 159/37-8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен; өзгеріс енгізілді - Ақмола облысы Қосшы қаласы мәслихатының 28.05.2025 № 188/45-8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен; жаңа редакцияда - Ақмола облысы Қосшы қаласы мәслихатының 15.04.2026 № 239/60-8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      Мынадай:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді орган белгілеген шектен артық болған;

      4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсетуден бас тартылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - Ақмола облысы Қосшы қаласы мәслихатының 18.01.2025 № 159/37-8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      13. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Қосшы қаласының бюджетінде көзделген, ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган Мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.

      Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - Ақмола облысы Қосшы қаласы мәслихатының 18.01.2025 № 159/37-8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      14. Мынадай:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады.

      Осы тармақтың 3) тармақшасы осы Қағидалардың 7-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.

      Осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - Ақмола облысы Қосшы қаласы мәслихатының 18.01.2025 № 159/37-8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      15. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

      16. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

  Қосшы қаласы мәслихатының
  2023 жылғы 29 желтоқсандағы
  № 85/19-8 шешіміне
  2-қосымша

Қосшы қаласы мәслихатының күші жойылды деп танылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Қосшы қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Қосшы қаласы мәслихатының 2022 жылғы 14 сәуірдегі № 57/12-7 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27670 болып тіркелген).

      2. "Қосшы қаласы мәслихатының 2022 жылғы 14 сәуірдегі № 57/12-7 "Қосшы қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Қосшы қаласы мәслихатының 2022 жылғы 23 қарашадағы № 115/23-7 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30750 болып тіркелген).

      3. "Қосшы қаласы мәслихатының 2022 жылғы 14 сәуірдегі № 57/12-7 "Қосшы қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қосшы қаласы мәслихатының 2023 жылғы 24 сәуірдегі № 8/2-8 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8560-03 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады