Осакаров ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету Қағидасын және мөлшерін бекіту туралы

Жаңартылған

Қарағанды облысы Осакаров аудандық мәслихатының 2022 жылғы 24 қаңтардағы № 179 шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 28 қаңтарда № 26672 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына, "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 5-тармағына сәйкес, Осакаров аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Осакаров ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету Қағидасы және мөлшері осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осакаров аудандық мәслихатының "Осакаров ауданының ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт ұйымдарының мамандарына отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету ережесін бекіту туралы" 2020 жылғы 5 мамырдағы № 830 шешіміне (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5841 болып тіркелген), шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихаттың хатшысы К. Саккулаков

  Осакаров аудандық
мәслихатының
2022 жылғы 24 қантардағы
№ 179 шешіміне қосымша

Осакаров ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету Қағидасы және мөлшері

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда – Қарағанды облысы Осакаров аудандық мәслихатының 15.05.2026 № 49/477 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

1 тарау. Жалпы ереже

      1. Осы Қағида "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және Осакаров ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына (бұдан әрі – мамандар) бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ағымдағы шот – банктік шот шарты негізінде банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ашатын банктік шот;

      2) коммуналдық көрсетілетін қызметтер – тұтынушыға ұсынылатын, қауіпсіз және жайлы тұру (болу) жағдайларын қамтамасыз ету үшін сумен жабдықтауды, су бұруды, газбен жабдықтауды, электрмен жабдықтауды, жылумен жабдықтауды, қоқыс әкетуді, лифтілерге қызмет көрсетуді қамтитын қызметтер.

      3. Әлеуметтік қолдауды тағайындау уәкілетті орган – "Осакаров ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – ММ) жүзеге асырылады.

2 тарау. Мамандарға бюджет қаражаты есебінен коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшері

      4. Коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшылары бекіткен жиынтық тізімдер (бұдан әрі - тізім) негізінде мамандардан өтініштер талап етілмей, екінші деңгейдегі банктер, қаржы нарығын және қаржы операцияларын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның банк операцияларының тиісті түрлеріне лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері арқылы мамандардың ағымдағы шоттарына аудару арқылы ақшалай нысанда мемлекеттік ұйымдардың мамандарына бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік қолдау Осакаров ауданы аумағындағы ауылдық елді мекендерде тұрақты тұратын және жұмыс істейтін мамандарға көрсетіледі.

      6. Әлеуметтік қолдау жылыны бір рет бюджет қаражаты есебінен 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.

      7. Әлеуметтік қолдау көрсетуге арналған шығыстарды қаржыландыру Осакаров ауданының бюджетінде ағымдағы қаржы жылына көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      8. Әлеуметтік қолдау көрсету туралы шешім қабылдау мерзімі тізім түскен күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күнін құрайды.

      9. ММ маманы мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының тізімдерін 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде қарайды.

      10. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 73 және 74 - баптарына сәйкес мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшылары ұсынған тізімдер сәйкес келмеген жағдайда, ММ алдын ала шешім туралы, әлеуметтік қолдау көрсетуден бас тарту туралы, сондай-ақ алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдауды өткізудің уақыты мен орны (тәсілі) туралы мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшыларын хабардар етеді.

      Тізімдерді қарау нәтижелері бойынша ескертулер болмаған кезде ММ оң шешім қабылдайды және әлеуметтік қолдау төлемдерін жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады