"Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі № 310 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 508-42) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 25.12.2025 № 493 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.1. Қоса беріліп отырған Ихтиологиялық байқаулар қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесінің ресми жариялау және Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;
4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы |
Қ. Айтуғанов |
| Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2017 жылғы 9 тамыздағы № 323 бұйрығымен бекітілген |
Ихтиологиялық байқаулар қағидалары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 25.12.2025 № 493 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1. Осы Ихтиологиялық байқаулар қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі № 310 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі туралы ереженің 15-тармағы 508-42) тармақшасына сәйкес әзірленді және ихтиологиялық байқаулар тәртібін айқындайды.
2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бақылау үшін аулау – ихтиофаунаның жай-күйін бақылау, балық ресурстарын және басқа да су жануарларының өсімін молайту тиімділігін, құртшабақтардың өнімділігін, су айдындарының балық өнімділігін айқындау мақсатында балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулау;
2) ихтиофауна – қандай да бір су айдынындағы немесе оның бөлігіндегі балықтар және дөңгелекауыздылар түрлерінің жиынтығы;
3) су объектілерін балық шаруашылығы мелиорациялау – су айдындарының балық өнімділігін сақтауға және арттыруға, балық ресурстарының және басқа да су жануарларының мекендеу және көбею жағдайларын жақсартуға бағытталған іс-шаралар кешені.
3. Ихтиологиялық байқауларды балық шаруашылығы су айдындарында балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – аумақтық бөлімшелер) тоқсан сайын жүргізеді.
4. Ихтиологиялық байқаулардың негізгі бағыттары:
1) балық шаруашылығы су айдындарының жай-күйін бақылау;
2) бақылау үшін аулау;
3) ихтиофаунаның жай-күйі туралы биологиялық материалдарды жинау;
4) өріс аудару жолдарын, уылдырық шашу мерзімдерін және су айдындарына кәсіпшілік жүктемені зерделеу;
5) балық құртшабақтарының кездейсоқ ауланымын, уылдырық шашатын орындарын және қыстау шұңқырларын айқындау;
6) гидрометеорологиялық жағдайларға қарай уылдырық шашу кезеңіндегі тыйым салу мерзімдерін ауыстыруды қоса алғанда, балық аулау режимін реттеу бойынша, балық аулау құралдары бойынша, балық өсіру-мелиорациялық жұмыстарды және су объектілерінің балық шаруашылығы мелиорациясын ұйымдастыру бойынша ұсыныстар тұжырымдау;
7) балықтың қырылу қаупі бар су айдындарын есепке алу және балықтардың қырылуының алдын-алу және оны жою жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;
8) су тарту, су ағызу құрылысжайларын қарап-тексеру және балықтарды қорғау құрылғылары болмаған кезде балық ресурстарына және басқа да су жануарларына келтірілетін және келтірілген зиянды айқындау болып табылады.
5. Ихтиологиялық байқауларды жүргізу кезінде бақылау үшін аулауды Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-04/148 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10606 болып тіркелген) бекітілген Балық аулау қағидаларында айқындалған тәртіппен аумақтық бөлімшелер жүзеге асырады.
6. Ихтиологиялық байқауларды жүргізу нәтижелері бойынша ақпарат жасалады, ол мыналарды қамтиды:
1) балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін есепке алу және олардың сипаттамалары, олардың гидрологиялық және гидрохимиялық жай-күйі туралы деректер;
2) бекітіп берілген балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін және балық шаруашылығы субъектілерін есепке алу;
3) ихтиофаунаның, балықтардың және басқа да су жануарларының азықтық базасының жай-күйі туралы деректер;
4) кәсіпшілік су айдындарында және (немесе) учаскелерінде балық аулау объектілерін аулауды есепке алу;
5) балық ресурстарының және балық аулау объектілеріне жататын басқа да су жануарларының жалпы саны мен түрлік құрамы туралы деректер;
6) уылдырық шашатын өрісті және бағалы балық түрлерінің уылдырық шашуын сипаттайтын деректер;
7) уылдырық шашатын орындарды, қыстау шұңқырларын есепке алу;
8) кәсіпшілікте аулау және техникалық құралдарды, жүзу құралдарын пайдалану және балықшылардың қатысуы туралы деректер;
9) кәсіпшілік учаскесінде бойынша кәсіпшілік аулау құралдарында кездейсоқ ауланым туралы мәліметтер және тиісті қабылданған шаралар;
10) су айдындарына балық жіберу және балық аулау объектілерінің өсімін молайтудың тиімділігін сипаттайтын мәліметтер;
11) су тарту және су ағызу құрылысжайларында балық қорғау құрылғыларын есепке алу;
12) балықтардың қырылуының алдын алу және оны жою жөніндегі іс-шаралар;
13) санын, жас құрылымын, жыныстық-жас арақатынасын, азықтық базаның жай-күйін және тіршілік ету ортасын есепке алу;
14) балық ресурстары санының өсімін молайту және ықтимал өзгерістер бойынша болжамдар;
15) мыналарды қоса алғанда, қорғау және ұтымды пайдалану жөніндегі шараларды айқындау:
алып қоюдың рұқсат етілген көлемін белгілеу;
шектеу және маусымдық шараларды әзірлеу;
өсімді молайту бойынша ұсынымдар (қолдан өсіру, балық жіберу);
тіршілік ету ортасын сақтау және жақсарту жөніндегі шаралар.
7. Ихтиологиялық байқаулардың нәтижелері, ұсынымдар мен ұсыныстар жыл сайын желтоқсан айында балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органға беріледі.