Жануарлар дүниесін пайдалануға арналған биологиялық негіздеме дайындау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрінің 2014 жылғы 4 сәуірдегі № 104-Ө бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 10 сәуірде № 9307 тіркелді.

      "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы

      1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.12.2015 № 18-03/1111 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса берiлiп отырған Жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған биологиялық негiздеме дайындау қағидалары бекiтiлсiн.

      2. Мынадай бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын:

      1) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2010 жылғы 6 сәуірдегі № 233 "Жануарлар дүниесін пайдалануға арналған биологиялық негiздеме дайындау ережесiн бекiту туралы" бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6218 болып тіркелген, 2010 жылдың 25 тамызында № 224 (26285) нөмірімен "Казахстанская правда" газетінде; 2010 жылғы № 14 Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында (Тиражға шыққан уақыты 26.08.2010 ж.) ресми жарияланған);

      2) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 6 желтоқсандағы "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2010 жылғы 6 сәуірдегі № 233 "Жануарлар дүниесін пайдалануға арналған биологиялық негiздеме дайындау ережесiн бекiту туралы" бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8277 болып тіркелген, 2013 жылдың 30 қаңтарында № 56 (27995) нөмірімен "Егемен Қазақстан" газетінде ресми жарияланған).

      3. Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі Балық шаруашылығы комитеті заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оны ресми жариялауға мерзімдік баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің жетекшілік ететін Вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министр Н. Қаппаров

  Қазақстан Республикасы
Қоршаған орта және су
ресурстары министрлігінің
2014 жылғы 4 сәуірдегі
№ 104-Ө бұйрығымен
бекітілген

Жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған биологиялық негiздеме дайындау қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 17.09.2025 № 241 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған биологиялық негiздеме дайындау қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) "Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9–бабы 1–тармағының 11) тармақшасына сәйкес әзірленді және жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған биологиялық негiздеме (бұдан әрi – биологиялық негiздеме) дайындаудың тәртiбiн айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) биологиялық негiздеме – жануарлар дүниесiн пайдалануға, жануарлар дүниесi объектілерінің рұқсат етілген аулау мөлшерін анықтауға, сондай-ақ жануарлар дүниесiнiң объектiлерi мен олардың мекендеу ортасына ықпал етуге қабілетті қызметке арналған ғылыми негiзделген қорытынды;

      2) есептеу – олардың парамертлері мен жағдайын фиксациялау үшін нысандарды басқару бөлігі, есеп ведомосының (кестелерде) жиналған мәліметтері: бухгалтерлік, бюджеттік, жылдам мониторингілік, кадастрлық – жинағы, статистикалық;

      3) жануарлар дүниесі мониторингі – жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару және биологиялық әртүрлілікті сақтау мақсатында жануарлар дүниесі объектілерінің жай-күйі мен динамикасын байқау, бағалау және болжау жүйесі;

      3. Биологиялық негiздемені дайындау келесі мақсаттарда жүзеге асырылады:

      1) жануарлардың түрлерiн санаттарға жатқызу және оларды жануарлар дүниесiнiң бiр санатынан басқасына ауыстыру;

      2) жануарлар дүниесінің объектілерін алып қоюдың шектi рұқсат етілген көлемiн айқындау;

      3) жануарлар дүниесiнiң санын реттеу;

      4) жануарлар дүниесiн интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру;

      5) жануарлар дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу;

      6) жануарлар мен олар мекендейтiн ортаға шаруашылық және өзге қызметтiң әсерiн айқындау;

      7) жануарлар түрлерінің өсiмiн молайту.

2-тарау. Биологиялық негiздемені дайындау

      4. Жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған биологиялық негіздеме бір жыл ішінде жануарлардың өткен жылдағы санын есепке алу материалдары, жануарлар дүниесі объектілерінің және олар мекендейтін ортаның мониторингі және ғылыми зерттеулер негізінде дайындалады.

      Жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған биологиялық негіздеме дайындауды ғылыми және (немесе) ғылыми–техникалық қызмет субъектілері ретінде аккредиттелген заңды және жеке тұлғалар жүзеге асырады.

      5. Биологиялық негіздемеде келесі мәліметтер:

      1) жануарлар дүниесінің объектілері үшін болжамды алу (алып қоюдың шектi рұқсат етілген көлемi) көлемінің негіздемесі және оның жануарлар дүниесi объектiлерiнiң жай–күйiне әсер ету (ықпал ету) болжамы, жануарлар популяциясының тұрақты жай–күйі нормативтерінің болуы, кәсіпшіліктің шектеулері;

      2) жануарлар дүниесі объектілері үшін (балықтан және басқа да су жануарларынан басқа) биологиялық негiздемені әзiрлегенде:

      – объектiлердiң атауы және олардың санаттары;

      – таралу аймағы, санының динамикасы, материалды жинау әдістемесі, есепке алу тәсілдері, есеппен алынған аудан және түрлер бойынша есеп, бірнеше жылғы саны бойынша деректер;

      – болжамды алу учаскесінің шекаралары сипатталған, су бедерінің, өсімдік жамылғысының, гидрологиялық режимнің, климаттың сипаттамасы бар аумақ (акватория);

      – қазақ, орыс және латын тілдеріндегі атауы көрсетілген объектiлердiң жай-күйi туралы, орташа өнiмдiлiк пен табиғи өсімін молайтуға қабілеттілік, тұяқты және iрi жыртқыш жануарлар үшiн таралымның жыныстық–жастық құрамы көрсетіледі;

      3) жануарлар дүниесiн пайдалану үшiн белгiленген шектеулер мен тыйым салуларға ұсынымдар көрсетіледі.

      Биологиялық негiздеме диаграммалардан, кестелерден, карта-схемалардан, бейнефотоматериалдардан және тағы басқалардан тұрады.

      6. Жануарлар дүниесінің санатына байланысты биологиялық негіздемені дайындау кезінде осы Қағидалардың 5–тармағында көрсетілген мәліметтерден басқа мынадай қосымша мәліметтер келтіріледі:

      1) жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерi – саны, зерттелу дәрежесi, таралуы жөнiндегi көп жылғы деректер;

      2) аңшылық объектiлерi болып табылатын жануарлардың түрлерi – аңшылық алқаптары туралы ақпарат (аңшылық шаруашылығының санаты, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың түрi, аңшылық алқаптардың резервтiк қоры), жануарлар дүниесі объектiсінiң шаруашылық мәнi, пайдалану түрi (кәсiпшiлiк, спорттық–әуесқойлық, коллекциялық және ғылыми мақсаттарда) және аңшылық алқаптардың сыйымдылығы (жемшөптiк, ұялық, қорғау факторлары);

      3) аң аулау қоспағанда, жануарлардың басқа да шаруашылық мақсаттарда пайдаланылатын түрлерi – жануарлар дүниесі объектiсінiң шаруашылық мәнi және популяцияның лимиттелу факторының болуы;

      4) халықтың денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылық және басқа үй жануарларының ауруларынан сақтану, қоршаған ортаға зиянды болдырмау, ауыл шаруашылық қызметiне елеулi зиян келтiрiлу қаупiнің алдын алу мақсатында саны реттелуге жататын жануарлардың түрлерi – жануарлар дүниесі объектiсінiң шаруашылық мәнi, зиян келтiрудiң ықтимал дәрежесi, келтiрiлген зиян.

      7. Аңшылық объектiлерi болып табылатын жануарларды пайдалануға арналған биологиялық негiздеме дайындаған кезде жануарларды аулаудың шектi рұқсат етілген көлемiн айқындау үшiн популяцияның өсiмiн болжау әдiсi пайдаланылады. Кейiннен, әрбір шаруашылықта жануарларды аулаудың көлемiн кәсіпшілік қарсаңындағы есеп алу, олар мекендейтін ортасының мониторингі, алып қоюдың оңтайлы көлемі, климаттық және әлеуметтiк фактор деректерiне арналған түзетумен өзгерту қажет.

      Әзірленетін биологиялық негiздемелер шеңберінде жануарлар дүниесi объектілерін жыл сайынғы мониторингтеу және есепке алу қорытындылары аңшылар мен аңшылық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастықтарының қатысуымен қаралады.

      8. Арнайы пайдалану кезiнде жануарларды алып қоюдың шектi рұқсат етілген көлемiн есептеу жануарлар дүниесiн пайдаланушылар үшiн биологиялық сан алуандыққа ықтимал зиянды ескере отырып, алудың нормативтері, популяцияның динамикасы мен мекендеу ортасының өзгеру үрдiсiн зерделеудiң объективтi көп жылдық деректерi негiзiнде бөлек жүргiзiледi.

      9. Жануарларды интродукция, реинтродукция мен будандастыруға арналған биологиялық негiздемені дайындаған кезде келесі мәліметтер көрсетiледi.

      1) түрдің бұрынғы және қазiргi таралу аумағы және сол аумақта мекендейтiн басқа түрлермен ықтимал өзара қатынас туралы;

      2) іс жоспарланған ауданда биоценозға әсер ету бағасы, аумақтың табиғатты қорғау мәртебесі.

      10. Шаруашылық және өзге де қызметтiң жануарлар дүниесi объектiлерi мен олар мекендейтiн ортаға әсерiн айқындаған кезде мекендейтiн ортаның болжамды сипаты мен өзгеру дәрежесi, әсер ету мерзiмi, терiс әсердi азайту үшiн ұсынылып отырған өтемақы шаралары, әртүрлі түрлер мен жүйелiк топтарына әсердi сараптамалық бағалау туралы мәлiметтер келтiрiледi.

      11. Жануарларды алудың шекті рұқсат етілген көлемін есептеу жануарлар дүниесін пайдаланушы үшін жануарлардың санын есепке ала отыра, таралым серпіні үрдісін зерттеудің объективті көпжылдық деректері және биологиялық әртүрлілікке тигізетін ықтимал залалын ескере отырып, тіршілік ету ортасының өзгерісі негізінде бөлек жүргізіледі.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады