2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамасына қол қою туралы

Қатені түзеу

Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 27 тамыздағы № 1413 Жарлығы.

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған 2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының атынан 2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2026 жылғы 27 тамыздағы
№ 1413 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба

2002 жылғы 7 маусымдағы

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ХАТТАМА

      2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хартиясының (бұдан әрі - Хартия) 23-бабына сәйкес Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      Хартияның 4-бабы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-бап

      Органдар

      1. Осы Хартияның мақсаттары мен міндеттерін орындау үшін Ұйым шеңберінде мыналар әрекет етеді:

      Мемлекет басшыларының кеңесі;

      Үкімет басшыларының (премьер-министрлердің) кеңесі;

      Сыртқы істер министрлерінің кеңесі;

      Министрліктер және/немесе ведомстволар басшыларының жиналысы;

      Ұлттық үйлестірушілер кеңесі;

      Хатшылық;

      Қауіпсіздікке төнетін қыр көрсету мен қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталық;

      Есірткіге қарсы орталық.

      2. Мемлекет басшыларының кеңесі ШЫҰ-ның басқа да органдарын құру туралы шешім қабылдай алады. Жаңа органдарды құру осы Хартияның ажырамас бөлігі болатын жекелеген хаттамалармен ресімделеді.

      Мемлекет басшыларының кеңесі ШЫҰ-ның мамандандырылған мекемелерін құру туралы шешім қабылдай алады.

      3. Органдар мен мамандандырылған мекемелердің мақсаттары, міндеттері, функциялары және жұмыс тәртібі мүше мемлекеттер арасында жасалатын халықаралық шарттарда және/немесе Мемлекет басшыларының кеңесі бекітетін тиісті ережелерде айқындалады.".

2-бап

      Хартияның 10-бабы мынадай редакцияда жазылсын:

      "10-бап

      Хатшылық

      Хатшылық ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін негізгі атқарушы органы болып табылады және Ұйым қызметін үйлестіруді, ақпараттық-талдамалық, заң тұрғысынан және ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, ШЫҰ шеңберінде ынтымақтастықты және Ұйымның халықаралық байланыстарын дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлейді, ШЫҰ органдары шешімдерінің орындалуын бақылайды.

      Хатшылықты Сыртқы істер министрлері кеңесінің ұсынуы бойынша Мемлекет басшылары кеңесі бекітетін Бас хатшы басқарады.

      Бас хатшы мүше мемлекеттер азаматының қатарынан ротация негізінде мүше мемлекеттер атауының орыс әліпбиі ретімен келесі мерзімге ұзарту құқығынсыз үш жыл мерзімге тағайындалады.

      Бас хатшының орынбасарларын Ұлттық үйлестірушілер кеңесінің ұсынуы бойынша Сыртқы істер министрлерінің кеңесі бекітеді. Олар Бас хатшы тағайындалған мемлекет өкілі бола алмайды.

      Хатшылықтың лауазымды адамдары квота негізінде мүше мемлекеттер азаматының қатарынан жалданады.

      Бас хатшы, оның орынбасарлары және Хатшылықтың басқа да лауазымды адамдары қызметтік міндеттерін атқару кезінде қандай да бір мүше мемлекеттен және/немесе үкіметтен, Ұйымға қатысы жоқ ұйымдардан немесе жеке тұлғалардан нұсқау сұрауға немесе алуға тиіс емес. Олар ШЫҰ алдында ғана жауапты халықаралық лауазымды адам ретінде өздерінің жағдайына ықпал ететін кез келген әрекеттен тартынуға тиіс.

      Мүше мемлекеттер Бас хатшының, оның орынбасарларының және Хатшылық персоналының міндеттерінің халықаралық сипатын құрметтеуге және өз қызметтік міндеттерін орындау кезінде оларға ықпал етпеуге міндеттенеді.

      ШЫҰ Хатшылығының орналасқан жері - Бейжің қаласы (Қытай Халық Республикасы).".

3-бап

      Хартияның 11-бабы мынадай редакцияда жазылсын:

      "11-бап

      Қауіпсіздікке төнетін қыр көрсету мен қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталық және Есірткіге қарсы орталық

      1. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне төнетін қыр көрсету мен қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталық Ташкент қаласында (Өзбекстан Республикасы) орналасады және ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органы болады.

      2. Есірткіге қарсы орталық Душанбе қаласында (Тәжікстан Республикасы) орналасады және ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органы болады.

      3. Олардың негізгі міндеттері мен функциялары, қалыптастыру және қаржыландыру қағидаттары, сондай-ақ қызмет тәртібі мүше мемлекеттер арасында жасалатын жекелеген халықаралық шарттармен және олар қабылдайтын басқа да қажетті құжаттармен реттеледі.".

4-бап

      Хартияның 14-бабының екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "ШЫҰ осы Хартияның мақсаттары мен қағидаттарын қолдайтын мүдделі мемлекеттерге немесе халықаралық ұйымдарға ШЫҰ-ның серіктесі мәртебесін бере алады. Мұндай мәртебені беру тәртібі, рәсімі, шарттары мен өлшемшарттары ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшыларының кеңесі бекітетін тиісті ережеде белгіленеді.".

5-бап

      Хартияның 20-бабы мынадай редакцияда жазылсын:

      "20-бап

      Тілдер

      ШЫҰ-ның ресми және жұмыс тілдері орыс, қытай және ағылшын тілдері.".

6-бап

      Осы Хаттама ШЫҰ Хартиясының ажырамас бөлігі болады және ШЫҰ Хартиясының 21-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

      2026 жылғы 1 қыркүйекте Бішкек қаласында орыс және қытай тілдерінде бір түпнұсқа данада жасалды, әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

      БЕЛАРУСЬ РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН
      ҮНДІСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН
      ИРАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН
      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН
      ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН
      ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН
      ПӘКІСТАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН
      РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫ ҮШІН
      ТӘЖІКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН
      ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады