Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының Макао арнаулы әкімшілік ауданы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі № 1257 Жарлығы.

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының Макао арнаулы әкімшілік ауданы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Ноғайұлы Асыловқа Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының Макао арнаулы әкімшілік ауданы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2026 жылғы 30 сәуірдегі
№ 1257 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба

Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының Макао арнаулы әкімшілік ауданы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен осы Келісімді жасасуға Қытай Халық Республикасының Орталық Халық Үкіметі тиісті түрде уәкілеттік берген Қытай Халық Республикасының Макао арнаулы әкімшілік ауданы (бұдан әрі – Макао АӘА),

      сотталған адамдарды оңалтуға және әлеуметтік қайта интеграциялауға жәрдемдесу мақсатында оларды беру саласындағы тиімді ынтымақтастыққа ықпал етуге ниет білдіре отырып,

      сотталған адамдар үшін жазасын өздерінің әлеуметтік шыққан ортасында өтеу мүмкіндігін белгілейтін екіжақты келісім жасасу арқылы бұл мақсатқа қол жеткізу мүмкін болатынын пайымдай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсатында:

      а) "үкім" – қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтін кез келген түпкілікті сот шешімі;

      b) "сотталған адам" – кәмелетке толмаған адамды қоса алғанда, Беруші Тарапта бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқан кез келген адам;

      c) "Беруші Тарап" – сотталған адам жазасын одан әрі өтеу үшін юрисдикциясынан берілуі мүмкін немесе берілген Тарап;

      d) "Қабылдаушы Тарап" – сотталған адам жазасын одан әрі өтеу үшін юрисдикциясында берілуі мүмкін немесе берілген Тарап;

      е) "Заңды өкіл" – Тараптардың заңнамасына сәйкес сотталған адамның атынан өкілдік етуге тиісті түрде уәкілеттік берілген адам.

2-бап

Жалпы ережелер

      1. Тараптар осы Келісімде және өз заңнамаларында жазылған шарттармен сотталған адамдарды беру саласындағы барынша ынтымақтастықты жүзеге асыруға міндеттенеді.

      2. Сотталған адам жазасын одан әрі өтеу үшін Беруші Тараптан Қабылдаушы Тарапқа берілуі мүмкін. Осы мақсатта сотталған адам немесе оның заңды өкілі осы Келісімге сәйкес кез келген Тарапқа беру туралы тілегін білдіре алады.

3-бап

Орталық органдар

      1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тараптар айқындаған орталық органдар тікелей өзара іс-қимыл жасайды.

      2. Орталық органдар:

      а) Қазақстан Республикасы үшін – Бас прокуратура;

      b) Макао АӘА үшін – Әкімшілік және әділет хатшылығы.

      3. Әрбір Тарап өзінің орталық органын өзгерте алады және бұл жағдайда ол екінші Тарапқа осындай өзгеріс туралы жазбаша нысанда хабарлауға тиіс

4-бап

Беру үшін шарттар

      1. Егер мынадай шарттар сақталса:

      а) үкім шығарылған іс-әрекет Қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылса;

      b) Қазақстан Республикасы Қабылдаушы Тарап болған кезде, сотталған адам Қазақстан Республикасының азаматы болса;

      c) Макао АӘА Қабылдаушы Тарап болған кезде, сотталған адам Макао АӘА резиденті болса;

      d) үкім түпкілікті және орындалуға тиіс болса;

      e) сотталған адамға қатысты Беруші Тарапта беруге кедергі келтіретін қандай да бір аяқталмаған талқылаулар жүргізілмесе;

      f) сотталған адамды беру туралы сұрау салу келіп түскен кезде жазаны өтеудің қалған мерзімі кемінде бір (1) жылды құраса;

      g) сотталған адам немесе ол жасына, физикалық немесе психикалық жай-күйіне байланысты өз келісімін өз бетінше білдіре алмаған кезде, оның заңды өкілі беруге жазбаша келісім берсе;

      h) екі Тарап та сотталған адамды беруге келіссе, сотталған адам осы Келісімге сәйкес берілуі мүмкін.

      2. Айрықша жағдайларда өтелмеген жаза ұзақтығы бір (1) жылдан аз болса да, беру жүзеге асырылуы мүмкін.

5-бап

Беруден бас тарту шарттары

      Егер:

      а) беру Қазақстан Республикасы үшін оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да елеулі мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін болса не Макао АӘА үшін, Қытай Халық Республикасының ұлттық қорғанысына, сыртқы істеріне, егемендігіне немесе Қытай Халық Республикасының Макао АӘА қоса алғанда, оның кез келген бөліктерінің қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да елеулі мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін болса;

      b) жаза Қабылдаушы Тараптың заңнамасы бойынша Беруші Тарапта тағайындалған жазадан айтарлықтай ерекшеленетін болса;

      c) сотталған адам қылмыспен келтірілген залалды өтемеген немесе сот үкіміне сәйкес өтеуге міндетті шығыстарды төлемеген болса;

      d) адам аяқталмаған қылмыстық талқылаудың субъектісі болып табылса, не Қабылдаушы Тарапта сол қылмыс үшін сотталған болса;

      e) кез келген Тарап беру өзінің заңнамасына немесе қолданылатын халықаралық келісімдерге қайшы келеді деп есептесе, беруден бас тартылуы мүмкін.

6-бап

Беру рәсімі

      1. Осы Келісім қолданылуы мүмкін сотталған адамға Тараптар осы Келісімге сәйкес беру мүмкіндігі туралы және оның құқықтық салдары туралы хабар беруге тиіс. Егер сотталған адам берілгісі келсе, ол кез келген Тарапқа осындай тілегін білдіре алады.

      2. Беру туралы сұрау салуды кез келген Тарап жазбаша нысанда жібере алады. Тараптар беруге сұрау салмас бұрын сотталған адамның өтінішхатын осы Келісімнің 4-бабында жазылған талаптарға сәйкестігі тұрғысынан қарайды.

      3. Беру туралы сұрау салу келіп түскен кезде Беруші Тарап Қабылдаушы Тарапқа мынадай құжаттар мен мәліметтерді жібереді:

      a) сотталған адамның Т.Ә.А., жынысын, ұлтын, туған күні мен жерін және егер қажет болса ата-анасының аты-жөнін қоса алғанда жеке деректері. Егер сотталған адамның Қабылдаушы Тарапта тұрғылықты жері болса және ол туралы белгілі болса, онда сол жердің мекенжайы да көрсетілуге тиіс;

      b) сотқа дейінгі ұстау мерзімі туралы, сотталған адамның жазасын өтеген және өтеуге тиіс мерзімдері туралы мәліметтерді қоса алғанда, жазаның басталу және аяқталу мерзімі және үкімді орындау үшін қажет кез келген басқа да ақпарат;

      c) үкім негізделген фактілер мен қолданыстағы заңнаманы қамтитын үкімнің куәландырылған көшірмесі;

      d) сотталған адамға қатысты медициналық және әлеуметтік есептер, егер қажет болса, оның Беруші Тарапта емделуі туралы ақпарат және кейіннен емделуге арналған ұсынымдар;

      е) сотталған адамның немесе оның заңды өкілінің беруге келісімді қамтитын өтініші.

      4. Егер Қабылдаушы Тарап Беруші Тарап жіберген құжаттарды зерделегеннен кейін сотталған адамды беру мүмкін деп есептесе, онда ол Беруші Тарапқа мынадай құжаттар мен ақпаратты жібереді:

      а) сотталған адам Қазақстан Республикасының азаматы немесе Макао АӘА резиденті болып табылатынын растайтын құжат;

      b) сотталған адамға қатысты үкім шығарылған қылмыс өзінің заңнамасына сәйкес те қылмыс болып табылатынын көрсететін заңнама ережесі;

      c) Беруші Тарап шығарған үкімді Қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес орындау бойынша рәсімдердің сипаттамасы.

      5. Кез келген Тарап екінші Тараптан сұрау салу жіберілгенге дейін немесе беру туралы шешім қабылданғанға дейін қосымша құжаттар мен ақпарат беруді сұрата алады.

      6. Егер кез келген Тарап беруге келіспесе, онда ол екінші Тарапқа өз шешімі туралы жазбаша түрде хабарлауға тиіс.

      7. Егер беру туралы сұрау салу қанағаттандырылса, егер Тараптар өзгеше келіспесе, Тараптар адам берілуге тиіс Беруші Тараптағы күн мен орынды дереу келіседі.

      8. Сотталған адамға немесе оның заңды өкіліне беру туралы сұрау салу бойынша қабылданған шешім туралы жазбаша нысанда хабар беріледі.

7-бап

Келісу және оны верификациялау

      1. Беруші Тарап осы Келісімнің 4-бабы 1-тармағының g) тармақшасында көзделген беруге өзінің келісімін беретін сотталған адамның мұны ерікті түрде және осындай берудің құқықтық салдарын толық ұғына отырып жасайтынына кепілдік беруге тиіс.

      2. Беруші Тарап бергенге дейін осындай келісу осы баптың 1-тармағында жазылған шарттар сақтала отырып берілгеніне Қабылдаушы Тараптың дипломатиялық өкілінің немесе уәкілетті ресми тұлғасының көз жеткізуіне мүмкіндік береді.

8-бап

Беруші Тарап үшін берудің салдары

      1. Қабылдаушы Тараптың сотталған адамды қабылдауы Беруші Тараптың үкімді орындауын тоқтатуын көздейді.

      2. Қабылдаушы Тарап үкімнің орындалуын аяқталды деп есептеген кезде Беруші Тарап өз үкімін орындауға құқылы емес.

9-бап

Қабылдаушы Тарап үшін берудің салдары

      1. Қабылдаушы Тарап өз заңнамасына сәйкес үкімді орындауды жалғастырады.

      2. Егер жаза өзінің сипаты немесе ұзақтығы бойынша Қабылдаушы Тараптың заңнамасымен үйлеспесе, бұл Тарап жазаны ұқсас қылмыс үшін өзінің заңнамасында көзделген жазаға сәйкес бейімдей алады. Бұл жағдайда:

      а) Қабылдаушы Тарап Беруші Тараптың үкімінде жазылған фактілерді негізге алуға тиіс;

      b) бейімделген жаза өзінің сипаты мен мерзімі бойынша Беруші Тарап тағайындаған жазадан қатаң болмауға тиіс;

      c) бейімделген жаза ұқсас қылмыс үшін Қабылдаушы Тараптың заңнамасында көзделген жазаның ең ұзақ мерзімінен аспауға тиіс;

      d) бейімделген жаза Қабылдаушы Тараптың заңнамасында көзделген ұқсас қылмысқа қолданылатын жазаның ең аз мерзімімен шектелмеуге тиіс;

      e) бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны бас бостандығынан айыруға байланысты емес өзге де жаза түрлерімен ауыстыруға болмайды; және

      f) Беруші Тарапта күзетпен ұстау мерзімі Қабылдаушы Тараптағы жаза мерзіміне есептеледі.

      3. Жазаны алдыңғы бөлікке сәйкес бейімдеу кезінде Қабылдаушы Тарап Беруші Тарапқа куәландырылған сот шешімінің көшірмесін жіберуге тиіс.

      4. Егер Қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес сотталған адам кәмелетке толмаған болса, Беруші Тараптың заңнамасы бойынша оның мәртебесіне қарамастан, оған кәмелетке толмаған адам ретінде қарай алады.

10-бап

Кешірім жасау, рақымшылық жасау немесе жазаны жеңілдету

      Кез келген Тарап өз заңнамасына сәйкес кешірім, рақымшылық жасауды қолдана алады немесе жазаны жеңілдете алады, екінші Тарапты бұл туралы хабардар етеді.      

11-бап

Юрисдикцияны сақтау

      Беруші Тарап өз үкімін қайта қарау бойынша юрисдикцияны сақтайды.

12-бап

Үкімді тоқтату және өзгерту

      Беруші Тарап нәтижесінде үкім өз қолданысын тоқтататын кез келген шешім туралы хабар бере салысымен, Қабылдаушы Тарап үкімнің орындалуын тоқтатуға міндетті. Осыған ұқсас іс-қимыл үкім өзгерген жағдайда қолданылуға тиіс.

13-бап

Үкімнің орындалуы туралы ақпарат

      1. Егер:

      a) үкімнің орындалуы аяқталса;

      b) сотталған адам шартты түрде мерзімінен бұрын босатылса; немесе

      с) сотталған адам үкім толық орындалғанға дейін қашып кетсе немесе қайтыс болса, Қабылдаушы Тарап Беруші Тарапқа үкімнің орындалуы туралы ақпарат береді.

      2. Қабылдаушы Тарап Беруші Тараптың сұрау салуы бойынша үкімнің орындалуына байланысты сұратылатын кез келген басқа да ақпарат беруге тиіс.

14-бап

Транзит

      1. Кез келген Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес және өз мүдделеріне нұқсан келтірмей үшінші Тарап екінші Тарапқа немесе екінші Тарап үшінші Тарапқа берген сотталған адамды өз юрисдикциясы арқылы транзиттеуге рұқсат беруге құқылы.

      2. Транзит туралы сұрау салуда азаматтығын куәландыратын құжаттың куәландырылған көшірмесін, істің мән-жайларының қысқаша мазмұнын, адамның сотталуына негіз болған қылмыстық заңнаманың куәландырылған үзінді көшірмесін және адамды беруге рұқсат ететін құжаттың көшірмесін қоса алғанда, тасымалданатын адам туралы мәліметтер қамтылуға тиіс. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда транзит туралы сұрау салу Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арқылы да жіберілуі мүмкін.

      3. Транзит Тарапы өз юрисдикциясы шегінде тасымалданатын адамды күзетпен ұстауға тиіс.

      4. Егер транзиттеу әуе көлігімен жүзеге асырылатын болса және транзит Тарапында қону жоспарланбаса, транзитке рұқсат талап етілмейді. Транзит Тарапында жоспарланбаған қону жағдайында, транзитті жүзеге асыратын Тарап транзит Тарапын бұл туралы хабардар етеді. Транзит тарапы транзитке сұрау салуды күту кезінде тасымалданатын адамды он бес (15) тәулікке дейінгі мерзімге күзетпен ұстауға тиіс. Транзитті сұратқан Тарап транзит Тарапы айқындаған мерзімдерде сұрау салуды жіберуге тиіс.

      5. Егер транзитке сұрау салу транзит Тарапы айқындаған мерзімдерде алынбаса немесе тасымалдау он бес (15) тәулік ішінде жалғаспайтын болса, осы баптың 4-тармағына сәйкес күзетпен ұсталатын адам босатылуы мүмкін.

15-бап

Тіл

      Егер Тараптар өзгеше келіспесе:

      а) сотталған адамды беру туралы сұрау салу және өзге де тиісті құжаттар мен ақпарат Сұрау салатын Тараптың ресми тілінде жасалуға және Сұрау салынатын Тараптың ресми тіліне немесе ағылшын тіліне аударылуға тиіс;

      b) сұрау салуға жауап Сұрау салынатын Тараптың ресми тілінде жасалуға және Сұрау салатын Тараптың ресми тіліне немесе ағылшын тіліне аударылуға тиіс.

16-бап

Құжаттардың жарамдылығы

      Лауазымды адам қол қойған және орталық немесе құзыретті органдардың мөрімен тиісті түрде куәландырылған құжаттар беру рәсімінде барлық мақсат үшін куәландырылған және жарамды болып саналады және одан әрі заңдастыруды, сертификаттауды немесе аутентификациялауды қажет етпейді.

17-бап

Шығыстар

      1. Қабылдаушы Тарап сотталған адамды Беруші Тараптан тасымалдауға және бергеннен кейін үкімді орындауды жалғастыруға байланысты шеккен шығыстарды өтейді.

      2. Беруші Тарап беру туралы сұрау салуға қатысты рәсімге байланысты өзінің юрисдикциясында шеккен барлық басқа да шығыстарды көтереді.

      3. Адамды транзиттеу кезінде оны күзетпен ұстауға байланысты шығыстарды транзит Тарапы көтереді.

      4. Күтпеген сипаттағы шығыстар Тараптар келіскен шарттарда төленуге тиіс.

      5. Тараптар осы Келісімді іске асыруға байланысты шығыстарды өздерінің заңнамасында жол берілетін шектерде көтереді. Шығыстар осындай шектерден асып кеткен жағдайда, Тараптар мәселені консультациялар арқылы реттей алады.

18-бап

Басқа да халықаралық келісімдермен арақатынасы

      Осы Келісім екі Тараптың өздеріне қолданылатын кез келген халықаралық келісімдерді іске асыруына әсер етпейді.

19-бап

Келіспеушіліктерді реттеу

      Осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге байланысты туындайтын кез келген келіспеушіліктер Тараптардың орталық органдары арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі. Егер Тараптардың орталық органдары келісімге келе алмаса, келіспеушіліктер дипломатиялық арналар арқылы шешілуге тиіс.

20-бап

Түзетулер

      Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша осы Келісімге түзетулер енгізілуі мүмкін. Мұндай түзетулер осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады және осы Келісімнің 21-бабының 1-тармағына сәйкес күшіне енеді.

21-бап

Күшіне енуі және қолданысын тоқтату

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалды және Тараптардың осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті тиісті құқықтық рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Тараптардың бірі екінші Тараптың осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап бір жүз сексен (180) күн өткен соң осы Келісім өз қолданысын тоқтатады.

      3. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда, оның қолданылу кезеңінде басталған беру жөніндегі рәсімдер олар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.

      4. Осы Келісімді тоқтату Тараптардың осы Келісімге сәйкес берілген адамдарға қатысты үкімдерді орындауын жалғастыруына әсер етпейді.

      5. Осы Келісім адамның сотталған күніне қарамастан, ол күшіне енгеннен кейін берілген кез келген сұрау салуларға қолданылады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН бұған тиісті түрде уәкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      20______жылғы_______________әрқайсысы қазақ, қытай және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіннің күші бірдей.

      Осы келісімді түсіндіруде қандай да бір келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

Қазақстан Республикасы үшін

Қытай Халық Республикасының Макао арнаулы әкімшілік ауданы
үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады