Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы арасындағы мәңгілік тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 17 маусымдағы № 915 Жарлығы.

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы арасындағы мәңгілік тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарттың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы арасындағы мәңгілік тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа Қазақстан Республикасының атынан қол қойылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2025 жылғы 17 маусымдағы
№ 915 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба

Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы арасындағы мәңгілік тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы ШАРТ

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы

      тату көршілікті, достық пен өзара тиімді ынтымақтастықты жан-жақты нығайту Тараптар халықтарының түпкі мүдделеріне сай келеді деп есептей отырып,

      өңірдегі бейбітшілікті, тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету және жан-жақты өзара іс-қимылды нығайту барлық елдер халықтарының ортақ ұмтылыстары мен түпкі мүдделеріне сай келетінін, Азия үшін және бүкіл әлемде маңызды мәнге ие екенін атап өте отырып,

      Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттарына және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған басқа да қағидаттары мен нормаларына бейілділігін растай отырып,

      Тараптардың әрқайсысы заңнамасының ережелерін негізге ала отырып,

      тәуелсіздікті, мемлекеттік егемендікті, аумақтық тұтастықты және егемендік теңдік пен Тараптар шекараларының мызғымастығы қағидаттарын табанды түрде қолдайтынын тағы да растай отырып,

      Тараптар арасындағы қатынастардың орнықты дамуын қамтамасыз етуге және мемлекеттердің әртүрлі салалардағы ынтымақтастығының деңгейін арттыруға ұмтыла отырып,

      өз мемлекеттері халықтарының достығын нығайтуға және ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге ниет білдіре отырып,

      Орталық Азия мен Қытайдың ортақ тағдырының неғұрлым тығыз қоғамдастығын бірлесіп құруға ұмтылысын растай отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      Тараптар халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес егемендікті және аумақтық тұтастықты өзара құрметтеу, өзара шабуыл жасамау, ішкі істерге араласпау, теңдік, өзара пайда және бейбіт қатар тіршілік ету қағидаттарына негізделген стратегиялық әріптестіктің ұзақ мерзімді және берік қатынастарын жан-жақты дамытады.

      Тараптар сондай-ақ өзара күш қолданбауды немесе күш қолдану қатерін төндірмеуді, дауларды бейбіт жолмен реттеуді растайды.

2-бап

      Тараптар өзара сенім мен стратегиялық өзара іс-қимылды жан-жақты нығайтады, өздерінің ұлттық болмысына сәйкес келетін даму жолдары мен модельдерін таңдауда бірін-бірі қолдайды, өздерінің түпкі мүдделерін қозғайтын түйінді мәселелер бойынша бір-бірінің ұстанымын, жүзеге асырылатын экономикалық даму стратегияларын қолдайды.

3-бап

      Тараптар мемлекеттік егемендік пен аумақтық тұтастық қағидаттарын құрметтей отырып, өз аумағында осы қағидаттарға қайшы келетін кез келген әрекетке жол бермеу жөнінде шаралар қабылдайды.

      Тараптар басқа Тараптарға қарсы бағытталған одақтарға немесе блоктарға қатыспайды, басқа Тараптарға жауласқан қандай да бір іс-қимылды қолдамайды.

4-бап

      Тараптар саяси консультациялар өткізуге үлкен мән береді, барлық деңгейдегі кездесулер тетігін, оның ішінде Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы қатынастар, өзара мүддені білдіретін жаһандық және өңірлік мәселелер бойынша ұстанымдармен тұрақты алмасу және оларды үйлестіру үшін аса жоғары және жоғары деңгейдегі сапарларды пайдаланады.

5-бап

      Тараптар сауда, экономика, инвестициялар, инфрақұрылымдық өзара байланыстылық, инженерия, гидроэнергетиканы қоса алғанда, энергетика, жаңартылатын энергия көздері, көлік, пайдалы қазбалар, ауыл шаруашылығы, экологиялық ортаны қорғау, қайта өңдеу өнеркәсібі, ғылым мен техника сияқты салалардағы және өзара мүддені білдіретін басқа да бағыттардағы ынтымақтастықты тең құқықтылық және өзара пайда қағидаттарында дамытуға дайын.

6-бап

      Тараптар мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау және медициналық көрсетілетін қызметтер, туризм, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы, сондай-ақ өзара мүддені білдіретін басқа да салалардағы алмасулар мен ынтымақтастықты дамыту жөнінде қажетті шаралар қабылдайды.

7-бап

      Тараптар өздерінің заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес терроризмге, сепаратизмге, экстремизмге және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз көші-қонға, қару мен есірткінің, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы бірлескен күрес жөніндегі екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықты дамытады.

8-бап

      Тараптар өздерінің заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес қорғаныс, қорғаныс өнеркәсібі және қауіпсіздік саласындағы өзара сенімді нығайтады, сондай-ақ осы салалардағы өзге де мәселелер бойынша екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты кеңейтеді.

9-бап

      Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымы және өздері қатысушылары болып табылатын басқа да көпжақты ұйымдар мен тетіктер шеңберіндегі байланыстар мен өзара іс-қимылды нығайтады, жаһандық және өңірлік бейбітшілікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күш-жігер жұмсайды.

10-бап

      Осы Шартты түсіндіру және іске асыру кезінде туындауы мүмкін даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар достық келіссөздер мен консультациялар арқылы шешетін болады.

11-бап

      Осы Шарт Тараптар өздері қатысушылары болып табылатын басқа да екіжақты және көпжақты халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды және қандай да бір үшінші мемлекетке қарсы бағытталмаған.

12-бап

      Осы Шарттың ережелерін іске асыру мақсатында Тараптар, қажет болған жағдайда, өзара мүддені білдіретін ынтымақтастықтың нақты салаларында бөлек халықаралық шарттар жасасады.

13-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Шартқа оның ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

14-бап

      Осы Шарттың депозитарийі Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігі болып табылады.

      Депозитарий осы Шарттың куәландырылған көшірмесін оған қол қойылған күннен бастап он бес (15) күн ішінде барлық қол қойған Тараптарға жібереді.

15-бап

      Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады және осы Шарттың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.

      Депозитарий Тараптарды осы Шарттың күшіне ену күні туралы хабардар етеді.

      Тараптардың әрқайсысы осы Шарттан шығатыны туралы депозитарийді дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар ете отырып, осы Шарттан шығуға құқылы.

      Мұндай Тарапқа қатысты осы Шарт депозитарий осындай хабарламаны алған күннен бастап 12 (он екі) ай өткен соң қолданысын тоқтатады. Депозитарий мұндай шешім туралы басқа Тараптарды хабардар етеді.

      Депозитарий мұндай Тарапқа қатысты осы Шарттың қолданысы тоқтатылғаны туралы басқа Тараптарды хабардар етеді.

      2025 жылғы "___" маусымда Астана қаласында қытай және орыс тілдерінде бір данада жасалды әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

      Қазақстан Республикасы үшін Қ.Тоқаев
      Қытай Халық Республикасы үшін Си Цзиньпин
      Қырғыз Республикасы үшін С.Жапаров
      Тәжікстан Республикасы үшін Э.Рахмон
      Түрікменстан үшін С.Бердымухамедов
      Өзбекстан Республикасы үшін Ш.Мирзиеев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады