Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырудың және тағайындалған жаза мерзімін қысқартудың сот практикасы туралы" 2015 жылғы 2 қазандағы № 6 нормативтік қаулысының 9-тармағы бірінші абзацының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2026 жылғы 9 маусымдағы № 82-НҚ нормативтік қаулысы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі – азамат Х.-ның,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Қоғамдық тәртіп саласындағы заңнама департаментінің директоры Д.А. Сүлейменовтің,

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Төрағасының орынбасары Б.М. Садыбековтің,

      Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі – Құқықтық және ұйымдастыру-талдау жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары Д.Т. Абдрахманованың,

      Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – Ғылыми-консультативтік кеңес мүшесі М.Н. Налибаевтың,

      Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – бас ғылыми қызметкер Б.Ж. Кыздарбекованың,

      Парламентаризм институтының өкілі – атқарушы директор А.К. Канатовтың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының өкілі – арнайы заң пәндері кафедрасының профессоры В.В. Ханның қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында азамат Х.-ның Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырудың және тағайындалған жаза мерзімін қысқартудың сот практикасы туралы" 2015 жылғы 2 қазандағы № 6 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – ЖС НҚ) 9-тармағы бірінші абзацының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Е.Ә. Оңғарбаевты, отырысқа қатысушыларды және сарапшы – заң ғылымдарының докторы, Astana International University Жоғары құқық мектебінің профессоры А.Н. Ахпановты тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) ЖС НҚ-ның 9-тармағы бірінші абзацының Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) 39-бабының 1-тармағына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.

      Өтініш субъектісі ЖС НҚ-ның 9-тармағының бірінші абзацындағы ережелер кеңейте және әртүрлі түсіндіруге жол беретіндіктен, аталған абзац Конституцияның 39-бабының 1-тармағына қайшы келеді деп есептейді. Ол өзі дау айтып отырған норма 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 72 және 73-баптарында белгіленген барлық жағдайлар анықталып, оларға баға берілген кезде сотталған адамның жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу (бұдан әрі – ШтМбБ), жазасының өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне (бұдан әрі – ЖЖтА) ауыстыру құқығын шектеу бойынша судьяға шектен тыс ауқымды дискрециялық өкілеттік береді деп те көрсетеді. Конституциялық Сот отырысында өтініш беруші мұндай тәсілге 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 25-бабы бірінші бөлігінің бірінші абзацындағы ереже де ықпал ететінін атап өтті. Осы нормаға сәйкес судья дәлелдемелерге қаралған дәлелдемелердің жиынтығына негізделген өзінің ішкі сенімі бойынша баға береді, бұл ретте ол заң мен ар-ожданды басшылыққа алады.

      Өтініштен және қосымша берілген материалдардан көрініп тұрғандай, Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласының № 2 соты 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысымен азамат Х.-ның ЖЖтА туралы өтінішхатын қанағаттандырудан бас тартқан. Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 2025 жылғы 2 қыркүйектегі қаулысымен прокурордың өтінішхатын және өтініш субъектісінің жеке шағымын – қанағаттандырусыз, ал бірінші сатыдағы сот қаулысын өзгеріссіз қалдырған.

      Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласының № 2 соты 2025 жылғы 9 желтоқсандағы қаулысымен азамат Х.-ның ШтМбБ туралы өтінішхатын қанағаттандырудан бас тартқан. Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 2026 жылғы 20 қаңтардағы қаулысымен прокурордың өтінішхатын және өтініш субъектісінің жеке шағымын – қанағаттандырусыз, ал бірінші сатыдағы сот қаулысын өзгеріссіз қалдырған.

      Соттар сот актілерінде өтініш берушінің өтінішхаттарын қанағаттандырудан бас тартуға негіздеме ретінде ЖС НҚ-ның 9-тармағының бірінші абзацына сілтеме жасаған, сондай-ақ жәбірленушінің ЖЖтА және ШтМбБ туралы өтінішхаттарды қанағаттандыруға түпкілікті қарсы екенін назарға алған.

      ЖС НҚ-ның дау айтылып отырған ережесінің конституциялылығын тексеріп, өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Мемлекеттің адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеуіне айрықша жағдайларда жол беріледі және ол Конституция үстемдігі, құқықтық айқындылық, мөлшерлестік пен пропорционалдық талаптарына бағынады.

      Негізгі Заңның 39-бабының 1-тармағында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін деп көзделеді. Конституцияның осы ережелері жеке адамның құқықтары мен бостандықтарын шектеудің конституциялық-құқықтық негіздері мен шегін регламенттейді. Олардың мазмұнынан құқықтардың тек заңдармен және қаралып отырған баптың 1-тармағында көрсетілген конституциялық маңызды мақсаттар шеңберінде ғана шектелуі мүмкін екені шығады. Бұдан басқа, шектеулер енгізілген кезде мақсаттар үшін қажетті және пропорционалды болуға тиіс.

      Қылмыстық заңнама заңда көзделген жағдайларда және тәртіппен жазаның орындалу жағдайлары мен тәртібін өзгертуге не адамды жазасын одан әрі өтеуден босатуға жол береді. Бұл ретте орын алған кезде осындай мемлекеттік мәжбүрлеу шараларының көлемі мен сипатын өзгертуге жол беретін жағдайлар дәл осы заңдармен белгіленуге тиіс. Өзгеше болғанда, құқықтар мен бостандықтарды шектеу шегін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілермен өз бетінше айқындауға жол беруді білдірер еді, бұл Негізгі Заңның 39-бабының 1-тармағына қайшы келеді.

      Қылмыстық жауаптылықтан және жазалаудан босату жағдайларын белгілеу аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, жеке тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке тұлғалардың міндеттемелері мен жауапкершілігіне қатысты негізгі қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға құқылы (Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 1) тармақшасы) Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттігімен байланысты.

      Конституцияның 17-бабының 2-тармағында азаптауға, зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға тыйым салу бекітіледі, сондай-ақ адам құқықтары саласындағы негізгі халықаралық құжаттармен (Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1948 жылғы 10 желтоқсандағы 217 А (III) резолюциясымен қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1966 жылғы 16 желтоқсандағы 2200 А (ХХI) резолюциясымен қабылданған және 2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт және басқалар) үйлеседі.

      Осыған байланысты қылмыстық заңда қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға қатысты қандай шектеулер қолданылатыны және әрбір нақты жағдайда құқық бұзушының жеке басы, мінез-құлқы мен басқа да мән-жайлар ескеріле отырып, олардың қандай жағдайларда алып тасталуы (өзгертілуі, ауыстырылуы) мүмкін екендігі нақты әрі анық айқындалуға тиіс.

      Конституциялық Сот бұған дейін атап өткендей, қылмыстық жауаптылық негіздері мен жазалау шараларын белгілейтін ҚК нормалары құқық қолданушының өз бетінше немесе кеңейте түсіндіру тәуекелін болғызбау үшін барынша анық әрі нақты тұжырымдалуға тиіс (2025 жылғы 25 маусымдағы № 72-НҚ нормативтік қаулы).

      2. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты (бұдан әрі – Жоғарғы Сот) азаматтық, қылмыстық және өзге де істер бойынша жоғары сот органы болып табылады және Негізгі Заңның 4-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығына жататын нормативтік қаулылар қабылдау арқылы Конституцияның 81-бабына сәйкес сот практикасы мәселелері, оның ішінде ШтМбБ және ЖЖтА мәселелері бойынша түсіндірулер беріп отырады.

      Конституциялық Сот бұған дейін Жоғарғы Соттың түсіндіру қызметі заңда жеткілікті түрде айқындалмаған баға беру ұғымдарын түсіндіруді қоса алғанда, құқықтық нормаларды нақтылауға және тәптіштеуге, коллизияларды жоюға, сондай-ақ сот практикасын біріздендіруге бағытталған деп баса атап өткен болатын (2023 жылғы 1 маусымдағы № 18-НҚ нормативтік қаулылар және басқалар).

      ҚК-нің 1-бабының екінші бөлігіне сәйкес Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары қылмыстық заңнама жүйесінің құрамына енгізілген және оларға заң тұрғысынан түсінікті, айқын және болжамды болу талаптары қойылады.

      Конституциялық Сот Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларындағы түсіндірулер Конституцияға және қылмыстық заңға, судьялар тәуелсіздігі мен құқықтық айқындылық қағидаттарына сәйкес келуге, сот құзыретінен тыс болмауға және адам құқықтары мен бостандықтарына заң аясынан тыс шектеулер белгілемеуге тиіс деп есептейді.

      3. ШтМбБ және ЖЖтА – ізгілік қағидатын қамтамасыз етуге және жазалау мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған қылмыстық құқық институттарының бірі. Аталған институттарды іс жүзінде іске асыру үкімдердің орындалу сатысында қылмыстық, қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару заңнамасының жекелеген нормаларын қолдану арқылы жүзеге асырылады.

      ҚК-нің 72 және 73-баптары құқықтық сипаты бойынша дербес болатын қылмыстық жауаптылықты жеңілдету институттарын реттейді: біріншісі сот сотталған адамдың түзелу дәрежесі жазаны толық өтеуді қажет етпеуге жетті деп таныған кезде ШтМбБ-ны жазаны одан әрі орындауды тоқтату нысаны ретінде көздесе, екіншісі жазаның орындалуын тоқтатпастан, ЖЖтА-ны не тағайындалған жаза мерзімін қысқарту мүкіндігін белгілейді.

      Пробациялық бақылауды қолдану және белгіленген талаптар бұзылған кезде мұндай босатудың күшін жою мүмкіндігімен байланысты ШтМбБ-дан айырмашылық – ЖЖтА қылмыстық жазалау көлемінің немесе түрінің өзгеруін білдіреді және қандай да бір кейінгі талаптармен ауырлатпайды.

      4. ЖС НҚ-ның 9-тармағының бірінші абзацына жүргізілген құқықтық талдау көрсеткендей, оның ережелері өзінде көрсетілген ҚК нормаларымен өзара байланыста жазаның белгіленген мерзімінің бір бөлігін өтеу фактісі міндетті екенін, бірақ ШтМбБ-ны немесе ЖЖтА-ны қолданудың жалғыз шарты емес екенін түсіндіруге бағытталған. Мұндай тұжырым ЖС НҚ абзацтарының кейінгі ережелеріне, ҚК-нің 72 және 73-баптарына, ҚПК-нің 480-бабына және 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің (бұдан әрі – ҚАК) 162-бабына жүргізлген жүйелі талдаудан туындайды. Мәселен, ҚК-нің 72-бабының бірінші бөлігінде былай жазылған: "Егер сот адамның түзелуі үшін тағайындалған жазаны толық өтеуі қажет етілмейді деп танитын болса, сот бас бостандығын шектеуді немесе бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамды осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатуы мүмкiн.

      Бас бостандығын шектеуді немесе бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін, қылмысымен келтірілген залалды толық өтеген және ол жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда, шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылуға жатады".

      ЖЖтА -ның өзгеше құқықтық сипатына сәйкес ҚК-нің 73-бабында былай белгіленеді: "Онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамға, ол қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген не жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда, сот жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыруы мүмкін".

      ЖС НҚ-ның 2-тармағынан мынаны түсінуге болады: "ҚК-нің 72-бабы бірінші бөлігінің бірінші абзацы сот үкімі бойынша тағайындалған жаза мерзімінің заңмен көзделген бөлігін өтеген және оны толық өтеуді қажет етпейтін сотталған адамға соттың шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану мүмкіндігін бекітеді.

      ҚК-нің 72-бабы бірінші бөлігінің екінші және үшінші абзацтары шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолданудың арнайы шарттарын көздейді.

      Егер сот сотталған адамның жазаның заңмен көзделген мерзімін нақтылы өтеумен қатар жазаны өтеу режимін қаскөйлікпен бұзбағанын және қылмыспен келтірілген залалды толық көлемде өтегенін анықтаса, онда ол ҚК-нің 72-бабы бірінші бөлігінің екінші абзацына сәйкес қандай да бір қосымша шарттарсыз шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға жатады.

      Сотталған адамды осы екі шарттың ең болмағанда біреуі болмаған кезде шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мәселені ҚК-нің 72-бабы бірінші бөлігінің бірінші абзацында бекітілген қағидаларға сәйкес сот шешеді".

      Осылайша, ЖС НҚ-да жекелеген жағдайларда көрсетілген шарттардың бірі болмаған кезде, судья қолда бар материалдарға берілген бағаны негізге ала отырып, өзінің ішкі сенімі бойынша ШтМбБ мәселесін дербес шешуге құқылы екені түсіндіріледі.

      Жоғарғы Сот берген түсіндіруде ШтМбБ және ЖЖтА шарттары ашып көрсетіледі, өйткені мұндай мәселелер бойынша сот тұжырымдары баға беру сипатында, ал олар бойынша шешімді сот барлық мән-жайлар мен ұсынылған материалдардың жиынтығын ескере отырып қабылдайды, бұл судьяның дәлелдемелерге ішкі сенімі бойынша баға беру қағидатын бекіткен ҚПК-нің 25-бабы бірінші бөлігінің бірінші абзацындағы ережелерден туындайды. Бұл қағидат сот төрелігін іске асырған кезде судьяның тәуелсіз болуын және оның Конституция мен заңға ғана бағынатынын белгілейтін Конституцияның 77-бабының 1-тармағымен үйлеседі.

      Бұған дейін Конституциялық Сот сотталғандарға ШтМбБ-ны қолдану мәселесі соттың құзыретіне жатады деп атап өткен болатын. Тиісті өтінішхаттарды қараған кезде соттар әрбір сотталған адамға жеке-дара көзқарасты, оның мінез-құлқына тиісінше баға беруді және ҚК, ҚПК және ҚАК нормаларында көзделген талаптар мен шарттардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге тиіс. Сонымен бірге, мұндай мүмкіндіктің берілуі сотталған адамды шартсыз босату дегенді білдірмейді, сот сотталған адамның түзелгенін таныған және қылмыстық жазалаудың басқа да мақсаттарына қол жеткізілген жағдайда ғана, сондай-ақ заңда тікелей белгіленген шарттардың орындалу нәтижелері ескеріле отырып қолданылады (2024 жылғы 11 шілдедегі № 48-НҚ нормативтік қаулы).

      ЖС НҚ-да көрсетілген түсіндірулер Жоғарғы Сот өкілеттігінің шегінде беріліп, сот практикасында біркелкі қолдануды қамтамасыз етуге бағытталған және Конституцияға, атап айтқанда 39-бабының 1-тармағына және қылмыстық заңға қайшы келетін ережелерді қамтымайды.

      5. Конституциялық Сот ЖС НҚ-ның дау айтылып отырған ережесінің конституциялылығын тани отырып, сотталған адамның түзелгеніне баға беруге, ШтМбБ және ЖЖтА мәселелерін қараған кезде жәбірленушінің пікірін ескеруге, сондай-ақ заңнамалық реттеуді талап ететін залал мөлшерін айқындауға байланысты жекелеген проблемаларды атап өту қажет деп санайды.

      Қылмыстық және қылмыстық-атқару заңнамасында сотталған адамның түзелгенін анықтаудың нормативтік бекітілген нақты өлшемшарттарының болмауы мұндай адамның мінез-құлқына баға берілген кезде формальды тәсілдің басым болуына және соның салдарынан ШтМбБ және ЖЖтА мәселелерін шешкен кезде судьялардың өз қалауы бойынша кеңінен қолдануына себепші болады.

      Нормативтік түсіндірулерде тиісті өтінішхаттарды қарау кезінде ескеруге жататын мән-жайларды көрсетіп шығу белгісіздікті жоймайды, өйткені онда сотталған адамның мінез-құлқындағы жеткілікті оң өзгерістердің болуын нақты айқындауға мүмкіндік беретін сандық және сапалық бағдарлар жоқ.

      Осыған байланысты, ұқсас нақты жағдайларда, қарама-қарсы сот шешімдерінің қабылдануына жол беріліп жатады, бұл құқықтық айқындылық және заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең қағидаттарын қамтамасыз ету мақсатында құқықтық реттеуді жетілдіру қажеттігін көрсетеді.

      Өтінішпен қоса берілген материалдардан ШтМбБ және ЖЖтА мәселелері бойынша сот актілерін шығарған кезде соттар жәбірленуші тараптың ұстанымын назарға алғанын көруге болады.

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында ШтМбБ немесе ЖЖтА мәселелері қаралған кезде жәбірленушінің пікірін ескерудің нақты белгіленген ережелері жоқ, бұл құқық қолдану практикасында белгісіздік туғызады және шешім қабылдаған кезде сотқа едәуір дәрежеде қарау жүктемесін жүктейді.

      Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына жүргізілген талдау көрсеткендей, заңнама ШтМбБ мәселесі қаралатын сот отырысына жәбірленушінің не оның өкілінің қатысу құқығын белгілеумен шектеледі (ҚПК-нің 478-бабының тоғызыншы бөлігі). Бұл ретте аталған адамдардың келмей қалуы ШтМбБ немесе ЖЖтА туралы өтінішхатты қарауға кедергі болмайды, ал жәбірленуші не оның өкілі келген жағдайларда сот олардың түсініктемелерін тыңдайды (ҚПК-нің 480-бабының бесінші және алтыншы бөліктері).

      Осыған ұқсас түсіндіру ЖС НҚ-ның 4-тармағының бірінші және екінші абзацтарында кездеседі, онда соттардың жәбірленушіге не оның өкіліне өтінішхаттарының қаралатын күні, уақыты және орны туралы тиісінше хабарлауы көзделген.

      Сондықтан, Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық-процестік заңнамасында ШтМбБ немесе ЖЖтА мәселелері қаралған кезде жәбірленушінің қатысуы факультативтік сипатта болады, ал оның пікірі міндетті не алдын ала айқындаушы мәнге ие болмайды.

      Демек, жәбірленушінің пікірін ескеру мәселесі соттың қарауына жатады және оны сот істің барлық мән-жайларының, сотталған адамның түзелген өлшемшарттарының және жазалаудың өзге де мақсаттарына қол жеткізудің жиынтығын негізге ала отырып шешеді. Қалыптасқан сот практикасы көрсетіп отырғандай, соттар, әдетте, жәбірленушінің пікірін назарға алып, ескереді, егер ол қарсы болса, ШтМбБ-дан немесе ЖЖтА-дан бас тартады.

      ҚК-де соттың ШтМбБ-ны және ЖЖтА-ны қолдану шарттарының бірі ретінде сотталған адамның қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген залалды толық өтеуін белгілейді.

      ЖС НҚ-ның 2-тармағының үшінші абзацында бұлайша түсіндіріледі: "Егер сот сотталған адамның жазаның заңмен көзделген мерзімін нақтылы өтеумен қатар жазаны өтеу режимін қаскөйлікпен бұзбағанын және қылмыспен келтірілген залалды толық көлемде өтегенін анықтаса, онда ол ҚК-нің 72-бабы бірінші бөлігінің екінші абзацына сәйкес қандай да бір қосымша шарттарсыз шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға жатады".

      Сонымен қатар, ЖС НҚ-ның 2-тармағының бесінші абзацында ҚК нормасына кеңейтілген түсіндірме берілген. Онда ҚК-нің 72 және 73-баптарына қатысты қылмыспен келтірілген және өтелуге жататын залалға қылмыспен тікелей келтірілген залал да, сотталған адамнан сот үкімімен немесе сот шешімімен өндіріп алынған өзге сомалар да жатады деп көрсетіледі.

      Осылайша, қылмыспен келтірілген залалға сотталған адамнан сот үкімімен немесе шешімімен өндіріп алынған өзге сомалар да жатқызылады, бұлар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұндай залалға тікелей жатпайды. Қылмыстық процесте қылмыстық құқық бұзушылықпен тікелей келтірілген мүліктік және моральдық зиянды, сондай-ақ өзге де шығындарды өтеу туралы азаматтық талап қоюларды қарау мәселелері регламенттелетін ҚПК-де олардың айырмашылықтары бар (166-баптың бірінші бөлігі).

      ШтМбБ-ны және ЖЖтА-ны қолдануға қылмыстық заңда көзделмеген арнайы шарттармен ЖС НҚ-ны толықтыру сотталғандардың өтінішхаттарын қараған кезде олардың құқықтарының бұзылу қаупін туғызады.

      Конституциялық Сот қылмыстық заңнаманы және сот практикасын одан әрі жетілдіру кезінде жәбірленушінің ұстанымына, ШтМбБ-ға немесе ЖЖтА-ға үміткер сотталған адамның түзелгеніне баға берудің нақты өлшемшарттарын нормативтік белгілеу, сондай-ақ қылмыспен келтірілген залалдың мөлшерін айқындау қажеттігі ескерілуге тиіс деп санайды. Сонымен қатар, сотталғандардың жұмысқа орналасу деңгейінің және материалдық жағдайының төмен болуын назарға ала отырып, аталған зиянды өтеудің неғұрлым икемді тетіктерін енгізу және аталған қылмыстық құқық институттарын қолданған кезде осы мән-жайды ескеру мәселесін қарау қажет.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын, 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 64-бабының 3-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, өтініш нысанасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырудың және тағайындалған жаза мерзімін қысқартудың сот практикасы туралы" 2015 жылғы 2 қазандағы № 6 нормативтік қаулысының 9-тармағының бірінші абзацы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне осы нормативтік қаулыда жазылған Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселесін қарау ұсынылсын.

      3. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына осы нормативтік қаулыда жазылған Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру мәселелері бойынша қосымша түсіндірулер беру ұсынылсын.

      4. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      5. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады