2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 245-бабы үшінші бөлігінің "қылмыстық топ" деген сөздерге қатысты және 262-бабының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Соттардың бандитизм және қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатыса отырып, басқа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапкершілік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы" 2001 жылғы 21 маусымдағы № 2 нормативтік қаулысының 11 және 13-тармақтарының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2025 жылғы 25 маусымдағы № 72-НҚ нормативтік қаулысы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі М.Д. Жупказиевтің,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Заңнама департаментінің директоры Д.А. Сүлейменовтің,

      Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі – 1-тергеу басқармасының басшысы О.С. Тажмаганбетовтің,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты Р.Т. Байтеленовтің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

      Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – бас ғылыми қызметкер Н.Н. Турецкийдің,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының өкілі – арнайы заң пәндері кафедрасының профессоры В.В. Ханның,

      сондай-ақ Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қ.І. Нұровтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында М.Д. Жупказиевтің 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 245-бабы үшінші бөлігінің "қылмыстық топ" деген сөздерге қатысты және 262-бабының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Соттардың бандитизм және қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатыса отырып, басқа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапкершілік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы" 2001 жылғы 21 маусымдағы № 2 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – ЖС НҚ) 11 және 13-тармақтарының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Е.Ә. Оңғарбаевты және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, сарапшы – Парламентаризм институтының атқарушы директоры, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор А.К. Канатовтың қорытындысымен танысып, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) ҚК-нің 262-бабының, ЖС НҚ-ның 11 және 13-тармақтарының Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 13-бабының 1-тармағына, 26-бабының 1 және 2-тармақтарына, 39-бабының 1-тармағына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.

      Өтініш субъектісі ҚК-нің 262-бабы, ЖС НҚ-ның 11 және 13-тармақтары жеткілікті түрде анық тұжырымдалмағандықтан, конституциялық тұрғыда бекітілген құқықтардың бұзылуына әкеп соғатын, кеңейте және екіұшты түсіндіруге жол беретіндіктен Конституция ережелеріне қайшы келеді деп есептейді. Өтініш субъектісі өзі дау айтып отырған нормалар экономикалық қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған кәсіпкерлерді коммерциялық ұйымдар құрылымына тән формальды белгілер: иерархия, бағыныстылық, функциялардың бөлінуі және пайда табу мақсаттарын айқындау бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтардың қатысушыларына шын мәнінде теңестіреді деп көрсетеді.

      Өтініштен және оған қоса берілген материалдардан Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты 2022 жылғы 2 наурыздағы үкімімен М.Д. Жупказиевті ҚК-нің 245-бабының үшінші бөлігінде және 262-бабының бірінші бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға қатысқаны дәлелденбегендіктен кінәсіз деп танығанын және оның ақталғанын түсінуге болады.

      Шымкент қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 2023 жылғы 5 қазандағы апелляциялық үкімімен өтініш субъектісін аталған қылмыстарды жасауда кінәлі деп таныған.

      Конституциялық Сот отырысының барысында өтініш субъектісі ҚК-нің 245-бабы үшінші бөлігінің "қылмыстық топ" деген сөздерге қатысты Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы қосымша мәлімдей отырып, өтініш көлемін ұлғайтты, бұл нормада қылмыстық топ жасаған, ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтарғаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделеді.

      ҚК-нің және ЖС НҚ-ның дау айтылып отырған ережелерінің конституциялылығын тексеру кезінде өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Қазақстан Республикасы Конституцияның 1-бабының 1-тармағына сәйкес адамды және оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жария етеді, өзін құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, бұл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, құқық үстемдігі қағидатын, құқық нормаларының анықтығы, болжамдығы және екіұшты болмауы өлшемшарттарын қатаң сақтауды білдіреді.

      Бұл талаптар қылмыстық құқық саласында ерекше маңызға ие, себебі қылмыстық жауаптылық негіздері мен жазалау шараларын белгілейтін нақ осы ҚК нормалары құқық қолданушының өз бетінше немесе кеңейте түсіндіру тәуекелін болғызбау үшін, әсіресе шаруашылық жүргізуші субъектілердің басшылары мен қызметкерлерінің әрекеттерін саралау бөлігінде барынша анық әрі нақты тұжырымдалуға тиіс.

      Құқық жүйесінің негізгі салаларының бірі ретінде қылмыстық құқық қоғамды қылмыстан қорғау құралы ғана емес, сонымен бірге ҚК-нің 2-бабының бірінші бөлігінде көрсетілгендей, жеке адамның құқықтары мен бостандықтарын, меншік құқығын қорғау мәселелерінде әділдік пен құқықтық тәртіптің кепілі де болып табылады.

      Конституциялық Сот құқық үстемдігі қағидатынан құқықтық реттеудің формальды құқықтық айқындылығы, анықтығы мен қайшылықсыздығы, түрлі құқық салаларының өзара байланысты нормалары арасындағы үйлесімділік талабы туындайды деп бірнеше рет атап өткен болатын (2023 жылғы 22 ақпандағы № 3, 2023 жылғы 31 тамыздағы № 27-НҚ, 2024 жылғы 13 қыркүйектегі № 51-НҚ нормативтік қаулылар және басқалар).

      ҚК-нің 1-бабының екінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының (бұдан әрі – Жоғарғы Сот) нормативтік қаулылары да қылмыстық заңнамаға кіреді, бұл олардың заңдық анықтық мен айқындылық өлшемшарттарына сәйкес келуін талап етеді.

      Бұған дейін Конституциялық Сот әрекетке қылмыстық сипат беретін қылмыстық заң нормаларының диспозициялары әрбір адамның қылмыстық-құқықтық салдарды болжай алу мүмкіндігін көздеуге және құқықтық реттеудің жалпы қағидаттарымен келісілген болуға тиіс деп көрсетті (2023 жылғы 18 мамырдағы № 14-НҚ нормативтік қаулы).

      2. ҚК-нің 262-бабына жүргізілген талдау аталған норманың диспозициясы балама әрекеттерді қамтитынын көрсетеді, оларды жасаған кезде қылмыстық жауаптылық, оның ішінде ұйымдасқан топты немесе қылмыстық ұйымды құрғаны, оған басшылық еткені және қатысқаны үшін қылмыстық жауаптылық басталады.

      ҚК-нің 262-бабына ескертуде "Осы Кодекстiң 262, 263, 264, 265 және 268-баптарында қылмыстық топқа қатысуын өз еркiмен тоқтатқан және қылмыстық топ жасап жатқан немесе жасаған қылмыстарды ашуға немесе олардың жолын кесуге белсендi түрде ықпал еткен адам, егер оның әрекеттерiнде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады" деп белгіленеді.

      Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылдың қылмыстық-құқықтық шаралары сыбайлас қатысу институтымен тығыз байланысты. Қылмыстық құқық доктринасында қылмысқа сыбайлас қатысу түрлерінің ұғымы кеңінен қолданылады және ашып көрсетіледі, бұл әрбір сыбайлас қатысушының іс-әрекетін дұрыс саралауға және жауаптылық дәрежесін жеке-дара қарауға мүмкіндік беретіндіктен оның практикалық мәні маңызды.

      ҚК-де барлығы "қылмыстық топ" деген ұғымға топтастырылған – ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғамдастық немесе олардың трансұлттық түрлері, сондай-ақ өзге де қылмыстық бірлестіктер (мысалы, террористік топ, банда) сияқты құқықтық санаттар арасындағы айырмашылық көзделген (3-баптың 24) тармағы, 31-баптың үшінші бөлігі).

      "Қылмыстық ұйым" және "ұйымдасқан топ" ұғымдарының анықтамасы ҚК-нің 3-бабының 25) және 36) тармақтарында қамтылады. Мәселен, қатысушылары ұйымдық, функционалдық және (немесе) аумақтық оқшауланған топтарға (құрылымдық бөлімшелерге) бөлінген ұйымдасқан топ – қылмыстық ұйым, ал бір немесе бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасау мақсатында алдын ала біріккен екі немесе одан көп адамның тұрақты тобы – ұйымдасқан топ деп танылады.

      Қылмыстық топ құрғаны, оған басшылық еткені немесе оның басқа түрлеріне қатысқаны үшін қылмыстық жауаптылық ҚК-нің тиісті баптарында (182, 257, 263, 264, 265, 267 және 268-баптар) көзделгенін атап өту керек.

      Конституциялық Сот ҚК-нің 262-бабына талдау жүргізе отырып, ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысқаны үшін қылмыстық жауаптылық – ұйымдасқан қылмыстың жолын кесуге ғана бағытталған шара екендігін негізге алады. Қылмыстық заңда тікелей көрсетілген объективті және субъективті белгілердің жиынтығы болған кезде ғана оны қолдануға жол беріледі, бұл Қазақстан Республикасының конституциялық талаптары мен халықаралық міндеттемелеріне сәйкес келеді.

      Осы тұрғыда Қазақстан Республикасы 2008 жылғы 4 маусымда ратификациялаған, Біріккен Ұлттар Ұйымының трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы 2000 жылғы 13 желтоқсандағы конвенциясын (бұдан әрі – Конвенция) ескеру қажет.

      Конвенцияның 5-бабының 1-тармағында әрбір қатысушы мемлекет қылмыстың нақты жасалуына қарамастан, ұйымдасқан топтың сөз байласуына, оған басшылық етуі мен қатысуына, қылмыстық әрекетке жәрдемдесуіне, егер саналы түрде қатысу белгілері анықталса, қылмыстық сипат беруге міндетті деп көрсетіледі.

      3. ҚК-нің 31-бабының төртінші және бесінші бөліктерінде бұлайша белгіленеді:

      "4. Қылмыстық топ құрған не оған басшылық еткен адам осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті баптарында көзделген жағдайларда қылмыстық топты ұйымдастырғаны және оған басшылық еткені үшін, сондай-ақ егер қылмыстар оның пиғылында боған болса, қылмыстық топ жасаған барлық қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа жатады.

      5. Қылмыстық топтың басқа қатысушылары осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті баптарында көзделген жағдайларда, оған қатысқаны үшін, сондай-ақ өздері дайындауға немесе жасауға қатысқан қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылықта болады".

      Осылайша, заң шығарушы ҚК-нің Ерекше бөлігінің 182, 257, 262, 263, 264, 265, 267 және 268-баптарында қатысу сипаты мен қатысушыларының кінә дәрежесін ескере отырып, қылмыстық топтардың түрлері бойынша сараланған жауаптылықты көздеген. Бұл жазасыз қалуды болғызбауға бағытталған қылмыстық жауаптылықтың заңдылығы мен әділдігі қағидаттарын көрсетеді.

      Конституциялық Сот ҚК-нің 245-бабы үшінші бөлігінің ("қылмыстық топ" деген сөздерге қатысты) Конституцияның ережелеріне қайшы келуін таппады, өйткені аталған қылмыстық-құқықтық норма сыбайлас қатысу мен сөз байласудың күрделі түрлері кезінде салық төлеуден жалтарудың алдын алуға бағытталған, бұл Конституцияның әркімге заңды түрде белгіленген салықтар мен өзге де міндетті төлемдерді төлеу жөніндегі міндетті жүктейтін 35-бабына сәйкес келеді.

      4. Конституцияның 81-бабында "Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық, қылмыстық істер, жергілікті және басқа да соттардың соттылығына жататын өзге де істер бойынша жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген жағдайларда өзінің соттылығына жататын сот істерін қарайды және сот практикасының мәселелерi бойынша түсiнiктемелер беріп отырады" деп көрсетілген.

      Конституцияның 4-бабының 1-тармағында Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары қолданыстағы құқыққа жатқызылады.

      Бұған дейін Конституциялық Сот Жоғарғы Соттың түсіндіру қызметі құқықтық нормаларды нақтылауға және тәптіштеуге, коллизияларды жоюға, сондай-ақ заңда жеткілікті түрде айқындалмаған баға беру ұғымдарын түсіндіруді қоса алғанда, сот практикасын біріздендіруге бағытталғанын атап өткен болатын (2023 жылғы 1 маусымдағы № 18-НҚ нормативтік қаулы).

      ЖС НҚ-ның 11 және 13-тармақтарының конституциялылығына баға беру кезінде Конституциялық Соттың қарау нысанасы өтініш субъектісінің құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғаған ережелер ғана болды.

      ЖС НҚ-ның 11 және 13-тармақтары сыбайлас қатысу түрлерінің аражігін ажыратуға, сондай-ақ қылмыстық әрекетті саралауға қатысты. Жоғарғы Соттың түсіндірулері соттарға айыпталушы адамдардың қатысу дәрежесі мен ұйымдастырушылық рөлін дәлірек анықтауға мүмкіндік береді.

      ЖС НҚ-ның 11-тармағының екінші абзацында "Қылмыстық топ неғұрлым жоғары ұйымдасуымен және орнықтылығымен алдын ала сөз байласқан адамдар тобынан ерекшеленеді. Оның белгілері ретінде, атап айтқанда: басшының (басшылардың) болуы және оған (оларға) басқа мүшелердің бағынуы, басқа қатысушылардың оған өзінің мүше екенін мойындауы, белгілі бір иерархияның және ортақ материалдық және қаржылай қаражаттың болуы, қылмыстық топта белгіленген қағидалардың (тәртіптің) сақталуы және т.б. болуы мүмкін" деп көрсетілген. Санамаланған белгілер қылмыстық топтардың барлық түріне, оның ішінде ұйымдасқан топ пен қылмыстық ұйымға қатысты. ЖС НҚ-ның 13-тармағында "қылмыстық топқа басшылық ету" ұғымы түсіндіріледі, бұл ұйымдастырушылар мен өзге де қатысушылар арасындағы жауаптылықты тиісінше жіктеу және саралау үшін маңызды. ЖС НҚ-дағы аталған түсіндірулер Жоғарғы Соттың өкілеттігі шегінде берілген, құқық қолдану біркелкілігіне бағытталған және Конституцияға қайшы келетін ережелерді қамтымайды.

      5. Конституциялық Сот шаруашылық жүргізуші субъектілерді тек формальды өлшемшарттар бойынша ғана қылмыстық топ деп тануға жол берумен байланысты жекелеген проблемаларды көрсету қажет деп есептейді.

      ҚК-нің 262-бабында белгіленген ұйымдасқан топ және қылмыстық ұйым белгілері ЖС НҚ-ның 11 және 13-тармақтарының ережелерімен өзара байланыста құқық қолдану практикасында тәуекел туғызып, қылмыстық ниеті, себебі мен мақсаты жоқ коммерциялық ұйымдардың басшылары мен қызметкерлерін экономикалық қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін ғана емес, қылмыстық топ құрғаны, оған басшылық еткені немесе қатысқаны үшін де қылмыстық жауаптылыққа тартуы мүмкін.

      Бұл ретте ҚК-нің 262-бабында, сондай-ақ ЖС НҚ-да көрсетілген белгілер көптеген коммерциялық құрылымдарға тән: иерархия, бағыныстылық, функцияларды бөлу, басқару жүйесінің болуы және пайда табу сипаттамаларына ішінара сәйкес келеді.

      Формальды құрылымдық белгілердің мұндай ұқсастығы ҚК-нің 262-бабында көзделген қылмыс құрамын негізсіз кеңейте түсіндіруге және Конституцияның 26-бабының 4-тармағында кепілдік берілген кәсіпкерлік қызмет еркіндігі құқығының бұзылуына алып келуі мүмкін.

      Тергеу және сот практикасына жүргізілген талдау қылмыстық заңнаманың және ЖС НҚ-ның жекелеген ережелерін өзектендіру қажеттігін көрсетеді. Атап айтқанда, оларда шаруашылық қызмет саласында құқық бұзушылықтарға жол берген кәсіпкерлік бірлестіктерді және әуел бастан құқыққа қайшы мақсаттарда құрылған қылмыстық топтарды нақты саралауға мүмкіндік беретін ережелер жоқ.

      Мұндай түсіндірулер Жоғарғы Соттың "Соттардың экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылық істер бойынша заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы" 2020 жылғы 24 қаңтардағы № 3 нормативтік қаулысында да қамтылмайды.

      Конституциялық Сот қылмыстық заң ережелері және оның негізінде берілген түсіндірулер заңды қызмет түрін жүзеге асыратын коммерциялық ұйымның құрылымын қылмыстық топпен қате сәйкестендіру ықтималдығын болғызбауға, сондай-ақ қылмыстық топ құрылымына баға берудің сараланған тәсілдерін қамтамасыз етуге тиіс екенін атап көрсетеді.

      Осыған байланысты қылмыстық топ жасаған әрекеттерді тану үшін мынадай өлшемшарттарды сақтау қажет:

      қатысушылардың тек қылмыс жасауға бағытталған іс-әрекеттерінің бекемдеп келісумен болуы;

      заңды құрылған құрылымды заңға қайшы құрылымға айналдыру емес, топты әуел бастан қылмыстық мақсатта құру;

      рөлдері бөлінген және орталықтан басқарылатын келісілген қылмыстық әрекетке саналы түрде қатысу;

      негізгі мақсат ретінде шаруашылық мақсаттың болмауы және оны қылмыстық заңды бұза отырып алынатын заңсыз пайдаға ауыстыру.

      Демек, иерархияның, тұрақтылықтың және функцияларды бөлудің болуы сияқты белгілер қылмыстық ниет пен құқыққа қайшы келісілген әрекет тікелей дәлелінбей, өздігінен қылмыс құрамын құрамайды.

      Конституциялық Сот кәсіпкерлерге қатысты құқықтық екіұштылықты жою және қылмыстық репрессия тәуекелдерін азайту мақсатында:

      "қылмыстық мақсат" ұғымын қылмыстық құқық бұзушылық құрамы белгісін саралайтын ретінде;

      "қылмыстық ниет" белгісін ұйымдық құрылымды құқыққа қайшы мақсаттарда пайдалануға қатысты нормативтік нақтылау талап етіледі деп есептейді.

      Сонымен қатар, Конституциялық Сот кәсіпкерлік қызмет өзінің табиғаты бойынша экономикалық тәуекелдермен және олармен орын алуы мүмкін заңнаманы бұзушылықтармен ұштасатынына, барлық кезде қылмыстық ниеттің болуын көрсетпейтініне назар аударады.

      Қылмыстық топ құрамындағы іс-әрекеттер үшін қылмыстық қудалау қателіктерге немесе салық нормаларын бұзуға жол берген кезде емес, коммерциялық құрылымның қылмыстық әрекет құралы ретінде пайдаланылғанына дәлел болған кезде ғана ақталуы мүмкін.

      Осыған байланысты Конституциялық Сот кәсіпкерлік қызмет заңдылығы презумпциясы қағидатын сақтау қажеттігін атап көрсетеді.

      Қылмыстық топты құру, оған басшылық ету немесе қатысу қылмыстық ниетіне екіұштылық туғызбайтын және тексерілетін дәлелдер болмаған кезде құқық қолданушы шаруашылық жүргізуші субъектінің басшылары мен қызметкерлерінің кінәсіздік пен адал ниет презумпциясын негізге алуға міндетті.

      Келісілген қылмыстық әрекет, қатысушылар арасында рөлдерді бөлу ниеті дәлелденген және коммерциялық құрылымды тек қылмыстық жоспарды іске асыру үшін пайдалану белгілері болған кезде ғана оның басшылары мен қызметкерлері ҚК-нің 262-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін.

      Конституциялық Сот қылмыстық заңнама мен сот практикасын одан әрі жетілдіру кезінде, заңды және қылмыстық ұжымдық әрекеттің, әсіресе кәсіпкерлік саласында егжей-тегжейлі нормативтік аражігін ажырату қажеттігін қоса алғанда, баяндалған құқықтық ұстанымдар ескерілуге тиіс деп есептейді.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 64-бабының 3-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты өтініш нысанасы шеңберінде

қаулы етеді:

      1. Мыналар:

      Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 245-бабының үшінші бөлігі "қылмыстық топ" деген сөздерге қатысты;

      Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 262-бабы;

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Соттардың бандитизм және қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатыса отырып, басқа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапкершілік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы" 2001 жылғы 21 маусымдағы № 2 нормативтік қаулысының 11 және 13-тармақтары Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселесін қарау ұсынылсын.

      3. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына қылмыс құрамының субъективті және объективті белгілерін ескере отырып, заңды қызмет түрін жүзеге асыратын коммерциялық ұйымдардың басшылары мен қызметкерлері қызметінің және қылмыстық топтардың құқыққа қайшы әрекетінің аражігін ажыратудың нақты өлшемшарттарын айқындау мақсатында сот практикасын жинақтап қорыту ұсынылсын.

      4. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      5. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады