ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,
кәмелетке толмаған Р-дің заңды өкілі – Ю.В. Данилованың,
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Заңнама департаментінің директоры Д.А. Сүлейменовтің,
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Көші-қон қызметі комитетінің Халықты құжаттандыру және ішкі көші-қонды есепке алу басқармасының бастығы Т.К. Абиловтың,
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің өкілі – Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Ю.Р. Овечкинаның,
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі – Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары А.Б. Бекбаеваның,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты Р.Т. Байтеленовтің,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі – Азаматтық және саяси құқықтар бөлімінің меңгерушісі Д.К. Сариевтің,
Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – Заңнаманың тиімділігін талдау бөлімінің бас ғылыми қызметкері Н.Н. Турецкийдің,
Парламентаризм институтының өкілі – атқарушы директор А.К. Канатовтың,
"Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы" қоғамдық бірлестігінің өкілі – директор Е.А. Жовтистің қатысуымен,
2024 жылғы 26 қыркүйектегі ашық отырысында "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – НОтК) 65-бабының Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.
Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Р.А. Подопригораны және отырысқа қатысушыларды тыңдап, Қонаев Университетінің конституциялық, халықаралық құқық және кеден ісі кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы К.К. Айтхожиннің, Каспий қоғамдық университетінің "Әділет" жоғары құқық мектебінің академиялық профессоры, заң ғылымдарының кандидаты А.А. Караевтың қорытындыларын және конституциялық іс жүргізудің басқа да материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасы және жекелеген шет мемлекеттер заңнамасының нормаларына, халықаралық тәжірибеге, сот практикасына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) НОтК-тің 65-бабының Конституцияның 19-бабының 1-тармағына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.
Өтініш мазмұнынан және оған қоса берілген құжаттардан өтініш субъектісіне азаматтық хал актілерін тіркеу қызметінің туу туралы акт жазбасында анасының ұлтын көрсетуден бас тартқанын түсінуге болады. Мұндай өзгерісті енгізу анасының жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған кезде оның ұлтын айқындауға мүмкіндік берер еді. Өтініш субъектісінің әкесі туралы мәліметтер мен құжаттар да жоқ. Кейіннен Қарағанды облысының Саран қалалық соты 2023 жылғы 14 маусымдағы шешімімен (бұдан әрі – бірінші сатыдағы сот шешімі) өтініш берушіге заңдық маңызы бар, қай ұлтқа жататыны туралы фактіні анықтау талабын қанағаттандырудан бас тартқан. Сот өз шешімін негіздей отырып, кәмелетке толмаған Р.-ның қай ұлтқа жататыны туралы фактіні анықтау анасының ұлты құжатпен расталмауына байланысты мүмкін емес екенін көрсеткен. Бірінші сатыдағы сот шешімі апелляциялық сатыдағы сотта қолдау тапқан (Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 тамыздағы қаулысы). Аталған сот актілерінде НОтК-тің 65-бабы қолданылған, онда баланың ұлты ата-анасының ұлтымен айқындалады және ол тек қана ата-анасының біреуінің ұлтына өзгертілуі мүмкін деп бекітілген.
Өтініш субъектісі НОтК-тің 65-бабы Конституцияның 19-бабының 1-тармағына қайшы келеді деп есептейді, аталған тармаққа сәйкес әркім өзінің қай ұлтқа жататынын айқындауға және оны көрсету-көрсетпеуге құқылы.
НОтК-тің 65-бабының конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. Қазақстан Республикасы көпұлтты мемлекет болып табылады, мемлекеттік саясатының аса маңызды басымдықтарының бірі деп азаматтық бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету, этникалық ерекшелену мен бөлектенудің кез келген көріністеріне төзбеушілік, азаматтарды мәдени, тілдік, этникалық, діни негізде кемсітуге жол бермеу танылады. Бұл басымдықтар Конституцияда көрініс тапқан және онда:
тегіне, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына байланысты ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды (14-баптың 2-тармағы);
әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді (20-баптың 3-тармағы);
ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады (39-баптың 2-тармағы) деген ережелер бекітілген.
Қазақстанның біртұтас халқын құрайтын әртүрлі ұлт азаматтары алуан түрлі мәдениет пен дәстүрді ұстанады, бұл маңызды мәдени мұра және әлеуметтік құндылық болып табылады, елдің орнықты және үйлесімді дамуына ықпал етеді және мемлекет пен қоғам тарапынан қорғауға жатады. "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес азаматтардың ұлттық және мәдени өзіндік ерекшелікті қорғау және дамыту құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету мемлекеттің мәдениет саласындағы негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Негізгі Заңның 19-бабының 2-тармағына сәйкес әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар.
Адам үшін өзін белгілі бір этноспен ұқсас көрудің құндылығы мен маңыздылығын тани отырып, Конституция 19-бабы 1-тармағының нормасымен әркімге өзінің қай ұлтқа жататынын айқындау және оны көрсету-көрсетпеу құқығын береді. Осы норманың мағынасы бойынша қай ұлтқа жататындық (ұлт) деп мемлекетке емес, белгілі бір этникалық қауымдастыққа жататындығы түсініледі, тиісінше, бұл азаматтықпен байланысты емес. Мұндай көзқарас Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында да бекітілген. "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" 2002 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес әрбір баланың туылған кезінен бастап ұлты мен азаматтығына құқығы бар.
Қай ұлтқа жататындықты айқындау – жеке бас еркіндігін білдіру мен көрсету және бұл бала туылған кезінен бастап ие болатын жеке бас даралығы құқығымен тікелей байланысты. Мемлекет заңмен көзделгендей, баланың жеке басының даралығын, бұған азаматтығын, есімін және отбасылық байланыстарын сақтау құқығын қоса алғанда, оған заңсыз араласуға жол бермей, құрметтеуге міндеттенеді (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен ратификацияланған 1989 жылғы 20 қарашадағы Бала құқықтары туралы конвенцияның (бұдан әрі – Конвенция) 8-бабының 1-тармағы).
Қай ұлтқа жататындығы баланың жеке бас даралығын құрайтындардың бірі болып табылады және түрлі себептерге байланысты және түрлі дәрежеде ол үшін айтарлықтай маңызды болуы мүмкін. Белгілі бір этникалық қауымдастыққа жату өзін-өзі ұғыну тұрғысынан да, белгілі бір дәстүрге, тілге, мәдениетке, өмір салтына, туған жеріне және тұратын жеріне қатыстылығын сезіну тұрғысынан да маңызды болуы мүмкін. Ұлттық сәйкестендіру адамның өз отбасының алдыңғы буындарымен байланысының маңыздылығын, өз этносын және ұлттық сәйкестілікке тән белгілерді қазір және болашақта сақтауға деген ұмтылысты көрсетуге де мүмкіндік береді.
Ұлттық сәйкестілік түрлі құқықтық қатынастарда да маңызды болуы мүмкін.
Мәселен, НОтК-тің 118-бабының 1-тармағына сәйкес жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырған кезде баланың ұлты, сол сияқты белгілі бір дінді және мәдениетті ұстанатыны, ана тілі ескеріледі. Осыған ұқсас ереже Конвенцияның 20-бабында қамтылады: отбасы ортасынан айырылған баланың күтіміне байланысты мәселелерді шешкен кезде оның этникалық тегі, діни мен мәдени ұстанымы және ана тілі ескерілуге тиіс.
Ұлтын айқындау және кейіннен оны көрсету азаматтар үшін тиісті мемлекеттік қолдау шараларын алу (мысалы, қандастар, этникалық қазақтар – ұлты қазақ шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар жағдайларында), репатриация және тағы басқалар кезінде маңызды болуы мүмкін.
2. Конституцияда қай ұлтқа жататынын айқындау, оны көрсету немесе өзгерту жағдайлары немесе тәртібі қамтылмайды. Бұл туралы тиісті ережелер НОтК-те және түрлі деңгейдегі өзге нормативтік құқықтық актілерде бекітілген.
НОтК-тің 65-бабына сәйкес баланың ұлты ата-анасының ұлтымен айқындалады (1-тармақ). Егер ата-анаcының ұлты әртүрлi болса, ұлты балаға жеке куәлiк немесе паспорт берiлген кезде оның қалауы бойынша әкесiнiң немесе анасының қай ұлтқа жататынына сәйкес айқындалады (2-тармақ). Одан әрi баланың ұлты оның өтiнiшi бойынша тек қана ата-анаcының біреуінің ұлтына өзгертiлуi мүмкiн (3-тармақ). Осылайша НОтК-тің аталған бабында баланың ұлтын айқындаудың немесе оны өзгертудің ата-анасының ұлтымен байланысты жалғыз нұсқасы қамтылады.
"Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" 2013 жылғы 29 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес қай ұлтқа жататыны жеке басты куәландыратын құжаттарда (Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі, Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, Қазақстан Республикасының дипломатиялық және қызметтік паспорты) иесінің қалауы бойынша көрсетіледі. Бұл ереже туу туралы куәлікке қолданылмайды.
НОтК-тің 193-бабында "Егер тууды тіркеу кезінде өтініш беруші ата-анасының қай ұлтқа жататынын көрсетуге тілек білдірсе, онда баланың туу туралы акт жазбасында ата-анасының – Қазақстан Республикасы азаматтарының ұлты Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген ұлтына сәйкес көрсетіледі" деп белгіленген. НОтК-тің 201-бабының 9) тармақшасында баланың туу туралы акт жазбасына ата-анасының ұлты туралы деректер, егер ол жеке басты куәландыратын құжаттарда көрсетілсе, енгізіледі деп бекітілген.
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 112 бұйрығымен бекітілген Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді ұйымдастыру, оларға өзгерістер, түзетулер, толықтырулар енгізу, азаматтық хал актілерінің күшін жою және қалпына келтіру қағидаларының 176-тармағына сәйкес адамның ұлты азаматтық хал актілерінде жеке басты куәландыратын құжаты бойынша көрсетіледі.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 532 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін және жол жүру құжатын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларының 9 және 16-тармақтарының ережелері негізінде Қазақстан Республикасы азаматының паспортын немесе жеке куәлігін толтырған кезде ұлты оларды беруге негіз болған құжатқа сәйкес жазылады.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 31 мамырдағы № 583 бұйрығымен бекітілген Жеке басты куәландыратын (босқын куәлігінен басқа) құжаттарды дайындау үшін формулярды ресімдеу, толтыру, есепке алу, сақтау, тапсыру, жұмсау, жою қағидаларында (бұдан әрі – № 583 Қағидалар) паспортта және жеке куәлікте ұлты туралы жазба ата-анасының ұлтына сәйкес жүргізіледі деп атап көрсетілген. Ата-анасының ұлты әртүрлі болған кезде Қазақстан Республикасының азаматы ұлтын әкесінің немесе анасының ұлты бойынша еркін таңдайды. Одан әрі ұлты оның өтініші бойынша тек қана ата-анасының біреуінің ұлтына өзгертіледі. Ерекше жағдай ретінде қуғын-сүргін кезеңінде Қазақстан Республикасының аумағына күштеп көшірілген Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттарында және жеке куәліктерінде ұлты туралы жазбаны өзгертуге рұқсат етіледі. № 583 Қағидаларға 2-қосымшада ұлт кодтарының анықтамалығы көрсетілген, ол тиісті формулярларды ресімдеу және толтыру кезінде пайдаланылады.
Осылайша, НОтК-те жазылған тәсіл балаға ғана қолданылмайтын өзге нормативтік құқықтық актілерде де қамтылады. Ата-анасының деректері, оның ішінде олардың ұлты туу туралы акт жазбасы мен куәлікте (әдетте, жеке басын куәландыратын алғашқы құжатта) тіркелетіндіктен дәл осы туу туралы акт жазбасы мен куәлік баланың ұлтын айқындау және кейіннен оны жеке басын куәландыратын басқа да құжаттарда көрсету үшін бастапқы және негізгі құжаттар болып табылады.
Құқық қолдану практикасы көрсеткендей, туу туралы акт жазбасы мен куәлікте ата-анасының ұлты көрсетілмеген кезде мемлекеттік органдар жеке басты куәландыратын басқа құжаттарда ұлтын көрсетуден, сол сияқты құжаттардағы ұлтын өзгертуден бас тартуы мүмкін, салдарынан азаматтар сотқа (қай ұлтқа жататыны туралы заңдық фактіні анықтау, азаматтық хал актілері жазбаларының дұрыс еместігін анықтау туралы өтініштермен немесе тиісті құжаттарға өзгерістер енгізу туралы талап қоюлармен және тағы басқа мәселелермен) жүгінуге мәжбүр болады. Сот практикасында осындай өтініштер мен талап қоюларды қанағаттандырған, оларды қанағаттандырудан бас тартқан, сондай-ақ өтініштерді азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатпайды деп қабылдаудан бас тартқан жағдайлар да кездеседі.
3. Ұлтын айқындау, көрсету және өзгерту мәселелеріне байланысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының дау айтылып отырған және өзге де нормалары, құқық қолдану практикасы азаматтардың Конституцияның 19-бабының 1-тармағында көзделген құқықтарын іске асыруда елеулі кедергілердің бар екенін көрсетеді.
Конституцияның аталған тармағында өзара байланысты құқықтар: белгілі бір этникалық қауымдастыққа жату деп түсінілетін ұлтқа жататынын айқындау құқығы және оны көрсету-көрсетпеу құқығы туралы айтылады. Қай ұлтқа жататынын айқындау құқығы, ең алдымен, адамның ішкі еркіндігімен, ал қай ұлтқа жататынын көрсету құқығы адамның өз ұлты туралы шешімін сыртқа білдіру қажеттігімен байланысты, бұл кейіннен өзі үшін құқықтық маңызы болуы мүмкін.
Қай ұлтқа жататынын айқындау бөлігінде Конституцияның 19-бабының 1-тармағында әркімге өзі үшін қай ұлтқа жататынын өз еркімен және дербес айқындау құқығы беріледі. Конституцияның аталған бабының мағынасы бойынша ұлтын айқындау – бұл адамның өзін-өзі сәйкестендіруінің нәтижесі, оған түрлі факторлар әсер етуі мүмкін: отбасылық және туыстық байланыстар, адамның тәрбиеленген ортасы, оның нақты бір әлеуметтік-мәдени ортада болуы және тағы басқалар.
Әркім өз таңдауын ата-анасының этникалық тегімен байланыстыруға құқылы, бірақ түрлі өмірлік жағдайларға байланысты ұлтын айқындау тек осындай таңдаумен ғана шектелмеуі мүмкін. Нақты жағдайларда адам объективті (мысалы, ата-анасы белгісіз болса) немесе субъективті (мысалы, өзін іс жүзінде тәрбиелеген адамның ұлтын қабылдауға ниеті болса) себептерге байланысты ұлтын ата-анасы бойынша айқындай алмауы мүмкін. Түрлі факторларға байланысты этникалық сәйкестілік өзгеруі мүмкін, бұл адамның өз таңдауына да байланысты болады және ұлтын айқындау құқығымен қамтылады. Өз ұлтын айқындауға ешкімді мәжбүрлеуге болмайды.
Сондай-ақ әркімнің өзінің қай ұлтқа жататынын көрсету-көрсетпеуге құқығы бар. Бұл әркімнің мұндай көрсету қажеттігі мәселесін өзі шешеді, ешкім адамнан ұлтын көрсетуді талап ете алмайды дегенді білдіреді. Осы құқық ресми құжаттарда, егер оларда ұлты туралы мәліметтер көзделсе, іске асырылады. Ұлты туралы мәліметтерді көрсету немесе оларды көрсетуге ниеттің болмауы адам құқықтарының, бостандықтары мен міндеттерінің көлеміне әсер етпейді, оларды шектеуге алып келмейді.
Өзінің ұлтын айқындау және көрсету құқығының негізінде адамның этникалық өзін-өзі сәйкестендіруі бар дегенмен келісе отырып, Конституциялық Сот ұлты адамның қалауы бойынша жеке басын куәландыратын құжаттарда (бұл этникалық тегін мемлекеттің ресми растау нысаны болып табылады) көрсетілетін және оң (кемсітпейтін) мағынада құқықтардың, жеңілдіктердің, преференциялардың берілуіне әсер ететін немесе адам үшін қандай да бір басқа құқықтық маңызы болуы мүмкін жағдайларда мұндай сәйкестендіру тек адамның қалауына, оның белгілі бір ұлтқа жататынына субъективті артықшылық беруіне негізделуге тиіс емес деп пайымдайды. Осыған байланысты мемлекет адамдар ұлты көрсетілген мәліметтерді ұсынған кезде оларды тексеруі немесе адамның этникалық қауымдастыққа жататындығын растайтын қағидаларды белгілеуі мүмкін. Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламенті аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігіне қатысты негізгі қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға құқылы. Қай ұлтқа жататындығына дәлелдемелер тек туыстық байланыстар шеңберінде (әртүрлі туыстық дәрежесін ескере отырып) немесе тиісті құжаттарда болуы ғана емес, сондай-ақ белгілі бір мәдениетке қатыстылығында, тіл, дәстүр, дін, өмір салты ортақтығында да болуы мүмкін.
Бұл көзқарас басқа мемлекеттердің тәжірибесіне сәйкес келеді, оларда да этникалық өзін-өзі сәйкестендіру көшіп келу сипатындағы мәселелерді шешу, оң кемсіту тұрғысында адамдарға жеңілдіктер немесе артықшылықтар беру және өзге де мәселелерді шешу үшін жеткілікті болып табылмайды. Мемлекеттік органдардың азаматтардың мәлімделген этникалық тегіне объективті расталатын дәлелдемелердің болуын талап ету құқығы халықаралық соттардың практикасымен де мақұлданады.
4. НОтК-тің 65-бабында баланың ұлтын тек ата-анаcының ұлты бойынша айқындау және өзгерту туралы ереже қамтылады. Конституциялық Сот мұндай тәсіл Конституцияның 19-бабы 1-тармағының конституциялық-құқықтық мағынасына толық сәйкес келмейді деп пайымдайды, аталған тармаққа сәйкес ұлтын адамның ішкі таңдауының нәтижесі ретінде айқындау үзілді-кесілді шартты болуы мүмкін емес. Мемлекет мәлімделген ұлты туралы мәліметтерді адам оны жеке басын куәландыратын құжаттарда немесе құқықтық салдары болуы мүмкін басқа да жағдайларда көрсету ниеті болған кезде тексеруге құқылы. Бірақ ол адамның ұлты қалай айқындалуға тиіс екенін баламасыз белгілеуге және осылайша адамның таңдау мәселесіне араласуға құқылы емес. НОтК-тің 65-бабында ұлтын тек ата-анасының ұлты бойынша айқындау көзделе отырып, басқа таңдауға жол берілмейді, осылайша Конституцияның 19-бабының 1-тармағында көрсетілген адам құқықтарын шектейді. Конституцияның 39-бабының 3-тармағына сәйкес осы бапта көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда шектелуге жатпайды.
Конституциялық Сот ата-анасының қай ұлтқа жататындығы ұлтын айқындау, көрсету және өзгерту кезінде басым өлшемшарт болып табылатынын құптайды, бұл ұлттық, мәдени және отбасылық дәстүр тұрғысынан түсінікті және негізді. Мұндай таңдау этносқа, тарихқа, тілге құрмет көрсетуді білдіреді, ұрпақтардың мәдени және рухани сабақтастығын қамтамасыз етеді, этникалық қауымдастықтың бірлігі мен сақталуына ықпал етеді. Баланың ұлтын ата-анасының немесе олардың біреуінің ұлты негізінде айқындау неке мен отбасы, ана мен әке және бала институттарын қорғау, балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті туралы конституциялық ережелермен өзара тығыз байланысты (Конституцияның 27-бабының 1 және 2-тармақтары). Мұндай айқындау әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға конституциялық құқығымен де өзара байланысты (Конституцияның 19-бабының 2-тармағы).
Сонымен бірге, Конституциялық Сот НОтК-тің 65-бабында баланың ұлтын тек қана ата-анаcының ұлты бойынша айқындау және өзгерту мүмкін болмайтын түрлі өмірлік жағдайлар ескерілмейтінін атап өтеді. Мәселен, ата-анаcының кім екені белгісіз болуы мүмкін немесе құжаттары немесе оларда ата-анаcының ұлтын растайтын мәліметтер болмауы мүмкін. Бұл бапта бала отбасыға тәрбиеленуге берілетін немесе жетім балаларға, ата-анаcының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымда тәрбиеленетін және өзге ұлттық-мәдени ортада болуына және тәрбиеленуіне және тағы басқаларға байланысты ата-анаcының ұлтынан өзгеше ұлтты қабылдағысы келетін жағдайлар ескерілмейді.
5. Конституциялық Соттың пікірінше, мемлекеттік органдар ұлтына байланысты мәселелерді шешкен кезде ата-анаcының ұлтымен қатар, ерекше жағдайларда түрлі өмірлік жағдайлардан туындаған басқа мән-жайлар мен факторларды да назарға алуға тиіс. Мұндай жағдайлар, атап айтқанда, баланың ата-анасының екеуінің де белгісіз болуымен, құжаттардың немесе оларда ата-анаcының (ата-анасының біреуінің) ұлты туралы тиісті жазбалардың болмауымен, баланы ата-анаcы болып табылмайтын адамдардың іс жүзінде тәрбиелеуімен, әртүрлі себептерге байланысты жоғалтып алған түпкі ұлтын қалпына келтіру ниетімен байланысты болуы мүмкін. Нақты жағдайларда ата-анаcының ғана емес, аталарының, әжелерінің және басқа да жақын туыстарының, баланы іс жүзінде тәрбиелеп отырған адамдардың ұлты да, сондай-ақ қай ұлтқа жататындығына өзге де объективті және анық дәлелдемелер де ескерілуі мүмкін. Мұндай дәлелдемелер түрлі құжаттарда, материалдарда және өзге де дереккөздерде болуы мүмкін.
Конституциялық Сот НОтК-тің 65-бабында баланың ғана ұлтына байланысты мәселелер реттелетініне назар аударады. Конституциялық іс жүргізу барысында зерттелген құқық қолдану практикасы көрсеткендей, аталған бап кәмелетке толған адамдарға да ұқсастығына қарай қолданылады. Бұл мұндай адамдарға қатысты осындай мәселелер шешілмеген күйінде қалатынын көрсетеді және олардың құқықтарын шектеуді болғызбау үшін Конституцияның 19-бабы 1-тармағының конституциялық-құқықтық мағынасын ескере отырып, тиісінше құқықтық реттеуді талап етеді.
Конституциялық Сот НОтК-тің 65-бабының 3-тармағында көзделген ұлтын өзгерту құқығы ұлтын айқындау құқығынан туындайды, тиісінше, өз ұлтын айқындау туралы конституциялық құқық өз ұлтын өзгерту құқығын да қамтиды деп пайымдайды.
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 55 – 58, 62-баптарын, 63-бабының 3-тармағын, 64-бабының 4-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 65-бабы ата-анасы белгісіз болған немесе олардың ұлтын анықтау мүмкін болмайтын жағдайларда, сондай-ақ азаматтың заңды мүдделерін қозғайтын басқа да өмірлік жағдайлар кезінде баланың ұлтын айқындау мен өзгертудің өзге тәсілдерін көздемейтін бөлігінде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы нормативтік қаулы жарияланған күннен бастап алты айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын енгізсін.
Қолданылған шаралар туралы көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына ақпарат берсін.
3. Нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасы Конституциясының 19-бабының 1-тармағы және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы шешімі тікелей қолданылады.
4. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
5. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |