2010 жылғы 11 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 29 тамыздағы № 785 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2010 жылғы 11 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге өзгертулер мен толықтыруларды енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әбілқайыр Бақтыбайұлы Сқақовқа 2010 жылғы 11 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің міндетін атқарушы
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2026 жылғы 29 тамыздағы
№ 785 қаулысымен
мақұлданған
Жоба

2010 жылғы 11 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

ХАТТАМА

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері

      қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қылмыстық мақсатта пайдаланылу ауқымына алаңдаушылық білдіре отырып;

      электрондық дәлелдемелерді сақтау үшін және виртуалдық активтер арқылы қылмыстық кірістерді жылыстатуға қарсы күресте трансшекаралық өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру қажеттілігін мойындай отырып;

      трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, оның ішінде қаруды заңсыз өндіру саласында және айналымына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында;

      2010 жылғы 11 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімнің (бұдан әрі – Келісім) 12-бабын басшылыққа ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Келісімге мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 1-баптың 1-тармағының алтыншы абзацындағы "және терроризмді қаржыландыру" деген сөздер алып тасталсын.

      2. 1-баптың 1-тармағының он төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы немесе оларды пайдалана отырып жасалған, оның ішінде жасанды интеллектіні пайдалана отырып жасалған қылмыстар;".

      3. 1-баптың 1-тармағының он бесінші абзацындағы "заңсыз көші-қонға байланысты қылмыстар негізгі бағыттары бойынша қылмыстардың, оның ішінде ұйымдасқан топтар жасайтын қылмыстардың алдын алуда, жолын кесуде, оларды анықтауда және ашуда ынтымақтасады." деген сөздер "заңсыз көші-қонға байланысты қылмыстар;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "терроризмді, сепаратизмді және экстремизмді қаржыландыру негізгі бағыттары бойынша қылмыстардың, оның ішінде ұйымдасқан топтар жасайтын қылмыстардың алдын алуда, жолын кесуде, оларды анықтауда және ашуда ынтымақтасады.".

      4. 3-баптың 1-тармағының 8) тармақшасындағы "ақпарат алмасу нысандарында ынтымақтасады." деген сөздер "ақпарат алмасу;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 9) – 11) тармақшалармен толықтырылсын:

      "9) цифрлық деректердің жоғалуын немесе өзгертілуін болғызбау үшін оларды уақытша сақтауға және виртуалдық активтерді шұғыл жағдайларда тоқтатуға қатысты сұрау салуларды орындау;

      10) Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес және Тараптар айқындайтын тәртіппен трансшекаралық қылмыстарды тергеп-тексеру үшін бірлескен жедел-тергеу немесе тергеу-үйлестіру топтарын құру;

      11) қылмыстық әрекеттен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді, сепаратизмді, экстремизмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және ШЫҰ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес виртуалдық активтермен жасалатын операциялар туралы ақпарат алмасу, оның ішінде осындай ақпаратты алуға жәрдемдесу нысандарында ынтымақтасады.".

      5. 5-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Сұрау салу немесе ақпарат Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасы ескеріле отырып жазбаша немесе электрондық нысанда жіберіледі.

      Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда сұрау салу немесе ақпарат техникалық құралдар (оның ішінде қорғалған байланыс арналары арқылы) пайдаланылып немесе ауызша нысанда берілуі мүмкін.

      Сұрау салу немесе ақпарат техникалық құралдар пайдаланылып немесе ауызша нысанда берілген жағдайда сұрау салудың немесе ақпараттың түпнұсқасы жазбаша нысанда ресми арналар арқылы 72 сағаттан кешіктірілмей жіберілуге тиіс.

      Тараптар берілетін ақпаратты өз мемлекеттерінің заңнамасына және ШЫҰ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес криптографиялық қорғау құралдарын пайдалану бойынша шаралар қабылдайды.".

      6. 7-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. Тараптар берілетін деректерді өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында және қолданылатын халықаралық міндеттемелерде көзделген деңгейден төмен емес деңгейде қорғауды қамтамасыз етеді.".

2-бап

      Осы Хаттама Келісімнің 12-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

3-бап

      Осы Хаттама күшіне енгеннен кейін ШЫҰ-ға мүше кез келген мемлекеттің депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы қосылуы үшін ашық болады.

      Қосылатын мемлекет үшін осы Хаттама депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      20__ жылғы "____" ______ ________ қаласында орыс және қытай тілдерінде бір төлнұсқа данада жасалды, бұл ретте екі мәтіннің де күші бірдей.

Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін

Қырғыз Республикасының
Министрлер Кабинеті үшін
 

Үндістан Республикасының
Үкіметі үшін
 

Пәкістан Ислам Республикасының
Үкіметі үшін
 

Иран Ислам Республикасының
Үкіметі үшін
 

Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін
 

Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
 

Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін
 

Қытай Халық Республикасының
Үкіметі үшін
 

Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады