Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы транзиттік сауда туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 29 қаңтардағы № 50 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы транзиттік сауда туралы келісімге қол қою туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Абайұлы Шаққалиевке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы транзиттік сауда туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2026 жылғы "29" қаңтардағы
№ 50 қаулысымен
мақұлданған
Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы транзиттік сауда туралы келісім

      Мазмұны

      Кіріспе

      I бөлім. Негізгі ережелер

      II бөлім. Транзит құқығы

      III бөлім. Мультимодальдық тасымалдарды, халықаралық транзиттік көлік дәліздерін және кіру/шығу (шекаралық өткелдерді) дамыту

      IV бөлім. Халықаралық автомобильмен жүктерді тасымалдау

      V бөлім. Халықаралық теміржолмен жүктерді тасымалдау

      VI бөлім. Транзиттік тасымалдардың жалпы шарттары

      VII бөлім. Кедендік бақылау, фитосанитариялық және ветеринариялық қадағалау

      VIII бөлім. Кедендік баждар және транзиттік режим

      IX бөлім. Құжаттама және рәсімдер

      X бөлім. Баждар, салықтар, алымдар және оларды төлеу тәртібі

      XI бөлім. Қазақстан-Пәкістан сауда және инвестициялар жөніндегі бірлескен жұмыс тобы

      XII бөлім. Ақпараттық өзара іс-қимыл

      XIII бөлім. Дауларды шешу тетігі және төрелік ету

      XIV бөлім. Қорытынды ережелер

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы транзиттік сауда туралы келісімге 1-қосымша

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы транзиттік сауда туралы келісімге 2-қосымша.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы транзиттік сауда туралы келісімге 3-қосымша.

Кіріспе

      Бұдан әрі жеке-жеке "Тарап" деп немесе бірлесіп "Тараптар" деп аталатын бір тараптан Қазақстан Республикасының Үкіметі және екінші тараптан Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі,

      өзара тиімді негізде екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға ҰМТЫЛА ОТЫРЫП,

      Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арқылы транзиттік сауданы іске асыру және дамыту қажеттігін МОЙЫНДАЙ ОТЫРЫП,

      үшінші елдердің аумақтары арқылы Тараптардың тиімді өзара транзиттік қызметтерін және транзиттік саудасын дамыту қажеттігіне СЕНІМДІ БОЛА ОТЫРЫП,

      Тараптар мемлекеттерінің аумағынан, аумағына және аумағы арқылы жүктер мен көлік құралдарының кедергісіз, жылдам және тиімді қозғалысын қамтамасыз ету үшін халықаралық қатынастар қағидаттарына өзінің бейілділігін РАСТАЙ ОТЫРЫП,

      транзиттік көлікті дамыту туралы бұрын қол жеткізілген келісімдерді ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП және тең құқылы әріптестік, өзара пайда мен сыйластық қағидаттарын НЕГІЗГЕ АЛА ОТЫРЫП, мыналар туралы уағдаласты:

I бөлім
Негізгі ережелер

1-бап

Құзыретті органдар

      Мыналар:

      Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі;

      Пәкістан тарапынан – Пәкістан Ислам Республикасының Сауда министрлігі осы Келісімді іске асыруды үйлестіретін құзыретті органдар болып табылады.

      Тараптар осы бапта көрсетілген органдар атауларының өзгеруі туралы, сондай-ақ осы мәселелерді басқа органдардың құзыретіне беру туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде дереу хабардар етеді.

2-бап

Мақсаты мен міндеттері

      Осы Келісімнің мақсаты Тараптардың транзиттік жүктері үшін қолайлы жағдайлар жасау, Тараптар арасындағы көлік-логистикалық рәсімдерді оңайлату, халықаралық көлік дәліздерін дамыту және экономикалық ынтымақтастықты нығайту болып табылады.

      Тараптардың ұлттық заңнамасына, халықаралық шарттарға және осы Келісімнің ережелеріне сәйкес Тараптар өз мемлекеттерінің аумағы арқылы жүктердің қозғалысына жәрдемдесуді қамтамасыз етеді.

      Тараптар:

      a) жүктер мен көлік құралдарын өз мемлекеттерінің аумағы арқылы өткізу кезінде негізсіз кідірістер мен шығындарды болдырмай, көліктің барлық түрлерімен жүктердің транзитін қамтамасыз ету;

      b) тауарларға және транзиттік тасымалдарға байланысты құжаттама мен рәсімдерді оңайлатуды, ашықтықты және үйлестіруді қамтамасыз ету;

      c) мультимодальдық (аралас) жүк тасымалдарын дамытуға жәрдемдесу;

      d) екі елдің экономикалық өсуін қолдау мақсатында екіжақты және транзиттік тасымалдарды жеңілдету үшін ынтымақтастықты нығайтуға барлық қажетті шараларды қабылдайды.

3-бап

Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін төмендегі терминдердің мынадай мағынасы бар:

      Шекара арқылы өткізу пункті – теміржол немесе автобус станциясында, портта (теңіз немесе өзен), халықаралық әуежайда немесе әуеайлақта орналасқан аумақ (немесе су аумағы) не мемлекеттік шекараға жақын орналасқан, адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды мемлекеттік шекара арқылы өткізуді жүзеге асыру үшін қажетті инфрақұрылыммен жарақтандырылған өзге де арнайы бөлінген аумақ.

      Тасымалдаушы – Тараптардың кедендік шекарасы арқылы тауарларды тасымалдауды және (немесе) Тараптардың кедендік аумағы арқылы кедендік бақылаумен жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын тұлға.

      Контейнер – бірнеше рет пайдалануға арналған және ішкі көлемі кемінде бір текше метр болатын керек-жарақтары мен жабдықтары бар толық немесе ішінара жабық контейнер болып табылатын көлік құралы.

      Кеден органы – кедендік реттеу саласындағы ұлттық заңнаманың орындалуына жауапты мемлекеттік орган.

      Кедендік бақылау – халықаралық шарттар мен кедендік реттеу саласындағы нормативтік актілердің және Тараптардың ұлттық заңнамасының сақталуын тексеруге және (немесе) қамтамасыз етуге бағытталған, кеден органдары орындайтын әрекеттер жиынтығы.

      Кедендік қамтамасыз ету – бұл кеден органдары үшін кедендік баждар мен салықтарды төлеу бойынша міндеттемелерді (соның ішінде банктік кепілдік және/немесе сақтандыру кепілдігі және ұлттық заңнамаға сәйкес басқа әдістер) саудагерлер немесе олардың уәкілетті брокерлері арқылы транзиттік тауарларға қатысты Тараптардың импорттық баждары мен салықтарына баламалы сомаға орындайтынына қолайлы кепілдік.

      Қауіпті жүктер – құрамына заттар, материалдар, бұйымдар, қалдықтар және өзге де объектілер кіретін, өздерінің қасиеттері мен тасымалдау, тиеу, түсіру және сақтау барысында туындайтын факторлардың әсерінен қоршаған ортаға зиян келтіруі, жарылыс немесе өрттің туындауына, көлік құралдарының, жабдықтардың, ғимараттар мен құрылыстардың зақымдануына, сондай-ақ адамдардың, жануарлардың және құстардың қаза болуына, жарақаттануына, улануына, күйік шалуына немесе ауруға шалдығуына әкеп соғуы мүмкін жүктер.

      Экспедитор – жүк жөнелтушімен экспедиторлық қызметтер көрсетуге арналған шарты бар заңды тұлға.

      Экспедиторлық қызметтер – жүктерді жөнелту және алу процесін ұйымдастыруға, сондай-ақ экспедиция шартына сәйкес жүктерді тасымалдауға байланысты өзге де жұмыстарды орындауға байланысты көлік қызметтерінің түрі.

      Жүктерді қарап-тексеру – кеден органының жүктерді және көлік құралдарын, олардың жай-күйін, көлік және транзиттік құжаттарды ескере отырып олардың саны мен құнын физикалық тексеру процесі.

      Халықаралық тасымалдау – әртүрлі елдерде орналасқан пункттер арасында жүзеге асырылатын тасымалдау.

      Мультимодальдық тасымалдау – екі немесе одан да көп көлік түрімен жүктерді дәйекті тасымалдау.

      Ұлттық заңнама – Тараптардың тиісті мемлекеттерінде қолданылатын ұлттық немесе жергілікті заңдар мен нормативтік актілердің жиынтығы.

      Жөнелтуші кеден органы – "Транзит" кедендік операциясы басталатын кез келген кеден органы.

      Межелі кеден органы – "Транзит" кедендік операциясы аяқталатын кез келген кеден органы.

      Фитосанитариялық бақылау – зиянды организмдердің, өсімдіктер мен өсімдік өнімдерінің мемлекеттік шекарадан тыс жерлерге таралуын және әкелінуін болдырмауға бағытталған инспекция.

      Автомобиль тасымалдарына рұқсат – Тараптардың бірінің құзыретті органы беретін, екінші Тарапта тіркелген көлік құралдарының 1995 жылғы 12 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы екіжақты келісімге сәйкес өз мемлекетінің аумағына кіруіне, шығуына немесе аумағы арқылы транзиттік өтуіне рұқсат беретін құжат.

      Санитариялық карантиндік бақылау – жұқпалы және паразиттік аурулардың, сондай-ақ адам денсаулығы үшін ықтимал қауіпті заттар мен өнімдердің ел аумағына әкелінуіне жол бермеу мақсатында жүзеге асырылатын мемлекеттік шекара арқылы адамдар мен жүктердің қозғалысын бақылау.

      Үшінші ел – осы Келісімнің уағдаласушы тарапы болып табылмайтын ел.

      Транзиттік ел – аумағы арқылы транзиттік көлік ағыны өтетін ел.

      Транзиттік тасымалдау – тауарларды кедендік транзит пен бақылаудың кедендік рәсімімен орналастыру шарттары сақталған кезде тауарларды жөнелтуші кеден органынан межелі кеден органына дейін тасымалдау.

      Транзиттік декларация – қатысушы мемлекеттерде кедендік транзитпен жүктерді орналастыру кезінде пайдаланылатын кедендік декларация.

      Күтпеген мән-жайлар – алдын ала болжанбаған және нәтижесінде міндеттемелерді орындау мүмкін болмайтын оқиғалар немесе шарттардың өзгеруі.

      Көлік құралдары – жүктерді тасымалдауға арналған техникалық құралдар. Оларға: су кемелері, әуе кемелері, автомобильдер, тіркемелер, жартылай тіркемелер, теміржол көлік құралдары (вагондар, жылжымалы құрам бөліктері) жатады.

      Ветеринариялық және санитариялық бақылау – адамдар мен жануарлардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында жануарлар мен жануарлардан алынатын өнімдерді тексеру, сондай-ақ жануарлар ауруларын тасымалдаушы болып табылатын объектілерді немесе тауарларды бақылау.

II бөлім
Транзит құқығы

4-бап
Транзиттік сауданы жүзеге асыру құқығы

      Тараптар бір-біріне осы Келісімнің ережелеріне және Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес алдын ала келісілген маршруттар бойынша өз мемлекеттерінің аумақтары арқылы транзиттік сауданы жүзеге асыру құқығын береді.

      Тараптардың құзыретті органдары бір-біріне өз мемлекеттерінің аумағына әкелуге, әкетуге және аумағы арқылы транзитке тыйым салынған тауарлардың тізімін ұсынады.

III бөлім
Мультимодальдық тасымалдарды, халықаралық транзиттік көлік дәліздерін және кіру/шығу пункттерін (шекаралық өткелдерді) дамыту

5-бап

Транзиттік көлік дәліздерін құру

      1.      Тараптар мультимодальдық тасымалдарды дамытуға ықпал етуге міндеттенеді. Мультимодальдық тасымалдар Қазақстан Республикасының, Қытай Халық Республикасының, Қырғыз Республикасының және Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметтері арасындағы транзиттік тасымалдар туралы келісімге (Исламабад, 1995 жылғы 9 наурыз) және осы Келісім негізінде жүзеге асырылуы тиіс.

      2. Тараптар жүктерді транзиттік тасымалдаудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

      3. Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасының аумақтары арқылы транзиттік тасымалдау маршруттарына мыналар жатады:

      (і) Пәкістан Ислам Республикасының теңіз порттары – Карачи, Касим және Гвадар порттары және Қазақстанның теңіз порттары – Ақтау және Құрық;

      (іі) осы порттар мен Ауғанстан Ислам Республикасымен (Торхам, Гулам Хан және Чаман), Иранмен (Тафтан және Габд) және Қытаймен (Сост/Хунджраб) шекара өткелдері арасындағы автомобиль және теміржол байланыстары;

      (ііі) Қазақстан мен Пәкістан әуежайлары;

      (іv) Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасының аумақтары арқылы өтетін транзиттік теміржол/автомобиль дәліздері;

      (v) Тараптардың мемлекеттері арасындағы немесе бір Тараптың мемлекеті мен үшінші елдің арасындағы жерүсті станциялары.

      4. Осы Келісімге 1-қосымша транзиттік жүктер үшін кіру және шығу маршруттары мен пункттерін айқындайды. Бұл дәліздер өзара жазбаша келісім бойынша өзгертілуі мүмкін.

      5. Қазақстан аумағындағы халықаралық транзит маршруттары Ауғанстан Ислам Республикасымен, Өзбекстан Республикасымен, Қырғыз Республикасымен, Қытай Халық Республикасымен және Ресей Федерациясымен шектесетін құрлық шекараларымен автомобиль, теміржол, теңіз және өзен байланыстарын қамтиды.

      6. Қосымша маршруттар Тараптар арасында келісілуі мүмкін. Осы маршруттар бойынша тасымалданатын жүктер әрбір Тарап айқындаған тиісті кедендік порттарда ресімделуге тиіс.

      7. Тараптар порттарда және өзге де келісілген кеден аймақтарында қойма үйжайларын қоса алғанда, қажетті инфрақұрылым ұсынуды қамтамасыз етеді.

      8. Осы Келісімнің ережелері Тараптар мемлекеттерінің әуе кеңістігі арқылы транзиттік әуе қатынасының көрсетілетін қызметтеріне қолданылмайды.

6-бап

Транзиттік тасымалдар туралы хабарлама

      Теміржол және автомобиль жолы, теңіз және әуе арқылы транзиттік тасымалдарды қамтамасыз ету үшін Тараптар 1-қосымшаға сәйкес теңіз порттарындағы, халықаралық әуежайлардағы және шекаралық өткізу пункттеріндегі халықаралық кіру/шығу пункттері туралы бір-бірін хабардар етуге келіседі.

7-бап

Тыйым салулар мен шектеулер

      Тараптардың жол қозғалысы қауіпсіздігін қоса алғанда, жөндеу жұмыстары, қоғамдық қауіпсіздік қатерлері немесе төтенше жағдай кезінде белгілі бір маршруттар бойынша жүк тасымалдарын шектеуге немесе оған тыйым салуға құқығы бар.

8-бап

Қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету

      Тараптар терминалдар, қоймалар және ауыстырып тиеу пункттері сияқты мультимодальдық тасымалдар үшін қажетті инфрақұрылымның болуын қамтамасыз етеді.

IV бөлім

Халықаралық автомобильмен жүктерді тасымалдау

9-бап
Автомобиль тасымалдары жөніндегі екіжақты келісім

      Халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезінде Тараптар 1995 жылғы 12 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімнің және көлік құралдарының габариттері мен салмағы жөніндегі талаптарды қоса алғанда, Тараптардың ұлттық заңнамасының сақталуын қамтамасыз етеді.

V бөлім

Халықаралық теміржолмен жүктерді тасымалдау

10-бап
Халықаралық теміржолмен жүктерді тасымалдау

      Халықаралық теміржол тасымалдарын жүзеге асыру кезінде Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасының, сондай-ақ қажет болған жағдайда келешекте экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін әзірленетін темір жолдар бойынша екіжақты хаттаманың сақталуын қамтамасыз етеді.

VI бөлім

Транзиттік тасымалдаудың жалпы шарттары

11-бап
Транзиттік жүктерді қадағалау

      Транзиттік жүктерді өткізу Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арқылы өтетін транзиттік жүктерге қолданылатын Тараптардың ұлттық заңнамасының қағидалары мен ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      Транзиттік жүктерді қадағалау Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Транзиттік жүктерді тасымалдауға ақы төлеу халықаралық шарттарға және Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес белгіленеді.

12-бап
Ұлттық көлік операторлары

      Тараптар өз мемлекеттерінің аумақтарына/аумақтарынан және аумақтары арқылы жүктерді тасымалдау үшін қажетті талаптарды жеңілдетуге уағдаласты.

      Халықаралық тасымалдарға арналған ұлттық көлік операторларының тіркелген елдің ұлттық заңнамасына сәйкес Тарап лицензиясы болуға тиіс.

13-бап

Тез бүлінетін жүктерді тасымалдау

      Келісімнің ережелеріне сәйкес Тараптар тез бүлінетін жүктерді жедел тасымалдауды қамтамасыз етеді және негізсіз кідірістерді болдырмау үшін шекарадан өту кезінде басымдық береді.

      Тараптар фитосанитариялық және ветеринариялық шараларды, сондай-ақ тез бүлінетін жүктерді ауыстырып тиеусіз тікелей тасымалдауға мүмкіндік беретін кедендік талаптарды келіседі.

14-бап

Қару, оқ-дәрілер, әскери тауарлар және қару-жарақ

      Осы Келісім қару-жарақтың, оқ-дәрілердің, әскери техниканың, әскери тауарлардың, сондай-ақ қару-жарақтың өзге де түрлерінің және әскери мақсаттағы өнімнің транзитін болдырмайды.

15-бап
Қауіпті жүктерді тасымалдау

      Қауіпті жүктерді тасымалдау ұлттық заңнамада реттеледі. Қауіпті жүктерді тасымалдау үшін тиісті Тараптың құзыретті органдарынан арнаулы рұқсат алу қажет. Тараптар арқылы осындай жүктердің тізімдерін дипломатиялық арналар арқылы алмасады.

16-бап
Есірткіні, сол тектестерді және психотроптық заттарды бақылау

      Тараптар осы Келісімге заңсыз өндірісте пайдаланылатын есірткіні, сол тектестерді және психотроптық заттарды бақылау туралы 3-қосымшада айқындалғандай, есірткіні, сол тектестерді және психотроптық заттарды дайындау үшін қолданылатын заттарды заңсыз пайдалануды болғызбау үшін әкімшілік ынтымақтастықты нығайту жөнінде шаралар қабылдауға келіседі.

VII бөлім

Кедендік бақылау, фитосанитариялық және ветеринариялық қарап-тексеру

17-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің аумағы арқылы транзитпен тасымалданатын барлық тауар мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс екендігімен келіседі:

      1) халықаралық стандарттар контейнерлерінде тасымалданады;

      2) ірі габаритті және үйінді жүктер (контейнерлерге салынбайтын, мысалы, кемелермен тасымалданатын) гондолды вагондарда немесе басқа да көлік құралдарында тасымалданады;

      3) тез бүлінетін тауарлардың (мысалы, жемістер мен көкөністердің) экспорты негізінен автомобиль көлігімен немесе кідірістерді болғызбауға мүмкіндік беретін басқа да көлік құралдарымен жүзеге асырылады;

      4) кедендік пломбалар мен мөрлер араласудың немесе пломбалардың зақымдануының көрінетін іздерінсіз тауарларды ашу немесе қою мүмкіндігін болдырмайтындай етіп орнатылуға тиіс;

      5) транзиттік жүк Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес қадағаланады;

      6) кедендік бақылауды Тараптардың кеден заңнамасына сәйкес кеден органдары, оның ішінде тәуекелдерді басқару жүйесін қолданумен жүзеге асырады.

      Тараптар транзиттік жүктердің ең аз кідірістерімен жеделдетілген кедендік ресімдеуді қамтамасыз ету үшін кеден органдарының ынтымақтастығын көтермелейді.

18-бап
Фитосанитариялық және ветеринариялық қарап-тексеру

      Тараптар ФАО, Дүниежүзілік жануарлар саулығын қорғау ұйымы (ДЖСҰ) аясында көпжақты келісімдердің, сондай-ақ өсімдіктерді, жануарларды және өсімдіктер мен жануарлардан алынатын өнімдерді тасымалдау шарттарына қатысты ұлттық карантиндік, ветеринариялық және санитариялық қағидалардың ережелерін сақтайды.

      Өз мемлекеттерінің аумағына жануарлардың инфекциялық ауруларының және өсімдіктер мен жануарлардан алынатын денсаулыққа қауіпті өнімдердің келуін болғызбау мақсатында Тараптар аса қауіпті инфекциялар мен карантиндік зиянкестердің көзі болуы мүмкін жануарларды, өсімдіктер мен жануарлардан алынған өнімдерді, көлік құралдарын, қаптамалар мен контейнерлерді экспорттау, импорттау және транзиттеу мәселелері бойынша ынтымақтасады.

VIII бөлім
Кедендік баждар және транзиттік режим

19-бап
Кедендік баждар мен салықтардан босату

      Тараптар Тараптардың ұлттық заңнамасы мен осы Келісімнің талаптары сақталған жағдайда, кедендік транзит шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің аумағы арқылы үшінші елдерге тасымалданатын тауарлардан кедендік баждар мен салықтар алмауға келіседі.

      Тиісті құзыретті органдар осы Келісімнің ережелерін ескере отырып, Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес кедендік транзит режимінде тасымалданатын барлық тауарды кедендік ресімдеуді жүзеге асыруға уәкілетті.

20-бап

Транзиттік операцияны кедендік қамтамасыз ету

      Транзиттік операциялар шеңберінде Тараптар кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттерді Тараптардың кеден заңнамасына сәйкес қамтамасыз етуді (мысалы банктік кепілдікті немесе сақтандыру кепілдігін) ұсыну арқылы пайдалануға және тануға міндеттенеді.

      Қамтамасыз ету мөлшерін кеден органы тасымалданатын тауарлар бойынша барлық импорттық баждардың мен салықтардың сомасына сүйене отырып айқындайды.

      Қазақстан Республикасының аумағы арқылы темір жолмен тасымалдау кезінде кедендік қамтамасыз ету талап етілмейді.

21-бап

Кедендік пломбалар және сәйкестендіру құралдары

      Кедендік пломбалар мен сәйкестендіру құралдары Тараптардың ұлттық заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.

      Бұл ретте Тараптар кедендік транзит мақсаттары үшін пайдаланылатын пломбалар мен сәйкестендіру құралдарының үлгілерін бір-біріне ұсынады.

      Егер екінші Тараптың кеден органдары орнатқан пломбалар зақымданбаған болса, оларды қабылдаушы Тараптың кеден органдары таниды. Бақылау қажет болған жағдайда олардың қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағына кірген кезде қосымша пломба қоюға құқығы бар.

      Егер транзиттеу кезінде жүкті кедендік жете тексеру үшін пломбаларды алу талап етілсе, онда ол аяқталған соң жаңа пломбалар орнатылуы керек, ал осы факт ұлттық заңнама нысаны бойынша кедендік құжаттарда көрсетілуі керек.

      Салмағы, өлшемі немесе сипаты бойынша жабық көлік құралдарында тасымалданбайтын ірі габаритті жүктерді ауыстыру немесе алып қоюды болдырмау үшін сипаттамасы (қаптау парақтары, фотосуреттер, сызбалар және т.б.) бойынша оларды оңай сәйкестендіруге болатын жағдайда пломбасыз тасымалдануы мүмкін.

22-бап

Пломбалар мен сәйкестендіру құралдарының сапасы

      Пломбалар мен сәйкестендіру құралдары берік болуы, оңай және тез орнатылатын, оңай тексерілетін, көзге көрінетін, іздерін қалдырмай рұқсатсыз алуды немесе шешуді болғызбауы, қайта пайдалануды болдырмауы және қолдан жасау үшін барынша қиын болуы керек.

      Пломбаның пішіні мен өлшемі сәйкестендіру белгілерінің анық оқылуын қамтамасыз етуі керек, ал саңылаулар мықтап ұстап тұру үшін бекіткіштердің өлшеміне сәйкес келуі керек.

      Материал кездейсоқ зақымдануды немесе мерзімінен бұрын тозуды (ауа райы жағдайына, химиялық әсерге және т.с.с. байланысты) болдырмау үшін жеткілікті түрде берік болуы керек.

      Кедендік пломбада немесе сәйкестендіру құралдарында кеден органын көрсете отырып, мысалы, кодтарды немесе нөмірлерді пайдалана отырып, оның "кедендік пломба" екенін көрсететін таңбалау болуға тиіс.

23-бап

Транзиттік декларация

      Транзиттік декларацияны ресімдеу Тараптардың ұлттық заңнамасында және олар қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттармен реттеледі.

      Кедендік транзит режимінде тасымалданатын тауарларға арналған құжаттардың келісілген тізбесі Тараптардың құзыретті органдары арасында алмасуға жатады.

      Құзыретті органдар бір-бірін құжаттар тізіміндегі өзгерістер туралы хабардар етуге міндетті.

24-бап

Кедендік сүйемелдеу

      Кеден органдары Тараптардың ұлттық заңнамасында көзделген жағдайларда екінші Тараптың аумағынан жөнелтілетін немесе аумағына жіберілетін жүктердің кедендік сүйемелденуін талап ете алады.

25-бап

Кедендік бақылау

      Транзиттік жүктерді кедендік бақылау Тараптардың кеден заңнамасы шеңберінде жүзеге асырылады.

26-бап

Құқық бұзушылық жасаған тұлғалар

      Әрбір Тараптың сот тәртібімен шағымдану мүмкіндігін қоса алғанда, осындай шараны қолдаудың негіздерін, тәртібі мен мерзімдерін көздейтін Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жүктерді халықаралық тасымалдау кезінде кеден саласында бұзушылық жасауға жол берген кез келген заңды тұлғаны осы Келісімнің қолданылу аясынан уақытша немесе тұрақты алып тастауға құқығы бар.

      Әрбір Тараптың кеден органдары мұндай алып тастау туралы бір-бірін дереу хабардар етуге міндетті.

27-бап

Транзиттік декларация туралы ақпарат алмасу

      Сұрау салу бойынша Тараптардың кеден органдары бір-біріне олардың аумағында ресімделген немесе қабылданған транзиттік декларацияға қатысты Тараптар мемлекетінің аумағында орнатылған деп анықталған пломбалардың төлнұсқалығын тексеруге мүмкіндік беретін кез келген қолжетімді ақпарат туралы хабарлайды.

      Тараптардың кеден органдары электрондық интерфейс құралдарын құру арқылы ақпарат алмасу жолымен ынтымақтастықтарын қамтамасыз етеді.

      Барлық ақпарат ағылшын тілінде беріледі.

28-бап

Сақтандыру / кепілдік беру ұйымының рөлі

      Кеден органдарының рұқсатынсыз транзиттік жүктер ұрланған, ауыстырылған немесе шығарылған жағдайда, сақтандыру/кепілдік беру ұйымы Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес импорттық және экспорттық кедендік баждарды, салықтарды, айыппұлдар мен өсімпұлдарды төлеуге міндетті.

29-бап

Тез бүлінетін тауарларды тасымалдау туралы арнайы ереже

      Тараптар кедендік транзиттік операция кезінде кез келген кеден органдарында тірі жануарларды, тез бүлінетін тауарларды және тез жүретін көлікті талап ететін басқа да шұғыл қажетті жүктерді тасымалдау үшін басымдық ресімдеуді қамтамасыз етеді.

30-бап

Тасымалдаушының міндеттері

      Жолда болған және тасымалдаушының кедендік транзитті орындауына әсер еткен жазатайым оқиғалар мен өзге де күтпеген оқиғалар туралы оқиға болған қызмет аймағында кеден органына хабарланады.

      Авария немесе форс-мажор салдарынан шетелдік жүктің жойылу және (немесе) қайтарымсыз жоғалу фактісін немесе тасымалдаудың және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайлары кезінде табиғи жоғалу салдарынан жүкті қайтарымсыз жоғалту фактісін тану туралы кеден органының ресми қорытындысы тасымалдаушының кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік жүкке қатысты импорттық кедендік баждарды, салықтарды, арнайы демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттемесін тоқтату үшін негіз болып табылады.

31-бап

Тауарлар декларациясындағы дәлсіздіктер

      Тараптардың кеден органдары тергеп-тексеру, кедендік төлемдерді өндіріп алу және бұзушылықтардың қайталануын болдырмау мақсатында кедендік транзитке арналған тауарлар декларациясындағы кез келген елеулі дәлсіздіктер немесе кедендік транзиттік операцияға байланысты анықталған өзге де елеулі бұзушылықтар туралы бір-бірін хабардар етуге міндетті.

IX бөлім

Құжаттама және рәсімдер

32-бап

Шығындар мен кідірістерді қысқарту

      Тараптар құжаттама мен ресімдеу рәсімдері қаржылық шығыны және уақыт шығыны болуы мүмкін екенін мойындайды, бұл транзиттік операциялардың тиімділігін төмендетеді және осы шығындар мен кідірістерді қысқартуға күш салады.

X бөлім

Алымдар, көрсетілетін қызмет ақысы және төлем тәртібі

33-бап

      Тараптар өз мемлекетінің аумағы арқылы кедендік транзит рәсімі бойынша жүктерді тасымалдау үшін пайдаланылатын немесе соған арналған көлік құралдарына уақытша рұқсат беруге келіседі.

      Осы Баптың ережелері мыналарға:

      1) Тараптар мемлекетінің аумағына халықаралық тасымалдауды аяқтау және (немесе) бастау үшін осындай аумақ арқылы уақытша әкелінген жүктерге (оның ішінде бос көлік құралдарына);

      2) Тараптар мемлекетінің аумағынан тыс халықаралық тасымалдауды аяқтау және (немесе) бастау үшін Тараптар мемлекетінің аумағынан уақытша әкетілетін халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарына (оның ішінде бос көлік құралдарына) қолданылады.

      Егер Тараптардың ұлттық заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Тараптардың кедендік аумағында уақытша болу және пайдалану, Тараптар мемлекеттерінің аумағынан уақытша әкету, Тараптар мемлекетінің аумағынан тыс жерде болу және пайдалану үшін халықаралық тасымалдаудың көлік құралдары кедендік рәсімдерге орналастырмай декларациялауға және шығаруға жатады.

      Халықаралық тасымалдауға арналған көлік құралдарын кедендік декларациялауға және шығаруға байланысты кедендік операциялар Тараптар мемлекетінің кедендік шекарасы арқылы жүктерді өткізу орындарында жүзеге асырылады.

      Халықаралық тасымалдаудың уақытша әкелінген көлік құралдары Тараптар мемлекетінің кедендік аумағына импорттық кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлемей импортталады.

      Халықаралық тасымалдаудың уақытша әкелінген көлік құралдары шетелдік тауардың мәртебесін сақтайды.

      Халықаралық тасымалдаудың уақытша әкелінген көлік құралының Тарап мемлекетінің аумағында болу мерзімін кеден органы осындай халықаралық тасымалдаудың көлік құралын онымен байланысты көлік операциялары аяқталғаннан кейін Тараптар мемлекетінің аумағынан әкету үшін қажетті уақытты негізге ала отырып, бірақ күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын мерзімде тасымалдаушының өтініші негізінде белгілейді.

      Барлық өзге жағдайларда осы бапта реттелмеген Тараптар аумағында халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын орналастыру мен пайдалану Тараптардың ұлттық заңнамасымен реттеледі.

34-бап

Алымдар мен төлемдерді алу

      Әрбір Тарап өлшеу, сканерлеу және пломбалау үшін алымдарды, транзиттік декларациялар үшін кедендік алымдарды, жолдарды, көпірлерді, туннельдер мен тұрақтарды пайдаланғаны үшін алымдарды немесе транзиттік тасымалдауға байланысты тиісті әкімшілік шығыстарды не көрсетілетін қызметтердің құнын қоса алғанда, Тараптар мемлекетінің аумағындағы барлық тасымалдауға қолданылатын алымдарды алуға құқылы.

      Қауіп-қатерлерді басқару жүйесі негізінде жүзеге асырылатын кіру/шығу пункттерінде сканерлеуді жүргізу және келу порттарында өлшеу шарттары сақталуы тиіс.

      Тауарларды транзиттік тасымалдау үшін алынатын барлық төлемдер ақылға қонымды және кемсітусіз қолданылуы керек.

35-бап

Ұлттық режим

      Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында екінші Тараптың тасымалдаушыларына қолданылатын транзиттік тасымалдау рәсімдеріне қатысты қағидалар мен рәсімдер өз елінің ішінде ұқсас көрсетілетін қызметтер мен көрсетілетін қызметтерді берушілерге қолданылатындардан кем болмауы керек деп келіседі.

      Транзиттік операциялар үшін пайдаланылатын көлік құралдары мен еңбекке қатысты туындайтын кез келген алымдар, шығыстар немесе қаржылық міндеттемелер, онымен байланысты әкімшілік шығыстар немесе көрсетілген қызметтердің нақты құны ұқсас ішкі тасымалдаушылар үшін бірдей негізде есептеледі.

XI бөлім

Қазақстан мен Пәкістанның көлік және өңірлік өзара байланыс және сауда және инвестициялар жөніндегі бірлескен жұмыс топтары

36-бап

      Қазіргі Қазақстан-Пәкістан көлік және өңірлік өзара байланыс және сауда және инвестициялар жөніндегі бірлескен жұмыс топтары (бұдан әрі – бірлескен жұмыс топтары) осы Келісім шеңберінде көлік, транзит, сауда және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықтың бүкіл мәселелерімен айналысады, атап айтқанда, мынадай міндеттерді орындайды:

      1) осы Келісімнің тиімді орындалуын бақылайды;

      2) осы Келісімнің ережелерін екі Тараптың біркелкі түсіндіруін және қолданылуын қамтамасыз етеді;

      3) осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындауы мүмкін дауларды шешеді;

      4) транзиттік сауда мен көлікке байланысты мәселелер бойынша зерттеулер жүргізуге өкілеттік береді;

      5) осы Келісімнің іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін кез келген басқа мәселелерді қарайды.

      Бірлескен жұмыс топтары бірлескен Қазақстан-Пәкістан үкіметаралық комиссиясының өз отырыстары туралы есеп береді.

      Бірлескен жұмыс топтары жылына бір рет Тараптар мемлекетінің аумағында кезекпен жиналады.

      Тараптардың өтініші бойынша Бірлескен жұмыс топтары кезектен тыс отырыстар өткізе алады.

      Бірлескен жұмыс топтарының шешімдері екі Тараптың консенсусы негізінде қабылданады. Тараптардың жетекші министрліктері хатшылық сүйемелдеумен қамтамасыз етеді.

XII бөлім

Ақпараттық өзара іс-қимыл

37-бап

Ақпарат алмасу

      Тараптардың кеден органдары, егер тағайындалған орны екінші Тарап мемлекетінің аумағында болса, Тараптардың бірінің мемлекеті аумағынан әкетілетін тауарлар мен көлік құралдарын кедендік ресімдеу кезінде олар алған ақпарат алмасуды ұйымдастырады және жүзеге асырады.

      Межелі елдің кедендік шекарасынан өткенге дейін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты алдын ала ақпарат жіберіледі.

      Алдын ала ақпарат алмасу Тараптардың тікелей уәкілетті органдары арасында олардың құзыреті шегінде және Тараптар ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

38-бап

Ақпараттың құпиялылығы

      Осы Келісімге сәйкес алынған ақпарат құпия болып табылады және тек кедендік мақсаттар үшін ғана пайдаланылуы мүмкін. Өзге мақсаттар үшін ақпаратты берген Тараптың жазбаша келісімімен ғана пайдаланылуы мүмкін.

      Тараптардың ұлттық заңнамасына және өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес Тараптар осы Келісім бойынша алынған ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етеді.

39-бап

      Осы Келісімнің 35-бабының ережелерін іске асыру үшін Тараптар мемлекетінің кеден органдары Техникалық шарттарды әзірлейді, оларды Тараптар мемлекетінің уәкілетті органдарының басшылары бекітеді.

      Тараптар мемлекетінің кеден органдары Техникалық шарттарда белгіленген көлемінде тауарлар мен көлік құралдарына қатысты алдын ала ақпарат ұсынады.

40-бап

      Тараптар бір-бірін:

      1) ақпарат және байланыс құралдарын, деректерді өңдеу және беру технологияларын, сондай-ақ ақпаратты қорғауға қойылатын талаптарды алмасу үшін техникалық шарттарды әзірлейтін және келісетін;

      2) алдын ала ақпаратты тауарлардың нақты партиясымен және (немесе) нақты көлік құралдарымен байланыстыру тәсілдерін келісетін;

      3) алдын ала ақпарат алмасуға жауапты болатын өзінің құзыретті құрылымдық Бөлімшелері туралы хабардар етеді.

41-бап

      Осы Келісімді іске асыру үшін Тараптар мемлекетінің құзыретті органдары Тараптар мемлекеті арасында тасымалданатын тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпаратты электронды түрде алмасу технологиясын әзірлеу үшін тестілеу өткізеді.

      Тараптар мемлекетінің құзыретті органдары деректерді беру тәртібі, құрылымы мен форматы, хаттар алмасу арқылы алдын ала ақпаратты қорғауға қойылатын талаптар, алдын ала ақпараттың негізгі технологиялық қағидаттары, нақты тауарлармен және көлік құралдарымен алдын ала ақпаратты сәйкестендіру тәртібі, оларға қатысты алдын ала ақпарат алмасу жүзеге асырылатын көлік түрлері, Тараптар мемлекетінің құзыретті органдары аумақтық Бөлімшелерінің тізбесі, атап айтқанда, қандай тесттер жүргізілетінін, сондай-ақ оларды орындау мерзімдерін келіседі.

      Көрсетілген мәселелер келісілгеннен кейін Тараптар қажетті ұйымдастыру және техникалық шараларды жүргізеді және бір-бірін тест сынақтарын жүргізуді бастауға дайын екендігі туралы жазбаша түрде хабардар етеді.

      Алдын ала ақпарат алмасу бойынша тестілеу сынағының ұзақтығы 6 (алты) айды құрайды. Бұл мерзім Тараптардың өзара келісімі бойынша ұзартылуы мүмкін.

42-бап

      Тестілеу аяқталғаннан кейін Тараптар мемлекетінің құзыретті органдары алдын ала ақпаратпен тұрақты алмасуды бастау туралы шешім қабылдайды. Құзыретті органдар бір-бірін алдын ала ақпаратпен тұрақты алмасуды бастауға дайын екендігі туралы жазбаша хабардар етеді.

      Ақпарат алмасу шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтауға міндеттенеді.

XIII бөлім

Дауларды шешу және төрелік ету тетігі

43-бап

      1. Осы Келісімді және оған 1, 2 және 3-қосымшаларды түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген дау тікелей келіссөздер арқылы шешіледі немесе алты ай ішінде бейбіт жолмен реттеу үшін не Сауда және инвестициялар жөніндегі бірлескен жұмыс тобына не Көлік және өңірлік қатынас жөніндегі бірлескен жұмыс тобына берілуі мүмкін.

      2. Егер дау бірлескен жұмыс топтарының консультациясы немесе делдалдық арқылы шешілмесе, қатысқан Тараптардың кез келгенінің сұрау салуы бойынша дау төрелік етуге беріледі.

      3. Әрбір Тарап төрелік сот құру туралы сұрау салу алған күннен бастап
45 (қырық бес) күн ішінде осы елдің азаматы болуы мүмкін бір төрешіні тағайындайды және төрелік соттың төрағасы болатын үшінші төреші лауазымына үш кандидатқа дейін ұсынады. Үшінші төреші Тараптардың ешқайсысының азаматы болмауы керек, Тараптар елінде тұрмауы және жұмыс істемеуі және дауға қатысы болмауы керек. Үшінші төреші өзара келісім бойынша Бірлескен жұмыс топтарының бірінің шешімімен тағайындалады.

      4. Осы Бөлімге сәйкес тағайындалған төрешілер осы Келісімнің ережелерін халықаралық жария құқықты түсіндірудің әдеттегі қағидаларына сәйкес түсіндіреді және қолданады.

      5. Төрелік сот ДСҰ-ның 1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне 2-қосымша болып табылатын Дауларды шешу қағидалары мен рәсімдері туралы уағдаластықты ескере отырып, Өз рәсімдердің қағидаларын айқындайды.

      6. Егер Тараптар төрешіні (төрешілерді) тағайындауды төрелік етудің сұрау салған күнінен бастап ең көбі 3 (үш) ай мерзімде келісе алмаса, Тараптардың кез келгені дау берілетін Тараптардың ешқайсысының азаматы болып табылмайтын жалғыз төрешіні тағайындау туралы өтінішпен Сауда және инвестициялар жөніндегі Қазақстан-Пәкістан Бірлескен жұмыс тобына жүгіне алады.

      7. Тағайындалған төрешінің (төрешілердің) шешімі екі Тарап үшін де түпкілікті және міндетті болып табылады.

      Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес төрелік шешімді орындау үшін қажетті шараларды қабылдайды.

      8. Төреші (төрешілер) екі Тарапты да даудың бар екендігі мен сипаты туралы және реттеудің жалпы шарттары туралы хабардар етеді; хабарламалар ағылшын тілінде жіберіледі.

      9. Төрелік ету бойынша шығыстарды екі Тарап теңдей көтереді.

      10. Екі Тарап осы Бөлім бойынша байланыс жасау үшін адамды тағайындайды. Дауларды реттеу рәсімдеріне қатысты кез келген сұрау салулар, растаулар, жазбаша құжаттар және өзге де материалдар тағайындалған байланыс жасайтын адам арқылы жіберіледі.

      11. Төрелік шешімді орындау үшін ақпаратты ашу талап етілетін не Тараптардың ұлттық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, төрелік талқылау құпия сипатта болады.

      12. Егер Тараптар өзгеше келіспесе, төрелік талқылаудың жұмыс тілі ағылшын тілі болып табылады.

XIV бөлім

Қорытынды ережелер

44-бап

Өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 46-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

45-бап

Қосымшалар

      Осы Келісімге 1, 2, 3-қосымшалар оның ажырамас бөліктері болып табылады.

      Осы қосымшада көрсетілген транзиттік маршруттардың тізбесі Келісімге өзгерістер енгізілмей, Тараптардың дипломатиялық арналар арқылы өзара хабарламасы бойынша жаңартылуы мүмкін.

46-бап

Күшіне енуі және тоқтатылуы

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күнтізбелік отыз 30 (отыз) күннен кейін күшіне енеді.

      Осы Келісім бес (5) жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың ешқайсысы кезекті бес жылдық кезең аяқталғанға дейін кемінде 6 (алты) айдан кешіктірмей екінші Тарапқа өзінің Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жібермесе, келесі бес жылдық (5-жылдық) кезеңдерге автоматты түрде ұзартылып отырады.

      2026 жылғы ____ _________ қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жасалды, барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде кез келген сәйкессіздік болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым күшке ие болады.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан
      Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі атынан

  Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Пәкістан Ислам
Республикасының Үкіметі
арасындағы транзиттік сауда
туралы келісімге
1-қосымша

      Қазақстан Республикасының аумағы мен Пәкістан Ислам Республикасының аумағы арқылы транзиттік маршруттар – Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арқылы транзит үшін белгіленген маршруттар (екі бағытта да):

      Пәкістан Ислам Республикасының аумағында

      БАСТАП/ДЕЙІН ҚАЙДА / ҚАЙДАН

      Қазақстан Республикасының аумағы арқылы теміржол көлігімен:

      Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетін теміржол:

      1. Солтүстік дәліз (Достық/Алтынкөл – Ақтоғай – Саяқ – Мойынты –Астана – Петропавл);

      2. Оңтүстік дәліз (Достық/Алтынкөл – Ақтоғай – Алматы – Шу – Арыс–Сарыағаш);

      3. Орталық Азия дәлізі (Сарыағаш – Арыс – Қандыағаш – Озинки);

      4. Солтүстік – Оңтүстік дәлізі (Илекск/Озинки – Ақтау/Құрық/ Болашақ ст.);

      5. Транскаспий халықаралық көлік бағыты (Достық/Алтынкөл – Алматы – Ақтау/Құрық).

      Қазақстан Республикасының аумағында автомобиль көлігімен:

      Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетін автомобиль транзиттік дәліздері:

      1. Батыс Еуропа – Батыс Қытай (Нұр Жолы – Тараз – Шымкент – Қызылорда – Ақтөбе – Ресей Федерациясы);

      2. Алматы – Қарағанды – Астана – Петропавл – Ресей Федерациясының Қорғанға дейінгі шекарасы;

      3. Астана – Қостанай – Ресей Федерациясының Челябинскіге дейінгі шекарасы;

      4. Қытай шекарасы – Майқапшағай – Қалбатау – Семей – Павлодар – Ресей Федерациясының Омбыға дейінгі қалалары;

      5. Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – Ресей Федерациясының Барнаулға дейінгі шекарасы;

      6. Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат – Атырау – Ресей Федерациясының Астраханға дейінгі шекарасы;

      7. Ақтөбе – Орал – Самара;

      8. TRACECA (дәліз Қытай Халық Республикасы мен Орталық Азия елдерінен Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы Кавказға және одан әрі Еуропаға транзитті қамтамасыз етеді).

      Пәкістан Ислам Республикасының аумағында теміржол көлігімен:

      1. Карачи/Касим порты Азазель портының теміржол станциясы (Торхам*);

      2. Карачи/Касим порты Чаман портының теміржол станциясы;

      3. Карачи/Касим порты Кветта портының Тафтан теміржол станциясы

      *жұмыс күйінде

      Пәкістан Ислам Республикасының аумағында автомобиль көлігімен:

      1. Карачи – Хайдарабад – Суккур – Мултан – Фейсалабад – Пинди Бхаттиан – Равалпинди – Джамруд – Торхам терминалы (Ауған Ислам Республикасымен шекарасы);

      2. Карачи – Хайдарабад – Ротодеро – Д.Г. Кан – Д. И. Кан – Кохат – Пешавар – Джамруд – Торхам терминалы;

      3. Карачи – Бела – Хуздар – Калат – Кветта – Чаман (Ауған Ислам Республикасымен шекарасы);

      4. Карачи / Касим порты – Хайдарабад – Ротодеро – Д.Г. Кан – Д.И. Кан – Кохат – Банну – Мер Шах – Гулам Хан (Ауған Ислам Республикасымен шекара пункті);

      5. Гвадар – Тұрбат – Хошаб – Панджгур – Нааг – Бесима – Сораб – Калат – Кветта – Чаман;

      6. Гвадар – Тұрбат – Хошаб – Панджгур – Нааг – Бесима – Хуздар – Ротодеро – Д.И. Кан – Кохат – Пешавар – Джамруд – Торхам терминалы;

      7. Гвадар – Пасни – Ормара – Лиари – Карачи – Ротодеро – Д.И. Кан – Кохат – Пешавар – Джамруд – Торхам терминалы;

      8. Гвадар – Тұрбат – Хошаб – Панджгур – Нааг – Бесима – Хуздар – Ротодеро – Д.И. Кан – Кохат – Пешавар – Джамруд терминалы – Торхум;

      9. Гвадар – Пасни – Ормара – Лиари – Карачи – Ротодеро – Д.И. Кан – Кохат – Банну – Мер Шах – Гулам Хан;

      10. Гвадар – Тұрбат – Хошаб – Панджгур – Нааг – Бесима – Хуздар – Ротодеро-Д.И. Кан – Банну – Мер Шах – Гулам Хан;

      11. Гвадар – Тұрбат – Хошаб – Панджгур – Нааг – Калат – Кветта – Джоб – Мер Шах – Гулам Хан;

      12. (Қытаймен шекара пункті) Хунджраб – Сост – Чилас – Мансехра – Хасанабдал – Пешавар – Джамруд – Торхам Терминалы;

      13. Гвадар – Габд (Иранмен шекара пункті);

      14. Карачи/Касим порты – Лиари – Ормара – Пасни – Габд порты;

      15. Гвадар – Тұрбат – Манд (Иранмен шекара пункті);

      16. Карачи/Касим порты – Хуздар – Далбандин – Тафтан (Иран Ислам Республикасымен шекара пункті).

  Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Пәкістан Ислам
Республикасының Үкіметі
арасындағы транзиттік сауда
туралы келісімге
2-қосымша

Кедендік бақылау және транзиттік режим

1-бап

Қолдану саласы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы транзиттік сауда туралы келісімнің VI және VII Бөлімдеріне сәйкес, Тараптар құжаттардың санын қысқарту, рәсімдерді оңайлату және кеден органдары алдындағы міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында кедендік ресімдеудің мынадай құжаттары мен рәсімдерін келіседі.

2-бап

Қосымшаның мазмұны

      Осы қосымшада кедендік төлемдер мен салықтарға, кедендік қамтамасыз етуге, көлік құралын мөрлеуге қатысты негізгі ережелер қамтылған, сондай-ақ әрбір Тараптың транзиттік маршруттары мен кеден органдарын айқындайды. Қалған Бөлімдерде кеден органдарында орындалатын формальдылықтар және өзара әкімшілік көмек көрсету қағидалары жазылған.

I бөлім

Жалпы ережелер

3-бап

Қосымшаның қолданылу аясы

      Осы қосымшаның ережелері көлік бірліктеріндегі мынадай транзиттік тауарларды тасымалдауды қамтиды:

      а. үшінші елдің аумағынан жөнелтіліп, екінші Тарап мемлекетінің аумағы арқылы Тараптың мемлекеті бірінің аумағындағы орынға жіберілген;

      б. Бір Тараптан шыққан және екінші Тарап мемлекетінің аумағы арқылы өтетін үшінші елге жіберілген;

      с. Тараптар мемлекетінің аумақтары арқылы өтетін, үшінші елден шыққан және жөнелтілетін тауарлар.

4-бап

Кедендік транзитке арналған кеден органдары

      Тараптар қажет болған кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы транзиттік сауда туралы келісім шеңберінде қолдану үшін енгізілген жаңа өткізу пункттері туралы бір-бірін хабардар ете алады.

5-бап

Кеден органдарының жұмыс сағаттары мен құзыреті

      Тараптар тиісті шекара маңы кеден органдарына осы Қосымшаға сәйкес кедендік транзит режимінде тасымалданатын барлық тауарларды ресімдеуге өкілеттік береді.

6-бап

Транзитке арналған кедендік декларация

      Тараптар Тараптардың кеден заңнамасына сәйкес белгіленген нысандағы кедендік транзитке арналған транзиттік декларацияларды пайдалануға міндетті.

7-бап

Кедендік бақылау нысандарынан босату

      1. Егер кеден органдары салған пломбалар мен басқа да сәйкестендіру құралдары бұзылмаса, кеден органдары транзиттегі көлік құралдары мен жүктерді кедендік жете тексеруді жүргізуден бас тартады.

      2.      Егер кеден органдары салған пломбалар мен басқа да сәйкестендіру құралдары бүлінбесе, кеден органдары транзитпен өтетін көлік құралдары мен жүктерді кедендік жете тексеруден бас тартады

8-бап

Кедендік пломбалар және сәйкестендіру құралдары

      1.      Көлік құралын мөрлеу кезінде пайдаланылатын пломбалар мен сәйкестендіру құралдары осы 2-қосымшада жазылған ең төменгі талаптарға сәйкес келуге тиіс.

      2.      Екінші Тараптың немесе үшінші елдің кеден органдары белгілеген, Осы Қосымшаның талаптарына сәйкес келетін пломбалар танылуы мүмкін; алайда әрбір Тарап өз пломбасын салуға құқылы.

      3.      Тараптар кедендік транзит мақсаты үшін бір-біріне пайдаланылатын пломбалар мен сәйкестендіру құралдарының үлгілерін ұсынады.

9-бап

Көлік құралын мөрлеу

      1.      Көлік құралының жүк қоятын бөлігін жөнелту пунктінің кеден органы мөрлеуге тиіс.

      2.      Қабылдаушы Тараптың кеден органдары олардың тұтастығы жағдайында екінші Тараптың кеден органдары салған пломбаларды таниды. Алайда егер бұл бақылау мақсаттары үшін қажет болса, олар өз мемлекеттерінің аумағына кірген кезде қосымша пломбалар салуға құқылы.

      3.      Егер кеден органдары жолдағы жүкті кедендік жете тексеруді жүргізу үшін пломбаларды ашуға мәжбүр болса, олар жаңа пломбалар салуға және бұл әрекетті кедендік ресімдеудің транзиттік және ішкі құжаттарында тіркеуге міндетті.

      4. Салмағы, өлшемі немесе сипаты бойынша әдетте жабық көлік құралында тасымалданбайтын ірі габаритті және/немесе ауыр салмақты жүктер, жүктің ауыстырылуын немесе алып қойылуын болдырмау үшін мұндай жүктердің сипаттамасы бойынша оңай сәйкестендірілуі (орау парақтарында, фотосуреттерде, сызбаларда және т.б.) мүмкін болған жағдайда мөрсіз тасымалдана алады.

II бөлім

Жөнелту пунктінде орындалатын формальдылықтар

10-бап

Құжаттық формальдылықтар

      1. Тауарларға декларацияны (DT) беру кезіндегі құжаттық формальдылықтар Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес реттеледі.

      2. Кедендік транзит режимінде тауарларды тасымалдау үшін қажетті құжаттардың келісілген тізбесі Тараптардың тиісті органдарының арасында алмасылуға тиіс.

      3. Тараптардың тиісті органдары келісілген құжаттар тізбесіндегі кез келген өзгерістер туралы бір-бірін хабардар етуге міндетті.

11-бап

Кедендік пломбалармен байланысты формальдылықтар

      1. Егер тауарларды тасымалдау 2-қосымшаның 10-бабының талаптарына сәйкес келген жағдайда, кеден органдары контейнерді мөрлеуге немесе ауыр салмақты, үймелі немесе ірі габаритті жүктерге қатысты қажетті сақтық шараларын қабылдауға тиіс.

      2. Салынған кедендік пломбалар және оларды салу күні туралы мәліметтер межелі орган жүкті сәйкестендіруді алу және кез келген санкцияланбаған араласуды анықтай алуы үшін транзиттік тауарларға арналған декларацияда тиісінше тіркелуге тиіс.

      3.      Жүк тиімді мөрлеу мүмкін емес үймелі немесе ірі габаритті тауарлар болса, сәйкестендіру қамтамасыз етілуі, ал санкцияланбаған араласу мүмкіндігі жекелеген қаптамаларды мөрлеу, сәйкестендіру белгілерін қою, жүкті сипаттау және осы деректерді тауарларға арналған декларацияда тіркеу арқылы оңай анықталуы тиіс.

12-бап

Қосымша бақылау шаралары

      Кеден органдары Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында көзделген жағдайларда, екінші Тарап мемлекетінің аумағынан немесе аумағына жіберілетін тауарлардың Тарап мемлекетінің аумағында кедендік сүйемелдеумен тасымалдануын талап ете алады.

III бөлім

Өту пункттерінде және межелі пунктте орындалатын формальдылықтар

13-бап

Өту пункттеріндегі (транзиттегі) формальдылықтар

      1.      Тауарлардың кеден аумағынан шығу пунктінде кеден органдары пломбалардың, бекітпелердің немесе сәйкестендіру белгілерінің тұтастығына көз жеткізуге тиіс. Одан кейін олар тауарлар декларациясында тиісті белгі жасап, бір данасын қалдырады және басқа данасын келесі транзиттік елге жеткізілетін келесі өту пунктіне береді. Осы данасын алғаннан кейін, төмендегі 2-тармаққа сәйкес ол жөнелту пунктіне немесе транзиттік елдер жағдайында алдыңғы өту пунктіне қайтарылады.

      2.      Кедендік аумаққа тауарларды әкелу пункттерінде кеден органдары декларацияның дұрыстығына, пломбаның, бекітпелердің немесе белгілердің бүтін екеніне көз жеткізуге тиіс. Олар декларацияда тиісті белгі жасап, бір данасын қалдырады және екінші данасын кедендік аумақ ішіндегі келесі өту пунктіне береді.

      3.      Егер өту пунктінде пломбаларды немесе сәйкестендіру белгілерін алып тастау қажет болған жағдайда (мысалы, егер олар сенімсіз деп танылса), мұндай іс-қимылдар тауарға ілеспе декларацияда жаңа пломбалар немесе белгілер көрсетіле отырып тіркелуге тиіс.

      4.      Өзара келісу бойынша және екі кеден әкімшілігі арасында электрондық деректер алмасу жүйесін (EDI) енгізу кезінде барлық деректер алмасу электрондық түрде жүзеге асырылатын болады.

14-бап

Межелі пункттегі формальдылықтар

      1. Межелі пунктте кеден әкімшілігі декларацияның дұрыс ресімделгеніне, пломбалардың, бекітпелердің және сәйкестендіру белгілерінің бүтін екеніне, ал көлік құралының тиісінше жай-күйде екеніне көз жеткізуге тиіс. Жүкке іріктелген немесе толық жете тексеру жүргізілуі мүмкін.

      2. Транзиттік операция бойынша барлық міндеттемелердің орындалғанына көз жеткізгеннен кейін, межелі пунктінің кеден әкімшілігі декларацияда тиісті белгі жасайды.

      3. Межелі пункттің кеден әкімшілігі декларацияның көшірмесін тиісті жөнелту пунктіне тиісті түрде ресімделген және жөнелту пунктінің декларациясына тоғыспалы сілтемені қамтитын өзінің жеке декларациясының көшірмесімен бірге кері жолдайды. Ол жөнелту пунктінің органдарына транзиттік операцияны аяқтауға мүмкіндік беретін шекарадан өту туралы куәлік ретінде қаралатын болады.

      4. Кедендік қамтамасыз ету шекарадан өту туралы куәлік ұсынылған кезде босатылуға жатады.

      Егер жалпы жүктің бір бөлігі дәлелді себептерге байланысты кешіктірілсе, ішінара партиясын межелі пункттің кеден әкімшілігі өткізіп жіберуі мүмкін.

IV бөлім

Өзара әкімшілік көмек

15-бап

Ақпарат алмасу

      1. Тараптардың кеден органдары сұрау салу бойынша және мүмкіндігінше қысқа мерзімде бір-біріне:

      а. өз мемлекеттерінің аумағында ресімделген немесе қабылданған, түпнұсқалығы күмән туғызатын тауарларға арналған декларациялар туралы кез келген қолда бар ақпаратты;

      b. өз мемлекеттерінің аумағында салынған деп мәлімделген пломбалардың төлнұсқалығын тексеруге мүмкіндік беретін кез келген қолда бар ақпаратты беруге міндеттенеді.

      2. Тараптардың кеден әкімшіліктері электрондық интерфейсті құру арқылы ақпарат алмасу жолымен "кеден – кеден" ынтымақтастығын қамтамасыз етеді.

      3. Екі Тараптың кеден әкімшіліктері кіру пункттерінде жедел желі арқылы байланыс мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

16-бап

Кедендік кепілдік беретін мекеменің жауапкершілігі

      Транзиттік жүктер ұрланған, ауыстырылған немесе шығарылған жағдайда, кедендік кепілдік берген мекеме Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес төлеуге жататын кедендік баждар мен салықтардың төленуі үшін жауапты болады.

V бөлім

Басқа да ережелер

17-бап

Ресімделмеген жүктерді сауда-саттықта өткізу

      1.      Егер транзитке және кедендік ресімдеуге сұрау салу тауарлар әкелу/әкету портына келген кезден бастап 30 (отыз) күн ішінде берілмесе, импорттаушыға немесе оның өкіліне хабарлама жүкті ресімдеуді талап ете отырып, тиеп-жөнелту құжаттарында көрсетілген мекенжай бойынша жіберіледі. Егер жүк 60 (алпыс) күн өткеннен кейін де бұрынғыдай портта қалса, түпкілікті хабарлама жіберіледі. Ресімделмеген жағдайда кідіріс порт биліктерінің кінәсінан болған жағдайларды қоспағанда, жүк, ол Тараптардың ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіпте және шарттарға сәйкес бірінші хабарлама жасалған сәттен бастап 90 (тоқсан) күн өткен соң сауда-саттықта сатуға жатады.

      2.      Сатудан түскен түсім сауда-саттықты ұйымдастыруға, фрахтқа, сақтауға жұмсалатын шығындарға және осы тауарларға қатысты төлеуге жататын кедендік баждарға және салықтарға байланысты шығыстар шегеріле отырып, сатушыға беріледі.

18-бап

Белгілі бір жүктерге басымдық

      Тараптар кедендік транзит кезінде (кез келген кеден пунктінде) жүктердің мынадай санаттарына: тірі жануарларға, тез бүлінетін тауарларға, тез жеткізуді шұғыл қажет ететін өзге де жүктерге басымдық беруге міндеттенеді.

19-бап

Қауіпті жүктер

      Кедендік транзит режимінде қауіпті жүктерді тасымалдау үшін мүдделі Тараптың тиісті құзыретті органдарынан арнаулы рұқсат алынуы қажет.

20-бап

Жол-көлік оқиғалары

      Кедендік транзиттік операцияны орындауға әсер ететін жол-көлік оқиғалары мен жолдағы басқа да күтпеген жағдайлар оқиға орнына жақынырақ орналасқан кеден органдарына немесе басқа да құзыретті органдарға хабарлауға және олардың тексеруіне жатады.

21-бап

Жолдағы жүктің жоғалуы, жойылуы немесе жетіспеуі

      Егер кеден органдары транзиттік құжаттарда/транзиттік декларацияларда көрсетілген тауарлардың жазатайым оқиға немесе жолдағы өзге де күтпеген жағдайлар салдарынан жойылғанын немесе қайтарымсыз жоғалғанын не олардың жетіспеуі табиғи қасиеттеріне байланысты екенін өз қанағаттануына қарай анықтаса, әдетте алынатын кедендік баждар мен салықтарды төлеу жойылуға жатады.

22-бап

Өзара әкімшілік көмек

      Тараптардың кеден органдары тергеп-тексеру жүргізу, кедендік төлемдерді өндіріп алу және осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін тауарларға арналған декларациядағы кез келген елеулі дәлсіздіктер немесе кедендік транзиттік операция барысында анықталған басқа да елеулі бұзушылықтар туралы бір-бірін хабардар етеді.

23-бап

Кедендік пломбалар мен құлыптау құрылғылары қойылатын ең төменгі талаптар

      1. Пломбалар мен құлыптау құрылғыларына қойылатын жалпы талаптар:

      Пломбалар мен құлыптау құрылғылары:

      а. мықты әрі ұзаққа шыдамды;

      в. жеңіл әрі тез орнатылуға;

      c. жеңіл тексерілуге әрі сәйкестендірілуге;

      d. бұзбай не араласу ізін қалдырмай ашуға немесе алып тастауға мүмкіндік бермеуге;

      e. қайта пайдалануға жатпауға;

      f. қолдан жасау немесе көшіру мүмкіндігінше қиын болуға тиіс.

      2. Пломбалардың физикалық сипаттамалары:

      а. пломбаның пішіні мен өлшемі сәйкестендіру белгілерінің анық оқылуын қамтамасыз етуге тиіс;

      b. пломбаның әрбір саңылауы қолданылған құлыптау құрылғысының өлшеміне сәйкес келуге тиіс және пломба жабылған кезде бекіткіш құлыптау құрылғысы орнында мықтап ұсталатындай етіп орналастырылуға тиіс;

      c. материал кездейсоқ сынуды, мерзімінен бұрын тозуды (ауа райының, химияның және т.б. әсерінен) немесе білдірмей бұрмалауды болдырмайтындай етіп жеткілікті дәрежеде берік болуға тиіс.

      3. Сәйкестендіру белгілері:

      Пломбада немесе құлыптау құрылғысында:

      а. бұл кедендік пломба екенін куәландыратын ("Customs" жазуы);

      b. пломба салған немесе оны берген кеден органын сәйкестендіруге мүмкіндік беретін (мысалы, әріптік немесе цифрлық кодты пайдалана отырып) таңбалау болуға тиіс.

24-бап

Туындайтын проблемалық мәселелер бойынша реттеу

      Тараптардың кедендік әкімшіліктерінің өкілдері жылына кемінде бір рет немесе Тараптардың бірінің сұрау салуы бойынша осы 2-қосымшаның ережелерін орындау кезінде туындайтын проблемаларды шешу үшін жиналады.

25-бап

Форс-мажорлық мән-жайлар туралы ережелер

      Егер тауарларды әкелу портынан межелі портқа тасымалдау авариялық немесе форс-мажорлық мән-жайлардың салдарынан тоқтатылса, тасымалдаушы тауарлардың санкцияланбаған айналымға түсуін болғызбау үшін ақылға қонымды сақтық шараларын қолдануға және жақын жердегі кеден мекемесіне немесе басқа құзыретті органға аварияның сипаты немесе тасымалдауды тоқтатуға алып келген басқа да мән-жайлар туралы дереу хабарлауға міндетті.

  Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Пәкістан Ислам
Республикасының Үкіметі
арасындағы транзиттік сауда
туралы келісімге
3-қосымша

Есірткіні, сол тектестерді немесе психотроптық заттарды заңсыз өндіру бойынша

1-бап

Қолданылуы

      Осы Келісімнің VI Бөліміне және 25-бабына сәйкес Тараптар
3-қосымшаның есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз өндіру үшін пайдаланылатын прекурсорлар мен химиялық заттарды бақылауға қатысты ережелерін қолдануға келіседі.

2-бап

Қосымшаның мазмұны

      1.      3-қосымша есірткіні немесе психотроптық заттарды заңсыз өндіру үшін жиі пайдаланылатын заттардың ауытқуын болдырмау мақсатында заңды сауда мен өнеркәсіптің заңды мүдделерін бұзбай, Тараптар арасындағы әкімшілік ынтымақтастықты күшейту жөніндегі шараларды көздейді.

      2.      3-қосымша Біріккен Ұлттар Ұйымының 1988 жылғы 20 желтоқсандағы Есірткінің және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясы (бұдан әрі – 1988 жылғы Конвенция) шеңберінде, сондай-ақ Тараптардың ұлттық заңнамасының шеңберінде әзірленген.

3-бап

Қосымшаның қолданылу аясы

      1.      Тараптар, атап айтқанда, бір-біріне мынадай көмек көрсетеді:

      а) олардың арасындағы сауданы және 4-баптың 2-тармағында көрсетілген заттарды транзиттеуге олардың заңсыз мақсаттарға ауытқуын болдырмау мақсатында бақылауды жүзеге асырады;

      b) заттарды бақылау туралы заңнаманың дұрыс қолданылуын қамтамасыз ету үшін әкімшілік көмек көрсетеді.

      2. Осы Қосымша Тараптар бірлесіп қабылдайтын ықтимал өзгерістерге нұқсан келтірместен, 1988 жылғы Конвенцияның қосымшаларында көрсетілген химиялық заттарға (бұдан әрі – бақыланатын заттар), оларға енгізілген өзгерістерді ескере отырып қолданылады.

      3.      Сірке ангидриді (Acetic Anhydride) бақыланатын зат болып табылады, оны транзиттеу жағдайында алдын ала хабарлау қажет.

4-бап

Сауда мониторингі

      1.      Егер бақыланатын заттар есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз өндіру үшін пайдаланылуы мүмкін деген негізді күдік болса, әсіресе егер прекурсорлар мен химиялық заттарды жеткізу ерекше үлкен көлемде немесе ерекше жағдайларда жүзеге асырылса, Тараптар бір-біріне өз бастамасы бойынша консультация береді және хабарлайды.

      2.      3-қосымшаның А тізбесінде (I және II кестелер) көрсетілген реттелетін заттарға қатысты импорттаушы импорттаушы Тараптан арнайы рұқсат алуға міндетті. Рұқсат-хаттың көшірмесі мемлекет аумағы арқылы тауарлар транзиті жүзеге асырылатын екінші Тарапқа жіберілуге тиіс, бұл рұқсат-хатты алғаннан кейін кедендік тазартуды жүргізуге мүмкіндік береді. Рұқсат шығару үшін негіз болып табылады.

      - Егер рұқсат-хат GD ұсынған сәтте алынбаған жағдайда, аумағы арқылы бақыланатын заттардың транзиті жүзеге асырылатын Тараптың құзыретті органы импорттаушы Тараптың құзыретті органына экспортқа/коносаментке рұқсаттың көшірмесін жібереді және Бақыланатын заттар туралы декларация импорттаушы Тарап өз келісімін бергеннен кейін ғана кедендік ресімдеуге жатады.

      3.      Тараптар осы 3-қосымшаға сәйкес ұсынылған кез келген ақпаратқа немесе сұратылған кез келген шараларға мүмкіндігінше тезірек тиісті кері ақпарат беруге міндеттенеді.

      4.      Жоғарыда көрсетілген сауданы бақылау шараларын іске асыру кезінде сауданың заңды мүдделері сақталуға тиіс. Атап айтқанда, осы Баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда импорттаушы Тараптың жауабы тауарларды транзиттеуді жүзеге асыратын Тараптан сұрау салуды алған кезден бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде берілуі тиіс.

      – Импортқа рұқсат беруден бас тартылған жағдайда импорттаушы Тарап аталған мерзімде бас тарту себептері көрсетілген жазбаша хабарламаны ұсынуға міндетті.

      5.      Екі тарап жеткізілім туралы алдын ала ескерту жүйесін (Pre-Export Notification – PEN) қабылдағандықтан, бақыланатын заттардың барлық саудасы мен транзиті оның негізінде жүзеге асырылады.

      – Импорттаушы Тараптың құзыретті органы куәландырған PEN хабарламасының көшірмесі аумағы арқылы заттардың транзиті жүзеге асырылатын Тарапқа (электрондық немесе өзге түрде) жіберіледі.

      6.      Осы Келісімге 3-қосымшаның А тізбесінде (I және II кестелер) көрсетілген бақыланатын заттары бар контейнерлер толық тексерілуге тиіс, өйткені олар жоғары қатерлі жүктер болып саналады.

5-бап

Жеткізуді тоқтата тұру

      1.      Ықтимал мәжбүрлеу техникалық шаралары жүзеге асыруға нұқсан келтірместен, егер Тараптардың бірінің пікірінше, бақыланатын заттар есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз өндіруге мүмкін деп санауға негіз болса немесе импорттаушы Тарап 4(2)-бапта көрсетілгендей тоқтата тұруды талап етсе, жеткізілімдер тоқтатыла тұрады.

      2.      Тараптар бір-біріне бақыланатын заттардың ауытқуы жөніндегі күдікті операцияларға байланысты кез келген ақпаратты бере отырып ынтымақтасуға міндеттенеді.

6-бап

Өзара әкімшілік көмек

      1.      Тараптар бір-біріне өз бастамасы бойынша, сол сияқты екінші Тараптың сұрау салуы бойынша бақыланатын заттардың есірткіні немесе психотроптық заттарды заңсыз өндіру үшін ауытқуға жол бермеуге ықпал ететін кез-келген ақпаратты ұсынады, сондай-ақ ауытқудың күдікті жағдайларына тергеп-тексеру жүргізеді. Қажет болған жағдайда олар осындай ауытқудың алдын алу үшін тиісті сақтық шараларын қолданады.

      2.      Ақпаратты беру немесе сақтық шараларын қолдану туралы кез келген сұрау салу мүмкіндігінше тезірек орындалуы тиіс.

      3.      Әкімшілік көмек көрсету туралы сұрау салулар сұрау салуды жіберген Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес орындалады.

      4.      Тараптар бірінің уәкілетті лауазымды тұлғалары екінші Тараптың келісімімен және соңғысы белгілеген шарттарды сақтай отырып, осы екінші Тарап мемлекетінің аумағында тергеп-тексеруді жүргізу кезінде қатыса алады.

      5.      Осы баптың шеңберінде көрсетілетін әкімшілік көмек қылмыстық істер бойынша өзара көмекті реттейтін қағидаларды бұзбауға тиіс және тек мұндай ақпаратты беруге сот органдары рұқсат берген жағдайларды қоспағанда, осы органдардың сұрау салуы бойынша алынған ақпаратқа қолданылмайды.

      6.      Есірткіні немесе психотроптық заттарды заңсыз өндіру үшін жиі пайдаланылатын, бірақ осы 3-қосымшаның қолданылу аясына кірмейтін химиялық заттар туралы да ақпарат сұралуы мүмкін.

7-бап

Ақпарат алмасу және құпиялылық

      1.      3-қосымшаға сәйкес кез келген нысанда берілетін кез келген ақпарат Тараптардың әрқайсысының қолданылатын қағидаларына байланысты құпия немесе шектеу сипатында болады және оны алған Тараптың заңнамасына немесе нормативтік актілеріне сәйкес қорғалады.

      2.      Дербес деректер, яғни сәйкестендірілген немесе сәйкестендірілетін жеке тұлғаға қатысты кез келген ақпарат, егер алушы Тарап мұндай деректерді, ең болмағанда, беруші Тарап қамтамасыз ететін қорғауға баламалы деңгейде қорғауға міндеттенген жағдайда ғана берілуі мүмкін. Бұл үшін Тараптар бір-бірімен өздерінің қолданыстағы нормалары туралы ақпаратпен алмасады.

      3. Алынған ақпарат тек 3-қосымшаны іске асыру мақсатында ғана пайдаланылуы мүмкін. Егер Тараптардың бірі мұндай ақпаратты басқа мақсаттарда пайдаланғысы келсе, онда ол ақпаратты берген органның алдын ала жазбаша келісімін алуға тиіс. Мұндай жағдайда ақпаратты пайдалану осы орган белгілеген кез келген шектеулерге бағынады.

8-бап

Көмек көрсету міндеттемесінен ерекшеліктер

      Егер Тарап 3-қосымша бойынша көмек:

      а) көмек туралы сұрау салу жолдаған Тараптың егемендігіне нұқсан келтіруі мүмкін;

      в) қоғамдық тәртіпке, қауіпсіздікке немесе басқа да маңызды мүдделерге, атап айтқанда 7 (2)-бапта көрсетілген жағдайларда қайшы келуі мүмкін;

      с) өнеркәсіптік, коммерциялық немесе кәсіби құпияны бұзуы мүмкін деп есептесе, белгілі бір шарттарды немесе талаптарды сақтау кезінде көмек қабылданбауы немесе ұсынылуы мүмкін.

9-бап

Техникалық және ғылыми ынтымақтастық

      Тараптар осы саладағы әкімшілік және құқық қорғау құрылымдарын нығайтуға, сондай-ақ сауда және өнеркәсіппен өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған техникалық ынтымақтастықты қоса алғанда, ауытқудың жаңа әдістерін және тиісті қарсы шараларды, анықтауда ынтымақтасады. Мұндай ынтымақтастық, атап айтқанда, тиісті лауазымды тұлғалар үшін кадрларды даярлауда және бағдарламалармен алмасуды қамтуы мүмкін.

10-бап

Іске асыру шаралары

      1. Әрбір Тарап осы 3-қосымшаның орындалуын үйлестіруге жауапты құзыретті органды (органдарды) тағайындайды. Бұл органдар 3-қосымшаны іске асыру мақсатында бір-бірімен тікелей өзара іс-қимыл жасайтын болады.

      2. Тағайындалған органдар:

      Қазақстан Республикасында: Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі.

      Пәкістан Ислам Республикасында: Пәкістан Ислам Республикасының Ішкі істер және есірткіні бақылау министрлігі.

      3. Тараптар бір-бірімен консультациялар өткізеді және 3-қосымшаның ережелерін орындаудың нақты қағидалары туралы бір-біріне хабар береді.

  3-қосымшаға
A тізбесі

1988 жылғы Конвенция

3-қосымшаның 4 (2)-бабында көзделген шараларға жататын заттар

      I-кесте:

       Сірке ангидриді

       N-ацетилантранил қышқылы

       Эфедрин

       Эргометрин

       Эрготамин

       Изосафрол

       Лизерг қышқылы

       3,4-метилендиоксифенил-2-пропанон

       Норэфедрин

       1-фенил-2-пропанон

       Пиперональ

       Калий перманганаты

       Псевдоэфедрин

       Сафрол

       Йод

      3-қосымшаның 4 (2)-бабында көзделген шараларға жататын заттар

      II-кесте:

       Ацетон

       Антранил қышқылы

       Диэтил эфирі

       Хлорсутек қышқылы

       Метилэтилкетон

       Фенилсірке қышқылы

       Пиперидин

       Күкірт қышқылы

       Толуол

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады