"Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 сәуірдегі № 296 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 13 қаңтардағы № 9 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 сәуірдегі № 296 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 13 қаңтардағы
№ 9 қаулысына қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 12 сәуірдегі
№ 296 қаулысымен
бекітілген

Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу қағидалары

      1. Осы Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг Заңның 19-2-бабына сәйкес мыналарға:

      1) азық-түлік тауарлары өндірісінің көлеміне, олардың тауар қозғалысына және қорларының болуына;

      2) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі 117-бабының 1-тармағына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қатысты жүргізіледі.

      3. Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг осы Қағидалардың 2-тармағында көрсетілген бағыттарды ескере отырып, осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйін мониторингтеу көрсеткіштерінің тізбесі (бұдан әрі – көрсеткіштер тізбесі) бойынша жүргізіледі.

      4. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бөлінісінде ішкі өндіріспен қамтамасыз етілу бөлігінде 1-көрсеткішті есептеуді өнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган), ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бөлінісіндегі тауар теңгерімі бөлігінде – сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады, 2, 3-көрсеткіштер бойынша – мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган ведомствосының әдіснамалары бойынша, 4-көрсеткіш бойынша – ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа немесе фермер қожалықтарында, астық қабылдау пункттері мен элеваторларда, сауда орындарында, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларында негізгі азық-түлік тауарлары қорларын жинақтау арқылы жүзеге асырылады.

      5. Осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес:

      1) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бөлінісінде ішкі өндіріспен қамтамасыз етілу бөлігінде 1-көрсеткішті есептеуді уәкілетті орган, ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бөлінісіндегі тауар теңгерімі бөлігінде – сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган жүргізеді;

      2) 2, 3-көрсеткіштерді есептеуді мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ведомствосы жүргізеді;

      3) 4-көрсеткішті есептеуді жергілікті атқарушы органдар жүргізеді.

      6. Уәкілетті орган жыл сайын, жылдың қорытындысы бойынша үшінші тоқсанның соңына дейін өзінің интернет ресурсында 2, 3-көрсеткіштер бойынша деректерді мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган ведомствосының қолда бар ресми статистикалық ақпараты негізінде, 1-көрсеткіш бойынша – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бөлінісінде ішкі өндіріспен қамтамасыз етілу бөлігінде уәкілетті органның деректері негізінде, ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бөлінісіндегі тауар теңгерімі бөлігінде сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органның деректері негізінде орналастырады.

      Мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган жыл сайын, алдыңғы жылдың қорытындысы бойынша, үшінші тоқсанның соңына дейін күнтізбелік 15 күннен кешіктірмей уәкілетті органға 2 және 3-көрсеткіштер бойынша ақпаратты ұсынады немесе оны ашық дереккөздерде жарияланғаны туралы сілтемемен хабардар етеді.

      Аудандық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарынан, шаруа немесе фермер қожалықтарынан, астық қабылдау пункттері мен элеваторлардан, сауда орындарынан 4-көрсеткіш бойынша деректер жинауды жүзеге асырады және жыл сайын, жылдың қорытындысы бойынша үшінші тоқсанның соңына дейін күнтізбелік 15 күн бұрын оларды облыстық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдарға ұсынады.

      Облыстық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдар облыстағы (астанадағы, республикалық маңызы бар қаладағы) азық-түлік тауарлары қорларының көлемі туралы ақпаратты үшінші тоқсанның соңына дейін күнтізбелік 10 күн бұрын уәкілетті органға ұсынады.

      7. Уәкілетті орган азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторингті жергілікті атқарушы органдардың, сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органның және мемлекеттік статистикаға басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның деректері негізінде, оның ішінде нақты уақыт режимінде жүргізеді.

      8. Уәкілетті орган азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторингті жыл сайын, үшінші тоқсанның соңына дейін мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ведомствосы көрсеткіштер тізбесі бойынша деректерді өздерінің интернет-ресурстарында жариялағаннан, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар азық-түлік тауарлары қорларының болуы туралы деректерді ұсынғаннан кейін жүргізеді.

      9. Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйін мониторингтеу негізінде уәкілетті орган жыл сайын, үшінші тоқсанның соңына дейін өзінің интернет-ресурсында орналастыру арқылы азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастырады.

  Азық-түлік қауіпсіздігінің
жай-күйіне мониторинг
жүргізу қағидаларына
қосымша

Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйін мониторингтеу көрсеткіштерінің тізбесі

Р/с

Көрсеткіш

1

2

1.

Қалыптасқан тауар теңгерімінің қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бөлігінде ішкі өндіріспен қамтамасыз етілу, %

2.

Өндіруші кәсіпорындардың тамақ өнімдеріне қойған баға индексі, %

3.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі, %

4.

Негізгі азық-түлік тауарлары қорының көлемі, тонна


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады