ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімді жасасу, оған өзгерістер енгізу, оның қолданысын тоқтату қағидаларын және инвестициялық міндеттемелер туралы келісімнің үлгілік нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 17 мамырдағы № 312 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 295-2-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
көрсетілген қаулымен бекітілген Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімді жасасу, оған өзгерістер енгізу, оның қолданысын тоқтату қағидаларында:
1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімді жасасу, оған өзгерістер енгізу, оның қолданысын тоқтату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кәсіпкерлік кодексі) 295-2-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және инвестициялық міндеттемелер туралы келісімді жасасу, оған өзгерістер енгізу, оның қолданысын тоқтату тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) инвестициялық жоба – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын, оның ішінде концессиялық жобаны іске асыру барысында құрылған, кеңейтілген және (немесе) жаңартылған өндірістерді қоса алғанда, жаңа өндірістер құруға, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге және (немесе) жаңартуға инвестицияларды, сондай-ақ басым туристік аумақтарда туристің қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын объектілерді құруға инвестицияларды көздейтiн iс-шаралар кешенi;
2) инвестициялық міндеттемелер туралы келісім (бұдан әрі – келісім) – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен заңды тұлға арасында жасалатын, заңды тұлғаның мұндай келісімді жасасуға өтінім берілген жылды қоса алғанда, сегіз жыл ішінде, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және оны жасасуға өтінім берілген жылдың 1 қаңтарына қолданыста болатын кемінде айлық есептік көрсеткіштің жетпіс бес миллион еселенген жиынтық мөлшерінде, капиталдандырылатын кейінгі шығыстарды және (немесе) жаңа ұзақ мерзімді активтерді сатып алуға, өндіруге, салуға арналған шығыстарды қаржыландыру, сондай-ақ халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес ұзақ мерзімді активтердің құнын ұлғайтатын басқа да шығындарды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерін көздейтін шарт бойынша инвестициялық жоба;
3) қаржылық дәрменділік – қаражаттың бар-жоғын растайтын құжаттың атауы мен нөмірі көрсетілген қаражатты қаржыландыру көздері (меншікті немесе қарыз қаражаты);
4) өтініш – инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасуға өтінім;
5) өтініш беруші – Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы болып табылатын, бір мезгілде Кәсіпкерлік кодексінің 283-2-бабының 2-тармағында көзделген шарттарға сәйкес келетін инвестор.";
4-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган өтініш пен оған қоса берілген құжаттарды қабылдайды және өтініш келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Кәсіпкерлік кодексінің 283-2-бабына сәйкестігі тұрғысынан қарайды.";
7 және 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган сұрау салуды алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде сұрау салуды қарау күніне өтініш берушіде салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешектің және әлеуметтік төлемдер бойынша берешектің бар немесе жоқ екендігі туралы мәліметтерді ұсынады.
Өтініш берушінің салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегінің және әлеуметтік төлемдер бойынша берешегінің бар-жоғы туралы мәліметтер ескертулерді жою мақсатында өтінішті қайтаруға негіз болып табылады.
Анықталған ескертулер жойылған жағдайда өтініш беруші өтінішті қайтарылған күнінен бастап 30 жұмыс күні ішінде қайта жіберуге құқылы.
Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2024 жылғы 30 қыркүйектегі № 78 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35170 болып тіркелген) бекітілген Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларына сәйкес өтініш берушіге қатысты кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміндегі кәсіпкерлік субъектілерінің санаты туралы мәліметтерді сұратады.
Өтініш берушінің Кәсіпкерлік кодексінің 283-2-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес келмеуі өтінішті қараудан бас тарту үшін негіз болып табылады.
8. Салықтар, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек болмаған кезде, сондай-ақ өтініш беруші Кәсіпкерлік кодексінің 283-2-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес келген кезде инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган белгіленген тәртіппен осындай келісімге қол қою үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірлейді.
Келісім жобасын заңнамада белгіленген тәртіппен инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган келісімнің үлгілік нысанына сәйкес дайындайды.";
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"11. Келісімге өзгерістер Кәсіпкерлік кодексінің 295-2-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде белгіленген ережелердің сақталуы ескеріле отырып, инвестициялар салу графигін өзгерту бөлігінде ғана енгізілуі мүмкін.";
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"14. Салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган сұрау салуды алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес мәліметтерді ұсынады. Өтініш берушінің салықтар, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер және әлеуметтік төлемдер бойынша берешегінің бар-жоғы туралы мәліметтер ескертулерді жою үшін өтінішті қайтаруға негіз болып табылады.
Анықталған ескертулер жойылған жағдайда өтініш беруші өтінішті қайтарылған күнінен бастап 30 жұмыс күні ішінде қайта жіберуге құқылы.
Өтініш берушінің Кәсіпкерлік кодексінің 283-2-бабы 2-тармағының шарттарына сәйкес келмеуі өтінішті қараудан бас тарту үшін негіз болып табылады.
Келісімге өзгерістер енгізуді көздейтін Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірлеуді инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган осы Қағидалардың 14-тармағына сәйкес мәліметтер алынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.";
17 және 18-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"17. Келісімнің Кәсіпкерлік кодексі 283-2-бабының 5-тармағында көрсетілген мерзім өткенге дейінгі қолданылуы тараптардың келісуі бойынша немесе Кәсіпкерлік кодексі 295-2-бабының 3-тармағына сәйкес біржақты тәртіппен тоқтатылуы мүмкін.
Келісімнің қолданылу кезеңінде Кәсіпкерлік кодексінің 283-2-бабы 1-тармағының бірінші бөлігінде, 2-тармағында, 3-тармағының екінші бөлігінде және 4-тармағында көзделген міндеттемелер мен шарттар орындалмаған кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі оның қолданысын хабарлама жіберілген күннен бастап үш ай өткен соң біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатады.
18. Келісімнің қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда осындай келісімді жасасқан заңды тұлға мұндай келісім бұзылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес айқындалған тәртіппен қосымша салық есептілігін ұсынады.";
инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасауға өтініште:
реттік нөмірі 13-жол мынадай редакцияда жазылсын:
"
13. | Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі 283-2-бабының 1-тармағына сәйкес өтінім берілген жылды қоса алғанда, алдағы 8 жылға инвестициялар сомасы |
";
көрсетілген қаулымен бекітілген инвестициялық міндеттемелер туралы келісімнің үлгілік нысанында:
кіріспенің екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Мыналарды:
Қазақстан Республикасында қолайлы инвестициялық ахуал жасау мемлекеттің экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі болып табылатынын,
инвестор осы келісімге сәйкес инвестицияларды жүзеге асырған кезде Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі (бұдан әрі – Кәсіпкерлік кодексі) 283-2-бабының 5-тармағына және Қазақстан Республикасы Салық кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 737-бабына сәйкес салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдіктер алуға мүдделі екенін ескере отырып,
Үкімет пен инвестор инвестициялық міндеттемелер туралы осы келісімді (бұдан әрі – келісім) жасасты және келісім өзі қолданылатын мерзім ішінде олардың өзара құқықтары мен міндеттерін реттейтін болады деп уағдаласты.";
1, 2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Келісімде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) инвестициялар – лизинг шартын жасасқан кезден бастап қаржы лизингi нысанасын, сондай-ақ оларға құқықтарды қоса алғанда, заңды тұлғаның жарғылық капиталына немесе ұзақ мерзімді активтерді ұлғайтуға, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын, оның ішінде концессиялық жобаны іске асыру үшін инвестор салатын мүлiктiң барлық түрлерi (жеке тұтынуға арналған тауарлардан басқа);
2) инвестициялық міндеттемелер – инвестордың капиталдандырылатын кейінгі шығыстарды және (немесе) жаңа ұзақ мерзімді активтерді сатып алуға, өндіруге, салуға арналған шығыстарды қаржыландыру, сондай-ақ халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес ұзақ мерзімді активтердің құнын ұлғайтатын басқа да шығындарды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелері;
3) инвестициялық жоба – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын, оның ішінде концессиялық жобаны іске асыру барысында құрылған, кеңейтілген және (немесе) жаңартылған өндірістерді қоса алғанда, жаңа өндірістер құруға, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге және (немесе) жаңартуға инвестицияларды, сондай-ақ басым туристік аумақтарда туристің қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын объектілерді құруға инвестицияларды көздейтiн iс-шаралар кешенi;
4) салық заңнамасының тұрақтылығы – Салық кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының салық заңнамасы өзгерген кездегі тұрақтылық кепілі.
2. Осы келісімнің 3-тарамағының ережелерін ескере отырып, инвестордың сегіз жыл бойы _______ теңге мөлшеріндегі инвестициялық міндеттемелерді жүзеге асыруы келісімнің нысанасы болып табылады.
Осы келісімді жасасқан инвесторға Кәсіпкерлік кодексінің 283-2-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беріледі.
3. Инвестициялар капиталдандырылатын кейінгі шығыстарды және (немесе) ұзақ мерзімді жаңа активтерді сатып алуға, өндіруге, салуға арналған шығыстарды қаржыландыруды, сондай-ақ халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес ұзақ мерзімді активтердің құнын ұлғайтатын басқа да шығындарды қаржыландыруды (бұдан әрі – инвестициялар) қамтиды.";
19-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"19. Келісім жасалғаннан кейін инвестор осы келісімнің орындалуы туралы жылдық есепті инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабына сәйкес бекіткен нысан бойынша инвестициялар салу графигі бойынша инвестициялық міндеттемелерді бөліп, міндеттемелердің орындалуын растайтын құжаттардың жиынтық тізілімін қоса бере отырып, инвестициялар салу графигіне сәйкес есепті жылдан кейінгі жылдың жиырма бесінші ақпанынан кешіктірмей ұсынады.";
инвестициялық міндеттемелер туралы келісімнің үлгілік нысанына 2-қосымша алып тасталсын.
2. Осы қаулының алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-тармағының он тоғызыншы абзацын қоспағанда, осы қаулы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
