Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті, Тәжікстан Республикасының Үкіметі, Түрікменстан Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы жоғары білім туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Беделбайұлы Көшербаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті, Тәжікстан Республикасының Үкіметі, Түрікменстан Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы жоғары білім туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 12 қарашадағы № 963 қаулысымен мақұлданған Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі,Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті, Тәжікстан Республикасының Үкіметі, Түрікменстан Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы жоғары білім туралы құжаттарды өзара тану туралы келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті, Тәжікстан Республикасының Үкіметі, Түрікменстан Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі елдер арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық пен алмасуды дамытуға ұмтыла отырып, төмендегілер туралы келісті.
Тараптар ұлттық заңнамада белгіленген тәртіппен Тараптар мемлекеттерінің аккредиттелген жоғары білім беру ұйымдары берген жоғары білім беру ұйымын бітіргені туралы құжаттарды (бұдан әрі – дипломдар) таниды.
Егер Тараптар мемлекеттерінде алынған жоғары білім туралы құжаттармен расталған біліктілік жоғары білім беру жүйесіне қойылатын жалпы талаптарға сәйкес келетін болса, Тараптар өздерінің жоғары білім беру жүйелерінде сапаны қамтамасыз ету мақсатында осы құжаттарды таниды. Жоғары білім беру жүйесіне қойылатын талаптар арасындағы айтарлықтай айырмашылықтар дәлелденген жағдайда ғана құжатты танудан бас тартуға жол беріледі.
Дипломдарды тану осы Келісімнің 2 және 3-баптарында көрсетілген тәртіппен жүзеге асырылады.
Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің құзыретті органдарын тағайындайды және бұл туралы депозитарийге хабарлайды, ол өз кезегінде бұл туралы барлық Тараптарды хабардар етеді.
Өз мемлекетінің құзыретті органының атауы, құрылымы немесе өкілеттіктері өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы депозитарийге дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабарлайды.
Өзбекстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан және Тәжікстан Республикасы Тараптар мемлекеттеріндегі жоғары оқу орындары берген дипломдарды оларда көрсетілген даярлық бағыттарына, мамандықтар мен біліктіліктерге сәйкес кәсіптік қызметті жүзеге асыруға, тағылымдамадан өтуге және оқуды жалғастыруға құқық беретін құжаттар ретінде таниды.
Қазақстан Республикасы Тараптар мемлекеттерінің Quacquarelli Symonds World University Rankings (QS), Times Higher Education (THE) және Academic Ranking of World Universities (ARWU) әлемдік рейтингтер бойынша үздік-1000 құрамына кіретін жоғары оқу орындары берген дипломдарды оларда көрсетілген даярлық бағыттарына, мамандықтар мен біліктіліктерге сәйкес кәсіптік қызметті жүзеге асыруға, тағылымдамадан өтуге және оқуды жалғастыруға құқық беретін құжаттар ретінде таниды.
Дипломдарды тану Тараптар мемлекеттері азаматтарының өтініштері негізінде жүзеге асырылады.
Бұл жағдайда өтініш беруші білім туралы құжаттарды тану мүмкіндігін қарастыратын Тарап мемлекетінің заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келетін дипломдарды ұсынады.
Білім мен біліктілікті тану олардың иелерін Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделген талаптарды орындау міндетінен босатпайды.
Мынадай:
– құжаттар белгіленген нысанда ұсынылмаған, сондай-ақ куәландырылған көшірмелер берілмеген;
– дипломға қосымша болмаған;
– оқу бағдарламасы, мерзімі немесе нәтижелері туралы деректерге қатысты сәйкессіздік немесе қарама-қайшылықтар анықталған;
– дипломның төлнұсқалығы оны берген жоғары оқу орны тарапынан расталмаған жағдайларда білім туралы дипломдарды танудан бас тартылуы мүмкін.
Осы Келісімді іске асыру үшін Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары Тараптардың бірінің сұрау салуы бойынша қажетті ақпарат беруді қамтамасыз етеді.
Тараптар білім беру саласындағы ұлттық заңнамадағы өзгерістер мен Тараптар мемлекеттері аумағындағы білім беру жүйесіне байланысты басқа да мәселелер жөнінде бірін-бірі уақтылы хабардар етіп тұрады.
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалар түрінде ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Осы Келісімнің ережелерін талқылау немесе қолдану барысында келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар мен келіссөздер арқылы шешеді.
Тараптар өз мемлекеттерінің құзыретті органдары арқылы Тараптардың бірінің сұрау салуы бойынша жоғары оқу орындары түлектерінің құжаттары туралы өзара ақпарат алмасуды жүзеге асырады. Көрсетілген ақпарат осы Келісімді іске асыру мақсаттары үшін ғана беріледі және екінші Тараптың алдын ала келісімінсіз үшінші тұлғаларға берілмейді.
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнен шығу туралы жазбаша хабарламаны депозитарийге жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады. Бұл жағдайда мұндай Тарапқа қатысты осы Келісімнің қолданысы депозитарий мұндай хабарламаны алған күннен бастап 6 ай өткен соң тоқтатылады.
Осы Келісімнің қолданысын тоқтату оның қолданылу кезеңінде танылған дипломдардың танылуын тоқтата тұруға алып келмейді.
Осы Келісімнің депозитарийі Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі болып табылады.
Депозитарий әрбір Тарапқа осы Келісімнің куәландырылған көшірмесін дипломатиялық арналар арқылы жібереді.
2025 жылғы "___" _________ Ташкент қаласында қазақ, қырғыз, тәжік, түрікмен, өзбек және орыс тілдерінде бір төлнұсқада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
|
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін |
Қырғыз РеспубликасыныңМинистрлер Кабинеті үшінТүрікменстан Үкіметі үшін |
|
Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін |
