Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 3 қыркүйектегі № 715 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Дәурен Жұматайұлы Қосановқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістермен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 3 қыркүйектегі
№ 715 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі

      Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормаларына бейілді екенін растай отырып,

      1998 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы шартты, 2013 жылғы 14 маусымдағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты, 2017 жылғы 16 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық туралы келісімді, сондай-ақ 2022 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты басшылыққа ала отырып,

      бірлескен әскери оқу-жаттығуларға дайындалу мен өткізудің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындауға ниет білдіре отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

      1-бап

      Мақсаттар

      Осы Келісімнің мақсаттары әскери оқу-жаттығуларға дайындалу мен өткізудің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін белгілеу, сондай-ақ оларды өткізу уақытында Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары бөлімшелерінің міндеттемелерін айқындау болып табылады.

      Әскери оқу-жаттығуларға дайындалу кезінде және өткізу барысында аумағында әскери оқу-жаттығулар өткізілетін Тарап мемлекетінің заңнамасын сақтау қажет.

      2-бап

      Анықтамалар

      Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер мынаны білдіреді:

      жіберуші Тарап – әскери оқу-жаттығуларға қатысу үшін қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағына өзінің бөлімшесі мен жылжымалы мүлкін жіберетін Тарап;

      қабылдаушы Тарап – өз мемлекетінің аумағындағы әскери оқу-жаттығуларға қатысу үшін жіберуші Тараптың бөлімшесі мен жылжымалы мүлкін қабылдайтын Тарап;

      бөлімше – әскери оқу-жаттығуларға қатысатын Тараптар әскери құралымдарының жеке құрамы;

      Әскери оқу-жаттығуларды басқару жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) – әскери оқу-жаттығуларға дайындалу мен өткізуді қамтамасыз ету үшін тартылатын (тағайындалатын) Тараптар мемлекеттері уәкілетті органдарының әртүрлі бейіндегі сарапшыларынан тұратын құрам;

      уәкілетті органдар – құзыретіне осы Келісімге сәйкес мәселелерді шешу кіретін Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында айқындалған органдар;

      жылжымалы мүлік – жіберуші Тараптың меншігі болып табылатын қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағына уақытша әкелуге және пайдалануға рұқсат етілген, әскери оқу-жаттығулар өткізу кезеңінде қажет болатын қару-жарақ пен әскери техника, әуе кемелері, оқ-дәрілер мен имитациялау құралдары (бос патрондар, түтіндеткіш құты, шу шығаратын, жарықтандыратын гранаталар және т.б.), азық-түлік, медициналық мүлік, сондай-ақ басқа да материалдық-техникалық мүлік пен шығыс материалы;

      жылжымайтын мүлік – қабылдаушы Тараптың меншігі болып табылатын, қабылдаушы Тараптың келісімімен жіберуші Тараптың бөлімшелеріне уақытша пайдалануға берілген жер учаскелері, темір жолдар, автомобиль жолдары, оқу-жаттығу орталықтары мен полигондары, әуеайлақтар мен орналасу пункттері және оларда орналасқан құрылыстар мен құрылысжайлар, радиотехникалық және навигациялық қамтамасыз ету құралдары, сондай-ақ басқа да инфрақұрылым объектілері;

      оқу-жаттығулар өткізілетін аудан – қабылдаушы Тарап әскери оқу-жаттығулар өткізу үшін бөлген аумақ, сондай-ақ оның үстіндегі әуе кеңістігі;

      бөлімшені орналастыру орны – әскери оқу-жаттығулар өткізу кезеңінде жіберуші Тарап бөлімшесінің уақытша болуы үшін қабылдаушы Тарап бөлген аумақ;

      залал – қайтыс болу, дене жарақаты және денсаулыққа өзге де зақым келтіру (мертігу), сондай-ақ жылжымалы және (немесе) жылжымайтын мүліктің жойылуы, бүлінуі немесе жоғалуы;

      қозғалыс маршруттары – қабылдаушы Тарап бөлген және
елдi мекендерге, стратегиялық объектiлерге кірмейтін жіберуші Тарап бөлімшесінің, оның жылжымалы мүлкінің қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағы арқылы оқу-жаттығулар өткізілетін аудандағы орналасу орындарына, сондай-ақ жіберуші Тарап мемлекетінің аумағына қайту кезіндегі әуе (осы Келісімге 3-қосымшаға сәйкес) және жерүсті жүру жолдары;

      Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункті (бұдан әрі – өткізу пункті) – 2001 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге сәйкес мемлекеттік шекараны кесіп өтетін адамдарға және көлік құралдарына қатысты бақылау рәсімдері және оларды Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын халықаралық қатынас үшін ашық шекара маңы теміржол станциялары мен автомобиль жолдарының, өзен порттарының, әуежайлардың (әуеайлақтардың) арнайы жабдықталған аумағы (оның бір бөлігі).

      3-бап

      Құзыретті органдар

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі құзыретті органдар:

      Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;

      Өзбекстан тарапынан – Өзбекстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып табылады.

      Құзыретті органдардың атауы немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы дереу немесе отыз күн мерзімде дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар етеді.

      4-бап

      Тараптардың консультациялары

      Тараптар екіжақты консультация барысында әскери оқу-жаттығулар өткізуге және дайындалуға байланысты мәселелерді, оның ішінде:

      әскери оқу-жаттығулардың мақсаттарын, міндеттерін, өткізу мерзімін, кезең бойынша пысықталатын оқу-жаттығу мәселелерін және Тараптар бөлімшелерінің іс жүзінде (жауынгерлік) әрекет етуін істе көрсету жоспарын;

      оқу-жаттығуларға тартылатын бөлімшелердің құрамы мен санын, олардың жылжымалы мүлкінің тізбесін;

      киім нысанын және атыс қаруын алып жүруді;

      әскери оқу-жаттығулар өткізу аудандары мен бөлімшелердің орналасу орындарын;

      бөлімшелер орналасқан орындарды күзету тәртібін;

      әскери оқу-жаттығуларға дайындалу жөніндегі бірлескен іс-шараларды және оларды өткізу мерзімін;

      Комиссияның жұмысын ұйымдастыру орны мен тәртібін;

      оқу-жаттығу аудандарында бөлімшелерді шоғырландыру тәртібін;

      Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерін және оны жіберуші Тарап бөлімшесінің кесіп өту уақытын;

      жіберуші Тарап бөлімшесінің қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағы арқылы және оқу-жаттығулар ауданындағы қозғалыс маршруттарын, тәртібі мен шарттарын;

      әскери оқу-жаттығуларға қатысатын немесе жіберуші Тараптың бөлімшесін жеткізетін әуе кемелерін қабылдау, авиациялық техниканың тұрағы, оны күзету және әуе айлақтық-техникалық қамтамасыз ету тәртібін;

      жіберуші Тарап бөлімшесіне қажетті жылжымайтын мүлікті беру, материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету, коммуналдық-тұрмыстық қызмет көрсету көлемін, тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ ақылы және өтеусіз негізде қызметтер көрсетуге байланысты мәселелерді;

      әскери оқу-жаттығуларды бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуді;

      ақпаратты қорғауды қамтамасыз етуді, сондай-ақ әскери оқу-жаттығуларға дайындалу және өткізу барысында Комиссия жұмысының (қызметінің) құпиялылығы мәселелерін келіседі.

      Тараптар Комиссия жұмысының (қызметінің) әдістемесін, бөлімшелердің әрекет ету тактикасын ашатын ақпаратты, сондай-ақ таратуға тыйым салынған оқу-жаттығулар туралы өзге де ақпаратты таратпауға міндеттенеді.

      Консультацияның қорытындысы Әскери оқу-жаттығуларды басқару жөніндегі комиссияның тең төрағалары қол қоятын хаттамалармен ресімделеді.

      5-бап

      Шекаралық және кедендік рәсімдер

      Тараптар әскери оқу-жаттығуларға дайындалу және өткізу кезеңінде Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Мемлекеттік шекараны кесіп өтудің жеңілдетілген рәсімін қолданады.

      Жіберуші және қабылдаушы Тарап мемлекеттерінің Мемлекеттік шекарасын кесіп өту 2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге сәйкес құжаттар бойынша жүзеге асырылады.

      Жіберуші Тарап бөлімшесі қабылдаушы Тарап мемлекетінің Мемлекеттік шекарасын болу мақсаты мен мерзімін көрсете отырып, өзара келісілген өткізу пункттерінде кесіп өтеді.

      Жіберуші Тарап қабылдаушы Тарап мемлекетінің Мемлекеттік шекарасын кесіп өткенге дейін кемінде 45 (қырық бес) тәулік бұрын оларды қабылдаушы Тарап мемлекетінің құзыретті органдарымен алдын ала келісу үшін қабылдаушы Тарап мемлекетінің уәкілетті органдарына бөлімшенің атаулы тізімін және жылжымалы мүлкінің тізбесін ұсынады.

      Бөлімшенің атаулы тізімі мен жылжымалы мүлкінің тізбесі осы Келісімге 1 және 2-қосымшаларға сәйкес жасалады.

      Бөлімшенің жеке пайдалануға арналған заттарын, сондай-ақ валютадағы қаражатын мемлекеттік шекара арқылы әкелу/әкету аумағында әскери оқу-жаттығулар өткізілетін мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Кеден органдары жылжымалы мүлiктi кедендiк ресiмдеудi (кедендiк операциялар жасауды) және кедендiк бақылауды кедендiк бажды, салық пен алымды алмай, сондай-ақ жылжымалы мүлiк тiзбесі негiзінде тыйым салу мен шектеудi қолданбай, жеңілдетілген тәртiппен жүзеге асырады.

      Кеден органдары өз мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес бөлімшенің өзін және багажын жете тексередi және жылжымалы мүлiк тiзбесiне енгiзiлген заттарды (мүлiктi) қоспағанда, әкелуге және әкетуге тыйым салынған немесе шектеу қойылған заттарды алып қоюы мүмкін.

      6-бап

      Жеткізуді ұйымдастыру

      Бөлімшені жеткізуге тартылған әуе кемелерін, сондай-ақ оқу-жаттығулар өткізуге тартылған әуе кемелерін аэронавигациялық қамтамасыз ету, қабылдау, оларға әуе айлақтық-техникалық қызмет көрсету және күзету 2019 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Қорғаныс министрлігі арасындағы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің және Өзбекстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери әуе айлақтарында әскери әуе кемелерін қабылдауды, әуе айлақтық-техникалық қамтамасыз етуді және күзетуді ұйымдастыру туралы келісімге сәйкес ұсынылады.

      Бөлімшелер бір Тарап мемлекетінің аумағы арқылы оқу-жаттығулар өткізілетін аудандағы орналасу орындарына қозғалғанда, сондай-ақ өз мемлекетінің аумағына қайту кезінде барлауға және қадағалауға арналған тиісті әскери мақсаттағы құралдарды пайдаланбайды.

      Бөлімшені және оның жылжымалы мүлкін автомобиль және теміржол көлігімен жеткізуді ұйымдастыру Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Әскери оқу-жаттығуларға дайындалу және өткізу кезеңінде Тараптар көлік құралын жүргізуге емтихан өткізбей және алым алмай, ұлттық жүргізуші куәлігін өзара таниды. Бұл ретте әскери оқу-жаттығуларға қатысатын автокөлік құралы жүргізушілерінің өзімен бірге ұлттық жүргізуші куәлігі болуға тиіс.

      Қабылдаушы Тараптың уәкiлеттi органы белгiлі бір кiру/шығу пунктiнде (пункттерінде) жіберуші Тараптың бөлiмшесiн қарсы алуды және оның кетуiн, сондай-ақ өз мемлекетiнiң аумағында бірге жүрудi ұйымдастырады.

      Әрбір Тарап өз бөлімшесін, сондай-ақ оның жылжымалы мүлкiн халықаралық жеткізу бойынша шығысты дербес көтередi.

      7-бап

      Медициналық қызмет көрсету

      Тараптардың әрқайсысы жазатайым оқиға, жарақаттану, улану және олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін басқа да жағдай мен науқастану кезінде олардың бөлімшенің әскери қызметшілеріне және (немесе) өкілдеріне медициналық көмек көрсеткенге дейін алғашқы көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.

      Пациенттің өміріне қауіп төндіретін (шұғыл түрде) не пациенттің өміріне қауіп төндіретін айқын белгілерсіз (жедел түрде) кенеттен қатты науқастану кезінде, жазатайым оқиға, жарақаттану, улану, созылмалы аурулардың өршуі кезінде жеке құрамға жедел медициналық көмекті қабылдаушы Тараптың медициналық денсаулық сақтау ұйымдары (мекемелері) өміріне төнген қауіп жойылған және медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымның дәрігерлер комиссиясы (консилиумы) жіберуші Тарап мемлекетінің аумағына эвакуациялау мүмкіндігін белгілеген кезге дейін кедергісіз, тегін және толық көлемде көрсетеді.

      Жіберуші Тарап бөлімшесінің әскери қызметшілеріне және (немесе) өкілдеріне қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында жоспарлы медициналық көмек жіберуші Тараптың қаражаты есебінен көрсетіледі.

      Қабылдаушы Тарап науқастар мен жаралыларды жіберуші Тарап мемлекетінің мемлекеттік шекарасына немесе Тараптар келіскен пунктке эвакуациялауды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.

      Қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында жіберуші Тарап мемлекеті бөлімшесінің әскери қызметшісі және (немесе) өкілі қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда қабылдаушы Тарап бұл туралы жіберуші Тарапты хабардар етуге міндетті. Жіберуші Тарап мемлекеті әскери қызметшісінің және (немесе) өкілінің қайтыс болғаны туралы фактіні анықтау қабылдаушы Тарап мемлекетінің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      8-бап

      Заңнама нормаларын қолдану

      Тараптар жіберуші және қабылдаушы Тарап бөлімшесінің әскери қызметшілеріне (өкілдеріне) қатысты юрисдикция мәселелерінде мынадай қағидаттарды басшылыққа алады:

      жіберуші Тарапқа және жіберуші Тараптың басқа да әскери қызметшілеріне (өкілдеріне) қарсы, сондай-ақ қызметтік міндеттерін орындау кезінде қылмыс жасалған жағдайда жіберуші Тарап мемлекетінің юрисдикциясы жүзеге асырылады;

      қабылдаушы Тарапқа және қабылдаушы Тараптың басқа да әскери қызметшілеріне (өкілдеріне) қарсы, сондай-ақ қызметтік міндеттерін орындау кезінде қылмыс жасалған жағдайда қабылдаушы Тарап мемлекетінің юрисдикциясы жүзеге асырылады.

      Жіберуші Тарап Тараптардың бөлімшелері орналасқан жерде анықталмаған адам өзіне және (немесе) оның бөлімшесіне қарсы қылмыс жасаған жағдайда тергеуге дейінгі тексеруді жүзеге асыра алады. Қылмыс жасаған адам анықталған кезде осы Келісімде айқындалған тәртіп қолданылады.

      Құзыретті органдар бір-бірімен тікелей өзара іс-қимыл жасайды және тергеп-тексеру жүргізуде, қылмыспен байланысты дәлелдемелерді жинау мен ұсынуда, қылмыс жасауда күдік келтірілген немесе айыпталған әскери қызметшінің тұрған жерін анықтауда (іздеуде), ұстауда және қамаққа алуда (қамауға алуда) бір-біріне жәрдемдеседі.

      Тараптар бөлімшенің әскери қызметшісінің ұсталғаны туралы бір-бірін дереу хабардар етеді.

      Қылмыс жасауға күдіктіні (әскери қызметшіні) ұстау, қамаққа алу (қамауға алу), басқа да процестік әрекеттерді жүргізу, сондай-ақ беру немесе құқықтық көмек көрсету кезінде Тараптар екіжақты халықаралық шарттарды және өз мемлекеттерінің заңнамасын басшылыққа алады.

      Жiберуші Тарап бөлімшесінің әскери қызметшісіне қатысты қабылдаушы Тарап қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын әрбiр жағдайда жіберуші Тараптың тергеп-тексеру барысында және сот процесіне өз өкiлiн қатыстыруға құқығы бар.

      Сонымен қатар, қудаланатын адам:

      өз таңдауы бойынша адвокаттың көмегіне немесе адвокаттың тегін көмегіне;

      қорғаушыға (адвокатқа) және кездесу саны мен ұзақтығын шектемей, онымен жеке кездесуге, сондай-ақ онымен процестік әрекеттерге қатысуға;

      жіберуші Тараптың өкілімен байланыста болуға;

      қылмыстық қудалау басталған кезден бастап өзіне қарсы нақты тағылған айып туралы ақпарат алуға;

      адвокатқа не жақын туысына қамауға алу және болатын орны туралы телефон қоңырауына немесе хабарламаға;

      ұсталғаннан кейін жиырма төрт сағаттан кешіктірмей жауап алуды талап етуге;

      өзіне қарсы тағылған күдік және істің кез келген өзге де мән-жайы туралы айғақ беруге не айғақтар беруден бас тартуға және оның айғақтары өзіне қарсы қылмыстық іс бойынша дәлелдеме ретінде пайдаланылуы мүмкін екені туралы хабарлауға;

      ана тілін және аудармашының көрсетілетін қызметін пайдалануға;

      қорғалуға жеке өз құқығын жүзеге асыруға;

      өтінішті және бас тартуды мәлімдеуге;

      дәлелдеме ұсынуға;

      анықтаушының немесе тергеушінің рұқсатымен тергеу әрекеттеріне қатысуға;

      анықтау немесе алдын ала тергеу аяқталғаннан кейін iстiң барлық материалымен танысуға және одан қажеттi мәлiметтердi жазып алуға, өз қаражаты есебiнен техникалық құралдардың көмегімен материал мен құжаттардың көшiрмесiн алуға немесе оларда қамтылған ақпаратты өзге түрде тіркеуге;

      сот талқылауын өткізуді талап етуге;

      бірінші, апелляциялық, кассациялық сатыдағы істер бойынша сот отырыстарына қатысуға;

      сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертулер беруге;

      іс бойынша келтірілген шағымдар, наразылық туралы мәліметтерді алуға және оларға қарсылық білдіруге;

      анықтаушының, тергеушінің, прокурордың және соттың әрекеттері мен шешімдеріне шағымдар беруге құқылы.

      Тараптар өз бөлiмшелерiнiң әскери қызметшiлерi жасаған қылмыс туралы қылмыстық iстердi іс жүргізуге беру немесе қабылдау туралы өтiнiшпен бiр-бiрiне жүгіне алады. Мұндай өтініштер дереу қаралады.

      Құзыретті органдар екіжақты халықаралық шарттарға және өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес барлық қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру және сот талқылауы нәтижесі туралы бір-бірін хабардар етеді.

      9-бап

      Залалды өтеу

      Тараптар бөлiмшелердің әскери қызметшілері өз қызметтiк мiндеттерiн орындаған кезде келтiрген залалға қатысты талап қоюдан бас тартады.

      Бөлімшелердің әскери қызметшілері өз қызметтік міндеттерін орындамаған кезде келтірген залалды өтеу тәртібі құзыретті органдар арасындағы жекелеген уағдаластық арқылы айқындалады. Егер залалды өтеу мәселесі уағдаластық арқылы шешілмесе, қабылдаушы Тарап оны өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес қарауға құқылы.

      Жіберуші Тарап бөлімшесі қабылдаушы Тараптың жеке немесе заңды тұлғаларына (азаматтарына) келтірген залалды өтеу тәртібі құзыретті органдар арасындағы жекелеген уағдаластық арқылы айқындалады. Егер залалды өтеу мәселесі осындай уағдаластық арқылы шешілмесе, қабылдаушы Тарап оны өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес қарауға құқылы.

      Егер Тараптар осы баптың екінші және үшінші абзацтарына сәйкес келтiрiлген залал үшiн жауапты болса, ал жауаптылық дәрежесiн айқындау мүмкiн болмаса, онда залалды өтеу Тараптар арасында тең бөлiнедi.

      10-бап

      Қайтыс болған жағдайда әрекет ету тәртібі

      Жіберуші Тарап бөлімшесінің әскери қызметшісі қайтыс болған жағдайда қабылдаушы Тарап дереу хабардар етіледі. Қабылдаушы Тараптың дәрігері қайтыс болғаны туралы қорытынды шығарады.

      Қажет болған кезде мәйітті ашу қабылдаушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес орындалады. Бұл жағдайда жіберуші Тарап мәйітті ашуға қатысу үшін дәрігерді тағайындай алады, оның уақыты мен орнын қабылдаушы Тарап мемлекетінің құзыретті органы айқындайды.

      Жіберуші Тарап мемлекетіне мәйітті жеткізу қабылдаушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес жіберуші Тарап есебінен жүзеге асырылады.

      11-бап

      Тылдық қамтамасыз ету және қаржыландыру

      Оқу-жаттығулар мен оқу-жаттығуларға дайындық Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

      Қабылдаушы Тарап жіберуші Тарап бөлімшесінің әскери қызметшілерін өз бөлімшесін қамтамасыз ететіндей сапада тамақтандырады және орналастырады.

      Жiберушi Тараптың сұрау салуы бойынша қабылдаушы Тарап әскери оқу-жаттығулар кезеңiнде қаруды, материалдық құралдарды, жабдық пен
оқ-дәрiлердi өтеусiз бередi.

      Жіберуші Тарап бөлімшесі әскери қызметшілерінің қаруды қойылған міндеттерді орындау кезінде тек әскери оқу-жаттығулар өткізілетін ауданда алып жүруіне жол беріледі.

      Жіберуші Тарап қабылдаушы Тарапты қарудың, материалдық құралдардың, жабдық пен оқ-дәрілердің жоғалу жағдайы туралы дереу хабардар етеді.

      Жiберушi Тарап бөлiмшесi әскери оқу-жаттығулар өткiзiлетiн ауданнан тыс жерде орын ауыстырған кезде күзету функцияларын қабылдаушы Тарап жүзеге асырады.

      Жіберуші Тарап бөлімшесіне қабылдаушы Тараппен келісу бойынша қажет болған кезде қабылдау-беру жабдығын орнатуды, оның ішінде қажетті радиожиілікті пайдалануды қоса алғанда, меншікті телекоммуникациялық жүйені ақылы негізде де, өтеусіз негізде де пайдалануға рұқсат етіледі.

      Жіберуші Тарап бөлімшесі қабылдаушы Тараппен келісу бойынша әскери оқу-жаттығулар өткізілетін ауданмен жедел байланысты қамтамасыз ету үшін өтеусіз негізде не анағұрлым жеңілдікті тариф бойынша әскери байланыс желісіне (телефон, телеграф, факсимильді байланыс) қосыла алады.

      Тараптар осы Келісім шеңберінде өтеусіз негізде ұсынылмайтын тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу шарттарын келіседі.

      12-бап

      Ақпаратты қорғау

      Құпия ақпаратты беру және қорғау 2006 жылғы 4 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады.

      Тараптар әскери оқу-жаттығулар барысында алынған ақпаратты бір-бірінің мүддесіне нұқсан келтіретіндей пайдаланбайды.

      13-бап

      Дауларды шешу

      Осы Келісімді түсіндіру және қолдану бойынша даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер мен консультациялар арқылы шешеді.

      14-бап

      Өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің 16-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

      15-бап

      Басқа халықаралық шарттармен арақатынасы

      Осы Келісім Тараптардың өз мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

      16-бап

      Күшіне енуі, қолданылу мерзімі және оның тоқтатылуы

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың ешқайсысы ағымдағы бес жылдық кезең аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын оның қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тарапты жазбаша хабардар етпесе, автоматты түрде келесі бес жылдық кезеңге ұзартылады.

      Осы Келісімнің қолданысын тоқтату әскери оқу-жаттығуларға байланысты Тараптар арасында туындайтын кез келген дауларды шешуге ықпал етпейді.

      Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда осы Келісім шеңберінде қабылданған міндеттемелер олар толық аяқталғанға дейін күшінде қалады.

      2025 жылғы "___"_______ ____________қаласында бірдей күші бар екі данада, әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде жасалды.

      Осы Келісімді түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Өзбекстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін

  Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Өзбекстан
Республикасының Үкіметі
арасындағы бірлескен әскери
оқу-жаттығулар өткізу туралы
келісімге 1-қосымша

      бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу үшін

      _______________________________________________________________

      (мемлекет атауы)

      аумағына жіберілетін (аумақ арқылы транзитпен өтетін)

      жеке құрамының

      __________________________________________________________________

      (бөлімше атауы)

атаулы тізімі

      Кіретін күні ____________

      Шығатын күні ___________


Р/с

Тегі, аты, әкесінің аты

Жынысы

Туған күні

Әскери
атағы

Лауазымы

Жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, сериясы және нөмірі

1













17







      Жеке құрамның атаулы тізіміне жіберуші Тараптың уәкілетті органы қол қояды және мөрімен бекітеді.

  Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Өзбекстан
Республикасының Үкіметі
арасындағы бірлескен әскери
оқу-жаттығулар өткізу туралы
келісімге 2-қосымша

      Бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу үшін

      ______________________________________________________

      (мемлекет атауы)

      аумағына жіберілетін (аумақ арқылы транзитпен өтетін)

      ________________________________________________________________

      (бөлімше атауы)

жылжымалы мүлік тізбесі

      Әкелген күні ___________

      Әкеткен күні __________ 

Р/с

Жылжымалы мүлік атауы
 

Өлшем бірлігі
 

Саны

I. Уақытша әкелінетін мүлік

Қару-жарақпен әскери техника

1.


бірл.






Әуе кемелері

1.


бірл.






Әскери корабльдер және басқа да жүзу құралдары

1.


бірл.


Арнайы құралдар

1.


бірл.






Басқа материалдық-техникалық мүлік

1.


бірл.






II. Оқу-жаттығу барысында пайдаланылатын шығыс материалдары

Оқ-дәрілер

1.


дана


Имитациялау құралдары

1.


дана






Азық-түлік

1.








Жанар-жағармай материалы

1.








Басқа да шығыс материалдары





      Жылжымалы мүлік тізбесіне жіберуші Тараптың уәкілетті органы қол қояды және мөрімен бекітеді.

  Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Өзбекстан
Республикасының Үкіметі
арасындағы бірлескен әскери
оқу-жаттығулар өткізу туралы
келісімге 3-қосымша

Аэронавигациялық нүктелер

Міндетті есептеу пункттері

Солтүстік ендік

Шығыс бойлық
 

TULGA

41 53.8

70 12.1

LANOL

41 11.6

68 55.1

OSBOR

41 00.9

68 31.0

OKESO

41 10.9

67 36.1

GILAT

41 57.1

66 00.0

BORIS

42 51.5

66 05.6

MIMRI

43 38.1

63 48.4

BOLNA

43 37.2

62 58.2

AKALI

44 08.5

61 19.6

KORAG

43 51.6

56 00.0

RODRO

41 14.6

69 00.6

ABGEN

40 57.7

68 42.8

OGRIР

40 54.9

68 05.0

OGOLI

41 28.0

66 36.5

ATRAN

42 23.4

66 05.4

ADAZA

43 43.1

64 53.4

DIDOP

43 39.7

63 30.5

TIGTA

43 27.5

62 04.8

KURAB

44 23.2

61 03.7

KUNAS

43 09.4

56 00.0


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады