ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулы 31.12.2027 дейін қолданылады.
Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 170-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Блоктық бюджеттеуді іске асыру (ендіру) қағидалары;
2) блоктық бюджеттеуге қатысатын мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың тізбесі бекітілсін.
2. "Пилоттық жоба шеңберінде блоктық бюджетті енгізу, оның жұмыс істеу қағидаларын бекіту және блоктық бюджетті пайдаланатын мемлекеттік органдар тізбесін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 18 қыркүйектегі № 761 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2027 жылғы 31 желтоқсанды қамтитын мерзімге дейін қолданылады.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 8 тамыздағы № 602 қаулысымен бекітілген |
Блоктық бюджеттеуді іске асыру (ендіру) қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Блоктық бюджеттеуді іске асыру (ендіру) қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің (бұдан әрі – Бюджет кодексі) 170-бабына сәйкес әзірленді және осы қаулымен бекітілген тізбеге (бұдан әрі – тізбе) сәйкес пилоттық жоба шеңберінде блоктық бюджеттеуге (бұдан әрі – пилоттық жоба) қатысатын мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар үшін блоктық бюджеттеуді іске асырудың (ендірудің) бюджеттік рәсімдерінің тәртібін айқындайды.
2. Пилоттық жобаға қатысатын бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне қатысты 2025 – 2027 жылдарға арналған бюджеттерді қалыптастыру және атқару осы Қағидалардың ережелерін ескере отырып жүзеге асырылады.
3. Блоктық бюджеттің бюджеттік рәсімдерін бұзған кінәлі тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілік жүктеледі.
4. Жергілікті бюджеттер деңгейінде пилоттық жоба облыстық бюджет деңгейінде жүзеге асырылады.
Пилоттық жобаға кейіннен алмасу құқығынсыз қатысу үшін облыстық бюджеттің жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерін тиісті облыс әкімі айқындайды.
2-тарау. Пилоттық жобаға қатысушылар
5. Пилоттық жобаға қатысушылар:
1) тізбеге сәйкес орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар;
2) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган;
3) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган;
4) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган;
5) бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган;
6) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган;
7) мемлекеттік қазынашылық органы.
3-тарау. Блоктық бюджеттеу ерекшеліктері
6. Пилоттық жобаға қатысатын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне қатысты үш жылдық кезеңге арналған тұрақты шығыстар лимиттері белгіленіп, ол соңғы үш есептік қаржы жылындағы шығыстар және тегістелген жалпы ішкі өнімнің (тегістелген жалпы өңірлік өнімнің) деңгейіне жыл сайынғы индекстеу және ағымдағы қаржы жылы және жоспарлы бір жылы бекітілген (нақтыланған) бюджетте көзделген шығыстар ескеріліп айқындалған тиісті бюджет шығыстарының орташа жылдық көлемінің пайызы жылдар бойынша бөлінеді.
Елдің тегістелген жалпы ішкі өнімі (бұдан әрі – тегістелген ЖІӨ) – соңғы үш есептік қаржы жылындағы, сондай-ақ ағымдағы және жоспарланатын жылғы орташа мән.
Тегістелген жалпы өңірлік өнім (бұдан әрі – тегістелген ЖӨӨ) – соңғы үш есепті қаржы жылындағы, сондай-ақ ағымдағы және жоспарланатын жылғы орташа мән.
Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi шығыстарының лимиттері мына формула бойынша есептеледі:
1) ТЖІӨ = (ЖІӨ1+…+ ЖІӨ5)/5
2) ОМ ∑жж = (∑1+…+∑4) /4
3) ШҮ % = (ОМ ∑жж * 100%)/ ТЖІӨ
4) ББӘ-нің лимиті = ЖІӨ жк*ШҮ %.
Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:
ТЖІӨ – тегістелген ЖІӨ;
ЖІӨ 1, 2, 3 – үш есепті жылдағы ЖІӨ;
ЖІӨ 4 – ағымдағы қаржы жылындағы ЖІӨ;
ЖІӨ 5 – бір жоспарлы жылғы ЖІӨ;
ОМ ∑жж – бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шығыстар көлемінің орташа мәні;
∑1, 2 … – есептік үш қаржы жылындағы және ағымдағы қаржы жылындағы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шығыстарының көлемі;
ШҮ % – бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шығыстар лимитінің үлесі;
ББӘ лимиті – бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің лимиті;
ЖІӨ жк – жоспарлы кезеңдегі ЖІӨ.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшісі шығыстарының лимиттерін есептеген кезде:
республикалық бюджет деңгейінде – ЖІӨ және тегістелген ЖІӨ;
жергілікті бюджет деңгейінде – ЖӨӨ және тегістелген ЖӨӨ қолданылады.
Мемлекеттік орган шығысының өсу қарқыны Бюджет кодексінің 48-бабының 2-тармағына сәйкес инфляция бойынша нысаналы бағдарға ұлғайтылған, ұзақмерзімді экономикалық өсу деңгейімен шектелетін республикалық бюджет шығыстарының өсу қарқынынан (жоспарлы кезеңге) аспауға тиіс.
Жергілікті бюджет деңгейі үшін жергілікті бюджет шығыстарының өсу қарқыны бойынша (жоспарлы кезеңге) осындай тәсіл қолданылады.
Шығыстар лимиті айқындалғанға дейін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган бюджеттік бағдарламалар әкімшісімен бірге шығыстарға бюджеттік шолу жүргізеді.
Пилоттық жобаға қатысатын бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттері номиналдық мәнде жеткізіледі.
7. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің ұсынысы бойынша шығыстар лимиті шеңберінде үш жылдық кезеңге арналған шығыстардың жалпы көлемінің он пайызына дейін аванс беруге және шығыстар көлемін ауыстыруға жол беріледі.
Аванс беру екінші (кейінгі) қаржы жылындағы шығыстар көлемін бірдей сомаға азайту есебінен бірінші (ағымдағы) қаржы жылы жоспарланатын шығыстар көлемін ұлғайту арқылы жүзеге асырылады.
Ауыстыру екінші (кейінгі) қаржы жылындағы шығыстар көлемін бірдей сомаға ұлғайту есебінен бірінші (ағымдағы) қаржы жылы жоспарланатын шығыстар көлемін азайту арқылы жүзеге асырылады.
Аванс беру және шығыстар көлемін ауыстыру бюджетті қалыптастыру және (немесе) нақтылау шеңберінде жүзеге асырылады.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шығыстар лимиті шеңберінде үш жылдық кезеңдегі шығыстар көлемінің теңгерімді болуы жөніндегі талапты сақтайды.
8. Қаржы жылы ішінде бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші басшысының шешімі бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ведомстволық бюджет комиссиясының немесе облыстың бюджет комиссиясының ұсыныстарын ескере отырып, бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) арасында қаражатты өздері қайта бөледі.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің есептік қаржы жылының қорытындысы бойынша есептік қаржы жылы көзделген бюджет қаражатының бес пайызынан аспайтын мөлшерде пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) бюджет қаражаты келесі қаржы жылы толық пайдаланылады.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің есептік қаржы жылының қорытындысы бойынша есептік қаржы жылы көзделген бюджет қаражатының бес пайызынан асатын мөлшерде пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) бюджет қаражатын кезекті қаржы жылы толық пайдалануға жол берілмейді және олар Бюджет кодексінің 101-бабының 5-тармағына сәйкес жоққа шығарылады.
Осы тармақтың үшінші бөлігінің талаптары іске асыру мерзімі бір жылдан асатын бюджеттік даму бағдарламалары бойынша өткен қаржы жылының тіркелген міндеттемелерінің ақы төленбеген бөлігіне және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (бұдан әрі – Азаматтық кодекс) 359-бабының 2-тармағында көзделген еңсерілмейтін күш мән-жайларының, яғни төтенше және осы жағдайларда тойтаруға болмайтын мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, ұрыс қимылдары, төтенше жағдай және т.б.) туындауына байланысты қаражат түзілген жағдайларда қолданылмайды.
9. Заңнамалық актілердің қабылдануына байланысты мемлекеттік органдар функцияларының өзгелерге берілуіне немесе оларға жаңа функциялардың жүктелуіне байланысты шығыстарды қаржыландыру бюджетті нақтылау және түзету шеңберінде Бюджет кодексінің нормаларына сәйкес жүзеге асырылады және пилоттық жобаға қатысатын тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджетін ұлғайтады.
4-тарау. Мемлекеттік жоспарлау тәртібі
10. Даму жоспарын бекіту үшін мемлекеттік орган ведомстволық бюджет комиссиясының оң ұсынысы бар даму жоспарының жобасын мемлекеттік органның қолданыстағы даму жоспары аяқталатын жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қарауына енгізеді.
Облыстың даму жоспарларын бекіту үшін облыстың жергілікті атқарушы органы даму жоспарының жобасын ағымдағы жоспардың қолданылуының үшінші жылының 1 сәуірінен кешіктірмей өңірлік саясат жөніндегі орталық уәкілетті органның қарауына енгізеді.
11. Облыстың даму жоспарының нысаналы индикаторлары тиісті аумақтың дамуын "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысымен (бұдан әрі – № 790 қаулы) бекітілген Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес оның ерекшелігі мен өңірдің даму әлеуетін ескере отырып айқындайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған жергілікті атқарушы органның функцияларын, өкілеттіктері мен құзыреттерін іске асыруға бағытталған.
12. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган, өңірлік саясат жөніндегі орталық уәкілетті орган және бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган облыстардың даму жоспарларының жобаларын немесе пилоттық жобаға қатысатын облыстардың, мемлекеттік органдардың даму жоспарларына өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, бюджеттік бағдарламалар жобаларын қарау нәтижелері бойынша Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қорытынды қалыптастырады және ағымдағы қаржы жылының 1 мамырынан кешіктірмей лимит қалыптастыру үшін:
Республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығару үшін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға және бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне;
облыстардың бюджет комиссияларының қарауына енгізу үшін облыстың жергілікті атқарушы органына жібереді.
13. № 790 қаулының 59 және 76-тармақтарына сәйкес мемлекеттік органның, облыстардың даму жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге болады.
14. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының паспорттары бекітілген шығыстар лимиттері негізінде және соның шегінде әзірленеді, оларға бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші басшысы немесе оны алмастыратын тұлға қол қояды және мыналарды қамтиды:
1) бюджеттік бағдарламаның сипаттамасы (негіздемесі), ағымдағы мәртебесі;
2) бюджеттік бағдарламаның мақсаты;
3) іске асырылуына бюджеттік бағдарлама бағытталған мемлекеттік органның, облыстың бекітілген даму жоспарының немесе даму жоспары жобасының нысаналы индикаторлары;
4) бюджеттік бағдарламаның (кіші бағдарламаның) іс-шараларының және түпкі нәтижелерінің көрсеткіштері, шығыстар көлемі көрсетілген іс-шаралар.
Бюджеттік бағдарлама бюджет қаражаты шығыстарының бағыттарын нақтылайтын кіші бағдарламаларға бөлінуі мүмкін.
Жаңа бастамаларға арналған шығыстар бюджеттік бағдарламаға (кіші бағдарламаға) республикалық немесе жергілікті бюджет комиссиясының оң ұсынысы негізінде енгізіледі.
15. Мемлекеттік органның, облыстың даму жоспарының мақсатына, бірыңғай түпкі нәтижеге қол жеткізу үшін мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді жүзеге асыру және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсету, күрделі шығыстарды жүзеге асыру, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру, трансферттер мен бюджеттік субсидиялар беру жөніндегі шығындар бір бюджеттік бағдарламаға біріктіріледі, бұл ретте бюджет құрылымы сақталады және көрсетілген шығындар жеке-жеке кіші бағдарламаларға бөлінеді.
Бюджет құрылымының бөлімі шегінде мемлекеттік органның бекітілген даму жоспарының немесе облыстың даму жоспарының мақсатына қол жеткізуге бағытталған бюджеттік бағдарлама бар болса, осы мақсатқа қол жеткізуге бағытталған жаңа бюджеттік бағдарламаны енгізуге жол берілмейді.
Бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын әзірлеген кезде мынадай талаптар сақталуға тиіс:
1) мемлекеттік органның, облыстың бекітілген даму жоспарының немесе даму жоспары жобасының тиісті мақсаттары мен нысаналы индикаторларына қол жеткізуге немесе функцияларды, өкілеттіктер мен құзыреттерді іске асыруға бағдарлануы қажет;
2) шығыстар көлемі мемлекеттік органның, облыстың бекітілген даму жоспарының немесе даму жоспары жобасының мақсаттары мен нысаналы индикаторларына, № 790 қаулы құжаттарының нысаналы индикаторларына (мемлекеттік органның даму жоспарларын әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік бағдарламаларының паспорттары үшін) қол жеткізу қажеттігі немесе функцияларды, өкілеттіктер мен құзыреттерді іске асыру қажеттігі ескеріле отырып көзделеді;
3) түпкі нәтижелер мен олардың көрсеткіштерін тұжырымдауда облыстың бекітілген даму жоспарының немесе даму жоспары жобасының мақсаттарына және (немесе) нысаналы индикаторларына, № 790 қаулы құжаттарының нысаналы индикаторларына (мемлекеттік органның даму жоспарларын әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік бағдарламаларының паспорттары үшін) қол жеткізу дәрежесі немесе функциялардың, өкілеттіктер мен құзыреттердің іске асырылу дәрежесі сипатталуға тиіс;
4) түпкі нәтижелер мен олардың көрсеткіштерінде жоспарланатын шығыстар көлемдері пайдаланыла отырып, мемлекеттік органның, облыстың бекітілген даму жоспарының немесе даму жоспары жобасының нысаналы индикаторларына, № 790 қаулы құжаттарының нысаналы индикаторларына (мемлекеттік органның даму жоспарларын әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік бағдарламаларының паспорттары үшін) қол жеткізу дәрежесі айқындалуға тиіс;
5) мемлекеттік органның, облыстың бекітілген даму жоспарының немесе даму жоспары жобасының жоспарланатын шығыстар көлемінің және индикаторларының, № 790 қаулы құжаттарының нысаналы индикаторларының (мемлекеттік органның даму жоспарларын әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік бағдарламаларының паспорттары үшін) негізінде түпкі нәтижелердің шынайылығы ескеріледі;
6) тікелей нәтижелер мен іс-шаралар жоспарланған шығыстардың бүкіл көлемін қамтиды;
7) есеп-қисаптардың шынайлығы сақталады.
16. Нысаналы индикаторлар мен түпкі нәтижелердің сәйкес келмеу себептері бюджеттік бағдарламаның сипаттамасында баяндалады.
Мемлекеттік органның, облыстың даму жоспарын әзірлейтін орталық мемлекеттік органның/жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы мынадай талаптардың сақталуын:
мемлекеттік органның даму жоспарының не тиісінше облыстың даму жоспары мазмұнының анық және толық болуын;
республикалық немесе жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат шеңберінде жоспарланған мақсаттарға және нысаналы индикаторларға қол жеткізілуін;
мемлекеттік органның немесе облыстың даму жоспарының іске асырылуы туралы есептің анық және толық болуын қамтамасыз етеді.
5-тарау. Бюджеттік жоспарлау тәртібі
17. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шығыстар лимиттерін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның мемлекеттік органдардың даму жоспарларына берген қорытындысын ескере отырып айқындайды.
Жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шығыстар лимиттерін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның облыстардың даму жоспарларына берген қорытындысы мен бюджеттік бағдарламаларды ескере отырып айқындайды.
Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган жоспарланатын кезеңнің алдындағы ағымдағы қаржы жылының 7 маусымына дейін бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне тиісті бюджет комиссиясының ұсыныстары ескеріліп айқындалған республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шығыстар лимиттерін жібереді.
18. Пилоттық жобаға қатысатын бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің лимиттері үш жылға жеткізіледі және қысқартылмайды және (немесе) ұлғайтылмайды.
19. Бюджеттік сұраным бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының жеткізілген лимиттері негізінде және соның шегінде жасалады.
20. Бюджеттік сұраным мемлекеттік органның функциялардың, өкілеттіктер мен құзыреттердің іске асырылуын, мемлекеттік органның даму жоспарының немесе даму жоспары жобасының, облыстың даму жоспарының тиісті мақсатына және нәтиже көрсеткіштеріне қол жеткізілуін немесе № 790 қаулы құжаттарының нысаналы индикаторларының іске асырылуын қамтамасыз ету жөніндегі қызметін ашып көрсететін, бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі шығыстар көлемдерін негіздеу үшін кезекті жоспарлы кезеңге жасайтын бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік құжаттамасы болып табылады.
21. Пилоттық жобаға қатысатын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік сұранымды Қазақстан Республикасының Қаржы министрі бекіткен "Бюджеттік сұранымды жасау, ұсыну, қарау қағидаларын бекіту туралы" 2025 жылғы 22 сәуірдегі № 185 бұйрығына сәйкес нысандар бойынша жасайды.
Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бюджеттік бағдарлама паспортын жасауды, бюджеттік бағдарлама паспортының негізділігі мен толықтығын, бюджеттік бағдарламаға (кіші бағдарламаға) қатысты есеп-қисаптардың анықтығын қамтамасыз етеді.
22. Шоғырландырылған болжамды қаржылық есептілік "Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің болжамды шоғырландырылған қаржылық есептілігін жасау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 24 сәуірдегі № 192 бұйрығымен бекітілген талаптарға сәйкес жасалады.
23. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің кезекті жоспарлы кезеңге арналған, ведомстволық бюджет комиссиясының оң ұсынысы бар бюджеттік сұранымына шығыстар лимиттері жеткізілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қол қойылады және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынылады.
24. Жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің кезекті жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік сұранымына шығыстар лимиттері жеткізілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қол қойылады және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға ұсынылады.
25. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган бюджеттік сұранымға қорытындылар дайындап, бюджет жобасына өзгеріс енгізбей қосады.
26. Осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес үш жылдық кезеңге арналған шығыстардың жалпы көлемінің он пайызына дейінгі шығыстар көлемі аванспен берілген және ауыстырылған жағдайда бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік сұранымды бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға жібереді.
27. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысында немесе жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімін іске асыру туралы жергілікті атқарушы органның қаулысында пилоттық жобаға қатысатын бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бойынша функционалдық топтар, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері және бюджеттік бағдарламалар бойынша ақпаратты мәлімдейді.
Пилоттық жобаға қатысатын бюджеттік бағдарламалар әкімшісі Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы қаулысы немесе жергілікті атқарушы органның жергілікті бюджет туралы мәслихат шешімін іске асыру туралы қаулысы қабылданған күннен бастап күнтізбелік екі күн ішінде пилоттық жобаға қатысатын бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің жоспарлы кезеңге арналған бюджет шығыстарын іске асыру туралы бұйрықты әзірлейді және бекітеді.
Жоспарлы кезеңге арналған пилоттық жобаға қатысатын бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджет шығыстарын іске асыру туралы бұйрығы функционалдық топ, бюджеттік бағдарламалар әкімшісі, бюджеттік бағдарламалар және бюджеттік кіші бағдарламалар бойынша бюджеттік инвестиция атауы көрсетіліп, мынадай ақпарат бөлінісінде қалыптасады:
басым бюджеттік инвестициялардың тізбесі;
нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттердің сомаларын бөлу;
мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесі.
Пилоттық жобаға қатысатын бюджеттік бағдарлама әкімшісі күнтізбелік үш күн ішінде жоспарлы кезеңге арналған пилоттық жобаға қатысатын бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджет шығыстарын іске асыру туралы бұйрығын бюджеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға, бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органға жеткізеді.
6-тарау. Мемлекеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау тәртібі
28. Мемлекеттік инвестициялық жобалар және бюджеттік кредиттеу бойынша қажетті құжаттама әзірлеу Бюджет кодексінің 149-бабының 9-тармағына сәйкес мемлекеттік инвестициялық жобалар саласында бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын және мемлекеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау және іске асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі міндетін атқарушының 2025 жылғы 22 мамырдағы № 244/НҚ бұйрығымен бекітілген Ақпараттандыру объектілерін құруды және дамытуды көздейтін мемлекеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау және іске асыру, сондай-ақ мемлекеттік инвестициялық жобалардың бекітілген (нақтыланған) параметрлерін түзету қағидаларына сәйкес мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын, техникалық-экономикалық негіздемесін, қаржылық-экономикалық негіздемесін әзірлеу немесе түзету, қажетті сараптамалар жүргізу, мемлекеттік инвестициялық жобалар портфелін қалыптастыру және мемлекеттік инвестициялық жобаларды айқындау тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.
29. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша қажетті құжаттаманы әзірлеу "Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 20-бабының 6) тармақшасына сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
30. Мемлекеттік кепілдікпен алынатын мемлекеттік емес қарыз қаражаты есебінен қаржыландыру ұсынылатын жобалар бойынша қажетті құжаттаманы әзірлеу Бюджет кодексінің 141-бабының 5-тармағына сәйкес бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілейтін мемлекеттік кепілдіктер беру үшін инвестициялық жобалар бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге немесе түзетуге және экономикалық сараптамаға қойылатын талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
31. Мемлекеттік инвестициялық жобаның бекітілген параметрлерін (техникалық-технологиялық шешімдерді, қаржылық параметрлерді, нәтижелер көрсеткіштерін, қосымша шығыстарды) өзгерту қажет болған жағдайда бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі мынадай іс-шараларды жүргізеді:
1) жоспарланатын өзгерістердің негізділігін растап, салалық сараптама жүргізе отырып, құжаттаманы (қаржы-экономикалық негіздемені, техникалық-экономикалық негіздемені) түзету;
2) түзету мәселелерін ведомстволық бюджет комиссиясына және (немесе) облыстың бюджет комиссиясына шығару;
3) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің тиісті бұйрығымен түзетілген құжаттаманы бекіту.
32. Жобалау-сметалық құжаттаманы түзету "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және "Қала құрылысы жобаларын (елді мекендердің бас жоспарлары, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары мен құрылыс салу жобаларын) әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 30 қыркүйектегі № 505 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21342 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.
33. Пилоттық жоба кезеңінде басталған мемлекеттік инвестициялық жобаның құны ұлғайтылған жағдайда қаржыландыру бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының жеткізілген лимиттері шегінде жүзеге асырылады.
34. Мемлекеттік инвестициялық жобаларды іріктеуді бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі мемлекеттік органдардың немесе облыстардың даму жоспарларын қоса алғанда, № 790 қаулы құжаттарының стратегиялық мақсаттарына, нысаналы индикаторларына сәйкес жүзеге асырады, кейін тиісті ведомстволық бюджет комиссиясының және (немесе) облыстың бюджет комиссиясының отырысына шығарады.
35. Пилоттық жобаға қатысатын бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің 2025 жылға дейін басталған мемлекеттік инвестициялық жобалардың сметалық құнының ұлғаюымен байланысты шығыстары Бюджет кодексінің 29-тарауына сәйкес жүзеге асырылады және Республикалық бюджет комиссиясының немесе облыстың бюджет комиссиясының шешімі негізінде қосымша қаражат бөлу есебімен жабылады.
7-тарау. Бюджетті атқару тәртібі
36. Бюджетті атқару үшін қаржыландыру жоспарларының мынадай түрлері:
1) мемлекеттік мекеме – міндеттемелер бойынша жеке қаржыландыру жоспарын және төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарын;
2) бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі – міндеттемелер бойынша қаржыландыру жоспарын және төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарын әзірлейді.
37. Қаржы жылы ішінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бірінші басшының шешімі бойынша ведомстволық бюджет комиссиясының және (немесе) облыстың бюджет комиссиясының ұсыныстарын ескере отырып, бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) арасында қаражатты өздері қайта бөледі.
38. Пилоттық жобаға қатысатын төмен тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламаларының әкімшілері жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламаларының әкімшісімен келісу бойынша жоғары тұрған бюджеттен алынған қаражатты бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) арасында қайта бөледі.
39. Жоғары тұрған бюджеттен/төмен тұрған бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер мен кредиттер есебінен қаражатты бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) арасында қайта бөлу жоғары тұрған бюджеттің/төмен тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламаларының әкімшісімен келісу бойынша айына бір реттен артық жүргізілмейді.
Бюджетті атқару барысында орталық мемлекеттік органның бірінші басшысының шешімі бойынша ведомстволық бюджет ұсыныстары негізінде нысаналы индикаторларды өзгертпей, нысаналы трансферттер мен кредиттерді бір бюджеттік бағдарлама шегінде бюджеттік кіші бағдарламалар арасында қайта бөлуге жол беріледі.
40. Осы Қағидалардың 38 және 39-тармақтарында көрсетілген қаражатты қайта бөлуді келісу үшін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жоғары тұрған/төмен тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламаларының әкімшілеріне қаржыландыру жоспарларына міндеттемелер мен төлемдер бойынша өзгерістер енгізуге арналған анықтама мен түсіндірме жазбаның жобасын жібереді, ол анықтама жобасы қабылданған күннен кейінгі күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
Жоғары тұрған/төмен тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалары әкімшісі енгізілетін өзгерістерді дұрыстығы мен негізділігі тұрғысынан қарайды және нәтижесі бойынша келіседі не қайтару себептерін көрсетіп, қайтарады.
41. Қаражатты салалық бюджеттік бағдарламалардан бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің қызметін қамтамасыз етуге арналған бюджеттік бағдарламаға қайта бөлуге жол берілмейді.
42. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне қажетті бір бюджеттік бағдарлама ішінде және (немесе) бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) арасында ай сайынғы және жылдық шығыстар көлемін өзгерту бюджетті атқару жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган арқылы жүзеге асырылады.
43. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарларына өзгерістер енгізу туралы анықтаманың негізінде бюджетті атқару жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органнан бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізеді, қаржыландырудың жеке жоспарларына өзгерістер енгізу туралы анықтамаларды бекітеді және оларды ведомстволық бюджет комиссиясының және (немесе) облыстың бюджет комиссиясының хаттамасын және пилоттық жобада қатысатын бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджет шығыстарын іске асыру туралы бұйрығын қоса бере отырып, "Қазынашылық-клиент" ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік қазынашылық органына жібереді.
Бұл ретте бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарларына, мемлекеттік мекемелердің міндеттемелері мен төлемдері бойынша жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізуге анықтамалар қалыптастыруға және оларды мемлекеттік қазынашылық органына ағымдағы айдың 25-і күнінен кейін жіберуге жол берілмейді.
Мемлекеттік қазынашылық органы "2025 қаржы жылына арналған бюджетті атқару және оған кассалық қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 30 мамырдағы № 272 бұйрығының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан анықтамаларды тексеруді жүзеге асырады және анықтамаларды қабылдаған күннен кейінгі күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қазынашылықтың интеграцияланған ақпараттық жүйесіне қаржыландыру жоспарына өзгерістер енгізеді (жүктейді), не бас тарту себебін көрсете отырып, пысықтау үшін анықтаманы қабылдамай қайтарып жібереді.
Анықтама қабылданбаған жағдайда бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі анықтама пысықтауға келіп түскен күннен кейінгі күннен бастап екі жұмыс күні ішінде мемлекеттік қазынашылық органының ескертулері ескеріліп түзетілген анықтамаларды ұсынады.
Бюджет қаражатын қайта бөлу қорытындылары бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі ведомстволық бюджет комиссиясының және (немесе) облыстың бюджет комиссиясының хаттамасынан және бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі басшының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған пилоттық жобаға қатысатын бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджет шығыстарын іске асыру туралы бұйрығынан үзінді көшірмелер жіберу арқылы бюджетті атқару және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі тиісті уәкілетті органдарды хабардар етеді.
Осы тармақтың бесінші бөлігінде көзделген электрондық құжаттар "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес электрондық құжат айналымы арқылы жіберіледі.
44. Пилоттық жобаға қатысатын бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферт (бұдан әрі – нысаналы трансферт) бөлінген жағдайда осы нысаналы трансферт Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес (бұдан әрі – Кеңес) хаттамасында бір сомамен көрсетіледі.
Бюджетті атқару барысында орталық мемлекеттік органның бірінші басшысының шешімі бойынша ведомстволық бюджет комиссиясының ұсыныстары негізінде нысаналы индикаторларды өзгертпей, нысаналы трансфертті бір бюджеттік бағдарлама шегінде бюджеттік кіші бағдарламалар арасында қайта бөлуге жол беріледі.
Егер орталық мемлекеттік органға қажетті нысаналы трансфертті қайта бөлу Кеңес хаттамасында көзделген нысаналы бағытты өзгертсе, мұндай қайта бөлу Кеңес хаттамасына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу арқылы жүзеге асырылады.
Нысаналы трансфертті ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға (кіші бағдарламаларға) жіберуге және қайта бөлуге тыйым салынады.
45. Есепті қаржы жылының қорытындылары бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің есепті қаржы жылы көзделген бюджет қаражатының бес пайызынан аспайтын мөлшерде пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) бюджет қаражаты бюджет қаражатының игерілмеуі болып табылмайды.
Осы Қағидаларда квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бюджеттік бағдарламаның нысаналы индикаторларын іске асыруға бағытталған қолма-қол ақшаны бақылау шоттарынан бюджет қаражатын игеруін де бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бойынша бюджет қаражатын игеру деп түсіну керек.
Есепті қаржы жылының қорытындылары бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері есепті қаржы жылында көзделген бюджет қаражатының бес пайызынан аспайтын мөлшерде пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) бюджет қаражатын ағымдағы қаржы жылындағы шығыстарды қаржыландыруға пайдалана алады.
46. Іске асыру мерзімі бір жылдан асатын бюджеттік даму бағдарламалары (кіші бағдарламалары) бойынша өткен қаржы жылының тіркелген міндеттемелерінің ақы төленбеген бөлігі және (немесе) Азаматтық кодекстің 359-бабының 2-тармағына сәйкес еңсерілмейтін күш мән-жайларының, яғни төтенше және осы жағдайларда тойтаруға болмайтын мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, ұрыс қимылдары, төтенше жағдай және соған ұқсас) туындауы салдарынан бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) орындалмауы болжанған жағдайда бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі осы Қағидалардың 58-тармағына сәйкес бюджеттік мониторинг қорытындылары бойынша бюджет қаражатын толық пайдалану үшін келесі қаржы жылына көшіруді жүзеге асыру қажет болатын бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) тізбесін жасайды және оны ведомствоаралық бюджет комиссиясының немесе облыстың бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
47. Міндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларына, міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу осы Қағидалардың 43-тармағының екінші бөлігінде жазылған ерекшелікті ескере отырып, "2025 қаржы жылына арналған бюджетті атқару және оған кассалық қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 30 мамырдағы № 272 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
48. Мемлекеттік мекемелер ағымдағы қаржы жылына арналған міндеттемелер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларында бекітілген сомалар шегінде шығыстардың экономикалық сыныптамасының ерекшеліктері бойынша міндеттемелер қабылдайды.
Мемлекеттік мекемелердің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген азаматтық-құқықтық мәмілелері азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік қазынашылық органдарында міндетті тіркелгеннен кейін күшіне енеді.
Пилоттық жобаға қатысатын бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің азаматтық-құқықтық мәмілелерін бір қаржы жылынан аса қолданылатын мерзімге жасауға жол беріледі. Бұл ретте жасалатын азаматтық-құқықтық мәміленің рұқсат етілген ең ұзақ мерзімі үш қаржы жылынан аспауға тиіс.
49. Шарт нысанында азаматтық-құқықтық мәмілелер жасасу кезінде аванстық (алдын ала) ақы төлеу мөлшерін бюджеттік бағдарламаның әкімшісі өзі белгілейді.
Шарттарда бюджеттік бағдарлама әкімшісінің қабылданған тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) әрбір сомасынан бұрын төленген авансты барабар ұстап қалуы туралы шарт болуға тиіс.
Бұл ретте есепті жылдан кейінгі қаржы жылындағы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің дебиторлық берешегі болмауға тиіс.
50. Мемлекеттік мекемелердің міндеттемелерді қабылдау, төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу тәртібі "2025 қаржы жылына арналған бюджетті атқару және оған кассалық қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 30 мамырдағы № 272 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
51. Мемлекеттік мекемелердің төлемдері мен ақша аударымдары төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарының жоспарлы мақсаттарына және шартты тіркеу туралы хабарламаның пайдаланылмаған қалдығына сәйкес жүргізіледі.
8-тарау. Есептілікті ұсыну тәртібі
52. Бюджеттік есептілік мынадай сапалық сипаттамаларға сәйкес келуге тиіс:
1) анықтық, бұл жасалған операциялардың рас екенін және оларды есепте көрсету кезінде қателердің болмағанын білдіреді;
2) толықтық, бұл Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген барлық талап етілетін ақпараттың көрсетілгенін білдіреді;
3) сәйкестік, бұл есептілікті жасау жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің сақталғанын білдіреді.
53. Қаржылық есептілікті жасау және ұсыну нысандары, кезеңділігі және тәртібі "Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 15 мамырдағы № 230 бұйрығында белгіленеді.
54. Бюджеттік есептіліктің көлемі, нысандары, кезеңділігі, оны жасау және ұсыну тәртібі "Бюджеттік есептілікті жасау және ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 28 мамырдағы № 262 бұйрығымен белгіленеді.
55. Шоғырландырылған қаржылық есептіліктің көлемі, нысандары, кезеңділігі, мерзімдері, оны жасау және ұсыну тәртібі "Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 15 мамырдағы № 229 бұйрығымен белгіленеді.
56. Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың алғашқы бес жұмыс күнінен кешіктірмей және есепті жыл үшін – есепті қаржы жылынан кейінгі жылдың 20 қаңтарынан кешіктірмей, ал республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың алғашқы жеті жұмыс күнінен кешіктірмей және есепті жыл үшін – есепті қаржы жылынан кейінгі жылдың 20 қаңтарынан кешіктірмей бюджетті атқару жөніндегі тиісті уәкілетті органға бюджеттік бағдарламаларды іске асыру мониторингі нәтижелері туралы есеп тапсырады.
9-тарау. Бюджеттік мониторинг жүргізу тәртібі
57. Бюджеттік бағдарлама әкімшісінің басшысы бюджеттік мониторинг жүргізуді, оның нәтижелерін талдауды және бюджеттік бағдарламаларда көзделген іс-шаралар көрсеткіштері мен түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауды қамтамасыз етеді.
58. Бюджеттік мониторингті жүргізу "Бюджеттік мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 30 мамырдағы № 275 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
59. Пилоттық жобаға қатысушылар жарты жылда бір рет, есепті кезеңнен кейінгі айдың 25-і күніне дейінгі мерзімде, блоктық бюджеттеуді іске асырудың барысы (енгізілуі) туралы талдамалық ақпаратты еркін нысанда тиісті орталық мемлекеттік органдарға, одан әрі аталған ақпаратты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне ұсынады.
10-тарау. Пилоттық жоба шеңберінде блоктық бюджеттеуді іске асыруды (ендіруді) қолдану практикасының тиімділігін бағалауды және талдауды жүргізу тәртібі
60. Тиімділік деңгейін сынақтан өткізу және айқындау мақсатында Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігімен, блоктық бюджеттеуге қатысатын мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, "Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару жұмысының қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 907 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару жұмысы қағидаларының 57 және 58-тармақтарына сәйкес пилоттық жоба шеңберінде блоктық бюджеттеудің тиімділігін бағалауды және іске асырылуына (енгізілуіне) талдау жүргізеді.
61. Талдау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі тиісті талдау жүргізу барысында жиналған барлық қажетті материалдармен қоса пилоттық жоба шеңберінде блоктық бюджеттеуді іске асыру (ендіру) тиімділігінің деңгейі туралы есепті 2028 жылдың 1 наурызына дейінгі мерзімде жасайды және шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 8 тамыздағы № 602 қаулысы бекітілген |
Блоктық бюджеттеуге қатысатын мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың тізбесі
1. Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі.
2. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі.
3. Батыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органы.
4. Қарағанды облысының жергілікті атқарушы органы.