Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ауыр машина жасау салаларын дамытудағы ынтымақтастығы туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 3 маусымдағы № 401 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ауыр машина жасау салаларын дамытудағы ынтымақтастығы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ауыр машина жасау салаларын дамытудағы ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 3 маусымдағы
№ 401 қаулысымен
Мақұлданған
  Жоба

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ауыр машина жасау саласын дамытудағы ынтымақтастығы туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері

      1993 жылғы 23 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің кәсіпорындары мен салаларының өндірістік кооперациясын дамытудың жалпы жағдайлары мен қолдау тетіктері туралы келісімнің ережелерін негізге ала отырып,

      2020 жылғы 18 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын одан әрі дамыту тұжырымдамасының ережелеріне сүйене отырып,

      2012 жылғы 30 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық және Өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесін құру туралы келісімнің ережелерін өрбіте отырып,

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ауыр машина жасау салаларын дамыту және ауыр өнеркәсіп кәсіпорындарының өзара тиімді ынтымақтастығы үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,

      қазіргі заманғы ғылымды қажетсінетін технологиялар мен инновацияларды енгізу негізінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіптік кәсіпорындарының ауыр машина жасау салаларын дамытудағы өзара тиімді іс-қимылын ынталандыру мақсатында

      ішкі нарықты қамтамасыз етудің және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ауыр машина жасау салаларының өнімдерін үшінші елдердің нарықтарына өзара тиімді ілгерілетудің маңыздылығын назарға ала отырып,

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің халықаралық міндеттемелері мен заңнамасын басшылыққа ала отырып,

      осы Келісімді бірізді іске асыруға ұмтыла отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер қолданылады:

      "ауыр машина жасау" – кәсіпорындары металлургия, тау-кен өндіру, энергетика, мұнай-газ және химия өнеркәсібіне арналған машиналарды, техника мен жабдықтарды әзірлеуді және шығаруды, сондай-ақ ірі габаритті металл конструкциялары мен бұйымдарын шығаруды жүзеге асыратын осы Келісімге қатысушы мемлекеттің өнеркәсіп салаларының жиынтығы;

      "уәкілетті (құзыретті) органдар" – өнеркәсіптік кешен, инновациялар, жоғары технологиялық өндірістер салаларында мемлекеттік саясатты әзірлеу және нормативтік-құқықтық реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын, машина жасау өнеркәсібі салаларын дамытуға жауапты, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары;

      "уәкілетті ұйымдар" – ауыр машина жасау саласындағы қызметті жүзеге асыратын осы Келісімге қатысушы мемлекет уәкілеттік берген ұйымдар.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаты экономикалық тиімділікті арттыру, технологиялық және инновациялық жаңару, ресурс үнемдеу және экологиялық қауіпсіздік, ішкі сұранысты қамтамасыз ету үшін ауыр машина жасау салалары өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және олардың әлемдік нарықтағы өндірушілерінің үлесін ұлғайту мүддесінде кооперацияның өсуі, өндірістік жаңа технологиялар мен құзыреттерді игеру және олармен алмасу есебінен осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ауыр машина жасау салалары үшін өнеркәсіптік өндірісті дамытуға жәрдемдесу болып табылады.

3-бап

      Тараптар ауыр машина жасау салаларын дамытуда мынадай негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады:

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттер үшін экономиканы дамытудың ұлттық стратегиялары негізінде ауыр машина жасау салалары үшін өнеркәсіптік өндірістің басым өнімі туралы ақпарат алмасу;

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ауыр машина жасау салаларындағы ынтымақтастығын дамытудың негізгі бағыттарын келісу, бірлескен бағдарламалар мен жобаларды қалыптастыру;

      неғұрлым табысты әлемдік практиканы ескере отырып, ауыр машина жасауды техникалық реттеудің нормативтік-құқықтық базасын өзектілендіру үшін бағыттарды келісу;

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жобалар мен бағдарламаларды іске асыру бойынша тәжірибе алмасуды қоса алғанда, ауыр машина жасау салаларын орнықты дамытуға және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған шараларды әзірлеу;

      ауыр машина жасау салалары үшін өнеркәсіптік өндіріс саласында бірлескен өндірістер, консорциумдар мен ғылыми орталықтар құру үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша тәжірибе алмасу;

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ауыр машина жасау өнімдерін басымдықпен қолдана отырып, инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша тәжірибе алмасу;

      ауыр машина жасау саласындағы өндірістік кооперация тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық актілер туралы әдістемелік ақпарат алмасу;

      жоғары технологиялы өнімді бірлесіп өндіру мақсатында осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ауыр машина жасау салалары үшін өнім өндірушілердің технологиялық операцияларының кооперациялық тізбектерін құру бойынша тәжірибе алмасу;

      кооперациялық тізбекке біріктірілген ұлттық ауыр машина жасау кәсіпорындарының өндірістік қуаттарының барынша жоғары жүктелуін қамтамасыз ету мақсатында өндірістік және жоспарлы-экономикалық ақпарат алмасу;

      ауыр машина жасау салаларын дамыту үшін мемлекеттік қолдау шараларын қалыптастыру мәселелері бойынша тәжірибе алмасу;

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде бар ауыр машина жасау салаларының өндірістік базасын жедел жаңғырту, олардың техникалық деңгейін арттыру мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту бойынша тәжірибе алмасу;

      ауыр машина жасау салаларын өңірлік және жаһандық қосылған құн тізбегіне кіріктіруге жәрдемдесу;

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің жоғары оқу орындарының ауыр машина жасау салалары үшін мамандар даярлау бағдарламаларын әзірлеуде, сондай-ақ осы салалардың мамандарын даярлауда, кәсіптік қайта даярлауда, олардың біліктілігін арттыруда және бекітуде өзара іс-қимыл жасауына жәрдемдесу;

      одан әрі даму мақсатындағы осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ауыр машина жасау салаларының ғылыми орталықтарының, кәсіпорындары мен ұйымдарының өзара іс-қимылына жәрдемдесу бойынша ауыр машина жасау салаларын дамытуда ынтымақтастықты жүзеге асырады.

4-бап

      Тараптар ұлттық заңнаманы және осы Келісімге қатысушы мемлекеттер қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарды сақтай отырып, осы Келісімге сәйкес өзара тиімді ынтымақтастықты өздерінің уәкілетті (құзыретті) органдары арқылы жүзеге асырады.

      Осы Келісімнің ережелерін іске асыру мақсатында Тараптар жұмыс топтарын құра алады.

5-бап

      Тараптар өздерінің уәкілетті (құзыретті) органдарының тізбесін айқындайды, ол осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалған туралы хабарламаны тапсырған кезде депозитарийге беріледі.

      Уәкілетті (құзыретті) органдар тізбесінің өзгергені туралы Тараптардың әрқайсысы осындай шешім қабылданған күннен бастап 30 күн ішінде депозитарийге хабарлайды, ол бұл туралы қалған Тараптарды хабардар етеді.

6-бап

      Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары өзара келісілген шешімдер мен іс-шараларды әзірлеу мақсатында осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ауыр өнеркәсіп салаларын дамыту мәселелері бойынша консультациялар өткізу, ақпарат және пікір алмасу жолымен ынтымақтастықты жүзеге асырады.

      Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен осы қызмет саласында қажетті тәжірибесі мен құзыреті бар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің кәсіпорындары мен уәкілетті ұйымдарын ауыр машина жасау салаларын дамытудағы ынтымақтастық жөніндегі іс-шараларды іске асыруға тарта алады.

7-бап

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесі осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығы мәселелері бойынша өзара іс-қимылды үйлестіруші болып табылады.

8-бап

      Келісімнің іске асырылуын қаржылай қамтамасыз етуді ұлттық бюджеттерде уәкілетті (құзыретті) органдардың өз функцияларын жүзеге асыруына көзделген қаражат есебінен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер, өз қаражаты мен ұлттық заңнамада белгіленген тәртіппен тартылатын қаражат есебінен уәкілетті ұйымдар, сондай-ақ ауыр машина жасау саласындағы кәсіпорындар жүзеге асыратын болады.

9-бап

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өзі үшін өз мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

10-бап

      Тараптардың келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар тиісті хаттамамен ресімделеді.

11-бап

      Тараптар арасында осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы немесе Тараптар келіскен басқа рәсім арқылы шешіледі.

12-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім тиісті хабарламаларды депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

13-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін ол депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.

      Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

14-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шыққанға дейін кемінде алты ай бұрын депозитарийге өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберіп және осы Келісімнің қолданылуы уақытында туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.

      2025 жылғы "_" _______ ________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Әзербайжан Республикасының Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін
      Армения Республикасының Тәжікстан Республикасының
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін
      Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін
Түрікменстан Үкіметі үшінҚазақстан Республикасының
      Өзбекстан Республикасының Қырғыз Республикасының
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін
      Украина Үкіметі үшін Молдова Республикасының
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады