"Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Жаңа

Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы әкімдігінің 2026 жылғы 18 ақпандағы № 18 қаулысы

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына сәйкес және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік орган туралы үлгілік ережесін басшылыққа ала отырып аудан әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулының 1-қосымшасына сәйкес "Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулының 2-қосымшасына сәйкес аудан әкімдігінің кейбір қаулыларына енгізілетін өзгерістер бекітілсін.

      3. "Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесі заңнамамен белгіленген тәртіпте:

      - осы қаулыны ресми жариялауды және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасының заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      - осы қаулыны Шыңғырлау ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      - осы қаулыдан туындайтын өзге де қажетті шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімі аппаратының басшысы А. Бисембаевке жүктелсін.

      5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудан әкімі М. Өмірәлиев

  Шыңғырлау ауданы әкімдігінің
2026 жылғы "18" ақпандағы
№ 18 қаулысына № 1 қосымша

"Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы

ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. "Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – мемлекеттік мекеме) аудан аумағындағы жер қатынастары саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Мемлекеттік мекеменің мынадай ведомстволары бар:

      1) "Шыңғырлау аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі" мемлекеттік мекемесі;

      2) "Шыңғырлау аудандық мәдени-демалыс орталығы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;

      3) Шыңғырлау ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің "Шыңғырлау" спорт клубы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі:

      3. Мемлекеттік мекеме өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы мемлекеттік тілде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Мемлекеттік мекеме азаматтық–құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Мемлекеттік мекеме Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Мемлекеттік мекеме өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік мекеменің басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      9. Мемлекеттік мекеменің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      Заңды тұлғаның орналасқан жері: 091200, Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Шыңғырлау ауылы, Исатай Тайманұлы көшесі, № 93а үй.

      Мемлекеттік органның мемлекетік тілде толық атауы – "Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесі. Мемлекеттік органның ресми тілде толық атауы – государственного учреждение "Отдел культуры, развития языков, физической культуры и спорта района Шынгырлау Западно-Казахстанской области". Мемлекеттік органның мемлекетік тілде атауын латын графикасында "Batys Qazaqstan oblysy Şyñğyrlau audanynyñ mädeniet, tılderdı damytu, dene şynyqtyru jäne sport bölımı memlekettık mekemesı жазуларымен қолдануға болады және ол мемлекеттік тілдегі атауымен барабар.

      10. Осы ереже мемлекеттік мекеменің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Мемлекеттік мекеменің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Мемлекеттік мекеме кәсіпкерлік субъектілерімен мемлекеттік мекеменің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Мемлекеттік мекеме заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік мекеменің мақсаттары мен өкілеттіктері.

      13. Мақсаты:

      Мәдениет, тілдерді дамыту және спорт саласында мемлекеттің саясатын жүзеге асыру болып табылады.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      - мемлекеттік органдар мен ұйымдардан Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген көлемде өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды, ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;

      - басымдықтарды, тұжырымдамаларды, нормативтік материалдарды, нысаналы бағдарламаларды, талдамалық шолулар мен болжамдарды әзірлеуге қатысу үшін қажет болған жағдайларда ғылыми қызметкерлер мен мамандарды тарту;

      - Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру;

      2) міндеттері:

      - мәдениет және спорт саласындағы қоғамдық саяси тұрақтылық жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға үлес қосу, сонымен қатар еліміздің егемендігін нығайту;

      - мәдени мұра, тілдер жөніндегі бағдарламаларды үйлестіру;

      - кітапханалардың қорларын сақтау, жасақтауды қамтамасыз ету;

      - Қазақстан Республикасы Конституциясы негізінде өз қызметін жүзеге асыратын барлық балалар мен жастар ұйымдарымен бірлесе қызмет ету және балалар мен жастар мәселесіне қатысты мәселелерді шешу;

      - ұлттық мәдениет, салт дәстүрлерді дамыту, сақтау, жаңарту;

      - мекемеге қарасты ұжымдардың материалдық–техникалық базасын нығайту, инфраструктураның дамуын қамтамасыз ету;

      - шығармашылық қызметкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау;

      - көркем өнерпаздар ұжымдар, үйірмелер, халық аспаптары вокалдық, жанұялық ансамбльдерін құру, клуб, студия, шеберлік салондардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету, жеке орындаушыларды және дарынды таланттарды облыстық, республикалық байқауларға, фестивальдарға даярлау;

      - конкурс, байқаулар, фестивальдар, көрмелер, концерттерді ұйымдастыру және аудан бойынша кинофильмдерді демонстрациялау;

      - бейнелеу, декоративтік, қол өнер, ұлттық бұйымдар жасауды дамытуға ықпал ету;

      - тіл дамыту саласында бірігей мемлекеттік саясатты дамыту, қамтамасыз ету;

      - тілдерді дамытуға аудандық бағдарламаларын жасау және жүзеге асуын дамыту;

      - аудандағы мекемелер мен кәсіпорындарда іс қағаздардың мемлекеттік тілде дұрыс жүргізілуіне әдістемелік көмек көрсету;

      - мемлекеттік және облыстық мәдениет және тілдерді дамыту бағдарламаларынан туындайтын аудандық мақсатты бағдарламалар жасау және іске асыру;

      - аудан аумағындағы дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруын қамтамасыз ету;

      - барлық аудан азаматтары үшін дене шынықтыру және спортпен айналасу теңдігі мен жалпыға қолайлы принциптерімен дене шынықтыру мен дамытуын қамтамасыз ету;

      - Қазақстан Республикасының заңнамаларымен өзіне жүктелген басқа да қызметтерді орындайды.

      15. Функциялары:

      - облыстық және жергілікті мәдени, спорттық шараларды өткізу;

      - тілдерді дамыту саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асырады;

      - мәдениетті және тілдерді дамытудың негізгі бағдарламаларын іске асырады;

      - мәдениетті және тілдерді дамыту бойынша бағдарламалар әзірлейді және іске асырады;

      - ауданда вокалдық, отбасылық, халық аспаптарының, би ансамбльдерін, балалар және ересектер хорын, КТК (көңілді тапқыштар клубы) тобын, әзіл-сықақ топтарын, трио, квартет, квинтеттерді, ұлт аспаптар оркестрін, театралдық топтарды даярлауды жүзеге асырады және ауданның өнерлі таланттарын облыстық, республикалық байқауларға, фестивальдарға қатысуын қамтамасыз ету;

      - дене шынықтыру мен спортты дамытудың аудандық жоспарларын әзірлейді және іске асырады;

      - спорт түрлері бойынша аудандық деңгейде жарыстар өткізеді;

      - спорттың әр түрі бойынша аудандық құрама командаларды дайындауды және олардың аудандық, облыстық спорт жарысында және спорттық лигаларда өнер көрсетуін қамтамасыз етеді;

      - аудан спортшыларының тәжірибесін арттыру мақсатында аудан, облыс деңгейінде оқу-жаттығу жиындарына қатыстыру және ұйымдастыру;

      - балалар мен жасөспірімдердің және аудан ардагерлерінің аудандық, облыстық жарыстарға қатысуын қамтасыз ету;

      - тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағындағы бұқаралық спортты және ұлттық спорт түрлерін дамытады;

      - аудандық мамандандырылған оқу-спорт мекемелерінің қызметін үйлестіреді;

      - Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес спорттық разрядтар мен санаттарды береді;

      - аудандық спорттық-бұқаралық іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын әзірлейді, бекітеді және іске асырады;

      - тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағындағы спорт ұйымдарының қызметін үйлестіреді;

      - тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды және өткізуді үйлестіреді;

      - тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік бойынша дене шынықтыру мен спортты дамыту туралы мәліметтерді, соның ішінде статистикалық деректерді талдап, аудандық атқарушы органға табыс етеді;

      - ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылықтуралы" Кодексінің 75 бабының Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық бойынша әкімшілік құқық бұзушылықты анықтауға және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыруға құқылы;

      - ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 156 бабының Қазақстан Республикасының мәдениет туралы заңнамасының талаптарын бұзу бойынша әкімшілік құқық бұзушылықты анықтауға және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыруға құқылы;

      - ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 455 бабының Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасын бұзу бойынша әкімшілік құқық бұзушылықты анықтауға және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыруға құқылы;

      - Қазақстан Республикасының "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Заңына сәйкес маңдайшаны аудан аумағында орналастыру туралы хабарламаларды қабылдауды және қарауды жүзеге асырады.

      - Қазақстан Республикасының заңнамаларына қаралған өзге де қызметтерді іске асыру.

3-тарау. Мемлекеттік мекеме басшысының мәртебесі, өкілеттіктері.

      16. Мемлекеттік мекемені басқаруды басшы жүзеге асырады, ол мемлекеттік мекемеге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Мемлекеттік мекеменің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Мемлекеттік мекеме басшысының орынбасарлары жоқ.

      19. Мемлекеттік мекеме басшысының өкілеттіктері:

      1) Мемлекеттік мекеменің Ережесін, оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды аудан әкімдігінің бекітуіне ұсынады;

      2) Мемлекеттік мекеменің жұмысын ұйымдастырады, оның қызметіне басшылық жасайды, мемлекеттік мекемеге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның қызметтерін жүзеге асыруға дербес жауапты болады;

      3) Мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің міндеттерін айқындайды және жауапкершілік дәрежесін белгілейді;

      4) Мемлекеттік мекеме қызметкерлерін Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне, "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына сәйкес лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;

      5) еңбек заңнамасына, "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына сәйкес мемлекеттік мекеме қызметкерлерін сыйақыландыру, заттық көмек көрсету және тәртіптік жаза белгілеу мәселелерін шешеді;

      6) өз құзыретінің шегінде бұйрықтар, мемлекеттік мекеменің қызметшілеріне орындауға міндетті нұсқаулар шығарады;

      7) мемлекеттік органдарда, басқа да ұйымдарда мемлекеттік мекеменің мүддесін білдіреді;

      8) ерлер мен әйелдердің әр түрлі құқықтары және мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдемесі туралы заңнаманы сақтауды қамтамасыз ету;

      9) Мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен сыбайлас жемқорлық заңнамасын сақтауға дербес жауапкершілікті алып жүреді;

      10) Еңбек, мемлекеттік қызмет, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      11) Мемлекеттік мекеменің басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      20. Басшы өз қызметкерлерінің өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі.

      21. Мемлекеттік мекеме заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Мемлекеттік мекеменің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Мемлекеттік мекемеге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекеме өзіне бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

  Шыңғырлау ауданы әкімдігінің
2026 жылғы 18 ақпандағы
№ 18 қаулысына № 2 қосымша

Аудан әкімдігінің кейбір қаулыларына енгізілетін өзгерістер

      1. Шыңғырлау ауданы әкімдігінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 128 қаулысымен бекітілген "Шыңғырлау ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесі жойылсын;

      2. Шыңғырлау ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 16 сәуірдегі № 32 қаулысымен "Шыңғырлау ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесіне енгізілген өзгерістер жойылсын;

      3. Шыңғырлау ауданы әкімдігінің 2025 жылғы 20 наурыздағы № 100 қаулысымен "Шыңғырлау ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесіне енгізілген өзгерістер жойылсын.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады