"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31 және 37-баптарын, "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15, 44 және 104-баптарын басшылыққа ала отырып, Мемлекет басшысының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің су тасқыны салдарының алдын алу және жою мәселелері жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында, өңір аумағында орын алған нақты су тасқынын ескере отырып, су басатын аймақта орналасқан Петропавл қаласы Заречный кентінің аумағында тұратын азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қатерді болғызбау мақсатында, Петропавл қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Петропавл қаласының Заречный кентінің аумағында тұратын азаматтарды көшіру жөніндегі іс-шараларды іске асыру жалғастырылсын.
2. Заречный кентінің аумағында тұратын азаматтарды одан әрі көшіру мәселелері жөніндегі комиссия құрамы 1-қосымшаға сәйкес құрылсын және бекітілсін.
3. Заречный кентінің аумағында тұратын азаматтарды одан әрі көшіру жөніндегі комиссияның ережесі 2-қосымшаға сәйкес бекітілсін.
4. "Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" КММ азаматтарды көшіру бойынша іс-шараларды іске асыру жөніндегі уәкілетті орган болып белгіленсін.
5. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес азаматтардың мүлкіне бағалау жүргізуді, шарттар жасасуды және заңнамада белгіленген тәртіппен тұрғын үй-жайларға құқықтарды ресімдеуді қамтамасыз етсін.
6. "Петропавл қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі" КММ Заречный кентінің аумағы су басуға бейім аймаққа жатқызылуына байланысты, аталған аумақта жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беруге тыйым салсын.
7. Азаматтарды көшіру тұрғын үйлер мен жер учаскелерін тұрғын үй-жайларға ауыстыру шарттарын жасасу немесе мүлікті бағалау нәтижелеріне сәйкес ақшалай өтемақы беру арқылы ерікті негізде жүзеге асырылсын.
8. Заречный кентінің тұрғындарын көшіру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылсын.
9. Заречный кентінің аумағында тұратын азаматтарға аталған аумақ тасқын суымен басуға бейім екендігі түсіндірілсін.
Қоныс аударудан бас тартқан жағдайда азаматтар одан әрі тұру туралы шешімді дербес қабылдайды және оларға тиесілі мүліктің сақталуына жауапты болады.
10. Қоныс аударудан бас тартқан Заречный кентінің тұрғындары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен коммуналдық қызметтер көрсетуді, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым объектілеріне қол жеткізуді қамтамасыз етсін.
11. Осы қаулының орындалуын бақылау Петропавл қаласы әкімінің құрылыс және жедел мәселелер жөніндегі орынбасарына жүктелсін.
12. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Петропавл қаласының әкімі | С. Мұхамедиев |
| Петропавл қаласы әкімдігінің | |
| 2026 жылғы "26" мамырдағы | |
| № 1170 қаулысына | |
| 1-қосымша |
Петропавл қаласының Заречный кентінің аумағында тұратын азаматтарды көшіру мәселелері жөніндегі комиссияның құрамы
Мелехов Сергей Владимирович | Петропавл қаласы әкімінің құрылыс және жедел мәселелер жөніндегі орынбасары, комиссия төрағасы |
Қалелов Данияр Ниязбекұлы | "Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" КММ-нің құқықтық жұмыс, коммуналдық және ипотекалық тұрғын үйді есепке алу және бөлу секторының бас маманы, комиссия хатшысы |
Комиссия мүшелері: | |
Мәкенов Айдын Есләмұлы | "Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" КММ басшысының орынбасары |
Баксимов Арман Кеңесарұлы | "Петропавл қаласы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі" КММ басшысы |
Еркін Жомарт | "Петропавл қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі" КММ басшысы |
Ерханов Марат Түркменұлы | "Петропавл қаласы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімі" КММ басшысы |
Ысқақов Марат Жақсылықұлы | Петропавл қалалық мәслихатының депутаты |
Ғұмар Нұртаза Арманұлы | Петропавл қалалық мәслихатының депутаты |
| Петропавл қаласы әкімдігінің | |
| 2026 жылғы "26" мамырдағы | |
| № 1170 қаулысына | |
| 2-қосымша |
Петропавл қаласының Заречный кентінің аумағында тұратын азаматтарды көшіру мәселелері жөніндегі комиссия туралы Ереже
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже Петропавл қаласының Заречный кентінің аумағында тұратын азаматтарды көшіру мәселелері жөніндегі комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) құқықтық мәртебесін, мақсаттарын, міндеттерін, құрамын, қызметін қалыптастыру және ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
2. Комиссия азаматтарды Заречный кентінен көшіру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және іске асыру мақсатында құрылатын Петропавл қаласы әкімдігінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Заңнамасын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, Петропавл қаласы әкімдігінің қаулыларын және осы Ережені басшылыққа алады.
4. Комиссия қызметінің негізгі мақсаты жыл сайын тасқын сумен су басу аймағында орналасқан Заречный кентінің аумағында тұратын азаматтарды көшіру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және үйлестіру болып табылады.
2. Комиссияның негізгі міндеттері
5. Комиссияның негізгі міндеттері:
1) азаматтарды көшіру мәселелерін қарауды ұйымдастыру;
2) қоныс аударуға жататын азаматтардың тізбесін қалыптастыру және жүргізу;
3) ұсынылған құжаттарды тексеруді қамтамасыз ету;
4) қоныс аударудың шарттары мен нысандарын айқындауға қатысу;
5) мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету;
6) қоныс аудару мәселелері бойынша азаматтардың өтініштерін қарау;
7) қоныс аудару процесінде туындайтын даулы мәселелерді реттеу кезінде қарау.
3. Комиссияның өкілеттіктері
7. Жүктелген міндеттерді іске асыру мақсатында комиссия:
1) азаматтардың өтініштерін қабылдайды және қарайды;
2) ұсынылған құжаттардың дұрыстығын тексереді;
3) тәуелсіз бағалау ұйымдарының есептерін қарайды;
4) ұсынылатын көшіру нысаны туралы шешімдер қабылдайды;
5) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және өзге де тұлғалардан мәліметтер сұратады;
6) шарттарды ресімдеу үшін материалдарды уәкілетті органға жібереді;
7) қоныс аударуға байланысты даулы жағдайларды қарайды.
4. Комиссияның өзара іс-қимылы
Комиссия мүшелерінің уәкілетті органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимылы:
- азаматтардың өмір сүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
- заңды және негізделген шешімдер қабылдау;
- ашықтық пен адалдық қағидаттарын сақтау мақсатында жүзеге асырылады.
5. Комиссияның құрамы және жұмысын ұйымдастыру
7. Комиссия тақ санда, бірақ кемінде жеті адамнан құралады.
8. Комиссия құрамына мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ келісім бойынша жұртшылық өкілдері кіреді, атап айтқанда:
- Петропавл қаласы әкімінің құрылыс және жедел мәселелер жөніндегі орынбасары (комиссия төрағасы):
Мемлекеттік органның өкілдері:
- "Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" КММ басшысының орынбасары;
- "Петропавл қаласы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі" КММ басшысы;
- "Петропавл қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі" КММ басшысы;
- "Петропавл қаласы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімі" КММ басшысы;
- жұртшылық өкілдері (келісім бойынша).
Комиссия хатшысы әкімдік қызметкерлерінің арасынан тағайындалады және дауыс беруге құқығы жоқ.
9. Комиссия құрамы Петропавл қаласы әкімдігінің қаулысымен бекітіледі.
10. Комиссия хатшысы:
- комиссияның ұйымдастырушылық қызметін қамтамасыз етеді;
- комиссия отырыстарының күн тәртібін қалыптастырады;
- комиссия мүшелерін отырыстардың өткізілетін күні, уақыты және орны туралы хабардар етеді;
- отырыстарға материалдар дайындауды қамтамасыз етеді.
- комиссия отырыстарының хаттамасын жүргізеді;
- комиссияның құжаттамасын сақтауды қамтамасыз етеді;
11. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.
12. Комиссия отырысы қатысып отырған Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысқан кезде заңды деп есептеледі.
13. Комиссия шешімдері қатысып отырған Комиссия мүшелері санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Комиссия мүшесінің ерекше пікірі хаттамаға қоса беріледі және қарауға жатады.
14. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
15. Комиссия шешімдері Комиссия төрағасы мен мүшелері қол қоятын хаттамамен ресімделеді.
16. Уәкілетті мемлекеттік органның атынан өкілдік ететін комиссия мүшесі болмаған жағдайда, дәлелді және өзге де себептер бойынша оны қолданыстағы заңнамаға сәйкес өз міндетін атқарушы лауазымды адам алмастырады.
6. Азаматтардың өтініштерін қарау тәртібі
17. Заречный кентінің аумағында тұратын азаматтар комиссияға қоныс аудару туралы өтініш береді.
18. Өтінішке қоса беріледі:
- өтініш берушінің және жұбайының (зайыбының) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (бар болса);
- неке қию туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);
- Заречный кентінде мүлікті иеліктен шығаруға және жаңа тұрғын үй сатып алуға жұбайының (зайыбының) нотариалды куәландырылған келісімі (бар болса);
- тұрғын үй-жай мен жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелері;
- жылжымайтын мүлік объектісінің техникалық паспортының көшірмесі;
- жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтама;
- меншік құқығының туындау негіздемесін растайтын құжаттың көшірмесі (сатып алу-сату, жекешелендіру, мұрагерлік, қабылдау және пайдалануға беру, жария ету шарты, сот шешімі және өзге де құжаттар)
- Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құжаттар.
19. Комиссия ұсынылған құжаттарды қарайды және қоныс аудару мәселесі бойынша шешім қабылдайды.
7. Мүлікті бағалау тәртібі
20. Жылжымайтын мүліктің құнын анықтау үшін бағалау жүргізіледі.
21. Бағалауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті лицензиясы бар бағалау ұйымы жүзеге асырады.
22. Бағалау туралы есепті Комиссия қарайды және қоныс аудару шарттарын анықтауда қолданылады.
8. Азаматтарды көшіру тәртібі
23. Азаматтарды көшіру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерікті негізде жүзеге асырылады.
24. Қоныс аудару келесі жолдармен жүзеге асырылуы мүмкін:
1) жылжымайтын мүлікті айырбастау шартын жасасу;
2) ақшалай өтемақы төлей отырып, жылжымайтын мүлікті сатып алу.
25. Комиссияның шешімі негізінде уәкілетті орган тиісті шартты ресімдейді. Мүлікке арналған құжаттардың түпнұсқалары шартты ресімдеу үшін уәкілетті органға беріледі.
26. Мүлікті беру және тұрғын үй-жай беру не өтемақы төлеу жасалған шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
27. Шартқа қол қойылғаннан кейін тараптар берілген мүлікті пайдалану құқығынан айырылады.
28. Меншік құқығының ауысуы белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге жатады.
9. Тұрғын үй беру тәртібі
29. Азаматтарға "Заречный кентінің тұрғындарын көшіру жөніндегі қосымша шаралар туралы" Петропавл қаласы әкімдігінің қаулысы негізінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан жайлы тұрғын үй беріледі.
30. Тұрғын үй берілген кезде азаматтар Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй кезегінен шығарылуға жатады.
31. Азаматтар өтінішті қарау кезінде жалғыз болып табылатын жалға берілетін-коммуналдық тұрғын үйде тұрған жағдайда, тұрғын үй "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жалдау шарты негізінде беріледі.
32. Тұрғын үй беру кезінде мыналар ескеріледі:
- иеліктен шығарылатын тұрғын үй-жайдың жалпы ауданы;
- бағалау нәтижелері бойынша иеліктен шығарылатын мүліктің құны.
33. Тұрғын үй-жай иеліктен шығарылатын жылжымайтын мүліктің жалпы алаңына сәйкес қосымша алаңдар (шаршы метр) берілместен ұсынылады.
34. Бір шаршы метрдің құны 380 000 (үш жүз сексен мың) теңге мөлшерінде белгіленеді.
35. Заречный кентінің аумағында меншігінде жылжымайтын мүлкі бар шетел азаматтарына мүлікті бағалау туралы есепке сәйкес ақшалай өтемақы төленеді.
36. Шарттар жасасу бойынша Заречный кентінің аумағында орналасқан жылжымайтын мүлікке және жер учаскелеріне меншік құқығы тоқтатылады. Көрсетілген мүлік тапсыру актісі бойынша Петропавл қаласы әкімдігінің уәкілетті органына берілуге тиіс.
37. Мүлікті берген сәттен бастап оны пайдалануға жол берілмейді. Мүлікті пайдалануға жол берген адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.
10. Шешімдерге шағымдану
38. Комиссияның шешімдеріне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
11. Қорытынды ережелер
39. Азаматтардың құжаттары комиссия материалдары ретінде қалыптастырылады және белгіленген тәртіппен сақталуы тиіс.
40. Комиссияның қызметі Петропавл қаласы әкімдігінің қаулысы негізінде тоқтатылады.
41. Осы ереже бекітілген күннен бастап күшіне енеді.
