Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 2026 жылғы 9 шілдедегі № 372 шешімі

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес Қостанай аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Аудандық мәслихаттың "Мәслихаттың 2023 жылғы 4 желтоқсандағы № 92 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2026 жылғы 28 сәуірдегі № 351 шешімінің күші жойылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қостанай аудандық мәслихатының төрағасы М. Сартов

  Қостанай аудандық мәслихатының
  2026 жылғы 9 шілдедегі № 372
  шешіміне қосымша

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін - өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң), Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі - Үлгілік қағидалар) 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия - мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Қостанай аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) әлеуметтік көмек - жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган - әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын ауданның жергілікті атқарушы органы;

      5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым - екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі - шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс - отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      9) мерекелік күндері (бұдан әрі - атаулы күндер) - Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      10) уәкілетті мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      11) учаскелік комиссия - атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік - аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      12) шекті мөлшер - әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;

      13) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;

      14) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі - портал) - нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;

      15) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі - ЭЦҚ) - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.

      3. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жылына бір рет) көрсетіледі, өтініш берілген айдан бастап жүзеге асырылады.

      4. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндері мен мереке күндерінің тізбесі:

      1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні;

      2) 26 сәуір - Чернобыль апатын еске алу халықаралық күні;

      3) 7 мамыр - Отан қорғаушы күні;

      4) 9 мамыр - Жеңіс күні;

      5) 29 тамыз - Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні.

      6) 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні.

      Бірнеше негіз болған жағдайда мереке күндеріне және атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек бір негіз бойынша ғана тағайындалады.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерін белгілеу тәртібі

      5. Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек азаматтардың келесі санаттарына біржолғы табыстары ескерілмей көрсетіледі:

      1) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні (15 ақпан) - 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде:

      бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі - КСР Одағы) үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес Ауғанстан аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда);

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе Ауғанстандағы ұрыс қимылдары кезеңінде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге;

      Ауғанстандағы ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар - ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына;

      2) Чернобыль апатын еске алу халықаралық күні (26 сәуір) - 100000 (жүз мың) теңге мөлшерде:

      1986 - 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысқан адамдарға;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға;

      1988 - 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың әсеріне байланысты болған адамдардың отбасыларына;

      3) 7 мамыр - Отан қорғаушы күні, 100000 (жүз мың) теңге мөлшерде:

      осы Қағидалардың 5-тармағының 1) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген адамдарды қоспағанда, бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-теңiз флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда);

      1992 жылғы қыркүйек - 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде тәжік-ауған учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне;

      2003 жылғы тамыз - 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне;

      1986-1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына;

      басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиісті санаттардағы жұмысшылар мен қызметшілерге;

      ұрыс қимылдары жүргізілген басқа елдерде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар - ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына;

      4) 9 мамыр - Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 5 000 000 (бес миллион) теңге мөлшерде;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға, атап айтқанда:

      майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлеріне, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 100000 (жүз мың) теңге мөлшерде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-теңiз флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына 100000 (жүз мың) теңге мөлшерде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерде;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерiне, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелеріне 100000 (жүз мың) теңге мөлшерде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге 100000 (жүз мың) теңге мөлшерде;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан, не майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға 60000 (алпыс мың) теңге мөлшерде;

      1944 жылғы 1 қаңтар - 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлерi мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға 60000 (алпыс мың) теңге мөлшерде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналарына және екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне, екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 50000 (елу мың) мөлшерде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 50000 (елу мың) мөлшерде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға 50000 (елу мың) мөлшерде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, Заңның 4-6-баптарында аталған адамдардың отбасыларына 50000 (елу мың) мөлшерде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасыларына, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына 50000 (елу мың) мөлшерде;

      бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына 50000 (елу мың) мөлшерде;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына 50000 (елу мың) мөлшерінде;

      Социалистік Еңбек Ерлеріне, үш дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегерлеріне 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерде;

      "Қазақстанның Еңбек Ері", "Халық қаһарманы" атақтарына ие болған адамдарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерде;

      5) Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні (29 тамыз) - 100000 (жүз мың) теңге мөлшерде;

      азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға;

      азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және олардың мүгедектігі ата-анасының біреуінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты балаларына;

      азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына.

      6) Тәуелсіздік күні – (16 желтоқсан) 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерде:

      "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысушылар қатарынан саяси қуғын-сүргін құрбандарына.

      6. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:

      1) тұрмыстық қажеттіліктерге әлеуметтік көмек:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, табыстарын есепке алмай, ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерде;

      2) санаторийлік-курорттық емделуге әлеуметтік көмек:

      мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес әлеуметтік қызметтер порталы арқылы санаторийлік-курорттық емделуді ұсынатын ұйымдарға бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға оларды санаторийлік-курорттық емделуге алып жүретін кәмелеттік жасқа толған адамдардың шығындарын өтеуге, бірақ бір алып жүретін адамнан артық емес, табысын есепке алмай, жылына бір рет, емдеу рәсімдерін қоспағанда, тұру және тамақтану үшін нақты шығындар мөлшерінде, бірақ уәкілетті мемлекеттік орган тиісті қаржы жылына айқындайтын, мүгедектігі бар адамдардың оларды әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асыру барысында санаторийлік-курорттық емделу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызынан артық емес;

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, Заңның 5, 6-баптарында, 7-бабының 1) - 4)тармақшаларында көрсетілген ардагерлерге санаторийлік-курорттық емделуге жолдаманың нақты құнын өтеуге, Қазақстан Республикасының шегінде, табысын есепке алмай, жылына бір рет, бірақ уәкілетті мемлекеттік орган тиісті қаржы жылына айқындайтын, мүгедектігі бар адамдарды оларды әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асыру барысында санаторийлік-курорттық емделу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген сомадан артық емес.

      Санаторийлік-курорттық емделуге жолдама құнын өтеу Қостанай облыстық мәслихатының 2020 жылғы 11 маусымдағы № 510 "Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау бойынша қосымша шара туралы" шешімімен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9264 болып тіркелген) белгіленген заттай нысаннан жазбаша бас тартылған жағдайда ұсынылады.

      3) дәрі - дәрмекпен қамтамасыз етуге әлеуметтік көмек:

      мүгедектігі бар адамдарға, дәрілік заттарды сатып алуға және медициналық тексеруге байланысты шығыстарды өтеу үшін, табыстарын есепке алмай, тоқсан сайын, бірақ жылына 30 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын нақты шығындар мөлшерінде;

      4) ақшалай көмек түріндегі әлеуметтік көмек:

      ардагерлерге және Заңның 8-бабының бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген адамдарды қоспағанда, Заңның 5, 6, 7, 8-баптарында көрсетілген басқа да адамдарға, ақшалай көмек түрінде, табыстарын есепке алмай, ай сайын, 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      мүгедектігі бар адамдарға, жедел емделуге, табыстарын есепке алмай, жылына бір рет, нақты жұмсалған шығындар мөлшерінде, бірақ 50 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерінде;

      бұрын техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім алу үшін әлеуметтік көмек алған адамдарға, оқу аяқталғанға дейін, табыстарын есепке алмай, бір рет, оқудың нақты құны мөлшерінде, бірақ 400 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерінде;

      мүгедектігі бар адамның абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасында оңалту орталығының қызметін алу туралы ұсынымы бар, тұрғылықты елді мекенінен тыс жерде оңалтудан өткен мүгедектігі бар адамдарға, табыстарын есепке алмай, тоқсан сайын, жол журу шығындарын өтеуге 3 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерінде;

      5) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіруіне байланысты әлеуметтік көмек:

      азаматтарға (отбасыларға) дүлей апат салдарынан оларға немесе олардың мүлкіне зиян келтіруіне байланысты, табыстарын есепке алмай, бір рет, 100 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерінде;

      6) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіруіне байланысты әлеуметтік көмек:

      азаматтарға (отбасыларға) өрт салдарынан немесе оның зардаптарын жою кезінде өздеріне немесе мүлкіне зиян келтіруіне байланысты, табыстарын есепке алмай, бір рет, 100 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерінде;

      7) әлеуметтік маңызы бар сырқатының болуына байланысты әлеуметтік көмек:

      диспансерлік есепте тұрған адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне, табыстарын есепке алмай, ай сайын, Қостанай облысы бойынша екі еселік ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

      туберкулезбен ауратын және амбулаториялық емдеудегі адамдарға, табыстарын есепке алмай, ай сайын, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      8) жергілікті өкілді органдар белгіленген шекті деңгейден аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыс республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің еселенген мөлшерінде болған кездегі әлеуметтік көмек:

      жан басына шаққандағы орташа табысы республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген бірыңғай ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінен төмен отбасылардан шыққан адамдарға өтініш берілген тоқсанның алдындағы тоқсан үшін жылына бір рет 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:

      1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      3) әлеуметтік мәні бар сырқатының болуы;

      4) республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысының болуы.

      Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлікке зиян келгенде әлеуметтік көмек меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан зиян тиген мүлік орналасқан жер бойынша көрсетіледі.

      8. Осы Қағидалардың 7-тармағының 1), 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша әлеуметтік көмек көрсетілген оқиғалар басталған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей көрсетіледі.

      Мүгедектігі бар адамдарға жедел емдеуге және дәрілік заттарға әлеуметтік көмек жедел емдеуден өткен және (немесе) дәрілік заттарды сатып алған күннен бастап он екі айдан кешіктірілмей көрсетіледі.

      9. Әрбір жеке жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмектің мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      10. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын жергілікті атқарушы орган айқындайды.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың тізімдері Мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.

      11. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтiк көмек алу үшiн өтiнiш берушi өзiнiң немесе отбасының атынан (немесе Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес берілген сенімхат бойынша өкілі) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе кент, ауыл әкіміне немесе Мемлекеттік корпорацияға Үлгілік қағидаларға 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтінішпен немесе порталға Үлгілік қағидаларға 1-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішпен электрондық түрде жүгінеді.

      Жазбаша өтініш берген кезде құжаттарды қабылдайтын маман Үлгілік қағидаларға 1-2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша "электрондық үкімет" шлюзі арқылы мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріне (бұдан әрі - АЖ) сұрау салуларды қалыптастырады.

      АЖ-да мәліметтер сәйкес келмеген (болмаған) кезде өтініш беруші өтінішке мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін);

      2) адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды).

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 1) тармақшасында және 4) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген адамдар, бірінші рет өтініш білдіргендер, өтініш берушінің әлеуметтік мәртебесін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 2) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген адамдар санаторийлік-курорттық емделуге ақы төленгенін растайтын құжаттарды, санаторийлік-курорттық ұйым бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға және оны алып жүретін адамға берген орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісін ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 2) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген адамдар әлеуметтік мәртебесін, санаторийлік-курорттық емделуге ақы төленгенін растайтын құжаттарды, санаторийлік-курорттық ұйым берген орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісін ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген адамдар медициналық ұйым берген дәрілік заттың тағайындалғанын және дәрілік затқа ақы төленгенін растайтын құжаттарды ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 4) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген адамдар медициналық ұйым берген қызмет көрсетуді (жедел емдеуді) және көрсетілген қызметке ақы төленгенін растайтын құжаттарды ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 4) тармақшасының төртінші абзацында көрсетілген адамдар оқу фактісін және оның құнын растайтын құжаттарды, мүгедектігі бар адамдарға абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасын ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 4) тармақшасының бесінші абзацында көрсетілген адамдар оңалту фактісін және жол шығындарын растайтын құжаттарды ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген адамдар дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 6) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген адамдар өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 7) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген адамдар баланың адамның иммун тапшылығы вирусымен ауыру фактісін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 7) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген адамдар туберкулезбен ауыру фактісін және амбулаторлық емделуде екенін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген адамдар өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсандағы отбасының (азаматтың) табысын растайтын құжаттарды ұсынады.

      Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.

      Өтініш беруші құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған кезде осы Үлгілік қағидаларға 1-3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсетуге өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.

      Өтініш беруші әлеуметтік көмекке портал арқылы электрондық түрде жүгінген кезде мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-на қажетті мәліметтерді алу үшін өтініш берушінің өзі сұрау салады.

      Бұл ретте мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-нан келіп түскен электрондық өтініш пен мәліметтерді өтініш беруші өзінің ЭЦҚ-мен куәландырады.

      12. Әлеуметтік көмек өтініш берілген айдан бастап тағайындалады.

      13. Құжаттарды қарау тәртібі, әлеуметтік көмек көрсету мерзімдері, әлеуметтік көмекті төлеуден бас тарту, тоқтату негіздері, артық төленген сомаларды қайтару және әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Үлгілік қағидалардың 13-24-тармақтарына сәйкес айқындалады.

      14. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

      15. Атаулы күндері мен мереке күндеріне төленетін әлеуметтік көмек алушылардың санаттарын қалыптастыру үшін әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган зейнетақы мен жәрдемақы алатын (белсенді) азаматтардың мәліметтерін алуға уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелеріне сұрау салуға бастама жасайды.

      Зейнетақы мен әлеуметтік көмек көрсету жәрдемақысын алушылар жөніндегі мәліметтер Үлгілік қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылады.

      16. Әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдаған кезде уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері арқылы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган Үлгілік қағидалардың 28-32-тармақтарына сәйкес әлеуметтік көмекті мемлекеттік корпорация арқылы төлеу процесіне бастама жасайды.

      17. Әлеуметтік көмек төлеуге байланысты банктік қызметтерге ақы төлеу Мемлекеттік корпорация мен әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган арасында жасалатын шарт негізінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады