ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 12.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
1. "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 16-15-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
2. Қоса беріліп отырған Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударымдарды аудару қағидалары мен олардың нормативі бекітілсін.
3. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның көшірмесін қазақ және орыс тілдерінде электрондық түрде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жолдау;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Көлік вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
| Министрдің міндетін атқарушы | М. Қалиақпаров |
| Қазақстан Республикасы Көлік министрінің 2026 жылғы 8 сәуірдегі № 86 бұйрығымен бекітілген |
Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударымдарды аудару қағидалары мен олардың нормативі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударымдарды аудару қағидалары мен олардың нормативі (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 16-15-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударымдарды аудару қағидалары мен олардың нормативтерінің тәртібін айқындайды.
2-тарау. Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударымдарды аудару тәртібі
2. Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін жүйелі қамтамасыз ету және авиациялық оқиғаларды тергеп-тексеру бөлігінде Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласын орнықты дамытуды іске асыру қамтамасыз ету мақсатында азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға ведомстволық бағынысты мемлекеттік кәсіпорын (бұдан әрі – Аэронавигациялық қызмет көрсетуді беруші) азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударымдарды жүзеге асырады.
Аэронавигациялық қызмет көрсетуді беруші аударымдарды авиациялық оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі уәкілетті ұйымға оның билігінде қалған таза кірісінің бір бөлігінен жүзеге асырады.
3. Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударымдар тоқсан сайын, тоқсан басталғанға дейін күнтізбелік бес күн бұрын авиациялық оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі уәкілетті ұйымның банк шотына аударылуға тиіс.
4. Аэронавигациялық қызмет көрсетуді беруші азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударымдар аударылған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде авиациялық оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі уәкілетті ұйымға ақша аудару туралы растама ұсынады.
3-тарау. Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударымдар нормативі
5. Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударым нормативін авиациялық оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі уәкілетті ұйымның даму жоспарының негізінде айқындалады.
6. Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударым нормативі аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушінің иелігінде қалған таза кіріс бөлігінің он пайызынан аспайтын соманы құрайды, бірақ авиациялық оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі уәкілетті ұйымды дамыту жоспарында көрсетілген сомадан кем емес соманы құрайды.
