"Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын жасау және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу қағидаларын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2026 жылғы 11 сәуірдегі № 163 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2026 жылғы 1 маусымдағы № 351 бұйрығы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын жасау және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу қағидаларын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 11 сәуірдегі № 163 бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын жасау және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу қағидаларында:

      1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бюджеттiк сыныптама объектiлерiне топтамалық кодтар бере отырып, функционалдық, ведомстволық және экономикалық сипаттамалар бойынша бюджет түсімдерін және шығыстарын топтастыру болып табылады және бюджеттiк сыныптама Қазақстан Республикасының заңдарының, Қазақстан Республикасының Президентi жарлықтарының, Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының, астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) маслихаттың шешімдері негiзiнде жасалады.";

      4-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қазақстан Республикасының заңдары, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын, салықтарды, төлемдерді және бюджетке түсетін басқа да түсімдерді белгілейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері негізінде барлық деңгейдегі бюджеттер түсімдерінің белгілі бір сипаттамалар бойынша топтамасы бюджет түсімдерінің сыныптамасы болып табылады.";

      13-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламасы астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың тиісті даму жоспарында айқындалған мақсаттармен, нысаналы индикаторлармен не Қазақстан Республикасының Заңдарында немесе мемлекеттік орган туралы ережеде айқындалған өкілеттіктермен өзара байланысты жергілікті бюджет шығыстарының бағытын айқындайды.";

      15-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Бюджеттік кіші бағдарлама мемлекеттік органның даму жоспарының, астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың даму жоспарының мақсатына және (немесе) бюджеттік бағдарламаның түпкілікті нәтижесіне қол жеткізуге бағытталған бюджет қаражатын жұмсаудың нақты бағыттарын ашады және бюджеттік бағдарламаның функционалдық тобында, функционалдық кіші тобында бекітіледі.";

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Бюджет кодексінің 14 және 168-баптарына сәйкес бюджеттiк бағдарламалар (кiшi бағдарламалар) мыналарға бөлiнеді:

      1) мазмұнына байланысты мыналарға:

      мемлекеттiк функцияларды, өкiлеттiктердi жүзеге асыру және олардан туындайтын мемлекеттiк қызметтердi көрсету;

      трансферттер мен бюджеттiк субсидиялар беру;

      бюджеттік кредиттерді беру;

      бюджеттiк инвестицияларды жүзеге асыру;

      күрделi шығыстарды жүзеге асыру;

      мемлекет мiндеттемелерiн орындау.

      Мемлекеттік органның даму жоспарының немесе астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың даму жоспарының мақсатына, бірыңғай түпкілікті нәтижеге қол жеткізу үшін мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді жүзеге асыру және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсету, күрделі шығыстарды жүзеге асыру, мемлекеттік инвестициялық жобаларды іске асыру, трансферттер мен бюджеттік субсидиялар беру бойынша шығындар көрсетілген шығындарды жекелеген кіші бағдарламаларға бөліп, бюджет құрылымын сақтай отырып, бір бюджеттік бағдарламаға біріктіріледі.

      Бюджет құрылымының бөлімі шегінде осы мақсатқа қол жеткізуге бағытталған бюджеттік бағдарлама болған кезде мемлекеттік органның бекітілген даму жоспарының немесе астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың даму жоспарының мақсатына қол жеткізуге бағытталған жаңа бюджеттік бағдарламаны енгізуге жол берілмейді.

      2) мемлекеттiк басқару деңгейiне қарай мыналарға:

      республикалық бюджет құрамында бекітілетін республикалық;

      астана бюджеті, облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қалалар бюджеттері құрамында бекітілетін астана, облыстық, республикалық маңызы бар қалалар;

      аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет құрамында бекітілетін аудандық (қалалық);

      астана, республикалық маңызы бар қалалар, облыстық маңызы бар қала бюджеттері құрамында бекітілетін қаладағы ауданның бюджеттік бағдарламалары;

      аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер бюджеттері құрамында бекітілетін аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджеттік бағдарламалары;

      аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеті немесе аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет құрамында бекітілетін аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджеттік бағдарламалары, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттері құрамында бекітілетін аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджеттік бағдарламалары болып бөлінеді.

      Астананың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандық (қалалық) бюджеттік бағдарламалар, сондай-ақ қаладағы ауданның бюджеттік бағдарламалары және аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджеттік бағдарламалары жергілікті бюджеттік бағдарламалар болып табылады.

      3) iске асыру тәсiлiне қарай мыналарға:

      бiр әкiмшi iске асыратын жеке бюджеттiк бағдарламалар (кіші бағдарламалар);

      белгiлi бiр бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң бюджеттiк бағдарламаларының құрамында бекiтiлетiн және бюджеттiк бағдарламалардың түрлi әкiмшiлерi арасында ағымдағы қаржы жылы iшiнде бөлiнуге тиiс бөлiнетiн бюджеттiк бағдарламалар болып бөлiнедi.

      Бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бірыңғай бюджеттік сыныптаманың құрамында тиісті белгі (код) беріле отырып, ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға (кіші бағдарламаларға) және бюджеттік даму бағдарламаларына (кіші бағдарламаларға) бөлінеді.

      Бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруға бағытталған бюджет шығыстары бюджеттік даму бағдарламаларына (кіші бағдарламаларға) жатады. Бюджеттің қалған шығыстары ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға (кіші бағдарламаларға) жатады.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бюджеттік процесс әдіснамасы департаменті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың көшірмесін қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      2) осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында оның орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
М. Такиев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады