Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6, 25-баптарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік орган туралы үлгілік ережеге, Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 желтоқсандағы № 704 "Мәслихаттың үлгі регламентін бекіту туралы" Жарлығының 79-тармағына сәйкес, Байғанин аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған "Байғанин аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесі жаңа редакцияда бекітілсін.
2. Байғанин аудандық мәслихатының 2022 жылғы 26 желтоқсандағы № 187 "Байғанин аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы" шешімі жойылсын.
| Байғанин аудандық мәслихатының төрағасы | М. Сержан |
| Байғанин аудандық мәслихатының 2026 жылғы 20 қаңтардағы № 362 шешіміне бекітілген |
"Байғанин аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің
Е Р Е Ж Е С І
1. Жалпы ережелер
1. "Байғанин аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі Байғанин аудандық мәслихатының, оның органдары мен депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. "Байғанин аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің ведомстволары жоқ.
3. "Байғанин аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - мәслихат аппараты) өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Мәслихат аппараты ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес "Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық департаментінің Байғанин аудандық қазынашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінде шоттары болады.
5. Мәслихат аппараты азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. Мәслихат аппараты егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
7. Мәслихат аппараты өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Байғанин аудандық мәслихаты төрағасының өкімдерімен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Мәслихат аппаратының құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 030300 индексі, Қазақстан Республикасы, Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қарауылкелді ауылы, Дінмұханбет Қонаев көшесі, 35А ғимараты.
10. Мемлекеттік органның толық атауы: мемлекеттік тілде - "Байғанин аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі, орыс тілінде - государственное учреждение "Аппарат Байганинского районного маслихата".
11. Осы Ереже мәслихат аппаратының құрылтай құжаты болып табылады.
12. Мәслихат аппаратының қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
13. Мәслихат аппаратына кәсіпкерлік субъектілерімен мәслихат аппаратының функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
2. Мәслихат аппаратының миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері
14. Мәслихат аппаратының миссиясы: Байғанин аудандық мәслихатының тиімді қызметін қамтамасыз ету.
15. Міндеттері:
1) аудандық мәслихат пен оның органдарын ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етудi жүзеге асыру;
2) депутаттарға өздерiнiң өкiлеттiгiн жүзеге асыруға көмек көрсету болып табылады.
16. Функциялары:
1) аудандық мәслихаттың сессияларын және тұрақты комиссияларының отырыстарын өткізуге дайындық және ұйымдастырушылық-техникалық жұмыстарды қамтамасыз етуді аудандық мәслихаттың Регламентіне сәйкес жүзеге асырады;
2) депутаттарды сессиялар мен тұрақты комиссиялардың отырыстарында қаралатын мәселелерге байланысты шешім жобаларымен және тиісті құжаттармен қамтамасыз етеді;
3) тұрақты комиссиялардың ұсыныстарының негізінде аудандық мәслихаттың жұмыс жоспарларының жобаларын және оның атқарған жұмыстары жөніндегі есептерін дайындайды;
4) мәслихат депутаттарына өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы үшін түсініктемелік және әдістемелік көмек көрсетеді, олардың сауалдары мен ұсыныстарының, сын-пікірлерінің уақытылы қаралуын және орындалуын бақылайды;
5) депутаттардың өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы барысында енгізген ұсыныстары мен ескертпелерін есепке алады, талдау жасайды және оларды жүзеге асыруға арналған ic-шаралардың орындалуын қадағалайды;
6) сессияларда қаралатын мәселелердің тұрақты комиссиялардың отырыстарында алдын ала талқылануын ұйымдастырады, депутаттарға шешімдер жобалары мен қорытындыларының сапалы дайындалуын қамтамасыз етуде көмек көрсетеді;
7) аудандық мәслихаттың актілерін әзірлеуге қатысады, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген жағдайларда олардың әділет органдарында тіркелуін қамтамасыз етеді;
8) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген жағдайлар мен тәртіппен аудандық мәслихат шешімдерінің бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қамтамасыз етеді;
9) аудандық мәслихаттың шешімдері мен басқа да құжаттарының тиісті органдарға жолдануын қамтамасыз етеді;
10) аудандық мәслихаттың сессиялары мен оның басқа да органдарының отырыстарының хаттамаларын жүргізеді;
11) "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылған, Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етеді.
17. Құқықтары мен міндеттері:
1) аудандық мәслихаттың жоспарланған сессияларының және тұрақты (уақытша) комиссияларының отырыстарының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан ақпараттар сұрау;
2) депутаттық сауалдардың және депутаттық ұсыныстардың мерзімінде қаралуын және орындалуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдарға және мекемелерге сұраулар жолдау;
3) аудандық мәслихатқа жолданған жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің қаралу мерзімдеріне және нәтижесіне бақылау жасау;
4) аудандық мәслихаттың сессияларының және тұрақты комиссияларының отырыстары хаттамаларының жүргізілуін қамтамасыз ету.
5) аудандық мәслихаттың және оның тұрақты (уақытша) комиссияларының актілерінің орындалу мерзімдеріне және нәтижелеріне бақылау жасау.
3. Мәслихат аппаратының қызметін ұйымдастыру
18. Мәслихат аппаратын заңнамада белгіленген тәртіппен аудандық мәслихаттың төрағасымен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын аппарат басшысы басқарады.
19. Мәслихат аппаратына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапкершілікте болатын, аудандық мәслихаттың аппарат басшысы жүзеге асырады.
20. Аудандық мәслихат аппарат басшысының орынбасарлары болмайды. 21. Аппарат басшысы:
1) шарттар жасасады, бухгалтерлік құжаттарға бірінші қол қою құқығы беріледі;
2) мемлекеттік мекеменің іссапарларға, тағылымдамаға, қызметкерлерді оқу орталықтарында оқытуға және қызметкерлердің біліктілігін жоғарылатудың басқа да түрлеріне байланысты тәртібі мен жоспарларын мәслихат төрағасына бекітуге ұсынады;
3) мәслихаттың сессиясын және оның қарауына енгізілетін мәселелерді дайындауды ұйымдастырады, хаттаманың жасалуын және депутаттардың сессияға қатысуын қамтамасыз етеді;
4) мәслихат депутаттарының өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына жәрдемдеседі, оларды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеді, депутаттарды мәслихаттың сессияларына, оның тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының жұмысына және сайлау округтеріндегі жұмыстарға қатысуы үшін қызметтік міндеттерін орындаудан босатуға байланысты мәселелерді қарайды;
5) мәслихаттың шешімдерінің жариялануын қамтамасыз етеді, олардың орындалуына бақылау жасау жөніндегі іс-шараларды белгілейді.
6) аппараттың қызметінде жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнаманың сақталуын, сессиялардың жалпы отырыстарын дайындауды және өткізуді қамтамасыз етеді;
7) мәслихат аппаратының қызметкерлеріне басшылықты жүзеге асырады, олардың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
8) мемлекеттік қызметшілердің жалпы еңбек өтілін белгілеу жөніндегі комиссияға басшылық жасауды, орындаушылық және еңбек тәртібінің сақталуын бақылауды, құжат айналымын ұйымдастыру бойынша жұмыстарды жүзеге асырады;
9) аппарат қызметкерлерін іссапарға жіберу, демалыстар беру, материалдық көмектер көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктіліктерін көтеру және сыйақы беру мәселелері бойынша мәслихат төрағасымен келіседі және ұсыныстар жасайды;
10) шешімдердің,өкімдердің жобаларын,сондай-ақ мәслихат төрағасының атына түскен құжаттар мен материалдарды мәслихат төрағасына қол қоюға және қарауға ұсынады;
11)қызметтік құжаттарға, аппарат қызметкерлерінің еңбек кітапшаларына қол қояды;
12) мәслихат аппаратының әкімшілік-шаруашылық қызметіне бақылауды жүзеге асырады.
22. Аудандық мәслихат төрағасының өкілеттігі:
1) мемлекеттік мекеме атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
2) мемлекеттік органдарда, басқа да ұйымдарда мемлекеттік мекеменің мүддесін білдіреді;
3) сенімхаттар береді;
4) аудандық мәслихат аппараты қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттігі аясын айқындайды;
5) депутаттардың сауалдарының және депутаттық өтініштердің қаралуын бақылайды;
6) мәслихаттың өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара іс-қимылын ұйымдастырады;
7) мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының және депутаттық топтардың қызметін үйлестіреді;
8) аппарат қызметкерлерін лауазымға тағайындау және лауазымнан босату туралы өкімдер қабылдайды;
9) сайлаушылардың өтініштері туралы және олар бойынша қабылданған шаралар туралы мәслихатқа ұдайы ақпарат беріп отырады;
10) банктік шоттарды ашады;
4. Мәслихат аппаратының мүлкi
23. Мәслихат аппаратының заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болуы мүмкін.
Мәслихат аппаратының мүлкi оған меншік иесі берген мүлiк, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
24. Мәслихат аппаратына бекiтiлген мүлiк коммуналдық меншiкке жатады.
25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, мәслихаттың аппараты, өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.
5. Мәслихат аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату
26. Мәслихат аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.