"Жақсы ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Жақсы аудандық мәслихатының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы № 8С-17-5 шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Ақмола облысы Жақсы аудандық мәслихатының 2026 жылғы 7 сәуірдегі № 8С-55-1 шешімі

      Жақсы аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Жақсы аудандық мәслихатының "Жақсы ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 21 желтоқсандағы № 8С-17-5 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8676-03 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешімнің 1-қосымшасында:

      10-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "10. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек оны алушылардан өтініштер талап етілмей азаматтардың келесі санаттарына жылына 1 рет көрсетіледі:

      1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне:

      бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі – КСР Одағы) үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалар мен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшыларға мен қызметшiлерге 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) 7 мамыр - Отан қорғаушы күніне:

      1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) 9 мамыр - Жеңіс күніне:

      1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата - анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасыларына 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне:

      саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына немесе саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккендерге 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) 29 тамыз - Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күніне:

      Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7) 1 қазан - Қарттар күніне:

      ең төменгі және ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен зейнеткерлерге 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      8) қазан айының екінші жексенбісі – Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күніне:

      мүгедектігі бар адамдарға, оның ішінде он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      9) 16 желтоқсан – Тəуелсіздік күніне:

      "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген тәртіпте ақталған, Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан адамдарға, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.".

      11-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "11. Әлеуметтік көмек толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі адамдарды қоспағанда, мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:

      1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі үш айдан кешіктірмей бір рет өтініш бойынша 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшеріне дейін, кірістерді есепке алмағанда;

      2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі үш айдан кешіктірмей бір рет өтініш бойынша 200 (екі жүз) айлық есептік көрсеткішке шекті мөлшеріне дейін, кірістерді есепке алмағанда;

      3) денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған әлеуметтік маңызы бар аурулары (адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауру, қатерлі ісіктер) бар адамдарға (отбасыларға) аурулардың бір түрі бойынша жылына 1 рет өтініш бойынша 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерінде, кірістерді есепке алмағанда;

      4) амбулаториялық емдеудегі белсенді түрдегі туберкулез ауруы бар адамдарға ай сайын 6 ай бойы өтініш бойынша 10 (он) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерінде, кірістерді есепке алмағанда;

      5) диспансерлік есепте тұрған адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауруды жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне ай сайын өтініш бойынша 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде, кірістерді есепке алмағанда;

      6) қатерлі ісіктері бар балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне жылына 1 рет өтініш бойынша 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерінде, кірістерді есепке алмағанда;

      7) "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6-баптарында көрсетілген адамдарға және "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген тәртіпте ақталған, Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан адамдарға, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жолдама құнын өтеуге төлем туралы құжаттар негізінде жылына 1 рет өтініш бойынша 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерде, кірістерді есепке алмағанда;

      8) абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторийлік-курорттық емдеу қызметтері әзірленген мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда, жасына байланысты зейнеткерлерге Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жолдаманың құнын өтеуге төлем туралы құжаттар негізінде екі жылда 1 рет өтініш бойынша 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, кірістерді есепке алмағанда;

      9) "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5, 6, 8- баптарында көрсетілген адамдарға өтініш берусіз коммуналдық қызметтер үшін шығыстарға ай сайын 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерінде, кірістерді есепке алмағанда;

      10) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға бір рет, босатылған күннен бастап үш айдан кешіктірмей өтініш бойынша 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерде, кірістерді есепке алмағанда;

      11) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға бір рет өтініш бойынша 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерде, кірістерді есепке алмағанда.".

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Жақсы аудандық мәслихатының төрағасы А. Бралина

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады