"Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде қызметтік пайдаланудағы техникалық құралдарды (абоненттік ұялы байланыс құрылғысын және мобильдік құрылғыны) алып кіру, алып шығу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2022 жылғы 17 тамыздағы № 663қбп бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2026 жылғы 30 наурыздағы № 300 бұйрығы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде қызметтік пайдаланудағы техникалық құралдарды (абоненттік ұялы байланыс құрылғысын және мобильдік құрылғыны) алып кіру, алып шығу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2022 жылғы 17 тамыздағы № 663қбп бұйрығына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде қызметтік пайдаланудағы техникалық құралдарды (абоненттік ұялы байланыс құрылғысын және мобильдік құрылғыны) алып кіру, алып шығу және пайдалану қағидаларында:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Әскери бөлімге іссапарға жіберілген және әскери бөлім аумағындағы қызметтік тұрғын жайға орналасқан ҚР ҚК әскери қызметшілері мен азаматтық персоналына, әскери жиынға шақырылған әскери міндеттілерге орналасқан жеріне дейін жеке пайдаланудағы техникалық құралдарды сөндірілген күйде алып кіруге, алып шығуға жол беріледі. Бұл ретте орналасқан орны және іссапарға жіберілген немесе әскери жиынға шақырылған әскери бөлім бөлімшесі орналасқан жер шегіндегі ішкі күн тәртібімен айқындалған жеке уақытта оларды пайдалануға жол беріледі.

      Мерзімді қызмет әскери қызметшісіне, әскери оқу орны, әскери колледж курсанттарына, кадеттеріне және "Жас ұлан" республикалық мектебінің тәрбиеленушілеріне орналасқан жеріне дейін жеке пайдаланудағы техникалық құралдарды сөндірілген күйде алып кіруге, алып шығуға жол беріледі. Бұл ретте оларды әскери бөлімнің бөлімшесі орналасқан жер шегінде, сондай-ақ әскери госпитальда, әскери-медициналық бөлім мен мекеменің емдеу және диагностика бөлімшесінде пайдалануға жол беріледі.

      Оларды пайдалану тәртiбiн әскери бөлiм (мекеме) командирi (бастығы) айқындайды.".

      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының Мемлекеттік құпияларды қорғау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 11 шілдедегі № 472 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізу қағидалары 10-тармағының талаптарына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33059 болып тіркелген) қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) тармақшасының орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жіберуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық мүдделі лауазымды адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты
Д. Қосанов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады